Accessibility links

«Несие өтеуші» компанияға сенген тұрғындар банкке әлі қарыз


«Несие өтеушіге» алданып қалғандар
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:27 0:00

ВИДЕО: «Несие өтеушіге» алданып қалғандар

Қызылорда қаласының бір топ тұрғыны«несиелеріңді төлеп береміз» деген компанияға ақша беріп алданып қалғандарын айтады. Істі болған мекеме «тергеу кесірінен борышымызды өтей алмай отырмыз» дейді.

Қазақстандық банктердің бірінен 500 мың теңге несие алған қызылордалық Сламбек Исабеков алған ақшасының 40 пайызын бірден «ФинСтатус» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне (ЖШС) беріп кеткенін айтады. Оның сөзінше, «ФинСтатус» «несиеңді банкке өзіміз толық төлейміз» деп сендірген.

- Маған «200 мыңды төлейсің, содан кейін 300 мыңды қалай жұмсасаң, солай жұмса» деді. «ФинСтатустың» ішінде заңгерлік бөлімі бар екен. Сол жерге барып төледім. Құжаттарым қолымда. Олар банкке несиемнің бір айын ғана төледі, содан кейін жоқ болды, – дейді Сламбек Исабеков.

«ОПЫҚ ЖЕП ҚАЛДЫҚ»

Қызылорда тұрғындарының айтуынша, «ФинСтатус» ЖШС банктен қарыз алған тұрғындармен келісім-шарт жасасып, олардан банк берген қаржының 40 пайызын алып отырған. ЖШС бұл келісім бойынша тұрғындардың банк алдындағы берешегін түгел өзі төлемек болған. Бірақ 2016 жылдың ақпан айынан бері «ФинСтатус» тұрғындардың банкке берешек ақшасын төлеуді тоқтатқан.

Қызылордадағы «ФинСтатуспен» шарттасқан тұрғындардың бірі Гүлзада Мешітбаева банктен алған несиесінің 40 пайызын осы мекемеге беріп, «опық жеп қалғанын» айтады.

«ФинСтатус» ЖШС жарнамасы. Қызылорда.
«ФинСтатус» ЖШС жарнамасы. Қызылорда.

- Біз осы компанияға сеніп, өз кредиттерімізді алып, оның 60 пайызын жараттық. Енді бұл компанияның есеп-шотын жапқанына төрт айдың жүзі болды. Ал осы төрт ай бойы кредитті өзіміз төлеп жатырмыз. Енді төлеуге шамамыз келмейді, – дейді ол.

«ФинСтатус» ЖШС шарт жасасқан азаматтардың қарыздарын банкке төлемей жатқанын осы мекеменің Қызылорда облыстық бөлімшесінің бастығы Гүлмира Тұрғанова да растады.

- «ФинСтатус» компаниясы 2014 жылдың ақпан айынан бастап ашылды. Мекеме осы күнге дейін тұрғындардың ай сайынғы төлемдерін уақытынан бес күн бұрын төлеп, келісім-шарттағы міндетін атқарды. Бірақ 2016 жылы ақпан айының 17-сінен бастап бізде тексеріс басталды. Үш-төрт айдан бері халықтың қарыздары төленбей жатыр. Қазір кіріс департаменті бізді тексеріп жатыр. Бірақ не үшін тексеріп жатқанын мен білмеймін, – дейді Гүлмира Тұрғанова.

Оның сөзінше, Қызылорда облысы бойынша 1000-ға жуық тұрғын «ФинСтатуспен» келісім жасасқан.

«ҚАРЖЫЛЫҚ ПИРАМИДА»

Азаттық тілшісі тұрғындардың банктен алған несиелерін толық төлеуді уәде етіп, олардың қаржыларының біраз бөлігін иеленді делінген «ФинСтатус» компания жайлы Қызылорда қалалық кіріс департаментінен сұрап көрді.

Департамент тергеушісі Айбек Орынбеков өздеріне «Алматы қаласынан арнайы тапсырма түскенін, сол бойынша тергеу жұмыстары жүргізіліп жатқанын» ғана айтты.

Аталған мекемеге байланысты қазір тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр, қалғаны – тергеу құпиясы.

Биыл 10 ақпанда Алматы қаласы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті бас мекемесі Алматыда орналасқан «ФинСтатус» ЖШС-іне байланысты «ұйымдасқан қылмыстық топтың жолын кесіп, басшыларын ұстағанын» хабарлаған еді. Департамент дерегінше, Ресейдің бірнеше азаматы Астана мен Алматы қалаларында және облыс орталықтарынд қаржылық пирамидамен шұғылданған ұйым құрған. «ФинСтатус» 2014-2015 жылдары екінші деңгейдегі банктерден несие алған адамдарға «қарызыңды жауып береміз» деген уәдемен ақшаларының 30-80 пайызына дейін алған, бір адамның несиесін басқа адамдардан түскен ақшамен жауып отырған дейді Алматы қаласы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті.

Департамент «аталған мекемеге байланысты қазір тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр, қалғаны – тергеу құпиясы» деп жауап берді.

XS
SM
MD
LG