Accessibility links

«Толық орындалған 23 қадамды» түгендеу қиын болды


Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан президенті былтыр жариялаған «100 нақты қадам» жоспарының 23 қадамы толық орындалғанын мәлімдеді. Бірақ ол 23-тің анық қандай бағдарламалар екенін анықтау оңайға соқпады.

Оңтүстік Қазақстан облысы Төле би ауданының тұрғыны Аралбай Мұсырманов ел президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «100 қадамның 23-і толық орындалды» деген сөзіне күмәндана қарайды.

– Президент бұл бағдарламаны былтыр үлкен реформа ретінде жариялады. Оның 23-і орындалса, әсері білінуі керек еді. Жергілікті жерлерде ондайды байқамадым, – дейді Аралбай Мұсырманов.

Былтыр 5 институционалдық реформаны жүзеге асыру үшін«100 нақты қадам» бағдарламасын ұсынған президент Назарбаев кеше соның ширегі орындалғанын хабарлаған.

– Үкімет қажетті заңдар, тиісті нормативтік құқықтық актілер қабылдады, мемлекеттік қызметтің меритократия қағидаттарына негізделген мансаптық моделі енгізілді, сот төрелігінің үшбуынды жүйесіне көшу іске асырылды, Жоғарғы сот жанындағы халықаралық кеңес жұмысына кірісті, судьяларға қойылатын біліктілік талаптары күшейтілді. Бұдан бөлек, салық және кеден саясатын жетілдіру жөніндегі жұмыс жүргізілуде, ауқымды жекешелендіру ісі басталды, елді индустрияландырудың екінші кезеңі жүріп жатыр, әлеуметтік саясат жетілдірілуде, мемлекеттің есептілігі артуда. Жалпы, бүгінде 100 қадамның 23-і толық орындалды, – деген Нұрсұлтан Назарбаев.

«ТОҒЫЗ ҚАДАМЫН БІЛЕМІЗ»

Азаттық тілшісі «толық орындалған 23 қадамның» анық не екенін білмекке ресми орындарға сұрау салды.

Әуелі хабарласқан мекемеміз – Нұрсұлтан Назарбаевтың кешегі сөзін жариялаған Қазақстан президенті әкімшілігінің баспасөз қызметі. Бірақ «орындалған 23 қадам туралы толық ақпарат айта алмайтынын» мәлімдеген баспасөз қызметі президент әкімшілігінің ішкі саясат бөліміне арнайы хат жазу қажет екенін хабарлады.

100 қадамның 50-ін ұлттық экономика министрлігі жүзеге асырады.

«Орындалған 23 қадам» жайлы мәліметті ұлттық экономика министрлігінің қоғаммен байланыс департаментінің директоры Қаламқас Хасенеева да айта алмады. «100 қадамның жартысын, яғни 50 қадамын біздің министрлік жүзеге асырады» деген Хасенеева тілшіні премьер-министр кеңсесінің баспасөз қызметіне сілтеді.

Бірақ премьер-министр кеңсесінің баспасөз қызметі де, одан кейінгі хабарласқан мекемеміз – биліктегі «Нұр Отан» партиясының баспасөз қызметі де ол 23 қадамнан бейхабар болып шықты.

Азаттық тілшісі ақырында 100 қадамның тең жартысын орындауы тиіс мекемеге – ұлттық экономика министрлігіне қайта хабарласып, «бұл 50 қадамды кім біледі?» деп сұрады. Министрлік қызметкерлері «орындалған 23 қадамды осы кісі білуі мүмкін» деп экономика салаларын дамыту департаменті директорының орынбасары Әлия Мырзағалиеваға сілтеді.

Ұлттық экономика министрлігі жүзеге асыруы керек 50 қадамның 9-ы орындалған.

Әлия Мырзағалиеваның сөзінше, ұлттық экономика министрлігі жүзеге асыруы керек 50 қадамның 9-ы орындалған.

– Орындалған 9 қадамның арасында мыналар – мүлік пен қаржыны заңдастыруды оңайлату; 2017 жылдың 1 қаңтарынан мемлекеттік қызметкерлер үшін, одан әрі барлық азаматтар үшін кірісті және шығысты жалпы жариялауды кезең-кезеңімен енгізу; құрылысқа рұқсат алудың үш сатылы қағидатын, құрылыстың сметалық құнын анытаудың ресурстық әдісін енгізу; Астана қаржы орталығын құру; өңірлер арасындағы электр энергиясының әртүрлі тарифтерін реттеу, электр энергетикасы саласында ынталандыру үшін жаңа тариф енгізу; кәсіпкерлердің мүдделерін қорғайтын бизнес-омбудсмен институтын құру; ғылыми қызмет нәтижелерін коммерцияландыру; медициналық қызмет сапасын анықтайтын комиссия құру мәселелері бар, – дейді Әлия Мырзағалиева.

Оның сөзінше, бұлардың кейбірі 2017-19 жылдары толық іске қосылады. 100 қадамның өзге 50 қадамы басқа ведомстволарға бөлінгенін мәлімдеген Әлия Мырзағалиева «сондықтан президент Нұрсұлтан Назарбаев қайсы қадамдарды меңзегенін айта алмаймын» дейді.

«БИЛІК ОРЫНДАҒАНЫН АЙТАДЫ – ХАЛЫҚ БІЛМЕЙДІ»

Азаматтық белсенді, парламент мәжілісінің бұрынғы депутаты Серікбай Әлібаевтың сөзінше, маңызды мемлекеттік бағдарламалардың қалай орындалғанын халық білмейді.

Азаматтық белсенді Серікбай Әлібаев.

Азаматтық белсенді Серікбай Әлібаев.

– 100 қадамның 23-і жүзеге асса, елеулі жұмыс істелген деген сөз. Олай болса халықтың әлеуметтік тұрмыс-тіршілігінде байқалуы керек еді. Әзірге ондай өзгеріс көрінген жоқ. Сондықтан ол әдеттегідей «жоспар орындалды» деген жалпылама сөзге ұқсайды. Біз осыған дейін қаншама мемлекеттік бағдарлама жасалғанын естідік, бірақ оның қалай жүзеге асқанын білмейміз. Билік нақты аргументтермен айтуы керек, – дейді Серікбай Әлібаев.

Саясаттанушы, бұрынғы дипломат Қазбек Бейсебаев та «орындалған 23 қадам» туралы нақты ақпараттар БАҚ-та жарияланбағанын, сол себепті көпшілік білмейтінін айтады.

Саясаттанушы Қазбек Бейсебаев.

Саясаттанушы Қазбек Бейсебаев.

– «Ұлт жоспары: 100 нақты қадам» бағдарламасын мемлекеттік ақпарат құралдары көп насихаттады. Енді оның қайсысы орындалғанын да нақты айтуы керек. «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы бойынша қанша мектеп, қанша аурухана салынғанын білмейміз. 2030 мемлекеттік даму бағдарламасы қалай аяқталып, 2050 бағдарламасына қалай өткенімізді де байқамай қалдық, – дейді ол.

Қазбек Бейсебаевтың пікірінше, елде «жасалады, іске асырылады, орындалады» дейтін уәделер көп те, «жасалды, іске асырылды, орындалды» деген фактіні табу қиын.

– Қазақстан билігінің жоспарлары жүзеге асса, дамыған елдердің алдында жүруіміз керек еді. Билік өзі айтады, өзі «орындадық» дейді – бірақ халық білмейді, – дейді ол.

«Ұлт жоспары – 5 институционалдық реформаны жүзеге асыру жөніндегі 100 нақты қадам» бағдарламасы 2015 жылы көктемде қабылданған. Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев оны «Жаһандық және ішкі сын-қатерлерге жауап, жаңа тарихи жағдайларда ұлттық дамыған мемлекеттердің отыздығына кіруі жөніндегі жоспары» деп сипаттаған.

  • 16x9 Image

    Асылхан МАМАШҰЛЫ

    1973 жылы 22 сәуірде дүниеге келген. 1994 жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда пединститутын бітірген. 1997-2000 жылдары әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің аспирантурасында оқыған. "Қазақ энциклопедиясы" баспасында (2001-2007), республикалық "Ана тілі" газетінде (2007-2009) , "ABDI-press" орталығында (2009-2010) жұмыс істеген. 2011 жылдан Азаттық радиосының тілшісі.

    Тарихи, саяси мәселелер тақырыбында жазады, белгілі тұлғалардың саяси портреттерін жасайды. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG