Accessibility links

Тәжікстандағы жастардың бас қосатын жалғыз орыны - мешіт қана


Құрбан айт күні мешітте намазға жығылған жамағат. Нурабад ауылы, Тәжікстан, 16 қараша 2010 жыл.

Құрбан айт күні мешітте намазға жығылған жамағат. Нурабад ауылы, Тәжікстан, 16 қараша 2010 жыл.

Тәжікстандағы жастардың басым көпшілігі жұмыссыздық қамытын киген. Осыны пайдаланған экстремистер жастарды өз жағына тартып алуы мүмкін деген қауіп бар.


Фарход Хасанов Тәжікстанның солтүстігіндегі Исфара ауданының Тағисада ауылында тұрады. Бұл шалғай қыстақта тұратындардың көпшілігі жан бағу үшін ауыл шаруашылығымен айналысады немесе Ресейге жұмыс іздеп кетеді.

ИНТЕРНЕТІ ЖОҚ ҚЫСТАҚ

Фарход дүниеде электронды поштаның, «Фэйсбуктің» немесе өзге бір әлеуметтік желінің бар екендігін естіген емес. Әлемнің басқа елдеріндегі жасөспірімдер бұның барлығын сандық технологияларға толы ғасырымыздағы өмірдің ажырамас бөлігі деп қабылдағаны қашан.

Бірақ тәжіктің 17 жасар мектеп оқушысы Фарход Хасанов бес адамнан тұратын отбасын асырау үшін не істеу қажеттігін жақсы біледі:

- Әкеме отын дайындауға, бақтағы өрікті жинауға көмектесемін, малға азық жинаймын, оның бәрі бізге қыста өте қажет болады. Егер өрікті базардан қымбатқа сатып алар болсақ, киім алатын ақшаны үнемдеуге тура келер еді.

Интернетке кіру немесе кино көру үшін Фарход отыз шақырым жол жүріп, Исфара қаласына баруы керек. Бірақ Фарход мұндай артық шығынды қалтам көтермейді дейді.

ҚҰЛЫП САЛЫНҒАН МЕДРЕСЕ

Бұрын Фарход пен оның достары медресеге дәріс алуға баратын. Бірақ қазір балалар оның ауласын ойын алаңына айналдырып алған. Медресенің кейбір оқушылары ауғандық экстремистік топтардың қатарына кіріп кетті деген сыбыстан соң, осыдан бірнеше жыл бұрын билік орындары бұл медресені жауып тастаған.

Қазір тәжік жастары арасында исламның ықпалының артып келеді. Экстремистік топтардың жастарды өз қатарына тарту қаупі де артып барады. Совет Одағы кезінде тәрбие алған ата-аналарына қарағанда Тәжікстанның қазіргі жас буыны дінге көбірек бейімдеу.

Соңғы жылдары билік тіркелген және тіркелмеген көптеген медреселерді жапты. «Имамдар ол жерде балаларға рұқсат етілмеген сабақтар жүргізеді» деген күдікпен көптеген мешіттерді тінтті. Кейбір имамдарды «салафиттерге, Өзбекстанның Ислам қозғалысы, «Хизб-ут-Тахрир» сияқты рұқсат етілмеген, радикалды көзқарастағы топтарға көмек көрсету жөнінде уағыз жүргізді» деп айыптады.

Өзінің достары сияқты Фарход та алты-жеті жастан бастап мешітке тұрақты түрде бара бастады.

- Мен мешітке өзге жастармен кездесу үшін барамын. Өйткені бос уақытымды өткізетін өзге жер жоқ. Біздің қыстақта спорт орталығы да, стадион да, жастарға арналған клуб та жоқ, -дейді Фарход.

Басқа ауылдас балалар сияқты, Фарход та концерт, кино немесе спорт жарыстарына барған емес. Өйткені мұның барлығы оның қыстағында жоқ. Жастардың бос уақытын дұрыс өткізу мәселесі - бүкіл Тәжікстанға қиындық. Тәжікстан халқының 70 пайызы дәл осы ауылдық жерлерде тұратынын ұмытпау керек.

Қажы Әкбар Туражонзода. Душанбе, қазан, 2006 жыл
Тәжікстанның бұрынғы діни көсемі және премьер-министрдің бұрынғы орынбасары Қажы Әкбар Туражонзода басқа жер болмаған соң мешіттер ғана елдің бір-бірімен араласатын жалғыз орынына айналды дейді.

- Тәжікстанның мешіттері әдетте екі бөлмеден тұрады: оның бірінде намаз оқылса, екіншісінде ауыл адамдары бір-бірімен әңгімелесіп отырады.

Намаздан соң үлкендер үйлеріне қайтса, жастар жағы әңгімелесіп, тамақтанып, тіпті, карта ойнау үшін түн ортасы ауғанша немесе таңға дейін осында қалады, - дейді Қажы Әкбар Туражонзода.

ОРЫНДАЛМАС АРМАНДАР

Кез келген жасөспірім сияқты Фарход та өзінің болашағының жарқын болғанын армандайды. Табысты бизнесмен болғысы келеді немесе банкте жұмыс істегісі келеді. Бірақ бұл армандарының әйтеуір бір кездері орындаларына сенімі жоқ.

- Келесі жылы жазда мектеп бітірген соң Ресейге жұмысқа баратын шығармын. Жақсы жұмыс табу үшін, жоғары оқу орнына түсу үшін пара беру керек дейді. Бірақ отбасымызда мұндай ақша жоқ. Біздің ауданның көптеген адамдары, тіпті, университет бітірген соң да Ресейге кетуге мәжбүр, өйткені бұл жерде олар жұмыс таба алмайды, - дейді Фарход.

Бізбен әңгімелескен Фарходтың жақын достарының бірі Аманулло Хаитов жақсы жұмыс табу үшін ағылшын тілі мен компьютерді меңгеру қажет дегенді айтты.

Жұмыссыздық - Тәжікстандағы басты проблемалардың бірі. Статистикалық деректерге қарағанда, республика халқының 60 пайыздан астамы кедейшілікте өмір сүріп жатыр. Ресми деректер бойынша жұмыссыздық 2,2 пайыз, бірақ жергілікті сарапшылар шындығында жұмыссыздық деңгейі 35 пайызға жақын дейді.
Исфарадағы жол жиегінде ойнап жүрген балалар. Тәжікстан, 11 қараша 2010 жыл.

Осындай жағдайда Тәжікстанның жас ұрпағы болашаққа деген сенімін жоғалтып, өз елінде армандарын жүзеге асыру мүмкіндігі болмағандықтан торығуға түседі.

Тәжікстан Ислам қайта өрлеу партиясы жастар ісі жөніндегі комитетінің басшысы Киемиддин Авазов Тәжікстандағы жұмыссыздық, кедейшілік пен еркіндіктің жоқтығы жастарды тығырыққа тірейді дейді.

- Адам жұмыссыз қалған соң неге болса да барады. Осының өзі көптеген келеңсіз жайларға душар етуі мүмкін. Анығы осылай. Оның үстіне елдегі жағдай да жақсы емес. Экстремистік элементтер дәл осындай торығуға түскен адамдарды іздеп табуды мақсат тұтады, - дейді Киемиддин Авазов.

Жастар ісі жөніндегі мемлекеттік комитет мәселені өздерінше шешкісі келеді. Үш ай сайын үлкен қалаларда бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі өтеді. Кейбір жас адамдарға елден тысқары жерлерден заңды жұмыс орындарын тауып беруге көмектеседі. Мысалы, Ресейдің құрылыс және ауыл шаруашылығы саласымен маусымдық жұмыстарға келісім-шарт жасалады.

Комитет, сонымен бірге, спортшылардың шетелдерге жарыстарға баруын қаржыландырады. Жастар үшін жұмыс орындарын ашатын үкіметтік емес ұйымдарды қолдау бағдарламасы жүзеге асырылады.

Бірқатар үкіметтік емес ұйымдар (бұлардың ішінде Ходжент қаласындағы жастардың даму қоры, Шугнон қаласындағы «Нар» қоғамы бар) жастарға ағылшын тілі мен компьютерді меңгеруден тегін сабақтар өткізеді.

Алайда бұл ұйымдардың ауқымдырақ жұмыс істеуіне қаржының жоқтығы қолбайлау болғандықтан, олар көп адамға көмектесе алмайды. Жәрмеңкелердің де өз қиындығы бар: әдетте мемлекеттік жұмысқа алынатындардың саны шектеулі. Оның үстіне бұл жұмыс орындарының көпшілігінің жалақысы мардымсыз.

Киемиддин Айвазовтың айтуынша, мәселе шұғыл түрде шешілуі керек. Оның пікірінше, жұмыс орындарын құрудың өзге де көптеген жолдары бар. Мысалы, шағын кәсіпорындард ұйымдастырып, шағын және орта бизнеске көмек көрсету керек дейді Айвазов.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG