Accessibility links

Ереуіл тоқтағанымен жүргізушілер разы емес


Ереуілге шыққан №3 автопарк жұмысшылары басшылықпен кездесіп отыр. Қарағанды, 7 сәуір 2014 жыл. "Новый вестник" газетінің суреті.

Ереуілге шыққан №3 автопарк жұмысшылары басшылықпен кездесіп отыр. Қарағанды, 7 сәуір 2014 жыл. "Новый вестник" газетінің суреті.

Тек бір ғана талабы орындалған қарағандылық жүргізушілер сәрсенбі күні ереуілдерін тоқтатып, жұмысқа шығуға мәжбүр болды.

Күндік жүктеме жоспары мен тексерістерді азайтып, берілетін жанармай көлемін ұлғайтуды талап етіп екі күн ереуілдеген 100-ден астам қарағандылық қоғамдық көлік жүргізушілер наразылық шарасын сәуірдің 9-ы күні тоқтатып, қайтадан жұмысқа шықты. Жүргізушілердің айтуынша, жұмыс беруші №3 автопарктің әкімшілігі қойған төрт талабының тек біреуін жартылай орындаған.

"Жұмыс жоспарын 2 мен 5 мың теңге арасында азайтты. Жанармай мөлшерін алдағы уақытта көбейтеміз деді. Айыппұл мәселесін де алдағы уақыттарда, ешқандай ереуілсіз ішкі жиналыстарда қарастыратын болдық" деді Данияр Досов Азаттық тілшісіне.

Әйткенмен жүргізушілердің басым бөлігі келіссөз нәтижесіне қанағаттанбай отыр. Есімін атамаған жүргізушілердің бірі көптеген жұмысшылар жұмыстан қуылудан қорқып, басшылықпен келісуге мәжбүр болғанын айтады.

"Көпшілік қанағаттанбай отыр. Сол көппен біргеміз ғой бәріміз. Олардың айтуынша, біздің ереуіл заңсыз жолмен жасалыпты. Автопаркті ғана ескертіп, әкімшілікті алдын-ала ескертпеппіз. Егер көзқарасыңды айтсаң, жұмыстан шығарып жібереді. Сондықтан көбісі сөйлегісі келмейді" дейді аты-жөнін жарияламауды өтінген бір жүргізуші.

«ҚАЗІР ЕШКІМНІҢ ШАҒЫМЫ ЖОҚ»

Ал Қарағанды қалалық әкімшілігінің «Коммуналды шаруашылық, жолаушылар көлігі және көлік жолдары бөлімі» басқармасы жетекшісі Марлен Шалтаковтың айтуынша, жұмысшыларға кейбір талаптарының не себепті орындалмайтыны түсіндіріліп, екі жақ келісімге келген. Қазір ешкімнің шағымы жоқ.

Ереуілге шыққан №3 автопарктің автобусы. Қарағанды, 7 сәуір 2014 жыл. "Новый вестник" газетінің суреті.

Ереуілге шыққан №3 автопарктің автобусы. Қарағанды, 7 сәуір 2014 жыл. "Новый вестник" газетінің суреті.

"Олардың негізгі талаптарының бірі жұмыс жоспарын азайту еді. Бұл талабы орындалды. Жанармай мөлшері ұлғайтылған жоқ. Себебі барлық жүргізушілерге жөндеуге деп төлем (ремонтная оплата) беріледі. Жөндеушілері бар, қажетті мамандары бар. Егер де жанармайды көп жейтін машина болса, басшылыққа ескерту керектігі айтылды. Мұнан соң техникасын жөндеуге апаруы керек. Неліктен жанармай жетпейтінін анықтау керек" дейді Марлан Шалтаков.

Оның айтуынша, айыппұл көлемі де сол күйінше қалған. Жолдар да жөнделмек.

Қарағанды қаласындағы №3 автопарктің 100-ге жуық жүргізушісі ереуілді дүйсенбі, 7 сәуір күні бастаған еді. Олардың ереуілі қала тұрғындарының өміріне де әсер етіп, сол күні қоғамдық көлікпен жүретін қала тұрғындарының кейбірі жұмыстарынан кешікті. Жүргізушілер күндік 70 мың теңгелік жұмыс жоспары мен контроллер тексерістерін азайту, берілетін жанармай мөлшерін ұлғайтуды талап етті.

Осы үш күннің ішінде басшылық пен жүргізушілер бірнеше мәрте кездесіп, мәмілеге келе алмаған еді. Жүргізушілер Азаттыққа ереуіл басталған күні «70 мың теңгелік күндік жоспарды орындамасаң, жалақыңды қиып тастайды» деген шағымдарын айтқан болатын.

Жыл басынан бері Қарағанды қаласында қоғамдық көліктің ақысы бірден 30 теңгеге қымбаттап, 80 теңге болған еді. Бұл тұрғындардың наразылығын тудырып, қалада бірнеше қарсылық шеруі өтті. Тек содан кейін ғана қала басшылығы студенттер, зейнеткерлер мен мүгедектер үшін жолақыны 50 теңге етіп қайта азайтқан.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG