Accessibility links

Назарбаев енді ел атауын өзгерту жайлы айтты


Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Атырау облысының қоғам өкілдерімен кездесіп тұр. Сурет akorda.kz сайтынан алынды. 6 ақпан 2014 жыл.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Атырау облысының қоғам өкілдерімен кездесіп тұр. Сурет akorda.kz сайтынан алынды. 6 ақпан 2014 жыл.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев ақпанның 6-сы күні Атырау облысына сапарында мемлекеттің ресми атауын "Қазақ елі" деп өзгерту керек шығар" деп ұсынды.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Сочиге бара жатқан жолда Атырауға жұмыс сапарымен тоқтаған.

"ХАЛЫҚТЫҢ ТАЛҚЫСЫНА САЛҒАН ЖӨН"

Назарбаев Атырауда "Назарбаев интеллектуалдық мектебіне", мұнай өңдеу зауытына барды. Ал облыстың мәдениет және қоғам өкілдерімен кездесуінде Қазақстан президенті:

Қазақстан паспортының мұқабасы.

Қазақстан паспортының мұқабасы.

"Еліміздің атауында Орталық Азияның басқа да елдеріндегі сияқты "стан" деген жалғау бар. Шетелдіктер небәрі екі миллион халқы бар Моңғолияға қызығушылық танытады. Бірақ оның атауында "стан" жалғауы жоқ. Мүмкін, уақыт өте келе ​мемлекет атауын "Қазақ елі" деп өзгерту керек шығар. Бірақ мұны ​алдымен міндетті түрде халықтың талқысына салған жөн" деді.

Бұған дейін Қазақстан қоғамында "төлқұжатта ұлтты көрсету-көрсетпеу" және ел азаматтарын "қазақстандықтар" деп атау туралы пікірталастар болған.

"АЛҒАШҚЫ ӘСЕР"

Назарбаевтың ел атауына қатысты айтқандары әлеуметтік желілерде қызу пікірталас тудыра бастады. Кейбір интернет пайдаланушылар бұл ұсынысты қолдаса, енді бірі қарсы пікірлерін жариялап жатыр.

Мәселен Назарбаевтың мемлекет атауы туралы айтқандары мәлім болған бетте қоғамдық белсенді Мұхтар Тайжан "Қазақ Елі азаматтарының барлығы - қазақтар, қазақстандықтар емес" деп жазса, белсенді Айдос Сарым интернет арқылы "Қазақстанды "Қазақ елі" деп атау ұсынысы - қазақ патриоттары мен мемлекетшілдеріне жасалған емеурін. Мемлекет атауын "Қазақ Республикасы" немесе "Қазақия" деп өзгерту бірнеше жылдан бері айтылып келеді" деген пікірін білдірген.

​Сарым "Президенттің ұсынысы ойланып барып айтылған болса, қолдау керек. Ал егер бұл өзінің көпшілік жағында екенін білдіретін кезекті ойыны болса, ондай ойын керек емес" деген.

Интернет қолданушылар арасында "Қазақ елінде" тұрғым келмейді. "Қазақелдіктер" деген атаудың өзі құлаққа ерсі естіледі. Мемлекет атауын өзгертудің шығыны орасан. Елде одан басқа да проблемалар шаш етектен" деген сарындас пікір айтқандар да бар.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Атырауда мәдениет және қоғам өкілдерімен кездесуде сөйлеп отыр. 6 ақпан 2014 жыл.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Атырауда мәдениет және қоғам өкілдерімен кездесуде сөйлеп отыр. 6 ақпан 2014 жыл.

​Назарбаевтың Моңғолияның атауын мысалға келтіргенін әжуаға айналдырып жатқан интернет қолданушылар да көп. Бірі "Әлем халқы Моңғолияға қызығушылық танытып отырса, неге біз де "Моңғолия" бола салмаймыз" десе, енді бірі "Моңғолия "Моңғолстан" деп өзгерсін, сонда мемлекет атауын өзгертудің қисапсыз шығындарынан да құтылып кетеміз" дейді.

САРАПШЫЛАР ПІКІРІ

Президенттің ел атауын ауыстыру туралы ұсынсын "трюк" деп бағалаған кейбір сарапшылар "мұндай ойын халыққа да, инвесторларға да көмектесе алмайды" деген көзқараста.

Астана атауын өзгерту қатысты қоғамдық пікір әрқиды болса да, биліктің қалауы орындалғанын еске түсірген тәуелсіз журналист Сергей Дуванов президенттің "талқылайық" деген сөзіне күдікпен қарайды.

"Президент шын мәнінде елде қандай да бір іс атқара алмаса, осылайша мемлекет атауын өзгерте бастайды. Әртүрлі бағдарламалар бастайды. Яғни, шынайы тірліктен виртуалға көшеді" дейді Дуванов Азаттыққа.

Қазақстан парламентінің алғашқы депутаттарының бірі, оппозициялық саясаткер Серікболсын Әбділдин мемлекет атынан «республика» атауы жоғалып, "Қазақ елі" аталса, "монархияға бет бұрамыз" деген қауіп айтады.

Ал саясаттанушы Дос Көшім мемлекеттік тарихи атауын қалпына келтіретін мезгіл жетті деп санайды. Оның пікірінше, бұрын мемлекет атауын қалпына келтіруге демографиялық жағдай мүмкіндік бермеген. Ал дәл қазір сәті түскендіктен президент те осы мәселені көтеріп отыр.

"Менің ойымша, бұл атау дәлелдеуді қажет етпегендіктен оған қатысты референдум өткізудің қажеті жоқ. Референдум болса да, 70 пайыз қазақ міндетті түрде жеңіп шығады деп ойлаймын. Кейде бізде референдум нәтижесін бұрмалау сияқты мемлекеттің ойыны болып жатады. Мұндайды да жоққа шығармаймын" дейді ол.

Бұған дейін де Қазақстан президенті қазақ ұлтшылдарының (жергілікті БАҚ-та "ұлт патриоттары" деп аталады - ред.) көңілін аулайтын бірнеше ұсыныстар жасаған еді. Мәселен 2012 жылы желтоқсан айындағы жолдауында ол «қазақ жазуын 2025 жылы латын қарпіне көшіруге дайындықты бастай беру керек» деп мәлімдеді.

Ал 2010 жылы наурыздың 19-ы күні Нұрсұлтан Назарбаев «Біздің Жаңа жылымыз осы мерекеден басталса дұрыс болар еді. Қытайлар өздерінің жаңа жылын ақпанда, корейлер де өз күнтізбелері бойынша мерекеледі. Біз Жаңа жылымызды әлі күнге дейін Петр І енгізген қаңтардың 1-інен бастап жүрміз» деген.

Президент Назарбаевтың мемлекеттің ресми атауын "Қазақ елі" деп өзгерту ұсынысына қатысты Алматы тұрғындарының пікірі:


Мақаланы әзірлеуге Мақпал Мұқанқызы қатысты

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG