Accessibility links

HRW Қазақстанды жұмысшылар құқығын бұзғаны үшін сынады


Мұнай компаниясына қызмет көрсететін «Бұрғылау» кәсіпорнының жұмысшылары кәсіподақ жетекшілерін қудаламауды талап етіп, шара өткізіп тұр. Жаңаөзен, 2 қазан 2016 жыл.

Мұнай компаниясына қызмет көрсететін «Бұрғылау» кәсіпорнының жұмысшылары кәсіподақ жетекшілерін қудаламауды талап етіп, шара өткізіп тұр. Жаңаөзен, 2 қазан 2016 жыл.

HRW ұйымы жаңа есебінде Қазақстанды жұмысшылардың жиналыс өткізу, бірлестік құру және ереуілге шығу сияқты құқығын бұзғаны үшін сынайды. Құқық қорғаушылар еңбек кодексі мен кәсіподақтар туралы заңды халықаралық стандартқа сәйкестендіруге шақырған.

Қарашаның 23-і күні Human Rights Watch (HRW) халықаралық құқық қорғау ұйымы «Біз жау емеспіз: Қазақстандағы жұмысшылар құқығының бұзылуы» деген жаңа есебін жариялады. Есеп әзірлеу үшін HRW сарапшылары Қазақстандағы 50-ден аса негізгі өнеркәсіп орындарында болып, кәсіподақ жетекшілерінен, еңбек белсенділері және жұмысшыларынан сұхбат алған және денсаулық сақтау және әлеуметтік қорғау министрлігі мен кей компания өкілдеріне хабарласқан.

«Қазақстан билігі жұмысшылардың жиналыс өткізіп, жұмыс орнындағы мүддесін жан-жақты қорғауға қатысты құқығын қамтамасыз етуге кепілдік бере алмай отыр. Қазақстанда жұмысшылар күш біріктіру үшін заңдарда бекітілген әрі іс жүзінде қолданылатын үлкен кедергілерді жеңуі тиіс. Кейінгі жылдары заңдарға енгізілген өзгерістер жұмысшылардың кәсіподақтар құрып, ұжымдық келіссөздер жүргізу мүмкіндіктерін тіпті қиындатып жіберді әрі әлгі түзетулерде тыйым салынған ереуілді ұйымдастырғаны үшін немесе оған қатысқаны үшін қылмыстық жаза қарастырылған. Кәсіподақтардың белгілі жетекшілері мен белсенді жұмысшылар қудалауға, аңдуға душар болып отыр, кей жағдайда оларды белсенділігі үшін жұмыстан шығарады» деп жазылған баяндаманың кіріспе бөлімінде.

Мұнай компаниясына қызмет көрсететін «Бұрғылау» кәсіпорнының жұмысшылары жұмысты тоқтатып, Жаңаөзен автовокзалында ереуіл өткізіп жатыр. Маңғыстау облысы, 3 қазан 2016 жыл.

Мұнай компаниясына қызмет көрсететін «Бұрғылау» кәсіпорнының жұмысшылары жұмысты тоқтатып, Жаңаөзен автовокзалында ереуіл өткізіп жатыр. Маңғыстау облысы, 3 қазан 2016 жыл.

ЖИНАЛЫС ЕРКІНДІГІН ШЕКТЕУ

Жұмысшылардың жиналыс өткізу және бірігу құқығына қатысты ахуалды талқылаған HRW ұйымының жазуынша, Қазақстан билігі «жұмысшылардың ұйымдасу және жиналу еркіндігін қатаң бақылауда ұстап отыр». Құқық қорғаушылардың мәлімдеуінше, жұмыс беруші компаниялар мен билік өкілдері «кәсіподақ жетекшілері мен белсенді жұмысшылардың құқығын шектеудің қилы тактикасы мен жазалау шараларын пайдаланады».

HRW ұйымы есеп әзірлеу үшін зерттеу жүргізген бес қаладағы кәсіподақ жетекшілері «орта буын дәрежесіндегі басшылар немесе басқарушылар жұмысшыларды кәсіподақтан шығуға мәжбүрлейтінін», кейде тіпті «жұмыстан қуыласың» деген қоқан-лоққы жасайтынын» айтқан. Жұмысшыларды кәсіподақ жұмысына қатысқаны немесе өз құқығын белсенді қорғағаны үшін жұмыстан шығару оқиғалары тіркелгені хабарланған.

Мұнай-газ саласы сияқты стратегиялық маңызды кәсіпорындар шоғырланған Батыс Қазақстанда кәсіподақ жетекшілері мен жұмысшылар билік тарапынан аңду әрекеттері мен ҰҚК қызметкерлерінің тергеуіне душар болдық деп шағымданады. Әмина Елеусінова, Әсел А. (толық аты-жөні көрсетілмеген), Ерлан Балтабай және өзге де белгілі кәсіподақ жетекшілері қылмыстық қудалауға ұшыраған немесе осындай шара қолданылатыны туралы ескерту алған.

ЗАҢДАҒЫ ШЕКТЕУЛЕР

Жаңа еңбек кодексінде жұмысшылардың адам құқығына қатысты халықаралық келісім-шарттарда кепілдік берілетін ұжымдық келіссөз жүргізу және ереуілге шығу құқығы бұзылған. 2015 жылғы қыркүйекте Халықаралық еңбек ұйымы еңбек кодексіндегі кей терминдерді нақтылау жөнінде арнайы ұсыныстар жолдаған, бірақ олардың бір бөлігі ескерілмеген.

2014 жылғы маусымда қабылданған кәсіподақ туралы жаңа заңда жұмысшылардың жиналу және бірігу құқығы көп шектелген. Мысалы, екі сатылы күрделі тіркеуден өту сияқты қиындыққа тап болған кей кәсіподақтар тіркеле алмаған.

Techno Trading LTD компаниясының жұмысшылары жалақыны көбейтуді, ұжымға қысым жасауды тоқтатуды талап етіп тұр. Ақтау, 4 наурыз 2016 жыл.

Techno Trading LTD компаниясының жұмысшылары жалақыны көбейтуді, ұжымға қысым жасауды тоқтатуды талап етіп тұр. Ақтау, 4 наурыз 2016 жыл.

ЕРЕУІЛГЕ ШЫҒУ ҚҰҚЫҒЫН ШЕКТЕУ

Қазақстанның заңдары әлдебір ерекше жайттар болмаса, «кей жұмысшылардың ереуілге шығу құқығын қатты шектейді». HRW ұйымының мәлімдеуінше, билік заңсыз деп танылған ереуілге қатысқаны үшін жұмысшыларды айыптап немесе жұмыстан шығарған оқиғалар тіркелген.

Адам құқығы саласындағы халықаралық стандарттарға сәйкес, рұқсат етілмеген ереуілге қатысқаны үшін қолданылатын кез-келген жаза заң талабын бұзу дәрежесіне шамалас болуы тиіс. HRW ұйымы ереуілге қатысқаны үшін жұмыстан шығаруды тым қатал тәртіптік жаза деп біледі. Халықаралық еңбек ұйымы ереуілге қатысқаны үшін салынатын санкция ел заңдары жиналу еркіндігіне қатысты халықаралық стандарттарға сай болған жағдайда ғана қолданылуы тиіс деп санайды. HRW жазуынша, Қазақстанның кәсіподақтар туралы заңы мен еңбек кодексі «бірігу, ұжымдық келіссөздер жүргізу және ереуілге шығу еркіндігін реттейтін халықаралық стандарттарға сай емес».

Қарағанды облысындағы Костенко атындағы шахтаның кеншілері. 2012 жылдың маусымы.

Қарағанды облысындағы Костенко атындағы шахтаның кеншілері. 2012 жылдың маусымы.

БИЛІККЕ АРНАЛҒАН ҰСЫНЫСТАР

«Қазіргі экономикалық құлдыраудың кесірінен мұнай-газ және көмір-металлургия өнеркәсібі саласында жұмыс істейтін мыңдаған жұмысшы зардап шегуі мүмкін. Бұл елдегі әлеуметтік шиеленісті ушықтырып, жұмыс орнында құқығын қорғау ахуалының нашарлауына ұласуы ықтимал. Сондықтан қазіргі кезең - жұмысшылардың құқығын қорғауға қатысты халықаралық стандарттарға заңдар мен оларды қолдану тәртібінің қай тұстары сәйкес еместігін анықтау үшін өте маңызды уақыт. Билік жұмысшылардың талабын ескеріп, заңдарға тиісті өзгерістер мен реформалар енгізуі тиіс» деп жазады HRW.

Қазақстан билігіне жұмысшылардың жиналыс өткізу, кәсіподақтарға бірігу құқығын құрметтеу, Қазақстандағы еңбек құқығын қорғағаны үшін белсенділерді жазаламай, керісінше қорғауды нығайтуға кеңес берілген. Құқық қорғаушылар еңбек заңдарын, әсіресе еңбек кодексі мен кәсіподақтар туралы заңды адам құқығын қорғауға қатысты халықаралық актілерде қарастырылған талаптарды ескеріп, өзгертуді ұсынады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG