Accessibility links

«Ердоған Орталық Азиядағыдай авторитарлық билікке жетті»


Түркия президенті Режеп Тайып Ердоғанның Аюб сұлтан мешітінен шыққан сәті. Стамбул. 17 сәуір, 2017 жыл.
Түркия президенті Режеп Тайып Ердоғанның Аюб сұлтан мешітінен шыққан сәті. Стамбул. 17 сәуір, 2017 жыл.

Жексенбіде Түркияда өткен конституциялық реформа қазіргі президент Режеп Тайып Ердоғанға жаңа өкілеттіктер берді. Қазақстандық сарапшылар Ердоған билігін мейлінше күшейтті деп санайды.

Түркия конституциясына енгізілген өзгерістер елді парламенттік биліктен президенттік басқаруға көшіруді көздейді.

«КЕМЕЛ ЖОЛДАН ТҮНЕККЕ»

Реджеп Тайып Ердоғанның билікте ұзақ жылдар отыруына жаңа мүмкіндік ашқан референдум нәтижесі жарияланғанымен Қазақстан сияқты Орталық Азия елдерінің ресми реакциясы әзірге байқала қойған жоқ. Кейде ресми ақпарат құралдарынан да жылдам хабар тарататын әлеуметтік желілердегі сирек жазбалардан Түркиядағы елеулі саяси оқиғаны қадағалап отырғандардың соншалық көп еместігін аңғаруға болады.

Барының өзі көбіне Түркияда оқып келген жастар мен Түркиямен қандай да бір іскерлік байланыс орнатқан адамдар екені байқалады. Олардың арасында Түркиядағы реформа нәтижесін ұнатпайтындар да, референдум нәтижесін «дұрыс» болды деп санаушылар да бар. Соңғыларына Түркияда зайырлы білімге қоса діни білім алғандар жатады. Әлеуметтік желіде белсенді емес бұл топ «намаз оқитын Ердоған Түркияға исламды қайтаратын болды» деп есептейді.

Түркиядағы референдум нәтижесіне өкінгендер бұрын Қазақстандағы саяси жүйені сынаушылар ретінде көрінгені аңғарылады. «Түркияны парламенттік басқару нысанындағы демократиялық ел» деп келген бұлар соңғы референдумнан «көңілдері қалған». Мысалы, Ардақ Әшім деген әлеуметтік желі қолданушы «Мұстафа Ататүрік елін түнектен, жарық, кемел жолға салып еді, Тайып Ердоған кемел жолдан тайдырды, өте өкінішті» деп жазады.

Қазақстанмен көршілес елдердегі саяси оқиғаларды үзбей сараптайтын саясаттанушылар да Түркиядағы референдум қорытындысы жайлы ой-пікірін білдірмеген.

Саясаттанушы Айдос Сарым Facebook парақшасында «Ердоған өзін күші саяси технолог ретінде көрсетіп, мақсатына қалай жетті. Ердоған осы уақытқа дейінгі сайлауларында да сенімді жеңбеген еді. Ал кеше бір ұлтты қаққа жарды. Сөйтіп ел мен ұлттың болашағына жарылғыш қойды. Бүкіл Еуропамен ұрсысып тынды. Сондағы мақсаты өз электоратын әлдебір күшке қарсы ұдайы жұмылдырып отыру. Ең бастысы зайырлы элитаны өзіне қарсы қойып алды. Оның кемел қайраткер болуға мүмкіндігі бар еді» деп жазады.

«ЕРДОҒАННЫҢ БАЙЛАУЛЫ ҚОЛЫ ШЕШІЛДІ»

Түркиядағы саяси процестерді қадағалаушы Бауыржан Карипов Түркия халқының таңдауы референдум қорытындысымен сәйкес келмеуі мүмкін деген күдігін айтады. Ол «референдум барысында заң бұзушылықтар көп болғаны, сайлау комиссиясының мөрі басылмаған миллиондаған дауысты соңғы сәтте Түркия сайлау комиссиясы есепке алу жөнінде шешім қабылдағаны әлеуметтік желілерден көрінді» деп санайды.

Бауыржан Карипов «2016 жылғы сәтсіз төңкерістен кейін Реджеп Тайып Ердоған 195 ақпарат құралын жапты, тәуелсіз баспасөзді қалдырмады, соның салдарынан биліктің баспасөзі ғана жұмыс істеп, референдум қорытындысын сайлау комиссиясынан бұрын әлдеқайда жоғары пайызбен жариялап жіберді» деп есептейді.

- Президенттің өзі орталық сайлау комиссиясының қорытындысын күтпестен премьер-министрді құттықтады. Стамбул, Анкара, Измир, Анталья сияқты барлығы 17 ірі қаланың тұрғындары жаңа өзгеріске қарсы дауыс берді. Сонда негізгі негізгі электорат ауыл тұрғындары екенін мәлім болды. Билік партиясының ауыл тұрғындарына әртүрлі жолдармен ықпал ету мүмкіндігі көп, - дейді ол.

Бауыржан Кариповтың сөзінше «парламенттік басқарудан президенттік басқару нысанына көшкен Түркияның ендігі саяси жүйесі Қазақстанға ұқсайтын болады».

Ал журналист Марат Тоқашбаев «Реджеп Тайып Ердоған Орталық Азия елдеріндегі авторитарлық басқару жүйесін оң көріп, бүкіл елді ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстау үшін референдум өткізді» деп қорытады.

- Өткен жылы жүзеге аспай қалған төңкеріс пен Түркияның діни қайраткері Фетхулла Гүленге қарсы науқан логикалық соңына жетті. Ердоғанды бүгінде Түркияның президенті дегеннен гөрі халифасы деуге болады. Ал бұл мәселе - Түркияның демократиялық дамуына үлкен кедергі. Осы мақсатқа жету үшін 110 мыңнан астам мұғалімдер мен ғылыми зерттеушілерді, журналистерді жұмыстарынан қуды, 50 мыңға жуық адамды түрмеге қамады. Сөйтіп бүкіл елді авторитаризмнің шыңырауына алып бара жатыр. Ердоғанның парламенттік жүйеде қолы байлаулы еді, енді шексіз билікке ие болды,-дейді ол Азаттыққа.

Марат Тоқашбаев референдум кезінде әкімшілік ресурстарды пайдаланған Түркия демократиядан кері кетті деп санайды.

Түркия билігінің хабарына қарағанда референдум бюллетеньдерінің 99 пайызы саналған сәтте дауыс беруге қатысқан сайлаушылардың 51,3 пайызы конституцияға өзгертулер енгізуді қолдаған. Түркия азаматтары жексенбідегі референдумде конституцияға енгізуге ұсынылған 18 өзгертуге қатысты пікірлерін білдірген еді.

Бұл реформа Ердоғанға 2029 жылға дейін билікте отыруына мүмкіндік береді. Түркияда келесі президент сайлауы 2019 жылы өтеді. Ердоған бұған дейін бір рет президент сайлауына қатысып, жеңіп шыққан.

Референдумдегі жеңіс туралы сөзінде ол тұрғындар Түркия тарихында «маңызды реформаларға» байланысты «тарихи шешім» қабылдады деп мәлімдеген. Ердоғанның сөзінше, президенттің өкілеттігін кеңейтуге 25 миллион сайлаушы қолдау білдірген, бұл сан реформаға қарсы дауыс бергендерден 1,3 миллионға артық. Негізгі оппозициялық Республикалық халық партиясы бюллетеньдерді кемінде 60 пайызын қайта санауды талап етіп отыр.

Сайлау комиссиясы өкілдері референдумге сайлаушылардың 86 пайызға жуығы қатысқанын, олардың 48 пайыздайы конституциялық реформаға қарсы дауыс бергені туралы хабарлады. Конституцияға енгізілген өзгертулер 2019 жылы күшіне енгеннен кейін елде премьер-министр қызметі қысқартылып, президент сот билігі тармағын бақылайтын болады. Сарапшылар Түркия мен Еуропа Одағы арасындағы күрделі қарым-қатынас бұрынғыдан да қиындап кетуі мүмкін деген болжам айтады.

XS
SM
MD
LG