Accessibility links

Оңтүстік Қазақстанда 886 адам «кедейлік шегінде» өмір сүреді


Шымкент қаласының тұрғыны Гүлнәр Өмірәлиева. 13 наурыз 2017 жыл.
Шымкент қаласының тұрғыны Гүлнәр Өмірәлиева. 13 наурыз 2017 жыл.

Аймақта тапқаны ішіп-жемі мен киім-кешегіне, үй-жайы мен керек-жарағына толығымен жете бермейтін жүз мыңдаған адам бар.

Шымкенттік 49 жастағы Гүлнәр Өмірәлиева ері екеуі жалдап тұрып жатқан екі бөлмелі шағын үйдің ақысын (айына 10 мың теңге) бес айдан бері төлей алмай жүргенін айтады. Ол кісінің сөзінше, көзі көрмей, жұмысқа жарамай қалған соң тұрмыстары тіпті қиындап кеткен.

– Ұйқы жоқ. Дәрі ішпесем ұйықтай алмаймын. Ішетін тамақ жоқ. Көрші-қолаңнан қарыз алып жүрмін. Күйеуім инсульт алған, жүрегі ауырады, аяғы ақсақ. Сонда да, амал жоқ, жалдамалы жұмыс істейді, – дейді Гүлнәр Өмірәлиева.

Үш жастағы баласы ет жеп көрмеген ғой. Қонаққа барғанда «иісі бар тамақ екен, жемеймін» деп етті аузына алмайды.

Ол кісі қазір «жарты жылға жуық уақыттан бері ақысы төленбеген пәтердің иесі үйден шығарып жіберсе қайтеміз» деп уайымдайды. Онда қаланың тағы бір тұсында пәтер жалдап тұрып жатқан екі балалы қызының қолына барып кіргеннен басқа амалы жоқ.

– Олардың да жайы мәз емес. Макарон қайнатып күнелтеді. Үш жастағы баласы ет жеп көрмеген ғой. Қонаққа барғанда «иісі бар тамақ екен, жемеймін» деп етті аузына алмайды. Бізді қойшы, сол қызымды ойласам жаным ауырады, – дейді ол.

Гүлнәр Өмірәлиеваның айтуынша, үшінші баласына аяғы ауыр қызының жолдасы оны тастап кеткен, жағдайы қиын отбасыға әкімдіктен көмек болмаған.

«СЕГІЗ АДАМ 37 МЫҢ ТЕҢГЕГЕ КҮН КӨРДІК»

Шымкенттегі тұрмыс қиындығын көріп жүрген адамдардың енді бірі – 51 жастағы жалғызілікті ана Жанбота Боранбаева. Ол кісі екі баласы, қызы, келіні және немерелері – жиыны сегіз адам болып Шымкенттегі тозығы жеткен бір бөлмелі баспанада айына 5 мың теңге төлеп тұрып жатыр. Олар он шақты жылдан бері өмір сүретін баспананың аумағы 16 шаршы метр ғана.

Шымкент қаласының тұрғыны Жанбота Боранбаева. 13 наурыз 2017 жыл.
Шымкент қаласының тұрғыны Жанбота Боранбаева. 13 наурыз 2017 жыл.

– Келіннен де, баладан да ұялмаймыз. Ұялғанда қайда барамыз, баратын жеріміз жоқ, – дейді ол.

Жанбота Боранбаеваның айтуынша, қыстай екі баласы да, келіні де жұмыс таппай, бүкіл отбасы бір адамның табысына қарап қалған.

– Қызымның 37 мың теңге айлығын жараттық. 37 мыңмен сегіз адам күн көрдік. Ет былай тұрсын, жұмыртқа жеуге зар болдық, – дейді ол.

Аядай ескі тамда тұратын бұл отбасы қыстай түнделетіп ағаш теріп, суықтан соны жағып амалдап өткен.

– Қаланың қай жерінде ағаш бар, соны сүйреп алып келеміз де жағамыз. Өйткені көмір сатып алуға ақшамыз да жоқ. Суыққа біз шыдаймыз-ау, мына балаларға обал болды, – дейді Жанбота Боранбаева.

Жол-көлік оқиғасынан бір аяғы сынған Жанбота Боранбаева балдақпен жүруге мәжбүр. Шымкент, 13 наурыз 2017 жыл.
Жол-көлік оқиғасынан бір аяғы сынған Жанбота Боранбаева балдақпен жүруге мәжбүр. Шымкент, 13 наурыз 2017 жыл.

Жанбота Боранбаеваның тұрақты жұмыс таппаған балалары мен келіні күн жылына жалдамалы жұмысқа шыққан. Ол кісіні немерелерінің денсаулығы да уайымға салады.

– Екі немерем ауру. Бірінің жүрегі ауырады, екеншісінің өкпесі суықтаған. Бәрі үй-күйіміздің жоқтығынан. Жан-жағымыздағы дүкен, дәріханалардың бәріне қарызбыз. Қарызға батып қалдық. Үй ішімізбен кепілге жеке куәлігімізді тастағанбыз, – деп мұңаяды ол кісі.

Өзінің сөзінше, Жанбота Боранбаева үлкен баласы төрт жас, кішісі бір жарым жас кезінде жесір қалса да, мемлекеттен көмек алмаған. Сол кезде көрген қиындықтарын айтқан әйел қазіргі күніне тәубе қылады.

Жанбота Боранбаева отбасымен жалдап тұрып жатқан тамның кіреберіс бөлмесінен түсірілген сурет. Шымкент, 13 наурыз 2017 жыл.
Жанбота Боранбаева отбасымен жалдап тұрып жатқан тамның кіреберіс бөлмесінен түсірілген сурет. Шымкент, 13 наурыз 2017 жыл.

– Бұл менің адам болып отырған кезім ғой. Сенсеңіз, қалаға алғаш келген жылдары жалдамалы үй таппай, жаз мезгілінде әр қырдың басында балаларыммен түнеген кезім болды. Қазір асымызды әзер тауып отырсақ та, қуықтай болса да жататын орнымыз бар, – дейді ол.

ТҰРМЫСЫ ҚИЫН 141 МЫҢ АДАМ

Оңтүстік Қазақстан облыстық (ОҚО) жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бөлім басшысы Нәзира Сейдуллаеваның айтуынша, аймақта Гүлнәр Өмірәлиева мен Жанбота Боранбаева сияқты тұрмысы ауыр 141 мыңнан аса адам бар.

Оның сөзінше, әлеуметтік мекемелер «аз қамтылған азаматтар» деп аталатын топтың қатарына кіретін мұндай жандарды үш санатқа бөледі. Біріншісі – табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен (ол 2017 жылы айына 24 мың 459 болып белгіленген) төмен, екіншісі – күнкөріс деңгейінің 60 пайызына тең азық-түлік себетінен төмен, үшіншісі – күнкөріс деңгейінің 40 пайызына тең кедейлік шегінде өмір сүретін адамдар.

ОҚО жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бөлім басшысы Нәзира Сейдуллаева. Шымкент, 16 наурыз 2017 жыл.
ОҚО жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бөлім басшысы Нәзира Сейдуллаева. Шымкент, 16 наурыз 2017 жыл.

– Облыста табысы азық-түлік себетінен төмен тұрғындардың саны басым. Ал кедейлік шегінде өмір сүретін адамдардың саны – 886. Бұл санаттағы азаматтар атаулы әлеуметтік көмек алуға хақылы, – дейді Нәзира Сейдуллаева.

ОҚО жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы өкілінің айтуынша, мемлекет 2016 жылы тұрмысы күнкөріс деңгейінен төмен 6 мың отбасыға коммуналдық шығындарын өтеу арқылы көмектескен.

Өңірде былтыр 18 жасқа толмаған балалары бар 68 мың 500 отбасы әр балаға айына 2 мың 383 көлемінде жәрдемақы алған. Нәзира Сейдуллаеваның сөзінше, Оңтүстік Қазақстан облысында бала туу көрсеткіші жоғары болғандықтан мұндай жәрдемақы алушылар саны жылдан жылға өсіп бара жатыр. Мысалы, бұл аймақта 2016 жылы 260 мың балаға осындай жәрдемақы төленген.

XS
SM
MD
LG