Accessibility links

Интернетте ең көп ұшырасатын қазақша тіркестер


Google компаниясының бас кеңсесіндегі жазу. АҚШ, Нью-Йорк, 8 қаңтар 2013 жыл.
Google компаниясының бас кеңсесіндегі жазу. АҚШ, Нью-Йорк, 8 қаңтар 2013 жыл.

Азаттық тілшісі Google іздеу жүйесіндегі қазақ тілінде көп ізделетін және көп материал табылатын тіркестердің ондығын жасап шықты.

Интернеттен табылатын ең көп материал Қазақстан спортшыларының Лондон олимпиадасындағы жеңістері жайлы жазбалар. Ең жиі ұшырасатын сөз - «жеті алтын».

«ЖЕТІ АЛТЫН» – ТОҒЫЗ МИЛЛИОН МАТЕРИАЛ

«Жеті алтын». Google іздеу жүйесіне «жеті алтын» сөзін терсеңіз, бір секундтың ішінде тоғыз миллион 440 мың материал тауып береді. Бұл материалдардың ішінде жаңалықтар да, жанкүйерлердің форумда талқылаған ойлары да бар.

Google іздеу жүйесіндегі "жеті алтын" тіркесін тергендегі материалдардың тізбегі (скриншот).
Google іздеу жүйесіндегі "жеті алтын" тіркесін тергендегі материалдардың тізбегі (скриншот).
«Қазақстан мұнайы». Бұл тіркес бойынша Google жүйесінде бес миллион 810 мың материал табылады. Материалдардың мазмұны да сан алуан - рефераттар, газет мақалалары, статистика, зерттеулер, мұнай тарихы жайлы жазбалар.

«Қазақстан – 2050». Президент Назарбаевтың 2012 жылдың соңында жариялаған «Қазақстан – 2050» бағдарламасы жайлы интернетте бір жарым миллион материал бар. Бұл сөзді терсеңіз, стратегияны орындау, насихаттау жайлы ақпараттарды табуға болады. «Қазақстан – 2050» сөзі Google жүйесінде «Қазақстан-2030» тіркесін басып озған. Соңғысын терсеңіз бір миллион 300 мың ақпарат шығады.

«ЕЛБАСЫНЫҢ ТАПСЫРМАСЫ БОЙЫНША»

«Қымбатшылық». «Қымбатшылық қысып барады» деп терсеңіз, 718 мың материал табылады. Бұл іздеу тіркесінің ішінде «қымбатшылық», «қымбатшылық қысып барады» деген сөйлемді де көп кездестіруге болады. Көбі - бензин, азық-түлік, нан бағасының қымбаттағаны жайлы ақпарат.

Ядролық қауіпсіздік саммитінде Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев (оң жақта) пен АҚШ президенті Барак Обама сөйлесіп тұр. Оңтүстік Корея, Сеул, 27 наурыз 2012 жыл.
Ядролық қауіпсіздік саммитінде Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев (оң жақта) пен АҚШ президенті Барак Обама сөйлесіп тұр. Оңтүстік Корея, Сеул, 27 наурыз 2012 жыл.
«Елбасының тапсырмасы бойынша...». Google жүйесіндегі «хит» тіркестердің бірі - осы. Бұл сөйлемді терсеңіз, 600 мың материал шығады. Бұл сөз мемлекеттік газеттер мен сайттарда жарияланған мақалаларда кездеседі.

«Елбасының арқасында...». Google жүйесінде бұл сөзді терсеңіз, 591 мың ақпарат шығады. Ақпараттардың ішінде «елбасының биік беделінің арқасында», «президенттің арқасында», «елбасының қамқорлығының арқасында», «президенттің арқасында жүзеге асты» деген тіркестерді де кездестіру болады.

«Жолдауды қолдау». Бұл сөзді іздеу жүйесіне терсеңіз, бір секундқа толар-толмас уақыт ішінде 324 мың материал шығады. Жолдауды насихаттау,талқылауға қатысты ақпараттың барлығын осы тіркеспен тауып аласыз.

БАСПАНА АЛУ МЕН АСТАНАНЫ ДАМЫТУ

«Баспана алу». Google жүйесінде баспана алу мәселесіне қатысты қазақ тіліндегі материалдардың саны 500 мыңға жуықтайды. «Баспана алу» сөзін терсеңіз, 0,37 секундттың ішінде 418 мың ақпарат табасыз. Бұл материалдарда баспана бағасы, «қолжетімді баспана» бағдарламасы мен үй салуға қатысты ақпараттар бар.

«Астананы дамыту». Қазақстан астанасына қатысты қазақша материалдар да жеткілікті. Google-ге «Астананы дамыту» сөзін терсеңіз, 288 мың материал алдыңызға шығады. Астананы таныту, дамыту мәселелеріне қатысты материалдардың көбі үкіметтік сайттар, мемлекеттік басылымдар мен телеарналардың веб-парақшаларында қамтылған.
Алматылық Бәтес Тұрғанбаева тұрып жатқан контейнер. Алматы, Алатау ауданы 7 маусым 2012 жыл. (Көрнекі сурет)
Алматылық Бәтес Тұрғанбаева тұрып жатқан контейнер. Алматы, Алатау ауданы 7 маусым 2012 жыл. (Көрнекі сурет)

«Бірлігіміз жарасқан». Қазақстан ұлттар ассамблеясының «Бірлігіміз жарасқан» ұраны - қазақ тілді интернет кеңістіктегі «хит» тіркестердің бірі. Осы сөзді терсеңіз, 73 мыңнан астам қазақша ақпарат мониторыңызға бірден шығады.

«ҚАЖЕТСІЗ АҚПАРАТТАР»

Интернет қолданушы Ерлан Қабдірашитовтің пікірінше, «Елбасының арқасы», «Жолдауды қолдау» деген тіркестер кездесетін материалдар ақпараттық кеңістікті жаулап алғанымен, оларды оқитындар аз».

- Өз басым президент қандай да бір бағдарлама қабылдап немесе жолдау жолдаса ғана бір рет шолып шығамын. Одан кейін сол бағдарламаларды насихаттауға қатысты жарияланатын сансыз материалдарды оқымаймын. Google-де жолдауды сынайтын материалдар өте аз. Бұл – түсінікті жайт. Себебі сын материалдар жариялайтын ресурсқа DOS-шабуыл жасалады, - дейді сұхбаттасымыз.

Интернетті жиі пайдаланатын оқырманның бірі Ардақ Құлтаевтың пікірінше, «мемлекеттік саясатты қолдайтын материалдар пайдалы».

- Мемлекеттік басылымдардағы материалдар қызықты деп айта алмаймын. Бірақ өте пайдалы. Саяси біліміңді арттырады. Сол үшін оқимын, - дейді ол.

Ал саясаткер Дос Көшім:

- Қазір Қазақстанда мемлекеттік қызметтегілердің негізгі міндеті – мемлекет саясатын насихаттау. Бұл – авторитарлық мемлекеттің негізгі ұстанымы. Дәл қазір интернет сол ұстанымды жүзеге асырудың құралына айналды. Мұғалім, дәрігер, агроном жазған мемлекеттік саясатты мақтайтын материал мемлекеттік басылымға бірінші кезекте жарияланады. Сол материалдарға қазір интернет (қазақ тілді контент - ред.) толды. «Елбасының тапсырмасы бойынша», «Қазақстан-2050» деген тіркестері бар материалдар қаптап тұрғанымен, оларды оқитындар аз, - дейді.

Ресейлік "Яндекс" компаниясы қаңтардың 29-ы күні өзінің іздеу жүйесінде қазақстандық қолданушылар ең көп енгізетін кілт сөздердің тізімін жариялады.

Оның дерегіне сүйенсек, бұл іздеу жүйесіне қазақстандықтар апта сайын 85 миллион сөз жазады.

Компания таратқан хабарламада: "Қазақстан, Ресей, Беларусь пен Украинаның интернет қолданушылары көбіне "онлайн", "тегін", "жүктеу" сөздерін жиі тереді. Дегенмен әр елдің өзіне тән сөздер де көп ізделеді. Олар топ-сөздердің қатарына кірмегенімен, сұраныс бар. Қазақстанда "Алматы", "Павлодар", "Щучинск", "ЮКО", "Усть-Каменогорск" және "Экибастуз" сияқты георгафиялық атаулар мен мекемелер жайлы ақпараттар көп ізделеді. Жергілікті халық "Ислам", "Нуртас", "Дениз", "Сүлеймен" және "түрік сериясы" деген сөздерді де "Яндекс" арқылы көп іздейтін болып шықты.

Ескерту: Google іздеу жүйесіне тек екі немесе оданда көп тіркестегі сөздер енгізілді. Жекелеген сөздер (реферат, тест т.б) немесе бір адамға (Абай, Шоқан т.б), тарихқа қатысты сөздер енгізілген жоқ.
XS
SM
MD
LG