Accessibility links

Шварценеггер Калифорния губернаторы деген қызметімен қоштасты


Губернатор Арнольд Шварценеггер Ресейге сапары кезінде. Мәскеу, 12 қазан 2010 жыл.
Губернатор Арнольд Шварценеггер Ресейге сапары кезінде. Мәскеу, 12 қазан 2010 жыл.

Кезінде әлемге белгілі культурист әрі Голливуд жұлдызы болған Арнольд Шварценеггер дүйсенбі күні жеті жыл қызмет еткен орнынан, АҚШ-тың Калифорния штатының губернаторлығынан кетті.


«ХАСТА ЛА ВИСТА!»


Голливудтың әлемге әйгілі жұлдызы Арнольд Шварценеггердің бүгін Калифорния штаты губернаторы деген қызметіне, басты рольді өзі ойнаған «Терминатор» фильмінің кейіпкері айтпақшы, «Хаста ла виста!» («Қош, сау бол!») деуіне болады.

Калифорнияны жеті жыл басқарған Арнольд Шварценеггер губернаторлықтағы саяси жетістіктерінен гөрі өзінің мәңгілік киноларымен есте қалады.

Оған себеп – Калифорния штатын екі мерзім бойы басқарған, тегі аустриялық Шварценеггер 23 пайыз ғана дауысты місе тұтты.

Басында бәрі басқаша болған. 2003 жылы Шварценеггер демократ Грей Дэвисті оп-оңай жеңіп, Калифорнияны басқаруға келген. Сол кездегі ұлықтау салтанатында ол штаттағы заң шығарушылармен тығыз жұмыс істеуге уәде берген. Шварценеггер онымен қоймай, Америкадағы ең ықпалды саяси тұлға Джон Кеннеди отбасымен жеке қарым-қатынастары бар екенін де айтып қалған болатын:

– Мен кейбіреулеріңіздің "заң шығарушылар мен губернатор біздің шаруаларымызды шешуде бір мәмілеге келе алмайды" деп айтатындарыңызды білем. Бірақ мен өз өмірімде халықтың оған басқаша жолмен, басқа тұрғыда жауап қататынын білдім. Президент Кеннедидің сөзімен айтқанда, «Мен елеске елтімейтін идеалистпін», – деген еді.

Сөйтіп, республикашыл Шварценеггер 2006 жылы қайта сайланған.

ОРЫНДАЛМАҒАН УӘДЕ

Шварценеггер билікке келгенде экономикасы Ресей, Бразилия немесе Канададан да үлкен Калифорнияның өзекті мәселесін – бюджет тапшылығын реттеуге уәде берген. Бірақ ол Калифорнияны ғаламдық қаржы дағдарысынан, бюджет тапшылығы 28 миллиард долларға жеткен экономикалық құлдыраудан құтқара алмай кетіп барады.
Калифорния губернаторы Арнольд Шварценеггер Бағдад маңындағы Америка сарбаздары арасында. Ирақ, 16 қараша 2009 жыл.


«Калифорнияның экономикасын дамытамын деген сертпен губернаторлықты алған Арнольд Шварценеггер штатты бұрынғыдан бетер құлдыратып кетіп барады» дейді сыншылар.

Бірақ Шварценеггер қоршаған ортаны қорғау саласында жетістікке жете білді. Оның газ эмиссиясын азайту жөніндегі заң жобасының арқасында Калифорния энергия қуатын күн көзі мен жел күшінен алу сияқты баламалы мүмкіндіктерге ие болды.

Оған қоса Шварценеггер биыл күзде аздаған көлемдегі марихуанамен ұсталған адамдардың жазасын жеңілдетуді қарастыратын заң жобасына қол қойып, көптеген адамның қолдауына ие болды.

Шварценеггер танымалдылығы төмендесе де, өзінің ерекше беделін пайдаланып, халықаралық деңгейдегі мәселелерді көтеріп келді.

Қазір жұртқа танымал басшысынан айрылған Калифорнияға жаңа губернатор болып Джерри Браун келеді. Ол осыған дейін 1970-1980 жылдардың басында Калифорнияны екі мерзім басқарған.

Ал 63 жастағы тегі аустриялық киножұлдыз Шварценеггер алдағы жоспары туралы ештеңе айтпады.
XS
SM
MD
LG