Accessibility links

ҰҚКД-гі жауап алудан кейін Диянат Ердешовтың әйелін соққыға жығып кетті


Атырау облысындағы Ганюшкино аулының тұрғыны Диянат Ердешов. Атырау, 1 қыркүйек, 2009 жыл.

Атырау облысындағы Ганюшкино аулының тұрғыны Диянат Ердешов. Атырау, 1 қыркүйек, 2009 жыл.

Атырау облысындағы Құрманғазы ауданының Ганюшкино ауылында салафиттер деп аталатын қауымдастыққа жататын діндарларға қарсы қуғын-сүргін басталғандай. Баса-көктеп кірген белгісіз біреулер әйелді үйінде отырған жерінде таяқтап кеткен. Жәбірленуші әйелдің күйеуі бұған құқық қорғау орындарының қатысы бар деп санайды

ДІНДАР ӘЙЕЛ ХИДЖАП КИГЕНІ ҮШІН ЖӘБІРЛЕНДІ

29 тамыз күні таңертеңгі сағат 9.30-дарда үйіме баса-көктеп кірген белгісіз біреулер әйелімді соққыға жығып, мұрнын сындырып кеткен, - деп мәлімдеді Азаттық тілшісіне Атырау облысындағы Ганюшкино ауылының Ердешов Дианат есімді тұрғыны.

Оның айтуынша, дәл сол күні ол шұғыл шаруаларымен Атырау қаласына кеткен көрінеді. Дианаттың шешесі банкке, ал әкесі жеңіл көлігімен адам тасымалдауға шыққанда әйелі бес айлық сәбиімен және Дианаттың кішкентай қарындасымен үйде қалған екен. Аулаға кіріп келе жатқан бөгде адамдарды көрген жас әйел орамалсыз жүргеніне ыңғайсызданып, тездеп басына орамалын тартып алуға үйіне беттеген.

- Алайда, оны ішке кіруге үлгертпестен келгендердің бірі шашынан сүйреп, кері лақтырып, боқтап, балағаттап, бүйрегінен тепкен, - дейді Ердешов Дианат.

Өзін қорғамақ болып қарсылық білдірген әйелімнің мұрынын ұрып, сындырып тастаған. Ол жерге құлап жатқанда, қасындағы екінші біреуі көйлек астынан киетін шалбарын шешіп, лақтырып жіберген. Таяқтаушылар «сендер ваххабиссіңдер, кезінде қыдырып жүрген қыздардың бірісің, енді неменеге ұзын көйлек кие қалғансың? Осылай жүретін бол, көшеде хиджап киіп жүргеніңді бұдан былай көрмейтін болайық» деп дөңайбат жасапты. Әрі «сендердің әрқайсыларың туралы бізде мәлімет жинақталған, фотоларыңмен тіркеуде тұрсыңдар, сен бұл ауылдан емессің, кет бұл жерден» деп қоқан-лоққы көрсетіп кетіпті.
..Таяқтаушылар «сендер ваххабиссіңдер, кезінде қыдырып жүрген қыздардың бірісің, енді неменеге ұзын көйлек кие қалғансың? Осылай жүретін бол, көшеде хиджап киіп жүргеніңді бұдан былай көрмейтін болайық» деп дөңайбат жасапты...


ҚАЗІР СОҚҚЫҒА ЖЫҒЫЛҒАН ӘЙЕЛДІҢ ДЕНСАУЛЫҒЫ НАШАР

Аудандық аурухана дәрігерлері Дианат Ердешовтың жұбайының мұрны сынып, басынан жарақат алғанын растаған анықтама қағаз беріпті.

- Қазір әйелімнің халі нашар. Өйткені оған жасалған «кесерово» операциясы дұрыс болмай, жараның аузы іріңдеген себепті қайта операциядан өткен еді. Әлі жараның аузын тіккен жіптері де алынбай, таңғышпен жүрген. Жауыздар нақ сол жерінен теуіп отыр,-дейді Дианат Ердешов.

Әрі дінге берілгені салдарынан жапа шегіп отырған Дианаттың айтуынша, әйелі бұдан бұрын да бір қол, бір аяғынан сал болып қалып, Астраханнан жазылып келген екен. Өзінің де туберкулез ауруханасында 6 ай емдеуден шыққанын айтады.


ӘЙЕЛІ ТАЯҚТАЛАРДАН БҰРЫН КҮЙЕУІН ҰҚК-НЕ ШАҚЫРҒАН ЕКЕН


Бұл оқиғаны естісімен ауылына жеткен Дианат Ердешов бірден әйелі мен анасын ертіп, ҰҚКД-нің аудандық бөліміне барған көрінеді. «Сендер менің әйелімді не үшін ұрып-соғып жәбірледіңдер? Оның үстіндегі киімін шешіп, денесін неге жалаңаштайсыңдар? Оған қандай құқықтарың бар?» деген сауалына ҰҚК қызметкерлері «Біздің оған қатысымыз бар екенін алдымен дәлелде. Ал егер біздің үстімізден арыздансаң, біз де қарап қалмаймыз» деп сес көрсеткенін де айтып берді.

Сондай-ақ Дианат Ердешовтың айтуынша, осы оқиғадан бір ай бұрын оны Ганюшкино ауылындағы ҰҚКД бөлімінің қызметкері Марат Шамбилов шақырып алып, тергеуге алған екен. Бірақ арнайы ресми шақырту бермеген. «Сен немен айналысып жүрсің? Қайда намаз оқисың? Кімдермен араласасың?» деген сияқты бопсалама сауалдар қойған болатын» деп еске алады ол. Содан соң оған «Жалпы сен бізде ваххабист, такфир ретінде есепте тұрсың, саған жинақталған мәлімет бар» деп құқай танытып, қоя берген көрінеді.

Аяқасты әйелі соққыға жығылған Дианат Ердешов өзі намаз оқи бастаған жеті жыл ішінде ҰҚК қызметкерлерінен басқа ешкімнің мазалап, жауапқа тартпағанын айтады. Ал әйелімді ұрып кеткендердің оған айтқан сөздері сол ҰҚК қызметкерлері айтқан айыптаулармен бірдей дейді. Сол себепті бұл іске сөз жоқ, құқық қорғау органдарының қатысы бар деп санайды ол.

– Қолында билігі болмаса немесе билікке арқа сүйемесе, ешкім бұндай әрекетке бармайды. Оның үстіне зайыбым Атырау қаласынан болғандықтан, ауыл адамдарын жыға тани бермейді. Соны пайдаланып, олар тіпті беттерін де бүркемелемей, ашық келіп отыр. Әрі үйде ешкім болмайтын уақытты алдын ала аңдыған,- дейді жәбірленуші әйелдің күйеуі Дианат Ердешов.

"САРАЙДАН ТАБЫЛҒАН ЕСІРТКІНІ ӨРТЕП ЖІБЕРДІК"

Сонымен бірге Дианат Ердешовтың сөзіне сүйенсек, белгісіз біреулер оның есік алдындағы ескі сарайындағы сөмкеге есірткі тастап кетіп, тағы бір пәлеге душар етуге тырысқан екен. Бұл жайлы Дианат Ердешов былай дейді:

- Есік алдында қажетсіз заттар сақталатын ескі сарайға кіргенде бір орама есірткі тауып алдық. Қатты қорқып, өртеп жібердік. Ондай затты пайдаланбақ тұрмақ, көрген емеспіз. Үй-ішімізбен: әке-шешем, 5 сыныптағы қарындасым, әйелім – бәріміз намазға жығылған адамдармыз.

ОҚИҒА ЖАЙЫНДА ҰҚКД ХАБАРДАР

Бұл оқиға жайлы Атырау облыстық ҰҚКД Құрманғазы аудандық бөлімі қызметкері Марат Шамбиловке телефон шалғанымызда былай деді:

-Мен оны жауап алуға шақырған жоқпын. Өйткені Ердешов бізде ваххабизмге байланысты тіркеуде жоқ. Ал оның жұбайын біреулердің ұрғанын естідім. Бірақ оған біздің қызметкерлердің қатысы жоқ.
...Ердешов бізде ваххабизмге байланысты тіркеуде жоқ. Ал оның жұбайын біреулердің ұрғанын естідім. Бірақ оған біздің қызметкерлердің қатысы жоқ...


РЕСМИ ШАҚЫРТУ БЕРМЕЙ ҰҚКД-НЕ ШАҚЫРУ ТӘЖІРИБЕСІ

Азаттық тілшісімен жолығуға келген тағы бір діндар Абзал Сайфоллаұлы да өзін Құрманғазы аудандық ҰҚКД қызметкерлерінің «Бөлектеніп намаз оқисың, уағыз айтып жүрсің» деп айыптап, соққыға жыққанын айтады.


-Дианатты шақырудың алдында, мені де мазалады,-дейді ол.-Әкем екеуміз барған едік. Әкемді сыртта қалдырып, мені ішке кіргізіп алды да «Адамдарды жинап, уағыз айтып жүрмін деп түсініктеме жаз» деп бұйырды. Мен «Темекі шекпеңдер, арақ ішпеңдер» дегеннен басқа әңгіме айтқаным жоқ дегенмін. Сол жауап алу кезінде бөлмедегілер темекі тартып отырды. Одан менің тамағым жыбырлап, жөтеле бастадым. Сол себепті орнымнан тұрып, терезе алдына барып едім. «Сен неге ол жерге барасың» деп мені бас салып бүйрегімнен, сандарымнан теуіп, қабырғамнан соққылай бастады. Мен «Ұрмаңдар, онсыз да бұрын басымнан жарақат алып, миым шайқалған» десем, «Сен неге дұрыс жауап бермейсің» дейді. Содан «Қашан намаз оқуды бастағанымды, мұсылмандармен қатысым жоқ екенімді» айтып түсініктеме жазып кеттім.
Атырау облысының тағы бір тұрғыны Абзал Сайфоллаұлы. 1 қыркүйек, 2009 жыл.


«Неге маған ресми шақырту бермейсіңдер? деген сауалыма ҰҚК қызметкерлері «Бермейміз, шақыртсақ болды келуге тиіссің, ал ұрғанымызды қайда барсаң да дәлелдей алмайсың, әкең оған куә бола алмайды» деді.

Осылайша ҰҚК қызметкерлерінен зардап шеккен Абзал Сайфоллаұлы Дианаттың әйелін ұрып кеткеннен соң, өзінің де отбасы үшін де қатты алаңдаулы екені жасырмады.

ҚЫСЫМҒА ШЫДАМАҒАН ЖАСТАР ҚАЗАҚСТАННАН КЕТУДІ КӨЗДЕЙДІ

Сондай-ақ Абзал Сайфоллаұлы бір топ діндарлардың Еуропа асқанын да сол ҰҚК қызметкерінен естігенін мәлімдеді.
-Олар өз туған елін еріккендіктен тастап кеткен жоқ.. Оларды да біз сияқты қинаған соң кетуге мәжбүр болған деп санайды Абзал Сайфоллаұлы.

-Сондықтан Атырауда тұру керек пе, әлде отбасыңның амандығы үшін басқа жаққа кету керек пе деп еріксіз ойлана бастайсың,-дейді ол.
Жарының ауыр халін уайымдап, бассыздыққа жаны күйзелген Дианат Ердешов те «Әрине, мұсылман ретінде өз елімізде, өз жерімізде еркін намаз оқуға, өмір сүруге мүмкіндік бермесе неге кетпеске? Дін бостандығы, демократия дейді де өздері оны жүзеге асырмайды. Намаз оқығанымыз үшін біз кісі өлтірген адамдардан ары қылмыскер болып жүрміз қазір» дейді.

Тіпті, өзінің құжаттарын аудандық ҰҚКД бөліміндегілердің тексеруден өткіземіз деген сылтаумен алып, қолына бермей отырғанын да айтты.

Жалпы діни наным-сеніміне байланысты қудалау Атырау облысында үйреншікті іске айналғандай. Бұған дейін де атыраулық Серікбай Латипуллаев деген діндарды да көшеден полиция қызметкерлері мен арнайы топтың, ұрып-соғып машинаға салып алып кеткенін Азаттық бетінде жазған едік. Туысқандары да полиция өкілдерінің оның шұлығына есірткі, шалбарына тапаншаны көпе-көрнеу тықпалап, айыпты қылғанын айтып, шағымданған болатын.

Енді міне, жарты жылға жуық уақыт абақтыда отырған Серікбай Латипуллаевты Атырау қалалық соты кінәлі деп тауып, ҚР Қылмыстық кодексінің «Есірткі немесе психотроптық заттарды сатуға арналмаған мақсатта сатып алу, сақтау және тасымалдау» деген 259-бабы бойынша 5 жылға бас бостандығынан айыру жөнінде үкім шығарғаны белгілі болды. Алайда бұл шешіммен келіспеген Серікбай Латипуллаевтың туысқандары облыстық сотта қайта қарауға шағымданып отыр.

Қазіргі уақытта Чехия жерінде Қазақстаннан бассауғалап барған 200-ден астам адам жүр. Олардың дені елдің Батыс аймағынан, жергілікті жерде діни ұстанымымыз үшін қудалауға ұшырадық деген оларға Чехия билігі үш жылдан бері босқын мәртебесін бермей, түрлі сылтаумен сөзбұйдаға салып келеді.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG