Accessibility links

«Қазақстанды білетін еуропалықтар алдымен мұнайды сөз етеді»


Еуропа парламенті депутаты Пол Мерфи, «Жұмысшы интернационалы комитеті» халықаралық жұмысшы қозғалысының мүшесі Роберт Джойнс, Еуропа Парламентінің саяси мәселелер жөніндегі кеңесшісі Таня Немейр Маңғыстау мұнайшыларымен кездесті. Жаңаөзен, 17 шілде 2011

Еуропа парламенті депутаты Пол Мерфи, «Жұмысшы интернационалы комитеті» халықаралық жұмысшы қозғалысының мүшесі Роберт Джойнс, Еуропа Парламентінің саяси мәселелер жөніндегі кеңесшісі Таня Немейр Маңғыстау мұнайшыларымен кездесті. Жаңаөзен, 17 шілде 2011

Маңғыстаулық ереуілші мұнайшылар мен тәуелсіз кәсіподақ өкілдері Брюссельдегі Еуропа парламенті отырысына қатысып қайтты. Солардың бірі Мұхтар Үмбетовтен сапардың жай-жапсары туралы сұрап білген едік.


Еуропа парламентінің Орталық Азия мен Батыс Қазақстандағы жағдаймен танысуға арналған мәжілісіне Маңғыстау облысынан «Өзенмұнайгаз» өндірістік филиалы белсендісі Талғат Сақтағанов, «Ерсай Каспиан контрактор» компаниясының мұнайшысы Амангелді Лұқпанов, «Ақтау» тәуелсіз кәсіподағы төрағасы Мұхтар Үмбетов қатысты.

«ҚАЗАҚСТАН ҚАЙ ЖЕРДЕ?»

Азаттық тілшісімен әңгімелескен Мұхтар Үмбетовтің айтуынша, бұл – ереуілдеген мұнайшылар мәселесіне орай Еуропада өткен алғашқы пікір алмасу. Мұнайшылар өкілдері бұл жиынға халықаралық жұмысшылардың интернационалдық комитетінің шақыруымен барған екен.

– Шындығына келгенде, еуропалықтардың дені Қазақстанды әлі біле қоймапты. Үзілістегі әңгіме барысында менен «Қазақстан қай жерде орналасқан?» деп сұрап жатты. Ал білетіндері алдымен мұнайды сөз етеді. Депутаттардың бірсыпырасы «қаншама мұнай байлығына ие бола отырып, неге жұмысшыларға дұрыс жалақы төленбейді» деп таң қалды, – дейді тәуелсіз кәсіподақ төрағасы Мұхтар Үмбетов.

Оның айтуынша, Еуропа парламенті өкілдері мұнайшыларға ең алдымен ақпараттық, әдістемелік көмек көрсететіндіктерін айтқан. «Еуропадағы бұқаралық ақпарат құралдары арқылы Қазақстанда «Талмас» және «Оставим народу жилье» қоғамдық ұйымдары жетекшілері Айнұр Құрманов, Есенбек Өктешбаев үшеуміз бірге құрған «Жаңарту» тәуелсіз кәсіподағы туралы материалдар ұйымдастырмақ. Оның Қазақстанның басқа аймақтарында да бастауыш ұйымдарының құрыла бастағаны жария етілмекші» дейді «Ақтау» тәуелсіз кәсіподағының төрағасы.

«ӨЗ ПРОБЛЕМАМЫЗДЫ ӨЗІМІЗ ШЕШУІМІЗ КЕРЕК»

Мұхтар Үмбетовтің айтуынша, әділет министрлігі «Жаңарту» тәуелсіз кәсіподағын ресми тіркеуден өткізуден екі мәрте бас тартты.

– Енді біз әділет министрлігін сотқа бердік, оның өкілі келген жоқ. Енді үшінші рет сотқа қатыспаса тіркеуден өткізуі тиіс. Еуропа басылымдарында бұл мәселе туралы да айтылады, – дейді мұнайшылар белсендісі.
Бізге сауатты, жұмысшылар мүддесін қорғай алатын жаңа кәсіподақ ұйымы керек. Мұндай ұйымсыз жиналғандар тек тобыр түрінде қалады.

Оның айтуынша, өздерін ірі халықаралық кәсіподақтар ұйымы қолдауға уәде берген. «Басты үмітіміз – халықаралық мұнай-газ кәсіпшілігі кәсіподағында» дейді белсенді.

– Әрине, сырттан көмек болғаны жақсы. Бірақ менің түсінгенім – біз ең алдымен өз проблемамызды өзіміз шеше білуіміз керек. Ол үшін бізге сауатты, жұмысшылар мүддесін қорғай алатын жаңа кәсіподақ ұйымы керек. Мұндай ұйымсыз жиналғандар тек тобыр түрінде қалады. Мұны маңғыстаулық ереуілшілер тәжірибесінен көруге болады, – дейді тәуелсіз кәсіподақ төрағасы.

БАТЫС ҚАЗАҚСТАН – БАТЫСТЫҢ НАЗАРЫНДА

Батыс Қазақстандағы мұнайшылар ереуілін шетелдік құқық қорғаушылар бұған дейін де бірнеше мәрте сөз еткен еді.

Әйгілі британдық әнші Стинг шілденің 4-і күні Астанада өтуі керек концертінен бас тартып, өз вебсайтында арнайы мәлімдеме жариялаған болатын. Онда әнші Қазақстанның мұнай-газ саласындағы «құқықтары тапталып жатқан» жұмысшылар ереуіліне қолдау көрсету белгісі ретінде Астанада жоспарланған концертінен бас тартатынын айтады. Оның бұл шешімін Amnesty International халықаралық адам құқығын қорғау ұйымы да құптады.
"Өзенмұнайгаз" компаниясының жұмысшылары ереуілдеп жатыр. Жаңаөзен, 1 қыркүйек 2011 жыл

"Өзенмұнайгаз" компаниясының жұмысшылары ереуілдеп жатыр. Жаңаөзен, 1 қыркүйек 2011 жыл


Шілденің ортасында Еуропа парламенті депутаты Пол Мерфи, «Жұмысшы интернационалдары үшін комитет» халықаралық жұмысшы қозғалысының мүшесі Роберт Джойнс, Еуропа парламентінің саяси мәселелер жөніндегі кеңесшісі Таня Немейр Батыс Қазақстанды аралап, ереуілші мұнайшылар жағдайымен танысып қайтқан.

Тамыз айының соңында ирландиялық Front Line құқық қорғау ұйымы жергілікті тұрғындардың өтінішімен Маңғыстаудағы ереуіл аймағын аралаған еді.

Жаңаөзендік мұнайшылар сол кезде Палестина, Мексика және Испания елдеріндегі жұмысшылар кәсіподағынан қолдау хат алғандарын мәлімдеген. Олардың айтуынша, бұл хат сонымен бірге қазақ үкіметіне де жолданған. «Қазақстан үкіметінен жұмысшылардың әділетті талаптарын жедел орындауды талап етеміз: түрмеден жұмысшыларды босатуды, кәсіподақ жетекшілерін қуғындауды тоқтатуды, еркін кәсіподақ астына бірігу құқығын сақтауды, еңбекшілердің жалақысын өсіріп, жұмыс ауырлығын ескеріп, қосымша төлемақы төлеуді талап етеміз...» деп жазылған хатта.

6-10 қазанда Брюселльде өткен кәсіподақтардың халықаралық конференциясында бельгиялық кәсіподақтар маңғыстаулық мұнайшыларды қолдауға шақырды.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG