Accessibility links

«Самұрық-Қазынадағы» қаржы тапшылығынан «Астана» велотобы «Джиро д’Италиядан» шығып қалуы мүмкін


Астана командасының мүшесі американдық велоспортшы Лэнс Армстронг.

Астана командасының мүшесі американдық велоспортшы Лэнс Армстронг.

Велосипедшілердің халықаралық одағы «Астана» командасынан мамыр айының соңына дейін қаржы мәселесін шешуді талап етіп отыр. Өйтпесе, велотопқа турнирге қатысушылар сапынан күнібұрын кетуге тура келмек.

«АСТАНА» КОМАНДАСЫНА «САМҰРЫҚ-ҚАЗЫНА» ҚАРЖЫЛАЙ КӨМЕК БЕРЕ АЛМАЙ ОТЫР

«Астана» халықаралық велотобы қаржы мәселесіне байланысты «Джиро д’Италия» велотурнирінен шығып қалуы мүмкін екені туралы жазады Universalsports басылымы.Велокоманданың менеджері Йохан Брюнель Қазақстан велосипедшілер федерациясына бұл туралы құлаққағыс етіп, жеделхат жолдаған.

Мамырдың 31-іне дейін жалғасатын «Джиро д’Италия» велобәйгесіне «Астана» тобының сапында әйгілі «Тур де Франс» халықаралық веложарысының жеті дүркін чемпионы Лэнс Армстронг тұңғыш рет қатысып жатқан еді.

«Астана» велокомандасына «Самұрық - Қазына» мемлекеттік холдингі қаржылай демеу танытып келген болатын. "Алайда әлемдік экономикалық дағдарыс салдарынан, холдингтің командаға қаржылай жәрдем беруіне жағдайы келмей қалыпты" деп жазады аталған сайт. Команданың шабандоздары әлі күнге дейін жалақыларын да алмаған.

«БҰЛ МЕНІҢ КОМАНДАМ ЕМЕС, БҰЛ МЕНІҢ ДЕМЕУШІМ ДЕ ЕМЕС»

Лэнс Армстронг өткен аптада журналистерге берген сұхбатында, велотоптың команданы қамқорлыққа алу жөнінде АҚШ-тық демеушілерімен келіссөздер жүргізіп жатқанын тілге тиек еткен еді. Лэнс Армстронг үшін бұл осы жылдың шілдесінде болатын Тур де Франс жарысына қатысып, оны 8-ші мәрте ұтып алу үшін бақ сынауға жол ашар жалғыз мүмкіндік боп қалып отыр.

«Мен Қазақстан, Астана, Борат жайлы білетінімнің бәрін бұған дейін айтқан болатынмын. Мұнан өзге мен түк білмеймін. Бұл менің командам емес, бұл менің демеушім де емес. Мен олар жайлы ештеңе білмеймін. Мен сіздер қойған сауалға қуана-қуана жауап берер едім, бірақ жарытып ештеңе айта алмаймын. Егер мен ол сауалдарға жауап берер болсам, онда ойдан әңгіме құрастырумен айналысып кеткен болар едім», – деп жауап берді команданың қаржы қиындықтары жайлы журналистер қойған сауалдарға Лэнс Армстронг.


БҰҒАНАСЫН ЖАРАҚАТТАП АЛҒАН ЛЭНС АРМСТРОНГ БАС ЖҮЛДЕДЕН ҮМІТТІ

Биыл «Джиро д’Италия» жарысы өз мерейтойын атап өткелі отыр – 2009 жылы веложарыстың Миланда өткен ең алғашқы турниріне 100 жыл толады. Вikestyletours сайты жазып отырғандай, 1909 жылы мамырдың 13-інде «Джиро Д’Италия» велобәйгесі тұңғыш рет ұйымдастырылған.

Бір ғасыр бұрын өткен жарыс барысында шартты түрде 8 сатыға бөлінген, ұзындығы 2448 шақырымдық бәйгеден бірінші болып Луиджи Ганна мәреге жеткен.

Вikestyletours сайтының жазуына қарағанда, биылғы жарыс жолының ұзындығы 3000 шақырымнан асып түседі. Бірінші орынды жеңіп алуға Лэнс Армстронг, Альберто Кантадор және Карлос Састре тәрізді атағы жер жарған велоспортшылар үміткер боп отыр.

Жарыс барысында спорт саңлақтары Италияның Венеция, Триест, Милан, Турин, Болонья, Неаполь мен Рим қалаларын басып өтпек. Басылым, биылғы турнирға Лэнс Армстронг қатысатын болғандықтан, көрермендердің жарысты көруге деген ықыласы артып отырғанын атап өткен.

Американдық Лэнс Армстронг өткен жарыстардың бірінде бұғанасын жарақаттап алса да, осы жолғы «Джиро д’Италия» додасына қатысуға ниет білдірген.

Бұл жолғы бақталастар арасында чемпион болудан Лэнс Армстронгтың командаласы Леви Лейфеймер де үмітті. Сондай-ақ, бұлармен қатар, веложарыста мәреге бірінші болып келуде Альберто Кантадор және «Тур де Франс – 2008» велобәйгесінің чемпионы Карлос Састренің де мүмкіншіліктері мол деп жазған Cyclingnews.
XS
SM
MD
LG