Accessibility links

«Жүздеген мың киіктен 21 мыңы қалған кез де болған»


Көлден су ішіп жатқан киіктер. (Көрнекі сурет)

Көлден су ішіп жатқан киіктер. (Көрнекі сурет)

Қыркүйектің басында Ақмола және Қарағанды облыстарында 3 мыңға жуық киіктің қырылғаны туралы хабарланды. Азаттық мұның себебін орман және аңшылық шаруашылығы комитетінің басшысынан сұрады.

Қоршаған ортаны қорғау министрлігінің орман және аңшылық шаруашылығы комитеті биоқауіпсіздік ғылыми-зерттеу институты және Қарағанды облыстық мал дәрігерлік қызметімен бірге қыркүйектің басында киік қырылған аумақты тексеріп, бұл оқиғаның себептерін анықтап жатқанын хабарлаған.

Азаттық осы тексеріс туралы егжей-тегжейлі ақпарат алу үшін комитет басшысы Бақытбек Дүйсекеевтен сұхбат алды.

Азаттық: – Таяуда Ақмола және Қарағанды облыстарында киіктің қырылуына не себеп болғаны анықталды ма?

Бақытбек Дүйсекеев: – Бұл оқиға бойынша ауыл шаруашылығы министрлігі мен білім және ғылым министрлігінің ғылыми-зерттеу лабораториялары зерттеу жүргізеді. Ауыл шаруашылығы министрлігінің референттік орталығынан бізге түскен сараптама нәтижесіне қарағанда киік өліктерінен аусыл немесе күйдіргі сияқты жұқпалы аурулар табылмаған. Табылғаны – пастереллез. Білім және Киік лақтарын емізіп тұр. (Көрнекі сурет)

Киік лақтарын емізіп тұр. (Көрнекі сурет)

ғылым министрлігінің Отардағы биоқауіпсіздік ғылыми-зерттеу институтының мамандары да биологиялық, патологиялық материалдарды әкеткен еді. Бірақ олардың тексеру нәтижесі әлі түскен жоқ.

Азаттық: – Тексеру нәтижесі қашан белгілі болады?

Бақытбек Дүйсекеев: – Бұл – күрделі зерттеу. Қазақстанның биологиялық қауіпсіздігі бойынша жұмыс істейтін бұрынғы әскери институтта киік аурулары жөнінде 2012-2015 жылдарға арналған үш жылдық бағдарлама бар. Осы бағдарлама бойынша аурудың түпкі себебін анықтап, оның алдын алуға бола ма, жоқ па деген мәселеге қатысты 2015 жылға дейін жауап айтылуы керек.

Азаттық: – Киік биыл ғана қырылып жатқан жоқ. Былтыр мамыр айында Қостанай облысында мыңға тарта киіктің өлігі табылған еді. 2011 жылы 500-ге жуық, ал 2010 жылы – 12 мыңға жуық киік қырылған. Түпкі себебі сонда да анықталмады ма?

Бақытбек Дүйсекеев: – Киік тіпті Совет Одағы кезінде де бірнеше рет қырылды. Мысалы, 1982 жылы бұрынғы Орал (қазіргі Батыс Қазақстан) Қырылған киікті жинап жүрген адамдар. Батыс Қазақстан, 22 мамыр 2010 жыл.

Қырылған киікті жинап жүрген адамдар. Батыс Қазақстан, 22 мамыр 2010 жыл.

облысында сәуір айында бір аптаның ішінде 245 мың киік қырылып қалды. 1988 жылы Орталық Қазақстан, Торғай облысында мамыр айында бір аптаның ішінде 440 мың киік қырылды. Байқасаңыз, 1990-2000 жылдар аралығында мұндай деректер аз. Өйткені оны бақылап, тіркеп отыруға да жағдай болған жоқ, әрі киіктің саны қатты азайып кетті. 2003 жылы Қазақстанда 21 мың киік ғана қалды. Содан берідегі қорғау жұмыстарының нәтижесінде қайтадан 187 мыңға дейін жетті. Тек қана киіктерді қорғаумен шұғылданатын арнаулы мемлекеттік республикалық кәсіпорын жұмыс істеп жатыр. Сол себепті де 2010 жылдан бері ғана қанша киік қырылып жатқанын нақты деректермен көріп отырмыз.

Азаттық: – Совет өкіметі кезінде қойылған пастереллез диагнозы әлі өзгермеді ме?

Бақытбек Дүйсекеев: – Иә. Бірақ оның мәнісі былай. Пастереллездің басталуына бір себеп болуы керек. Бірақ оның не себеп екені әлі анықталмай жатыр. Отардағы ғылыми институт ең бірінші кезекте осы сұрақпен айналысып жатыр.

Ресейдің "Протон-М" зымыранының құлаған сәті. Байқоңыр, 2 маусым 2013 жыл.

Ресейдің "Протон-М" зымыранының құлаған сәті. Байқоңыр, 2 маусым 2013 жыл.

Азаттық: – Елдің ішінде «киіктің оқтын-оқтын жаппай қырылуына Байқоңырдан құлаған зымырандар себеп болып отыр» дейтін де пікірлер бар.

Бақытбек Дүйсекеев: – Олай деу үшін қолымызда нақты ғылыми дәлел болуы керек. Біз ондай дәлел көріп отырған жоқпыз. «Қазақстан ғалымдарына «кейбір жайттарды жасырып қалыңдар» деген тапсырма берген» дейтін күдік болмас үшін 2011 жылдан бастап Англия, Германия ғалымдарын да бұл іске тартып жатырмыз. Егер олар қандай да бір дәлел көрсе, «Қазақстанның киігін қырып жатқан – Ресейдің зымырандары» деп бірінші айтар еді.

Азаттық: – Киікті қорғау үшін қандай шаралар жасалады?

Бақытбек Дүйсекеев: – Киік әлемде үш-ақ мемлекетте – Қазақстанда, Ресейде және Моңғолияда ғана бар. Біздегі киік үш популяцияға бөлінеді: Бетпақдала популяциясы Қазақстан аумағында ғана жүреді. Негізгі шоғырланған жері –
Киік әлемде үш-ақ мемлекетте – Қазақстанда, Ресейде және Моңғолияда ғана бар.
Орталық Қазақстан. Үстірт тобы Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау облыстарында жүріп, бұрын көп кезінде Түрікменстанға өтетін, қазір Ақтөбеден Өзбекстанға кетіп жүр. Орал популяциясы Батыс Қазақстаннан Ресейге өтеді.

Киікті қорғау жұмыстарына үкімет 2003 жылдан бері жеткілікті қаржы бөле бастады. 2003 жылы киік басы саналғаннан кейін орман және аңшылық шаруашылық комитеті мен зоология интситуты киік пен құрып кету алдында тұрған арқар, қарақұйрық, марал, құлан секілді тағы да басқа жануарларды қорғау жөнінде бірлесіп бағдарлама жасаған. Қазір Қазақстанның 9 облысында Мүйізі кесіліп алынған киіктің өлексесі. Ақтөбе облыстық орман және аңшылық шаруашылығы аумақтық инспекциясының мұрағатындағы сурет.

Мүйізі кесіліп алынған киіктің өлексесі. Ақтөбе облыстық орман және аңшылық шаруашылығы аумақтық инспекциясының мұрағатындағы сурет.

тек киікті қорғау жұмыстары жүзеге асырылып отыр. Бұрын киіктер 4-5 облыста ғана болса, қазір 9 облыстың аумағына тарап кетті.

Азаттық: – 1990 жылдары киікті браконьерлік жолмен аулап, мүйізін шетелге жіберушілер көбейген еді. Қазіргі ахуал қандай?

Бақытбек Дүйсекеев: – Мұндай әрекеттер әлі де тоқтаған жоқ. Егер киікке ешкім тимесе, бас-аяғы екі-үш жылда жарты миллионға дейін жеткізуге болар еді. Шындығына келгенде, киіктің көбеюіне табиғи аурудан гөрі адамның қастығы көбірек зиянын тигізіп отыр.

Азаттық: – Сұхбатыңызға рақмет.
  • 16x9 Image

    Асылхан МАМАШҰЛЫ

    1973 жылы 22 сәуірде дүниеге келген. 1994 жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда пединститутын бітірген. 1997-2000 жылдары әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің аспирантурасында оқыған. "Қазақ энциклопедиясы" баспасында (2001-2007), республикалық "Ана тілі" газетінде (2007-2009) , "ABDI-press" орталығында (2009-2010) жұмыс істеген. 2011 жылдан Азаттық радиосының тілшісі.

    Тарихи, саяси мәселелер тақырыбында жазады, белгілі тұлғалардың саяси портреттерін жасайды. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG