Accessibility links

Көшкенталдықтар жайылым сұрайды


Жер үшін әкіммен дауласып тұрған көшкенталдықтар. Алматы облысы Ақсу ауданы, 8 мамыр 2016 жыл.

Жер үшін әкіммен дауласып тұрған көшкенталдықтар. Алматы облысы Ақсу ауданы, 8 мамыр 2016 жыл.

Алматы облысы Ақсу ауданы Көшкентал ауылының тұрғындары 120 гектар жердің егістік мақсатында игерілуіне наразы. Олар «бос жатқан» жерді жайылымға айналдыруды талап етеді. Билік өкілдері жер жыртуды тоқтатуға мәжбүр болған.

Көшкентал ауылынан сегіз шақырым қашықта тұрған Ешкіөлмес тауының етегіндегі Төс деп аталатын аумақ жыртыла бастаған кезде ауыл тұрғындары наразылық білдіріп, жер жыртылып жатқан жерге барған. Тұрғындардың Азаттыққа жіберген видеосында ауыл әкімі Тұрсыннұр Білісбеков пен көшкенталдықтардың дауласып жатқаны көрінеді.

Жергілікті тұрғындардың айтуынша, көшкенталдықтар қараусыз жатқан жерде малын бағып келген. Олар «тосыннан жыртыла бастаған жерді жайылымдық жер ретінде қайта рәсімдеп, мал жаюға берсін» дейді.

- Ол (Төс аймағы – ред.) малдың жайылатын жері ғой. Біздің ауылдың адамдарына айтпай жерді жырта бастады. Ауылдың кісілері жиналып, жерді жыртуға бере салған әкімге ұрыстық: «Ауылдың ақсақалдарымен неге ақылдаспайсың?» деп. Ауылдың маңы шабындық жер, жайылым жоқ. Сол жаққа (Төске – ред.) апарып жаямыз. Таудың бергі жағын жыртса, бізге жайылым қалмайды. Көрдіңіз бе?! Малмен ғана күн көріп отырған ауылмыз. Егістікті бізге жайылым қылып берсін, - дейді Көшкентал ауылының тұрғыны Айдын Әжіғұлов.

Мал шаруашылығымен айналысатын жергілікті тұрғын Болатбек Әліпбеков қазірдің өзінде ауыл малына жайылым жетпей отырғанын айтады. Совет кезеңінде агроном болған Әліпбековтің айтуынша, әкімдік жыртуға рұқсат еткен жер «егістікке жарамсыз».

Көшкентал ауылы маңында жер жыртып жүрген техника. Алматы облысы Ақсу ауданы, 8 мамыр

Көшкентал ауылы маңында жер жыртып жүрген техника. Алматы облысы Ақсу ауданы, 8 мамыр

- Біздің ауылда 17 мың қой-ешкі, 2600 ірі қара, 800-900 бас жылқы бар. Бір сиыр 2 гектар жерге жайылады. Қазірдің өзінде жайылымдық жер жетпей тұр ғой. Тың игеру жылдарында осы және Сарыбел деген жер егістік болған. Қазір сол жерде халық малын жайып күнін көріп жүр. Біздің күнкөріс көзіміз – мал шаруашылығы. Суармалы жер жоқ бізде. Егін бір-екі маусым шығып, одан соң жер жарамсыз болып қалады. Соны айттым мен ауыл әкіміне. «Керек болса, облыс әкіміне хат жазып ол жерлерді жайылымдыққа сұрап алайық, салығын төлейік» дедім, – дейді Болатбек Әліпбеков.

Жергілікті тұрғындар билік жердің жыртылуын тоқтатып, Төсті жайылымдық жер ретінде қалдырмаса, президентке шағымдануға бекінген.

Көшкентал ауылының әкімі Тұрсыннұр Білісбековтің айтуынша, «бос жатқан жерді игеруге басқа жақтан инвесторлар келіп сұранған». Инвесторлар жерді жалға беру туралы байқауға қатыспас бұрын жыртып, сапасын көрмек болған.

- Бұл жайылым емес, бос игерілмей жатқан жер. 120 гектар жер. Жерді игермек болып жүрген - жеке адамдар. Жалға әлі алған жоқ. Әзірге жыртып көрейік деп келген инвесторлар. Ары қарай конкурсқа қатысайық деп отыр, - дейді Көшкентал ауылының әкімі.

Көшкенталдың наразы тұрғындарымен Ақсу ауданы әкімінің орынбасары Қаһарман Тілемісов, жергілікті полиция басшысы, аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы, ауыл әкімі мамырдың 11-і күні кездескен. Ондаған тұрғын қатысқан жиын кезінде «егістік жерді жыртуды тоқтата тұру» туралы шешім шығарылған.

Ауыл маңындағы жердің жыртылғанына наразылық білдіруге жиылған Көшкентал ауылы тұрғындары. Алматы облысы, Ақсу ауданы, 8 мамыр 2016 жыл.

Ауыл маңындағы жердің жыртылғанына наразылық білдіруге жиылған Көшкентал ауылы тұрғындары. Алматы облысы, Ақсу ауданы, 8 мамыр 2016 жыл.

Алайда Ақсу ауданы жер қатынастары бөлімінің басшысы Қайрат Бекбатыров «егістік жер жайылымға берілмейді» дейді.

- Әзірге тоқтатып қойдық. Ол жер заң бойынша егістік жер деп картада көрсетілген. Ол жерге мал шығып жүрген жоқ. Жергілікті тұрғындар басқа жақтан келіп, жұмыс істеп жүргендерді көре алмай отыр. Үш-төрт күн ішінде мәселе шешілуі керек. Ертең бәрібір ол жерді жайылымдық жер ретінде бере алмаймыз, кәдімгі егістік жер ғой. Ол жерге бәрібір мал бармайды. Себебі алыста жатыр, - дейді Қайрат Бекбатыров.

Көшкентал ауылында 1300 тұрғын бар. Әкімдік өкілдерінің айтуынша, Ақсу ауданы былтыр Алматы облыс бойынша «пайдаланылмай отырған ауыл шаруашылық жері ең көп аудан» ретінде аталған.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG