Accessibility links

Теміртаулық белсенділер дауасыз дертке шалдыққан жандарға көмектесіп жатыр


Сергей Саксонов, "Үйдегі хоспис" жобасының үйлестірушісі, дәрігер-реаниматолог. Теміртау, 20 шілде 2012 жыл.

Сергей Саксонов, "Үйдегі хоспис" жобасының үйлестірушісі, дәрігер-реаниматолог. Теміртау, 20 шілде 2012 жыл.

Теміртауда «Үйдегі хоспис» жобасы жүзеге асты. Бес адамдық еріктілер тобы СПИД-пен ауыратындар мен онкологиялық сырқаттарға көмек көрсетеді.

Өздерін «еріктілер» деп атаған бұл бес адам 20 теміртаулық науқасқа олардың үйлеріне барып көмек көрсетіп жүр. Олар «Жарық дүниеде санаулы күндері қалған адамдарға қолымыздан келгенін жасап жатырмыз» дейді.

ҮМІТСІЗ ДЕРТ

Науқастардың арасында 4-клиникалық дәрежелі СПИД сырқатымен, 4-дәрежедегі онкологиялық және кейбір соматикалық дертпен ауыратындар бар. Оларға ешқандай медицина көмек бере алмайды. Жоба іске қосылғалы алты науқас дүние салды. Олардың орнына топқа басқа сырқаттар алынды. «Кредо» тобының мүшелері «Басты мақсатымыз - науқастардың өмір сапасын жақсарту» дейді.

Теміртаулық 12 жасар қыздың тағдырына таңданбасқа шара жоқ. Ол СПИД-ті анасынан жұқтырған. Шешесінің ауырғанына бірнеше жыл болған. Қыз бала сырқаты жайлы біледі және еңсесін түсірмеуге тырысады. Аз өмірін өзге балалар сияқты күліп-ойнап өткізгісі келеді. «Үйдегі хоспис» жобасын ұйымдастырушылар «Қыздың емделу курсы үзіліп қалған соң, ерекше назарға алдық» дейді. Егер ем-дом бұлай үзіле берсе, ол жарық дүниемен ертерек қоштасуы мүмкін. Қазір қатаң бақылауға алынған және емін жалғастырып жатыр.
ВИЧ инфекциясын тексеру үшін қан алып жатыр. (Көрнекі сурет)

ВИЧ инфекциясын тексеру үшін қан алып жатыр. (Көрнекі сурет)


СПИД-пен ауыратын бұл қыз мектепте оқиды. Сыныптастары оның өте белсенді, талантты екенін айтты. Алайда қазір хәлі күрт нашарлаған. Анасы өлім мен өмір арасында жатыр. Шешесіне жуырда операция жасалды.

Теміртаулық тағы бір тұрғын "Үйдегі хоспис" тобының қамқорлығына алынды. СПИД-пен ауыратын бұл ер адамның екі аяғы жоқ. «Үйдегі хоспис» тобы оған балдақ пен жасанды аяқ сатып әперді. Бұл құралдарды пайдаланып қозғалуды да үйретті.

Емделушілер тобында СПИД жұқтырған жас әйел де бар. Ол өз-өзіне қол жұмсау туралы ойдан зорға құтылған.

«Үйдегі хоспис» жобасы шеңберінде осындай жандарға көмек көрсетіледі.

ҮЙГЕ ШАҚЫРТУ

«Кредо» қоғамдық бірлестігі Қарағанды облысында 13 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Ұйымның бас кеңсесі Қарағанды қаласында орналасқан. Теміртаудағы ғимарат жапон елшілігінің «Шөп тамырлары» бағдарламасының гранты бойынша екі жыл бұрын салынған. Абай қаласындағы бөлімше сотталғандарды бостандыққа шығуға даярлаумен айналысады. Ал Теміртауда бұл ұйым ВИЧ инфекциясын жұқтырғандарға көмек көрсететін жобамен айналысады. Бұған қоса, «Кредо» онкологиялық науқастарға қамқорлық жасаумен, паллиативті емдеумен (науқас пен оның жақын туыстарына медициналық және рухани көмек көрсету - ред.), оларды дұрыс тамақтандыру мен шипасыз дертке шалдыққа сырқаттарды күту туралы түрлі әдебиеттер шығарумен айналысады. Сонымен қатар, «Кредо» әлеуметтік жұмысшыларды даярлайтын ресурс орталығы болып отыр. Тек қоғамдық ұйымдарға емес, мемлекеттік ұйымдарға арнап та мамандар дайындайды.

«Кредо» бірлестігі бірнеше жыл бойы ойда жүрген «Үйдегі хоспис» жобасын жарты жыл бұрын ғана жүзеге асыра бастады.

Жобаны жүзеге асырушы – қарағандылық ғылым докторы, профессор Надежда Козаченко. Ұзақ жылдар бойы медицина академиясында еңбек еткен. Қазір осы жоба бойынша қоғамдық қызметке кірісті.

Жоба туралы оған осы «Үйдегі хоспис» жобасының үйлестірушісі Сергей Саксонов айтқан. Надежда Козаченко қазір «Үйдегі хоспис» жобасының дәрігері. Бұл - оның Теміртау қалалық ауруханасындағы негізгі дәрігер-реаниматолог (30 жыл істеп келеді – ред.) қызметіне қосымша жұмысы.
ВИЧ-инфекция жұқтырған балаларға арналған бөлме. Теміртау, 20 маусым 2012 жыл.

ВИЧ-инфекция жұқтырған балаларға арналған бөлме. Теміртау, 20 маусым 2012 жыл.


«Үйдегі хоспис» жобасының тобы бес адамнан тұрады: дәрігер, екі медбике, психолог және әлеуметтік қызметкер. Барлығы Европада хоспис мықты дамыған Румынияда оқып келді. Медиктердің басты мақсаты - науқастың физикалық жағдайын жеңілдету, ал психологтың міндеті - науқастың жан азабын азайту. Сырқаттардың біразы өздеріне қол жұмсамақшы болған. Осындай кезде еріктілер оларға дәрі-дәрмек беріп, психологиялық көмек көрсетеді. Еріктілер енді бұл жобаға шіркеу қызметкерлері мен имамдарды да шақырып отыр. Жоба үйлестірушісі Сергей Саксонов:

- Оларды емдеу қолымыздан келмейді, медицина да емдей алмайды. Алайда біз олардың қалған өмірін жеңілдету үшін бар жағдайды жасауға тырысамыз. Олар физикалық жағынан да, рухани да тұрғыда да қиналмаса екен дейміз. Барлығы да ем қонбайтын сырқат екендерін біледі. Бұл адамдар, шын мәнінде, қатты азап тартады. Ауру жанға батып бір қиналса, өздерін қоғамға керексіз адам сезініп тағы нәумез болады. Олардың туыстарына да оңай емес, - дейді.

Оның айтуынша, мұндай жандарға көмек беру міндеті тек қоғамдық ұйымдарға артылмауы керек. Науқас адамдарға қарайтын, оларды жуындырып, тамақтандыратын туыстарын да оқыту керек.

- Европада хоспис қызметі өте жақсы дамыған. Ал ТМД мемлекеттерінде бұл іс енді ғана қолға алынып жатыр. Оның өзі кейбір қоғамдық ұйымдардың арқасында іске асып жатыр. Қазір біз үйдегі хоспис қызметінің паллиативті көмек көрсету бөлімі бойынша пилоттық жобаны іске асырып отырмыз. Бұл - көп қаржы талап етпейтін бағдарлама, хоспис саласындағы алғашқы әрекет. Әзірге арнайы стационарды қажет етпейміз, қызметімізді үй-үйді аралап жасаймыз, - дейді Сергей Саксонов.

Оның пікірінше, паллиативті көмек көрсету үш аспектіден тұрады: үйдегі хоспис, стационарлы хоспис және күндізгі емдеу орталығы. Әзірше, үйдегі хоспис қызметі ғана жасалып жатыр. Еріктілер тобы екінші кезеңді - Теміртау қаласында стационарлы хоспис ұйымдастыру әрекетін бастап та кеткен.
Бізге күрделі жөндеуді қажет ететін екі қабатты ғимарат ұсынып отыр. Бес жылға дейін ақы төлемейміз. Егер ойымыз жүзеге асып кетсе, жағдайы нашар, өздігінен қозғала алмайтын науқастарды сонда әкеліп емдеуге мүмкіндік болады.

- Қазірдің өзінде нәтиже жаман емес. Бізге күрделі жөндеуді қажет ететін екі қабатты ғимарат ұсынып отыр. Бес жылға дейін ақы төлемейміз. Егер ойымыз жүзеге асып кетсе, жағдайы нашар, өздігінен қозғала алмайтын науқастарды сонда әкеліп емдеуге мүмкіндік болады. Ал күндізгі емдеу орталығын жапон елшілігінің қаржысына салынған «Шөп тамырлары» ғимаратында ұйымдастыруды көздеп отырмыз. Ол жерде өздігінен қозғала алатын науқастарға қызмет көрсетіледі. Олардың өмірге деген қызығушылығын жоғалтпау үшін бірнеше топқа бөліп, мамандар жұмыс жасайды. Ол жерде арнайы медициналық, психологиялық кеңестер беріледі, - дейді Сергей Саксонов.

Оның сөзіне қарағанда, қазақстандық еріктілерге польшалық әріптестері де қаржылай көмек көрсетіп отыр. Жақында олар Теміртауға келіп, «Үйдегі хоспис» жобасының қалай іске асып жатқанын көріп кеткен. Дәрі-дәрмек сатып алу үшін 40 мың теңге сыйлаған.

ВИЧ-ИНФЕКЦИЯСЫ БАР ӘЛЕУМЕТТІК ЖҰМЫСШЫ

ВИЧ-инфекциясын жұқтырғандардың бірі - 38 жасар Артем. Ол қазір "Кредо" қоғамдық бірлестігінде ерікті болып жұмыс істейді, әлеуметтік қызметкер. Сонымен қатар, оған бұл ұйымның шаруашылық жұмыстарын жүргізу тапсырылған. «Кредо» ғимаратында тұрады. Егер ол өзінің ВИЧ-пен ауыратынын айтпаса, сырттай қараған адам ештеңе сезбейді. Өте белсенді, әңгімешіл адам. Тіпті, өз қатарынан жас көрінеді.

Бұрын Артем, өзінің айтуынша, металлургия комбинатында тепловоз машинисінің көмекшісі болған. Алайда тамағынан жарақат алып, жұмыстан шығып кеткен. Денсаулығына байланысты ары қарай бұл мамандық бойынша жұмыс істеудің реті келмеген. Құрылыс алаңдарында қара жұмыс істеп, күнделікті нан-шайын айырып жүріпті.

- Құрылыста да көп жүрмедім. Ауыр жұмыстарға шамам келмеді, ал мүгедектер қатарына қоспады, - дейді Артем.

Екі жыл бұрын Артемнің азаматтық некемен тұрып жатқан жары туберкулезден қайтыс болыпты. Артем ВИЧ инфекциясын жұқтырғанын да сол жылы білген. Баласын туыстары қамқорлығына алыпты. Айтуынша, баласымен кездесіп тұрады және өз қолына алғысы келеді. Бірақ әзірге ондай мүмкіндік жоқ. Оның пікірінше, екі жылдан бері өмірі астан-кестең болып кеткен.

- Мен өмірімді ой таразысынан өткіздім. Шіркеуге барып, рухани дүниелерге бет бұрдым. Қазіргі өмірім қызықты сияқты. Емделуден өз еркіммен бас тарттым, өйткені қауіп төмен, ағзамның вирусқа қарсы тұруға қауқары бар. Химиятерапиямен ағзамды зақымдағым келмейді. Егер жағдай нашарлай бастаса, әлбетте, емделемін. Бірақ қазір жағдайым жаман емес, содан болар ауруханаға жатқым келмейді, «жағдайым жақсы» деп үнемі дәрігерлерге қолхат жазып беремін, - дейді Артем.
Шіркеуге барып, рухани дүниелерге бет бұрдым. Қазіргі өмірім қызықты сияқты. Емделуден өз еркіммен бас тарттым, өйткені қауіп төмен, ағзамның вирусқа қарсы тұруға қауқары бар.
Артемге «Шапағат» және «Кредо» қоғамдық ұйымдарына жолығуға кеңес берген таныстары екен. Осы ұйымдардың көмегімен ол мүгедек куәлігін рәсімдеп алған. «Кредо» ұйымы жұмыс ұсынған.

- Содан бері осында жұмыс істеп келемін. Мұнда келгелі зейнетақы да алатын болдым, өмірім жақсара түсті. Осы жерде тұрып жатырмын, өзіме жүктелген бірнеше міндеттер бар. Түрлі жобаларға қатысамын. Мөлшері аз болса да жалақы аламын. Бәрін қосқанда, айына 70 мың теңгедей ақша табамын. Қазіргі өмірім бұрынғыға мүлдем ұқсамайды. Бұрын мен тапқан ақшамды ішімдікке шашып, сыраханаларда жүрсем, қазір көмекке зәру жандарға қол ұшын беремін. Түрлі тренингтерге қатысып, оқу оқимын. Адамдармен жұмыс істеудің қиын екенін енді түсіндім, әсіресе, ауыр науқастармен жұмыс істеу қиын, - дейді Артем.

ДЕМЕУШІГЕ ЗӘРУМІЗ

«Үйдегі хоспис» жобасына қатысушылардың айтуынша, «Теміртауға осындай бес топ керек». Сонда ғана «қаладағы СПИД диагнозы қойылған науқастар мен онкологиялық сырқаттарға түгел көмектесуге болады». Қазір осындай екінші топ құрылып жатыр. Тағы бір кардиолог-дәрігер Румыниядан тәжірибеден өтіп келді. Енді мәскеулік әріптестерімен тәжірибе алмасып жатыр. Қоғамдық жұмыстармен айналысқысы келетін медбикелер де бар.

«Үйдегі хоспис» тобының мүшелері «Қатарымызға біртіндеп сырқат балаларды да қосып алуды көздеп отырмыз» дейді. Ондай жандар Теміртауда аз емес. Топқа жаңадан келетіндерге «Кредо» ғимаратында оқитын, тамақтанатын және демалатын арнайы бөлмелер әзірленіпті.

«Жобаны дұрыс жүзеге асыру үшін, ең алдымен, көлік керек» дейді еріктілер. Олар «көлік болса, науқастардың үйлерін аралап, көмек көрсету әлдеқайда оңай болатынын, көліктен бөлек, аурулардың жағдайын жақсартатын дәрі-дәрмекке де мұқтаж» екендерін айтты.

Жарты жыл бойы бұл жобаны «Сорос» қоғамдық қоры қаржыландырып келді. Ал жыл соңына дейін қаржы бөлуді Қарағанды облыстық денсаулық сақтау департаменті мойнына алып отыр. Алайда олар тек «Үйдегі хоспис» тобына жалақы ғана төлемек. Жобаның бір жылдан кейінгі тағдыры белгісіз. Үйлестіруші Сергей Саксонов:

- Қазір науқастарға қажетті дәрілер мен керекті заттар алу үшін емханалармен келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Кәсіпкерлермен де байланыс орнаттық. Бірақ нақты көмек көрсетуге ешкім әлі ынта білдірмеді. Біздің міндетіміз - өз қарауымыздағы науқастар мен олардың отбасын барлық қажетті дүниелермен қамтамасыз ету. Румыниядағы хоспис тобы өз науқастарына керекті заттарды өздері жинайды - 20 пайызын мемлекет қамтамасыз етсе, 80 пайызы қоғамдық көмектен түседі. Бар үмітті мемлекетке артып қоюға да болмайды, оған көп шығын кетеді. Сондықтан адамдардың ойлау жүйесін өзгерту керек, - дейді.
Бар үмітті мемлекетке артып қоюға да болмайды, оған көп шығын кетеді. Сондықтан адамдардың ойлау жүйесін өзгерту керек.

«Үйдегі хоспис» жобасының тағы бір мүшесі Ирина Жданова команда мүшелерін әкімдік «тым болмаса, тегін жол жүру билеттерімен қамтамасыз етсе» дейді. Тегін жұмыс істеп жүрген еріктілер мұндай жеңілдікке де мұқтаж.

- Біздің еріктілерді жол жүру билеттерімен қамтамасыз етсе дейміз. Тым болмаса, бес билет бөлінсе ғой. Қала басшылығы осыған көңіл бөлсе екен, - дейді Ирина Жданова.
  • 16x9 Image

    Елена ВЕБЕР

    Елена Вебер - шығармашылық псевдоним. Елена - 2010 жылдан бері Азаттықтың Қарағанды облысы бойынша тілшісі. Теміртау қаласында тұрады. ҚарҰУ-дің филология факультетін бітірген.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG