Accessibility links

ВИЧ-науқастарға арналған топ өмірге қайта жетелейді


ВИЧ жұқтырған адамдардың бірін-бірі қолдау тобы. Теміртау, 16 сәуір 2016 жыл.

ВИЧ жұқтырған адамдардың бірін-бірі қолдау тобы. Теміртау, 16 сәуір 2016 жыл.

Қарағанды облысы Теміртау қаласындағы ВИЧ-ке шалдыққан жандардың бірін-бірі демеу тобына бөтен ешкім кіре алмайды. Азаттық тілшісі ұйымдастырушылары мен мүшелерінің рұқсатымен клубта болып қайтты.

Жасау-жабдығы қарапайым кең бөлменің ортасындағы үлкен үстелдің айналасында бірнеше адам отыр. Бұл - «жабық клуб», оны ВИЧ-ке шалдыққан жандардың «өзара демеу тобы» деп те атайды. Мұнда әдетте 10-15 шақты адам жиналады. Олардың бұрын нашақор болғанын немесе ВИЧ-статусы бар адам екенін кейбірінің ісініп, қанталап кеткен білегінен, қуарыңқы жүздері мен сөйлеу мәнерінен байқауға болады. Ал енді біреулерінің түріне қарап дені сау деп ойлауға болады.

«ЖАБЫҚ КЛУБ»

Араларында журналист бар екенін естіген кейбірі, көбінесе әйелдер сыртқа шығып кетуге асықты. Ал қалғандары өз тағдыры жайлы ашық айтып беруге келісіп, біраздан кейін шешіліп сөйлей бастады. Тіпті «бізбен бірге шай ішіңіз» деп дастарханға шақырды.

ВИЧ жұқтырған адамдардың бірін-бірі демеу тобын құрған Елена Билоконь.

ВИЧ жұқтырған адамдардың бірін-бірі демеу тобын құрған Елена Билоконь.

Топқа келіп жүрген бұрынғы нашақорлардың кейбіріне ВИЧ диагнозы қойылған.

«Жабық» топқа кейде патологоанатом да келіп тұрады екен. Ол «есірткі мен ВИЧ-ке қатысты проблемам жоқ, мен үшін мұндай жандармен әңгімелесу қызық» дейді. Кейде маман оларға нашақорлардың және ВИЧ-ке шалдыққан адамдардың ішкі органдарының қандай болатыны жайлы «қорқынышты» әңгімелер айтып береді.

ВИЧ-ке шалдыққан жандардың бірін-бірі демеу тобын Елена Билоконь құрған. Ол - Теміртауда көптеген әлеуметтік жобалар ашып жүрген азаматтық белсенді. Оның түріне қарап 13 жыл бұрын есірткіге тәуелді болған әрі ВИЧ жұқтырған дегенге сену қиын. Есірткінің дәмін алғаш 22 жасында татқан ол «18 жасында қайтыс болған нашақор бауырым бас тарта алмаған нәрсенің не екенін түсінгім келді» дейді. Кейін Еленаның өзіне де есірткіге тәуелділіктен арылу үшін ұзақ емделуге тура келген. Қазір үш баласы бар, оларды есірткіге тәуелділіктен арылғаннан кейін дүниеге әкелген.

- Реаблитациядан шыққан кезде нашақор жандардың бәріне «есірткіден құтылудың жолы бар, менің шамам жетті, сендердің де қолдарыңнан келеді» деп айтамын, оларды құтқарамын деген жалғыз мақсатым болды. Есірткіге тәуелді кез келген адамды мұндай өмір түбі жалықтырып, одан құтылу амалдарын іздей бастайды. Мен нашақорлықтан емдеудің талай тәсілінен өттім. Мені тіпті православ шіркеуіне де апарды. Шіркеуде бірнеше сағат бойы құлшылық ететінмін. Бірақ ол жерден «қазір үйге барамын, тоңазытқышта доза мен шприц жатыр» деген оймен шығатынмын. Бірақ, үнемі бір қайыры болар деп күтіп жүрдім. Ақыры сегіз айлық рухани реаблитациядан өтіп тазарып, есірткіге тәуелділіктен арылдым, - дейді Елена Билоконь.

«ДЕПРЕССИЯДАН ШЫҒАРАМЫЗ»

ВИЧ-ке шалдыққан жандардың біріне-бірі демеу көрсететін топ мүшелері клубқа аптасына бір рет, кейде одан да жиі жиналады. Кейде балаларын ертіп келеді. Топта тағдыры әр қилы 10-15 адам бар. Бұл жерге кейде тіпті Қарағанды қаласынан да адамдар келеді екен. Топқа жаңадан қосылған жандарға оның жеке басына қатысты жайттар ешкімге жарияланбайтынына, құпия сақталатынына кепілдік беріледі.

Топтың ең бірінші міндеті – ВИЧ жұқтырған адамды күйзелістен шығару. Олар мұнда жаңа адамдармен танысып, бос уақытын өткізеді, ВИЧ-статусымен қалай өмір сүруге болатыны туралы ақпарат алады. Олар «мұндай ақпарат басыңдағы қиындықтарыңды тезірек түсінуге көмектеседі» дейді. Топта қиындықты жеңіп, үйлі-баранды болған адамдар бар.

– Өзара демеу тобында түрлі кеңестер береміз. Кейде бізге ВИЧ-статусы анықталып, өмірден баз кешіп, күйзеліске түсіп кеткен жандар келеді. Біз оларды күйзелістен шығарамыз. Оларға өзімізді мысалға келтіріп, «біз де бала-шағалы болып, жұрт сияқты өмір сүріп жатырмыз» деп түсіндіреміз. Денсаулығын демеу үшін антивирустық дәрі-дәрмекті жылдар бойы ішу керек екенін түсіндіреміз – көбі оны ішпей тастап кетеді ғой, – дейді топ мүшелерінің бірі Юлия.

Юлия - «Менің үйім» қоғамдық ұйымының әлеуметтік қызметкері. Ол 13 жыл бойы есірткіге тәуелді болған. Юлия – тұрмысы жақсы отбасыдан шыққан, медициналық коллежді бітіріп, фармацевт әрі косметолог болып жұмыс істеген. Дәулетті отбасыдан шыққан достарымен дискотекаға жиі барып жүргенде героиннің дәмін 20 жасында алғаш татқан, әуелі иіскеуден бастап, кейін тамырына ине салуға көшкен. Юлияның есірткіге тәуелді екенін білген кезде анасы қызын емдетуге кіріскен. Бірақ Юлия алты айлық жүкті екенін білген кезде есірткіден өзі бас тартқан. Ол «Есірткі қолданатын қыз-келіншектердің етеккірі тоқтап қалады ғой. Сондықтан менде де солай шығар деп жүргенмін. Жүкті екенімді көпке дейін білмедім» дейді. Оның ВИЧ-ке шалдыққанына алты жыл болған.

Теміртаудағы ВИЧ жұқтырған адамдардың бірін-бірі демеу тобының белсендісі Юлия.

Теміртаудағы ВИЧ жұқтырған адамдардың бірін-бірі демеу тобының белсендісі Юлия.

- Анам «ВИЧ іштегі балаға да жұққан шығар, ауыру болып туса қайтесің» деп уайымдап, түсік жасатуға кеш болып кеткендіктен, ерте толғақ «шақырып», баланы алдырып тастауға үгіттеді. Бүкіл анализдерді тапсырып, терапевт дәрігерге келдім. Бірақ ол «шарана кәдімгідей адам болып қалды, баланы алдырма, анализдерің жақсы, емделсең, дені сау бала туу мүмкіндігің бар» деп үгіттеді. Психологқаапарды. Ақыры баланы алдырмаймын дедім де, есірткіні бірден тастадым. Онсыз да токсикоздан (жеріктік) қатты қиналып, есірткіге қарай алмай жүргенмін, бұл стимул болды, - дейді Юлия.

Дені сау баланың дүниеге келіп, аман-есен өсуіне антивирустық терапия, «кесарь» тәсілі, емізбеу сияқты сақтық шаралары көмектескен.

Дәрігерлер ВИЧ жұқтырған әйелдерге осындай кеңес береді. Дүниеге келген баладан бір жылға дейін әр үш ай сайын СПИД орталығында қанын тексеріп тұрған. Талдама нәтижелері жақсы болғандықтан, Юлияның баласын диспансерлік есептен шығарған. Қазір оның жасы төртте. Анасының есірткі қолданбағанына да осынша жыл болған. Қазір ол Юлияның өткен өмірінен де хабардар, ВИЧ-статусын да білетін дені сау жігітпен кездесіп жүр.Екеуі алты ай сайын қан тапсырып, тексеріліп тұрады.

Юлия басқаратын топта «партнерлердің (төсектес) бірі ВИЧ-ке шалдыққан, ал екіншісінің дені сау», яғни дискордант жұптар тақырыбын да талқылайды. «Партнеріңе ВИЧ-статусың жайлы ескерту керек пе, жоқ па?» деген сұраққа таласып, пікірлері екіге жарылған. Бірақ мұнда «диагнозыңды партнеріңе жасырмай айту керек» деп кеңес береді. Топ мүшелеріне ағзаны вирус дендеп кетпес үшін антивирустық дәрі-дәрмек қабылдау қажет екенін түсіндіріп, сақтану жайын үнемі айтып отырады. Кейде топ мүшелері «жұмыс берушіге немесе стоматологқа, сұлулық салонына барған кезде ВИЧ-статусың жайлы ескерту керек пе?» деген сауал бойынша дауласады.

Топ мүшелері дәрменсіз, ешкімге керексіз болып қалу қорқыныштарымен бөліседі. Көбі жалғыздық азабынан қорқады. Топ мүшелері «Неге екені белгісіз, бірақ қазақстандық қоғам ВИЧ диагнозы қойылған жандармен араласуға әзірше дайын емес. Ешкімнің бұл дертке шалдығып қалмауына кепілдік жоқ әрі ВИЧ-тен де қорқынышты кеселдер бар ғой» дейді. Сондықтан мұндай науқастардың жұмысқа орналасуы да, отбасын құруы да қиын.

«ТЫҒЫРЫҚТАН ШЫҒУ АМАЛЫ БАР»

36 жастағы Денис –10 жылдық стажы бар бұрынғы нашақор. 12 жасынан темекіге әуестеніп, сигареттен басқа талай дүниенің дәмін татқан, ал 17 жасында есірткіге мүлде тәуелді болып қалған. Соның кесірінен аяқтары іріңдеп, жүруден қала бастаған, сүйектері боркеміктеніп, қатты ентігетінді шығарған. Есірткінің оны қандай күйге жеткізгенін әңгімелеп берген Денис өзгелерге «менің өмірім сабақ болса» дейді. Бірақ ол мұндай тығырықтанқұтылудың амалы бар екенін айтады.

Теміртаудағы ВИЧ жұқтырған адамдардың бірін-бірі демеу тобының мүшесі Денис.

Теміртаудағы ВИЧ жұқтырған адамдардың бірін-бірі демеу тобының мүшесі Денис.

- Әкем қайтыс болғаннан кейін бетіммен кеттім, ақыры анам маған шамасы жетпеген соң үйден қуып жіберді. Қайыр-садақаға күн көріп, зауытты, жылу трассаларын паналап 10 жылдай жүрдім. Кейде артық жасалған қайырымдылық та адамды бұзады екен. Жұрттың бергені бір жарым мың теңгеге жеткен күндер болды. Оны арақ пен есірткі заттарды сатып алуға жұмсап,араластырып егетінмін. Зауыттан түсті металл ұрлап, екі рет түрмеге түстім. Көп ұзамай өзіммен өзім сөйлесетін, көбінесе бүк түсіп жататын халге жеттім. Желкемнен ажал төніп тұрғанын түсіне бастадым, - дейді Денис Азаттыққа.

Ақыры бір кісі өлмелі халде жатқан Денисті оңалту орталығына апарып өткізіп, ол бір жылдай емделген. Оның есірткі қолданбағанына тоғыз жыл болған. Көп ұзамай ВИЧ жұқтырғанын анықтаған. Ол «өкпемде де қарайған дақ болған, бірақ туберкулез диспансерінде жатып емделгеннен кейін есептен шығарды» дейді. Анасы екеуінің қарым-қатынасы енді ғана жөнделе бастаған. Ол туыстарының пәтерінде тұрады. Денис бел сыбанып жұмыс істей алмайды, оған денсаулығы жарамайды. Ара-тұра кездесіп қалатын жұмыстен тапқан тиын-тебенге күн көреді. Ол ВИЧ жұқтырғандардың бір-бірін демеу тобына жиі келіп тұрады, сондықтан өзі сияқты жандарды кездестірсе, оларды жаңа өмір бастауға көндіруге тырысады.

  • 16x9 Image

    Елена ВЕБЕР

    Елена Вебер - шығармашылық псевдоним. Елена - 2010 жылдан бері Азаттықтың Қарағанды облысы бойынша тілшісі. Теміртау қаласында тұрады. ҚарҰУ-дің филология факультетін бітірген.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG