Accessibility links

«Сахнаның «нөл одині» болғым келеді»


Астанадағы Қалыбек Қуанышбаев театрының әртісі Нұрсұлтан Есен. Сурет жеке мұрағаттан алынған.
Астанадағы Қалыбек Қуанышбаев театрының әртісі Нұрсұлтан Есен. Сурет жеке мұрағаттан алынған.

Астанадағы Қазақ музыкалық драма театрының әртісі Нұрсұлтан Есен саясатқа бала кезден қызықпаса да, президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бейнесін сахнада ойнауды арман еткенін айтады.

Азаттық: - Өте белгілі адаммен аттас болу қандай?

Нұрсұлтан Есен: - Абырой. Сосын үлкен жауапкершілік. Өйткені қай жердетаныссаң да, «Нұрсұлтан» деп нақты, дұрыстап айтасың. «Ооо, Нұрсұлтан» деп жатады адамдардың бәрі. Елімізде Елбасы (Қазақстан президентінің атағы – ред.) «нөл один» болса, мен де өз сабағымда, өз достарымның арасында Нұрсұлтан болғым келеді.

Азаттық: - Атыңызды не үшін Нұрсұлтан қойған?

Нұрсұлтан Есен: - Ақтөбе қаласының тумасымын. 1991 жылы сәуір айының басында Елбасымыз біздің өңірге сапарлап келіпті. Сол кісінің құрметіне мені Нұрсұлтан деп атапты. Әке-шешем ферроқорыту зауытында жұмыс істейді. 1987 жылғы ағам бар. Мектепті Ақтөбеде оқыдым. 2013 жылы Астанадағы қазақ ұлттық өнер университетін актер мамандығы бойынша бітірдім.

Азаттық: - Мектеп мұғалімдерінің сізге жеңілдікпен қараған кездері болды ма?

Нұрсұлтан Есен: - Жеңілдікпен қарау деген болған жоқ. Бірақ, бала кезімнен қазақтың халық биіне әуес болдым. Мектептегі уақытым негізінен концерттермен өтті. Мысалы, бір аптаның үш күнінде концерттерде жүрдім. Яғни, бала кезден сахнада өстім.

Әртіс Нұрсұлтан Есен қойылымда рөл ойнап тұр. Сурет жеке мұрағаттан алынған.
Әртіс Нұрсұлтан Есен қойылымда рөл ойнап тұр. Сурет жеке мұрағаттан алынған.

Азаттық: - Саясатқа қызықпадыңыз ба?

Нұрсұлтан Есен: - Саясатқа қызықпадым.Өнерге қызықтым. Үйде өзімше қиялдап, билеп, ән салып жүретінмін.Әкем мені «супертанцор» дейтін. Ауылдағы бүкіл туған-туыстарымыз «мына бала биші, әртіс болады» дейтін.

Азаттық: - Ал қазір әртіс болып жүріп, елдегі саяси жаңалықтарға, Нұрсұлтан Назарбаевтың сөздеріне көңіл аударасыз ба?

Нұрсұлтан Есен: - Әрине, онсыз болмайды ғой. Атамыздың (президент Назарбаевты айтады - ред) әр жолдауын міндетті түрде тыңдаймыз. Айтқан стратегияларына көңіл қоямын. Ол кісі асқан стратег қой. Аз ғана уақытта Астананы салуы, елдің жағдайын жақсартуы соның айғағы. Тіпті, теледидарға шыққанда қандай киім кигені, таққан галстугіне дейін назар аударам. Ол кісі қазақи әндерді жақсы көреді. Отырыстарда қарапайым, сонысымен тартады. Жүзінде жылулық, нұр бар.

Азаттық: - Ендеше Президенттің өзіңіз ұнатқан тезистерін, бастамаларын айтып бере аласыз ба?

Нұрсұлтан Есен: - Ондайлар, бар, әрине. Оқыдық қой. Бірақ, қазір есімде жоқ.

Астанадағы Қалыбек Қуанышбаев театрының әртісі Нұрсұлтан Есен. Сурет жеке мұрағаттан алынған.
Астанадағы Қалыбек Қуанышбаев театрының әртісі Нұрсұлтан Есен. Сурет жеке мұрағаттан алынған.

Азаттық: - Биліктің өнер адамдарын, олардың еңбектерін бағалауына көңіліңіз тола ма?

Нұрсұлтан Есен: - Толады. Қысқа дейін пәтерде тұрғанбыз. Сосын жатақхана берді. Айлық көлемі де өсті. «Академиялық театр» деген атақ алдық. Осының өзі басшылық пен әріптестеріме оңды әсер етіп, жақсы қарым-қатынаста жұмыс істеп келеміз.

Азаттық: - Театрда саяси қойылымдар болып тұра ма?

Нұрсұлтан Есен: - Болады. Ондай кезде режиссермен талқылаймыз. Саясат өте нәзік қой. Режиссер ағаларымыз көп қоя бермейді. «Саяси» деп кейбір кезде қашқақтаймыз.

Азаттық: - Кейінгі жылдары президент туралы бірнеше фильм шықты. Мысалы сізге ұсынса, президент рөлін ойнар ма едіңіз?

Нұрсұлтан Есен: - Ол менің арманым ғой. Кинода болсын, театрда болсын, балалық шағын ойнар едім. Қалай армандады, қалай оқыды? Ол кісінің балалық шағын жарық жағынан ойнағым келеді. Ұсынса, бас тартпаймын. Кейін өмірбаянымда «елбасының балалық шағын ойнады» деген бір сөйлемнің жазылғанының өзі неге тұрады!

Азаттық: - Ал балалық шағыңыз қалай өтті? Қиындықтар болды ма?

Нұрсұлтан Есен: - Балалық шағымда қиындық көрмедім. Әкем-шешемнің зауытта тұрақты жұмысы, пәтері, айлығы болды. «Қатты қиналдым» деп айта алмаймын.

Астанадағы Қалыбек Қуанышбаев театрының әртісі Нұрсұлтан Есен. Сурет жеке мұрағаттан алынған.
Астанадағы Қалыбек Қуанышбаев театрының әртісі Нұрсұлтан Есен. Сурет жеке мұрағаттан алынған.

Азаттық: - Өміріңізге бетбұрыс жасаған, көзқарасыңызды өзгерткен ел ішіндегі жағдайлар болды ма? Қандай оқиғалар қатты әсер етті?

Нұрсұлтан Есен: - Қатты әсер еткені – 11 сыныпты бітіріп, Астанаға алғаш келуім. Зәулім ғимараттар, әдемі көшелер әсер етті. Басқа атмосфера, басқа өмір, басқа адамдар болашақта жақсы өмір сүруге үміт берді.

Азаттық: - Өзіңізбен аттас президент қоғамдық тұлға болған соң әр жерде әр түрлі пікірлер, сын сөздер айтылып жатады. Сондай әңгімелерді жиі естисіз бе? Ондай кезде көңіл-күйіңіз қалай өзгереді?

Нұрсұлтан Есен: - Жоқ, ондай әңгімені естімеймін. Менің жүретін ортам – әріптестерім, әртістер. Ол кісілердің бәрі Елбасымызды жақсы көреді. Достарымның арасында заңгерлер, видео-операторларбар. Олар да ондай әңгіме айтпайды.

Азаттық: - Саясаткер мен әртістің қандай айырмашылығы бар?

Нұрсұлтан Есен: - Әртіс болған соң эмоцияға беріліп кетеміз. Әр адамды зерттейміз. Ол мамандығымыз үшін керек. Ал саяси адам ойлы, сабырлы, салмақты болады. Әрине, әр кәсіп өзінше ерекше. Саясаткер ақылды болу керек деп ойлаймын.

Азаттық: - Саясаттағы кейбір үрдістерді сахналық қойылымға теңеп жатады. Осыған қалай қарайсыз? Саясаткерде әртістік қабілет бола ма?

Нұрсұлтан Есен: - Енді әр саясаткердің мақсаты бар ғой. Оған жету үшін барын жасайды.

Азаттық: - Әңгімеңізге рақмет!

XS
SM
MD
LG