Accessibility links

Шабуылға қатысты негізгі болжам – теракт


Атыс болған клубтың маңайы. Орландо, 12 маусым 2016 жыл.

Атыс болған клубтың маңайы. Орландо, 12 маусым 2016 жыл.

Егер гей-клубтағы оқ ату теракт деп танылса, бұл қырғын АҚШ-та 2001 жылдың 11 қыркүйегінен бергі кезеңде жасалған ең ауқымды теракт болады.

АҚШ-тың Флорида штаты Орландо қаласындағы Pulse гей-клубындағы атыстан 50 адам мерт болды. Қанды қырғын не гейлерге деген жеккөрініш болуы мүмкін, не исламшыл экстремистердің ықпалымен немесе басшылығымен жасалған теракт болуы мүмкін деген екі болжам бар.

Жексенбіге қараған түні Орландода болған жаппай қырғын кешқұрым қаза тапқандар саны ондаған адамға жеткені жайлы хабар тарағанға дейін өзге оқиғалардың көлеңкесінде қалып, жұрт онша мән бермеді. Соңғы дерекке сәйкес, Pulse гей-клубындағы трагедия құрбандар саны жағынан АҚШ тарихындағы ең ауқымды қырғын саналады. Егер теракт деп танылса, бұл 2001 жылдың 11 қыркүйегінен бергі кезеңде жасалған ең ірі теракт болмақ.

Жексенбі күні жергілікті уақыт бойынша түстен кейін Флорида штаты полициясы мен билігі 50 адам қаза тапқанын хабарлады. 50-ден аса адам түрлі дәрежедегі жарақатпен ауруханаға жатқызылған. Қаза тапқандар мен зардап шеккендердің бәрі (оқ атушыдан өзгесі) - клубқа келушілер.

Полицияның хабарлауынша, оқ атушы винтовка мен тапаншамен қаруланған. Ол әуелі түнгі екілер шамасында клубта оқ атып, кейін көшеге шығып, полицияның тоғыз адамнан тұратын жасағымен атысқан. Сосын клубқа қайта кіріп, 30 шақты адамды кепілге алған. Олардың бәрі құтқарылып, шабуылдаушы адам оққа ұшты. Таңғы сағат бес шамасында рұқсат алып, шабуылдау операциясын бастаған полиция ғимараттың қабырғасын бұзып-жару үшін бронетранспортерді пайдаланған.

Орландодағы оқиға - құрбандар саны жағынан ел тарихында атыс қаруын қолдану арқылы жасалған ең қанды қырғын. Бұған дейін мұндай ауқымды қырғын 2007 жылы Флоридаданың Virginia Tech университеті кампусында (32 адам қаза тапқан) және Коннектикут штатындағы Sandy Hook орта мектебінде (27 адам) болған.

Полиция мен арнайы қызмет органдарының іс-қимылы жайлы жазған ақпарат құралдары қылмысты тексеруге жергілікті және штат полициясы ғана емес, федералдық тергеу бюросы (ФБР) да кіріскеніне бірден назар аударды. Мұның үлкен трагедия екенін Орландо мэрінің қалада төтенше жағдай енгізілгені туралы мәлімдемесі растайды. Қала басшысы бұған қоса губернатордан бүкіл штат аумағында төтенше жағдай жариялауды сұрады.

Мұндай төтенше шаралар Орландодағы қырғынды алдын ала теракт ретінде жариялаған ФБР-дің шешімінен кейін енгізілді. Ал трагедия болған орынға келген Флорида губернаторы мұның террористік акция екеніне еш күмәні жоғын мәлімдеді. АҚШ президенті Барак Обамаға болған жағдай туралы оның терроризмге қарсы іс-қимылдар жөніндегі кеңесшісі баяндаған.

Шабуыл жасаған адамның аты-жөні – Омар Седдик Матин. Жасы 29-да. Америкалық конгрессмен Билл Нельсонның сөзінше, Матин әлеуметтік желілерде «Ислам мемлекеті» ұйымына адалдығын талай рет мәлімдеген. Нельсон мұны «АҚШ барлауы қызметкерлерінен алған ақпаратқа» сілтеме жасап мәлімдеді. Оқ атқан адам Орландодан 150 километр жердегі шағын қалада тұрған, сондықтан қылмыс орнына кездейсоқ келмеген сыңайлы.

Шабуылдаушының әке-шешесі - ауғандық иммигранттар теракт болжамын терістейді. Омар Седдик Матиннің әкесі Мирдің сөзінше, жуырда Майамиге барып қайтқан ұлы әйелі мен бала-шағасының көзінше екі ер адамның сүйіскенін көрген, бұл Омардың зығырданын қайнатқан. «Бірақ оның істеген қылмысының дінге еш қатысы жоқ» дейді оның әкесі.

Жуырда президенттік номинацияға республикалық партиядан ұсынылған кандидат әрі Флорида штатынан сайланған сенатор Марко Рубио «бір жынысты махаббат үшін исламда ең қатал жаза қарастырылады» деп ескертіп, оның сөзімен келіспейді. Марко Рубионың пікірін Флорида губернаторы Рик Скотт та құптайды.

Жексенбі күні АҚШ президенті Барак Обама қанды қырғынға байланысты халыққа үндеу жолдады. Ол трагедияны тексеру үшін ФБР-ге Орландо полициясына көмектесуді тапсырғанын айтты.

Республикашылар партиясынан президенттік сайлауға түседі деп болжанған Дональд Трамп Twitter желісінде «Флоридада адам айтқысыз сұмдық болды. Зардап шеккендер мен олардың отбасы мүшелерінің тілеуін тілеп, дұға етемін. Мұның бәрі қашан тоқтайды? Қырағылық танытып, аяусыз әрі ұтымды әрекетке көшетін кезіміз қашан туады?» деген мазмұнда хабарлама қалдырған.

Ал демократиялық партиядан сайлауға түсуі ықтимал кандидат Хиллари Клинтон болған жайтқа қатысты баға беруден тартынып, «жан түршігерлік акт құрбандары ойымнан шықпай отыр» деп қана жазған.

Ресми дереккөздерге сілтеме жасаған CNN-нің хабарлауынша, Омар Седдик Матин клубта болған кезінде 911 құтқару телефонына қоңырау соғып, «Ислам мемлекеті» ұйымына адал екенін мәлімдеген. Ол бостондық террористердің – ағайынды Царнаевтардың есімін де атаған.

XS
SM
MD
LG