Accessibility links

Түрмеден ауруханаға түскен жас қыз зорлық мәселесін қозғады


Елена Семенова, қоғамдық белсенді. Алматы, 1 мамыр 2010 жыл

Елена Семенова, қоғамдық белсенді. Алматы, 1 мамыр 2010 жыл

Азаматтық белсенді «өзін зорламақ болған түрме қызметкерін жазалауды талап еткен» жазасын өтеушіге қысым көрсету жалғасып жатқанын айтады.

Қазанның 24-і күні Екібастұз қалалық ауруханасында аштық жариялап жатқан сотталушы Сабина Махининаға арнайы прокурор мен колония бастығы келді. Бұл туралы Азаттық тілшісіне павлодарлық азаматтық белсенді Елена Семенова хабарлады.

ҚЫСЫМ

Елена Семенова ауруханадағы Сабина Махинина өзіне сәрсенбі күні телефон соққанын айтады.

- Оның сөзінше, бүгін Абылғасов есімді арнайы прокурор мен өзі жатқан қоныстану колониясының бастығы Болат Набиев келіпті. Олар Сабинаға қысым жасап, «бәріне өзің кінәлісің», дәрігерлердің келісімін ала салысымен бір-екі күнде ауруханадан алып кететіндіктерін айтып қорқытқан, - дейді Елена Семенова.

Белсендінің айтуынша, алты жылға сотталған Сабина Махинина жарты мерзімін Шымкенттегі түрмеде өтеп, жақсы тәртібі үшін Павлодар облысындағы Шідерті елді мекеніндегі АП 162/10 қоныстану-колониясына көшірілген.
Қазақстандағы әйелдер колониясында жазасын өтеушілер. Көрнекі сурет.

Қазақстандағы әйелдер колониясында жазасын өтеушілер. Көрнекі сурет.


- Бүгінгі келгендер Сабинаны Шымкенттегі түрмеге жібереміз деп қорқытқан, - дейді Семенова.

Сұхбаттасымыз қазанның 23-інде ауруханаға барып, Сабинаның халін білгенін айтады.

- Оған система салып, белгісіз сұйықтық құйып жатыр екен. Мен өзімен сөйлесіп, бейнетаспаға түсіріп алдым. Ол әлі аштығын жалғастырып жатыр, бірақ су іше бастапты. Аштықты өзін зорламақ болған колония қызметкерін жазаламайынша тоқтатпайтынын айтты,- дейді Елена Семенова.

Азаматтық белсендінің мәлімдеуінше, Сабина Махинина 14 күн нәр татпай, су да ішпей отырған. Денсаулығы сыр беріп, аса ауыр халде қазанның 22-сі күні кешке Екібастұз ауруханасына жеткізілген.

- Ұзақ уақыт аштықтан кейін аяқ-қолынан жан кетіп, жүре алмай қалғанда оны жедел жәрдеммен колония орналасқан Шідерті ауылындағы ауруханаға жеткізген. Онда Сабинаны қабылдамаған соң Екібастұзға алып келген, - дейді ол.

НАРАЗЫЛЫҚ

Бірнеше күн бұрын интернетте 25 жастағы Сабина Махининаның мәлімдемесі жазылған бейнеролик жарияланып кеткен еді. Қазанның 21-і күні түсірілген материалды Елена Семенова блогшы, азаматтық белсенді Вадим Курамшинге жібергенін айтады. Ол бейнероликті кім түсіргенін және өзіне қалай жеткенін айта алмайтынын ескертті.

Бұл видеода kuramshin есімді қолданушы Сабина Махинина деп сипаттаған жас әйел төсекте жатып, әлсіз дауыспен өзінің басынан өткен жайтты баяндайды. Оның сөзінше, 2012 жылдың көктемінде ол Павлодар облысындағы Шідерті елді мекеніндегі АП 162/10 қоныстану-колониясына көшірілген. Біраз уақыт өткеннен кейін колония қызметкерлерінің бірі өзге сотталушылардың жүріп-тұруын өзіне жеткізу туралы ұсыныс айтқан. Бұған келіспегені үшін «зорламақ болған». Кейін жазасын өтеушіге қатысты «түрлі арандатулар ұйымдастыра бастаған». Бұдан бөлек Сабина Махинина өзін колонияның тағы бірнеше қызметкері ұрып-соққанын айтады. Видеодағы мәлімдемеге сәйкес оның денесіне түскен іздерді жазасын өтеуші анасына хабарласқаннан кейін, бес күн өткен соң ғана тіркете алған. Амалы таусылған ол қазанның 10-ы күні нәр татпау туралы шешім қабылдаған.



Сабина Махинина өзінің бейне жазбасында «өліп кеткен жағдайда кінәлі адамдар» ретінде бірнеше түрме қызметкерінің аты-жөндерін атайды.

ТЕКСЕРУ

Бұл іске қатысты Павлодар облыстық қылмыстық атқару жүйесі департаменті тәрбие жұмыстары бөлімінің бастығы Борис Гаврилюк жергілікті ақпарат құралдарына түсініктеме берді.

Гаврилюктің сөзінше, есірткіге қатысты қылмыс жасағаны үшін 6 жылға сотталған Шымкент тұрғыны Сабина Махинина қазанның 10-ында өзін тәртіпке шақыру амалдарын қолданыла бастаған соң аштық жариялаған.

Ал «Время» басылымына берген жауабында ресми өкіл «интернеттегі бұл іске қатысты ақпаратты жалған» деп мәлімдеді.

- Мен келіп тұрып Махининамен сөйлеспей кетіпті деп жазып жатыр. Алайда мен Махининамен колонияда оның бір бөлмеде бірге тұратын қыздарының көзінше кездестім. Сотталушының «өзін зорламақ болды» дегені – үшінші болжам. Бұған дейін ол өзінің аштық жариялауының себебін колония қызметкерлері өзін ұрып-соққандықтан жасаған амал деп түсіндірген. Кейін өзін алдымен бір, содан кейін екінші колония қызметкері зорламақ болды деп айтты. Қазір бұл айтылғандардың барлығы тексеріліп жатыр, - деді Борис Гаврилюк.
  • 16x9 Image

    Мәншүк АСАУТАЙ

    1980 жылы туған. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін бітірген.

    Қарағанды қаласындағы жергілікті телеарнада қызмет еткен. 2004 жылдан бері Азаттықтың тілшісі. 

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG