Accessibility links

Жас кәсіпкер биліктің бизнестегі тамыр-таныстықты жоя алмағанына наразы. Ал сарапшылар халықаралық индексте кері кеткен Қазақстанда «экономикалық дамудың жемқорлыққа ұласқаны – басқарудың қабілетсіздігінен» деп біледі.

Алматы облысы Есік қаласының тұрғыны, мамандығы мұғалім Жанболат Сағатбек биыл көктемде үйреншікті жұмысын тастап, жеке кәсібін бастаған. Бірақ арнайы құралдар сатып алып, баннерлер мен әртүрлі жарнама парақшалар шығарған кәсіпкер жұмысы ілгері баспай жатқанын айтады.

– Ай сайын 45 мың теңге көлемінде аренда төлеймін. Бұдан бөлек үш ай сайын төлейтін кәсіпкерлік салығым бар. Оны төлемесең, өсіп кетеді. Бұған қоса ай сайын интернет, телефон, жарықтың ақысы лезде жетіп келе қояды. Тапқан ақшам тіпті қарыздарымды жабуға да жетпей жатыр, – дейді Жанболат Сағатбек.

Ол Есіктегі кәсіпкерлікті қолдау орталықтарына барғанымен, ешбір ұйымнан көмек алмағанын айтады.

– Кәсіпкерлерді қолдау бойынша мемлекет ақша бөлгенімен ол шалғай жердегі кәсіпкерлерге жетпей жатыр. Шағын және орта бизнесте әлі де тамыр-таныстық жойылмаған, – деп мұңаяды жас кәсіпкер.

«ЭКОНОМИКАЛЫҚ ДАМУ ДИВИДЕНДКЕ АЙНАЛМАДЫ»

Қазақстанда бизнес саласында тамыр-таныстық не жемқорлық бар екеніне сенімді адам тек Жанболат Сағатбек қана емес.

2014 жылға арналған «Көркею индексіндегі» Қазақстан.

2014 жылға арналған «Көркею индексіндегі» Қазақстан.

Лондонда орналасқан Legatum Institute ұйымы әлем елдерінің 2014 жылға арналған «Көркею индексінде» (Prosperity index) Қазақстан тұрғындары арасында осы мәселе жайлы жүргізген сауалнамасының нәтижесін жариялады. Қазақстандық респонденттердің 66,7 пайызы «Бизнес пен билікте жемқорлық кеңінен жайылған» деп біледі.

Қазақстан Legatum Institute ұйымының «Көркею индексінде» биыл былтырғыдан сегіз орынға төмендеп, 122 елдің арасында 55-орынға тұрақтаған. Ел әсіресе мемлекеттік басқару жүйесі тиімділігі бойынша төменгі жақта (106-орында) тұр.

Экономист Марат Қайырленов Қазақстанның «Көркею индексінде» мемлекеттік басқару жүйесінің тиімділігі бойынша нашар көрсеткіш алуын бизнес пен биліктегі жемқорлықтан ғана емес, қаржы және экономика салалары басшыларының әрекетінен де көреді.

– Бұл бірінші басшылардың [бензин бағасы, теңге бағамы жайлы] мәлімдемелеріне, оларға тапсырылған саланы дамыту бойынша қолданылып отырған шараларына байланысты. Әсіресе қазіргідей күрделі экономикалық және геосаяси жағдайда олардың әрекеттеріне деген сенім мен жұмысының нәтижесін бағалау деңгейі алға шығады, – дейді экономист.

Саясаттанушы, Орталық Азиядағы демократияны дамыту жөніндегі қордың бас директоры Толғанай Үмбеталиева елде жемқорлықтың таралуына «негізгі принциптері сол күйі өзгермеген мемлекеттік басқару жүйесі себепкер» екенін айтады.

Орталық Азиядағы демократияны дамыту жөніндегі қордың бас директоры Толғанай Үмбеталиева

Орталық Азиядағы демократияны дамыту жөніндегі қордың бас директоры Толғанай Үмбеталиева

– Басқару жүйесі экономикалық дамуды пайдаға асыра алған жоқ. Яғни ол дивидендке айналмады. Бізде кері аспект пайда болды. Жемқорлық жайылып, әлеуметтік жіктелу өте қатты біліне бастады. Мемлекеттік басқару дер кезінде өзгере алмады, жағдайға бейімделе алмады. Соның кесірінен қазір өсудің орнына кері кетті, – дейді Толғанай Үмбеталиева.

ХАЛЫҚТЫҢ 65 ПАЙЫЗЫ ТҰРМЫСЫНА РАЗЫ

Legatum Institute ұйымының 2014 жылға арналған «Көркею индексі» әлем елдеріндегі экономика, білім, денсаулық сақтау, жеке бостандық, қауіпсіздік, кәсіпкерлік мүмкіндіктері, мемлекеттік басқару, әлеуметтік капитал бойынша көрсеткіштер негізінде түзілген.

Биылғы рейтингте жеке бас бостандығы көрсеткіші бойынша тізімнің ортасына да ілікпеген (91-орын) Қазақстан бірнеше критерий бойынша бұдан ілгері нәтиже көрсеткен. Мәселен, ел әлеуметтік капитал критерийі бойынша – 35, экономикасы жөнінен – 44, білім бойынша – 54, денсаулық сақтау жағынан – 58, қауіпсіздік тұрғысынан – 63-орынды иеленген.

Есепке қарағанда, Қазақстан халқының тұрмысына разылығы әлемдік орташа көрсеткіштен 6 пайыз артық.

Есепке қарағанда, Қазақстан халқының тұрмысына разылығы да әлемдік орташа көрсеткіштен 6 пайыз артық. «Өмір сүру стандартына көңіліңіз тола ма? Қалаған нәрсеңізді ала аласыз ба немесе жасай аласыз ба?» деген сауалға қазақстандық респонденттердің 65 пайыздан астамы «Иә» деп жауап берген.

Сұралғандардың 49,4 пайызы қазіргі кез жұмыс табуға ыңғайлы екенін айтқан. Респонденттердің 88,8 пайызы керек кезде басқалардан көмек сұрай алады. Жауап берген қазақстандықтардың 67,1 пайызы елдерін иммигранттарға қолайлы қоныс деп біледі.

Биылғы «Көркею индексінде» постсоветтік елдер арасында Эстония – 32, Литва – 42, Латвия –44, Беларусь – 53, Өзбекстан – 57, Украина – 64, Ресей – 68, Қырғызстан – 74, Әзербайжан – 79, Грузия – 80, Тәжікстан – 94, Армения – 95-орын иеленген.

Әлем бойынша бұл тізімде алғашқы бес орында (1-5) Норвегия, Швейцария, Жаңа Зеландия, Дания және Канада, ал ең соңғы бес орында (138-142) Йемен, Бурунди, Конго, Чад, Орталық Африка республикасы тұр.

  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG