Accessibility links

Қазақстан Лондонға бес балуан апарды


Нұрмахан Тінәлиев (қызыл формада) Алматыдағы жаттығу жиынында. Алматы, 20 маусым 2012 жыл.
Нұрмахан Тінәлиев (қызыл формада) Алматыдағы жаттығу жиынында. Алматы, 20 маусым 2012 жыл.
Олимпиада ойындарында грек-рим күресінен жеті комплект медаль тігілген. Оған 135 балуан таласады.

Олимпиадаға қатысатындардың арасында 2011 жылғы әлем чемпионы Риза Кайаалп (Түркия), екі дүркін әлем чемпионы (2005, 2011) белоруссиялық Алим Селимау, Еуропа және әлем үздігі (2011) әзірбайжандық Равшан Байрамов, Азия ойындарының чемпионы Саед Абдеуали (Иран) бар.

ҚАЗАҚ БАЛУАНДАРЫ

Балуан Алмат Кебіспаев жаттығу жасап жатыр. Алматы, 24 маусым 2012 жыл.
Балуан Алмат Кебіспаев жаттығу жасап жатыр. Алматы, 24 маусым 2012 жыл.
Алмат Кебіспаев (60 килограмм) - 2011 жылы Стамбулда өткен әлем чемпионатының күміс жүлдегері. Сол жолы Кебіспаев финалда ирандық Омид Норузиден жеңіліп қалған еді. 2010 жылы Мәскеудегі әлем біріншілігінде қола жүлде алды. 2011 жылы Ташкентте Азия чемпионы болды. Шешуші күресте үндістандық Амил Кумирді жықты.

Дархан Баяхметов (66 килограмм) - Қазақстан чемпионы. 2009 жылы Паттайя (Таиланд) қаласында өткен Азия чемпионатында алтын алды. Финалда Оңтүстік Корея балуаны Еом Ниоекты жеңді. Азия ойындарының күміс жүлдегері (2010 жыл). Пекин олимпиадасына қатысып, бесінші орын алған. Олимпиада жолдамасын 2012 жылы Астанада өткен Азия аймағындағы іріктеу жарысында жеңіп алды.

Олимпиада ойындарына қатысушы Асхат Ділмұхаметов. Алматы, 15 маусым 2012 жыл.
Олимпиада ойындарына қатысушы Асхат Ділмұхаметов. Алматы, 15 маусым 2012 жыл.
Асхат Ділмұхаметов (74 килограмм). 2011 жылы Стамбулда өткен әлем чемпионатының жартылай финалына шыққан. Финалға шығар тұста түркиялық Селчи Себиден ұтылып қалды. Ал қола жүлде үшін өткен кездесуде армениялық Арсен Жулфалакяннан ұтылды. Дегенмен, бесінші орын алып, олимпиада жолдамасын иеленген.

Даниал Гаджиев (84 килограмм) - Қазақстан чемпионы. Олимпиада жолдамасын 2012 жылы Астанада өткен іріктеу жарысында жеңіп алды. Олимпиада ойындарына алғаш рет қатысады.

Нұрмахан Тінәлиев (120 килограмм) - 2010 және 2011 жылғы әлем чемпионатының қола жүлдегері. 2010 жылы Гуанчжоуда өткен Азия чемпионатында алтын жүлде алған. Финалда қытайлық Лу Делиді жеңді. Биылғы Лондон олимпиадасының ашылу салтанатында Қазақстанның туын ұстап шығады.

Грек-рим күресінен Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Мұратбек Қасымханов олимпиада алдында өткен арнайы жиында «Лондонға баратын бес жігіттің де жүлде алуға мүмкіндігі бар. Ешкімді бөліп жарғым келмейді. Барлығы да алтынға таласады» деген еді.

Грек-рим күресінің бәсекелері 5-7 шілде аралығында өтеді.
XS
SM
MD
LG