Accessibility links

Қызылағаштағы су тасқынында жоғалған адамдар саны нақтыланып, шығын есептелуде


Қызылағаштағы су шайып кеткен үйлердің орнында. 14 наурыз, 2010 жыл.

Қызылағаштағы су шайып кеткен үйлердің орнында. 14 наурыз, 2010 жыл.

Қызылағаш аулында тіршілік қайта жанданып, апатан аман қалғандар орала бастады. Тұрғындар да, құтқарушылар да үйінділерді тазарту барысында қаза болған адамдар санының әлі де артуы мүмкін екенін айтады.


РЕСМИ ДЕРЕККЕ ЕЛ СЕНБЕЙДІ

Алматы облыстық әкімдігінің ақпаратына қарағанда, су тасқынына дейін Қызылағаш ауылында 465 үй, 2240 адам болған. Ал, су тасқынынан кейін ауылға 95 отбасы ғана қайтып оралыпты.

- Құтқару жұмыстары барысында көрші ауылға 300 адам жеткізілген. Талдықорған қаласына басында 700 жүзден астам адам апарылған болса, қазір олардың саны мыңның үстінде. Іздестіріліп жатқан адамдардың тізімінде болған, кейін туысқандарынан табылған адамдар да анықталуда. Және үйінділерді аршу жұмыстары жалғасып жатыр. Қаза болғандар саны әлі де артуы мүмкін. Осы күнге дейін олардыңсаны отыз жеті, - деді Алматы облысы әкімшілігі баспасөз қызметінің бас маманы Сағыныш Намазшамова.
Қызылағаштағы су тасқыны мал-жанға оңай тимеді. 14 наурыз, 2010 жыл


Сонымен бірге, Сағыныш Намазшамова су тасқыны салдарынан келген шығынды анықтау үшін мемлекеттік сәулет құрылыс бақылау басқармасы мен сейсмология институтының мамандары бірлесіп Қызылағаш аулында жұмыс жүргізіп жатқанын атап өтті.

Сағыныш Намазшамова су тасқыны салдарынан қаза болған адамдардың отбасыларына үкімет қорынан бөлінген 500 мың теңге қаржының қашан келетіні және қалай берілетіні әзірге белгісіз дегенді айтады.

ТІРІ ТІРЛІГІН ЖАСАЙДЫ

Қызылағаш аулының тұрғыны Қайрат Еренғайып қаржылай көмек алмағандарын, тек аз ғана мөлшерде азық-түлік беріліп тұрғанын айтты.

Оның айтуынша, су тасқыны кезінде із-түзсіз жоғалған кейбір отбасылар әлі күнге табылмаған.

- Бағана жігіттер атпен екі отбасын іздеуге шыққан. Бір отбасынан екеуін тапқан, үшеуі жоқ екен. Ал, бір отбасын таппай келді. Қазір жұрт ес жиып қалды. Қаза болған адамдар туралы айтылып жүрген дерекке мүлдем сенбейміз. Асылы, одан көп. Азаматтар жүздеген адам опат болды, көзімізбен көрдік деп отыр, - деді Қайрат Еренғайып.

Ал, Төтенше жағдайлар министрлігі баспасөз қызметінің жетекшісі Элдор Райымбеков су тасқыны кезінде хабар-ошарсыз кеткен адамдар туралы нақты дерек әлі жоқ, дегенмен бұл мәселе анықталуда деді.

«ЖАУ КЕТКЕН СОҢ ҚЫЛЫШЫҢДЫ ТАСҚА ШАП»
Қызылағаштағы табиғат апатынан кейінгі көріністердің тағы бірі. 14 наурыз, 2010 жыл.


Алматы облысы аумағында барлығы 148 су қоймасы бар. Қызылағаштағы су тасқынынан кейін, яғни 15 наурыздан бастап, су қоймаларының жағдайы және олардың кімнің меншігінде екені тексерілуде. Сондай-ақ, облыстық прокуратуры «Қызылағаш» су қоймасы қалай және қандай жолмен жекешелендірілгенін анықтамақ.

Су тасқыны кезінде қырылған малдың өлексесін тез арада жинап, көмбесе, ауру тарауы мүмкін екенін 15 наурызда оқиға орнына барған ЖСДП «Азат» партиясы саяси кеңесінің мүшесі Маржан Аспандиярова айтқан болатын.

Ал, Алматы облысы әкімдігі қырылған малдың өлексесі жиналып, көміліп жатқан БАҚ ына хабарлаған еді.

Қазақстан үкімет басшысы облыс басшылары мен ұлттық компанияларға су тасқынынан зардап шеккен азаматтарға көмек беруді тапсырды. Осыған байланысты бірқатар облыс әкімдері тұрғындарға үндеу де жариялады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG