Accessibility links

100-ден аса балаға ВИЧ жұқтырғанын естірту жұмысы басталады


ВИЧ дертіне шалдыққан бүлдіршін СПИД-ке қарсы күрес белгісінің суретін салып отыр. «Ана мен бала» орталығы, Шымкент, 30 қараша 2010 жыл.

ВИЧ дертіне шалдыққан бүлдіршін СПИД-ке қарсы күрес белгісінің суретін салып отыр. «Ана мен бала» орталығы, Шымкент, 30 қараша 2010 жыл.

Оңтүстік Қазақстан облысында биыл 11-12 жасар 59 балаға ВИЧ жұқтырғаны айтылған. Алда 102 балаға ВИЧ жұқтырғанын естірту және оларға қолдау көрсету жұмысы тұр. Мамандар арнайы жоба қажет екенін айтады.

Мамандардың айтуынша, көршілес Ресейде ВИЧ жұқтырған балаға сырқатын жеті-сегіз жасында естірту тәжірибесі қабылданған. Ал Қазақстан мамандары бұл межені 11-12 жас деп бекіткен.

2006 жылы Шымкент ауруханасында 200-ден астам балаға ВИЧ вирусы жұққан еді. «Дәрігерлер ісі» бойынша 21 адамның үстінен қылмыстық іс қозғалған болатын. Қазір сол балалардың негізгі бөлігі 11-12 жасқа толды.

«ЕСТІРТУ ҮШІН МАМАНҒА ЖҮГІНЕТІН ШЫҒАРМЫЗ»

Оңтүстік Қазақстан облысының (ОҚО) тұрғыны 34 жастағы Гүлзира (аты өзгертілді – ред.) қазір беске толған баласы Ерболдың ВИЧ жұқтырғанын естігенде «өмірден түңіліп кеткен». «Әлсіреп, басым айнала берген соң дәрігерге бардым. Дәрігер тексере келе ВИЧ-ке қан тапсыруымды сұрады. Анализ қорытындысын естігенде талып қала жаздадым. Ол кезде Ербол үш айлық еді. Емізулі балама ВИЧ менен сүт арқылы жұқты» дейді ол.

Естіртетін кезде мамандарға жүгінетін шығармыз. Әйтпесе, бұл туралы өзіміз айтуға беттей алмайтын сияқтымыз.

- Жүкті кезімде де, перзентханада да анализдерде ВИЧ болмады. Сөйтсек, жолдасым қайдан жұқтырғанын білмейді, осы ауруды алып келіпті. «Мені аямасаң да, балаға жаның ашыса нетті? Неге айтпадың? Баланы сақтап қалар едік қой» деп сөктім. Бірақ бәрі кеш еді, - дейді Гүлзира көңілі түсіп.

Қазір Ербол күнделікті арнайы дәрілерін ішеді. Кейде ол «неге дәрі іше беремін?» деп сұрайды. Гүлзира «витамин, мықты боласың» деп алдаусырататындарын айтады.

- Ауылдағы балабақшаға барып жүрміз. Оның ауруын балабақша медбикесі ғана біледі. Түсіністікпен қарайды-ау деген бес-алты туысқа айттық. Әпкем «маңдайыңның соры қалың екен» деп жылады. Қалғаны үнсіз егілді. Басқа ешкімге тіс жармадық. Құпия сақтап келеміз, - дейді Гүлзира.

Бірақ ол балаға ауруын уақыты келгенде айту керек екенін біледі.

- Естіртетін кезде мамандарға жүгінетін шығармыз. Әйтпесе, бұл туралы өзіміз айтуға беттей алмайтын сияқтымыз, - дейді Гүлзира.

«АТА-АНАЛАР ЕСТІРТУДЕН ҚОРҚАДЫ»

Шымкенттегі «Ана мен бала» оңалту орталығы психологы Ұлбосын Әбдірайымованың айтуынша, ОҚО мамандары «2007 жылдан бері 85 балаға, соның ішінде биыл 56 балаға ВИЧ жұқтырғанын естірткен. 2016 жылдың желтоқсан айы мен 2017 жылы 102 бала ВИЧ жұқтырғанын естуі керек». Ол«ВИЧ жұқтырғанын бала 11-12 жасында білгені дұрыс. Балаға жеңіл тиеді. Өтпелі кезеңде білсе, тұйықталып алуы мүмкін» дейді.

Диагнозы айтылған кезде ата-анасы жылап жіберсе, бала ауыр қабылдайды. Сондықтан тек мамандар отырып, түсінікті етіп, артық сөз қоспай жеткіземіз.

- Естірту кезінде көбіне ата-аналар қатыспайды. Эмоция білдіріп қоямыз деп қорқады. Мысалы, диагнозы айтылған кезде ата-анасы жылап жіберсе, бала ауыр қабылдайды. Сондықтан тек мамандар отырып, түсінікті етіп, артық сөз қоспай жеткіземіз. 11-12 жасында айтылса, шала түсінеді. Көбі ауру туралы білмейді. Түсіндірген соң өз денсаулығына жауапты қарай бастайды. Сосын тепе-теңдік принципін ұстай отырып, балаларды кездестіріп, бір жыл шамасында жұмыс істейміз. Түсініп, бейімделуін күтеміз, - дейді маман.

Психолог балаға сырқатын естірту шарасының жағдайды бұрыннан білетін ата-аналардың өздеріне де қиын тиетінін айтады.

- Баланы қорғағысы келеді. Балалық шағын аяп, «есейе түссін» дейді. Ата-аналар бойында әлі күнге қорқыныш бар. Шеттетуге ұшырап қалудан қорқады. Ұзақ уақыт ойланады, ақылдасады. Сондықтан, естірту үшін ата-анадан міндетті түрде қолхат алынады. Ал кеш естіген балалармен бір жыл емес, үш жыл жұмыс істейміз, ондай тәжірибемізде болған, - дейді маман.

«102 БАЛАҒА АРНАЙЫ ЖОБА ҚАЖЕТ»

Психологтың сөзінше, оңалту орталығы биылға дейін жылына үш-төрт баланың ғана диагнозын естіртіп келген. Биыл 59 бала естіген. Енді желтоқсан айы мен 2017 жылы 102 баланың жасы жетеді. Олардың көбі 2004-2005 жылы туған, 2006 жылы ауруханада мамандар салақтығы кесірінен жаппай ВИЧ жұқтырған балалар.

- 100-ден аса балаға естіртуге уақытымыз бен мүмкіндігіміз жетпейді-ау деген қорқыныш бар. Айтпауға болмайды, жасы жетті. Әрқайсысына уақыт, көңіл бөлу керек. Балалармен топтық жұмысқа да қаржы керек. Бұл – үлкен проблема. Мұндай мәселе бұрын болмаған, арнайы жобалар жоқ. Әлеуметтік жоба қажет. Осы жаста айтса, жеңіл тиетін еді, - дейді маман.

ВИЧ дертіне шалдыққан бүлдіршіндер «Ана мен бала» орталығында. Шымкент, 30 қараша 2010 жыл.

ВИЧ дертіне шалдыққан бүлдіршіндер «Ана мен бала» орталығында. Шымкент, 30 қараша 2010 жыл.

Ұлбосын Әбдірайымованың сөзін «Балаларды СПИД-тен қорғайық» қоғамдық қоры төрайымы Жанетта Жазықбаева да қостайды. «Жоба қажет екенін министрлікке (Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігін айтады – ред.) де айттық. Шешім жоқ. Түрлі сылтау айтады» дейді төрайым.

Арасында әлеуметтік жағдайы төмен балалар көп. Олар көп уақыт психологиялық қолдауға зәру.

- Ата-аналар балаларға дәріні түрлі жолмен беріп келеді. Кейде балалар оны ішпей қояды. Ресейде 7-8 жаста айтады. Бізде 11-12 жаста айтамыз. 2005-2006 жылдары Шымкентте дәрігерлер салғырттығынан балаларға ВИЧ жұқты. Бізде тіркелген 245 баланың негізгі бөлігі - сол балалар. 11-12 жасқа толды. Естірту жұмыстарына арнайы дайындық керек, - дейді Жазықбаева.

Жанетта Жазықбаева «баланың диагнозына бір жылда үйренетінін, жыл бойы оған қолдау көрсету өте маңызды» екенін айтады.

- Жаппай естірту ісі күтіп тұр. Арасында әлеуметтік жағдайы төмен балалар көп. Олар көп уақыт психологиялық қолдауға зәру, - дейді төрайым.

ОҚО жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы бөлім басшысы Жанар Кеуенова «Мұндай жобаға бізде қаржы жоқ. Жобаны көру керек. Біздің бағдарламаға сәйкес пе, жоқ па? Әзірге ондай жоба бізге түскен жоқ» деді.

«Ана мен бала» орталығы дерегінше, 2016 жылдың қарашасындағы мәлімет бойынша ОҚО-да 15 жасқа дейінгі 224 бала тіркеуде тұр. Оның ішінде ВИЧ-ті биыл жұқтырғандарының саны – сегіз, былтыр жұқтырғаны да – сегіз бала. Осы 224 баланың 212-сі 5-15 жас аралығында.

Қазақстандағы ВИЧ-пен күрес орталығы вирус жұқтырған адамдардың өмірі мағыналы және ұзақ болуы олардың өз қолында екенін ескертеді. Орталық қазіргі медицина күшімен ВИЧ өлім әкелетін кесел емес, созылмалы аурулар қатарына өткенін, сырқат жандардың өз өмірлерін басқа адамдармен қатар жоспарлап, сапалы һәм ұзақ ғұмыр кеше алатынын айтады. ВИЧ пен СПИД-ті шатастыруға болмайды, СПИД ВИЧ-тің асқынған сатысы.

  • 16x9 Image

    Дилара ИСА

    Дилара - Азаттықтың Шымкенттегі тілшісі. 1986 жылы туған. Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті мен Абай атындағы ҚазҰПУ-ді бітірген.

    "Жас Алаш" газетінде жұмыс істеген.

    Азаттықпен 2012 жылдан бері әріптес.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG