Accessibility links

Белсенділер түрмені еркін тексеруден үмітті


Қарағандыдағы түрмелердің бірі. Көрнекі сурет.
Қарағандыдағы түрмелердің бірі. Көрнекі сурет.

Егер президент тиісті заң жобасына қол қойса, Қазақстандағы қоғамдық ұйым өкілдері түрме және басқа жабық мекемелерге кедергісіз кіре бастайды.

Қазақстандағы адам құқықтары бюросы «адам денсаулығына қасақана ауыр зардап келтірді» деп айыпталып, Құсмұрын елді мекеніндегі АК 161/4 түрмесінде отырған Рафаэль Вильдяновтың ісі бойынша Қостанай қаласында сот процесі өтіп жатқанын хабарлады.

Құқық қорғаушылар бұл сотқа айыпталушының «басқа тұтқындар тарапынан азаптауға ұшырадым» деген шағымы негізінде қатысты. Құқық қорғаушылардың айтуынша, «сотта қаралып жатқан іске қатысы жоқ» деген уәжбен судья тұтқынның бұл шағымдарын ескермеген. Жергілікті құқық қорғаушылар жаза өтеу орындарындағы азаптаулар туралы деректерді жиі хабарлайды.

Өткен аптаның аяғында Қазақстан парламенті қоғамдық ұйым өкілдерінің түрмелерге еркін кіруіне мүмкіндік беретін заң жобасын қабылдады. Құжат «Азаптау және басқа да қатыгез, адамгершілікке жатпайтын немесе ар-намысты қорлайтын іс-әрекеттер мен жазалау түрлеріне қарсы бағытталған ұлттық превентивтік (алдын алу) механизмін құру мәселелері бойынша кейбір заң актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» деп аталады.

Заң жобасы азаматтық белсенділердің түрме аумағына, әсіресе жаппай бағынбау акциялары өткені және оларды басып-жаншу туралы хабар тарағаннан кейін кіруін жеңілдету мүмкіндігін қарастырады. Егер заң жобасы күшіне енсе, азаматтық сектордың азаптауға қарсы тұру мүмкіндігі күшеюі тиіс.

ТҮРМЕГЕ ЕРКІН КІРУ

Ұсынылған ұлттық превентивтік механизм азаптау іс-әрекеттерінің алдын алу мақсатында түрмелерге кіру жүйесін құруды көздейді. Енді қоғамдық ұйым өкілдеріне түрме және басқа да жабық мекемелерге кедергісіз кіруге мүмкіндік
Егер заң жобасы күшіне енсе, азаматтық сектордың азаптауларға қарсы тұру мүмкіндігі кеңеюі тиіс.
берілуі ықтимал. Егер тұтқындардан азаптау немесе қатыгез іс-әрекеттер туралы арыз түссе, қоғамдық бақылаушылар колонияға «жылына кемінде екі рет» кіруге мүмкіндік алады.

Бірақ бұл заңда бірқатар шектеулер де қарастырылған. Ұлттық превентивтік механизм (ҰПМ) бойынша түрме немесе басқа жабық мекемеге кіретін топтың құрамы төрт адамнан артық болмауы тиіс. Әділет министрлігі «түрмедегі тәртіпті босаңсытып алмас үшін» бұл шектеуді орынды деп санайды.

Қазақстан президенті жанындағы адам құқықтары жөніндегі уәкілге түрмеге қашан және қанша рет кірем десе де шектеу қойылмайды.

ЫҚТИМАЛ КЕДЕРГІЛЕР

Заң жобасында ұлттық превентивтік механизмге қатысушылардың қызметіне кедергі келтірген түрме және басқа да жабық мекеме қызметкерлері үшін жауапкершілік қарастырылған. Яғни, тұтқынмен кездестіруден немесе тиісті ақпарат беруден бас тартқан, тұтқындармен әңгіме өткізуге рұқсат бермеген қызметкерлер жауапқа тартылады. Құқық қорғаушылар мұндай заң бұзушылықтар үшін қылмыстық жауапқа тартуды ұсынғанымен, заң жобасы айыппұл түріндегі әкімшілік жазамен шектелген.

Алматы облысы Ескелді аудандық полиция бөліміндегі уақытша ұстау изоляторының камерасы. 2011 жыл. Көрнекі сурет.
Алматы облысы Ескелді аудандық полиция бөліміндегі уақытша ұстау изоляторының камерасы. 2011 жыл. Көрнекі сурет.
Қазақстанда мұндай қадам бұрын-соңды болған емес. Қоғамдық бақылау комиссияларының өкілдері түрмеге кіруге шектеу барын айтып жиі шағымданады. Бір жерде олардың түрмеге кіруіне мүлде тыйым салса, енді бір жерде түрмеде болу мерзімін үзіп тастайды. Жақында Қостанай облысында қоғамдық бақылау комиссиясының (ҚБК) өкілі Анастасия Миллер мен Қазақстандағы адам құқықтары бюросы бөлімшесі директорынан сотталғандардың шағым-арыздарын тартып алған.

Енді Қазақстан үкіметі түрме және басқа да жабық мекемелердің қоғам тарапынан қадағалау үшін ашықтығын дәлелдеп, халықаралық міндеттемелерді бұлжытпай орындауға әзір екенін көрсетпек.

Amnesty International халықаралық құқық қорғау ұйымының жақында жарияланған баяндамасында Қазақстанда биліктің күш көрсетуі, азаптаулар, әділетсіз өтетін сот процестері, сөз еркіндігін шектеу және босқындарды экстрадициялау әрекеттері бар екені айтылды.

Қазақстандағы полиция мен түрме қызметкерлері қылмысты мойындату үшін тергеудегілер мен тұтқындарды азаптап, қызметін асыра пайдаланатыны АҚШ мемлекеттік департаментінің биылғы есебінде де айтылған.

ІСКЕ АСЫРУ ТЕТІГІ

Заң жобасында қоғамдық бақылау комиссиялары (ҚБК) ұлттық превентивтік механизм қызметін қамтамасыз ету жөніндегі әлеуметтік жобаларды жүзеге асыру туралы келісім-шартқа отырады деп болжанған.

Қазақстандағы қоғамдық бақылау комиссияларының үйлестіру кеңесінің төрайымы Ардақ Жанәбілованың айтуынша, үкіметтік емес ұйымдардың арасында жобаны
Түрмеде қамауда отырғандардың туыстары наразылық акциясында. Астана, 24 қыркүйек 2012 жыл. Көрнекі сурет.
Түрмеде қамауда отырғандардың туыстары наразылық акциясында. Астана, 24 қыркүйек 2012 жыл. Көрнекі сурет.
қаржыландыруға қатысты кейбір қарсылықтар бар. Былтыр әділет министрі Берік Имашев бұл жобаға республикалық бюджеттен жыл сайын 200 миллион теңге (1,3 миллион доллар) бөлінеді деп мәлімдеді. Ақша мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс арқылы бөлінуі тиіс. Конкурста жеңіп шыққан қоғамдық ұйымдар ұлттық превентивтік механизмді құру жөніндегі жобаны жүзеге асырады.

Ардақ Жанәбілова ұлттық превентивтік механизм аймақтардағы қоғамдық бақылау комиссияларының қимылын күшейтіп, азаптаулар туралы түскен арыздар бойынша шұғыл әрекет етеді деп үміттенеді. Жобаға қатысушылар «енді түрмеге кедергісіз кіріп, қажетті құжаттармен танысып, азаптауға немесе қатыгездікке ұшыраған жандармен құпия сөйлесе аламыз» деп күтеді.

Заң жобасы Қазақстанның «Азаптау және басқа да қатыгез, адамгершілікке жатпайтын немесе ар-намысты қорлайтын іс-әрекеттер мен жазалау түрлеріне қарсы конвенцияның» факультативтік хаттамасына сәйкес алған міндеттемелері аясында қабылданды. Қазақстанда ол 2008 жылдың қазан айында күшіне енді.

Қазақстан бір жылдан кейін азаптаудың алдын алу механизмін ұлттық деңгейде құруы тиіс болатын. Бірақ Қазақстанға бұл міндеттемелерді орындау үшін 2009 жылдың қараша айында үш жылға мұрсат берілді. Биыл осы үш жылдық мерзім аяқталды.
  • 16x9 Image

    Светлана ГЛУШКОВА

    Светлана Азаттықтың Астана бөліміндегі тілші болып 2010 жылдан бастап істей бастады. Жоғары білімді ҚарҰУ-де алған. Жеті жыл қалалық жәнереспубликалық арналарда тілші және редактор ретінде тәжірибе жинаған.

XS
SM
MD
LG