Accessibility links

Жаңаөзенде жоғалған Жалғасбай Ұзақбаев


Автобус аялдамасындағы Ұзақбай Жалғасбаевтың жоғалып кеткені туралы хабарландыру. Жаңаөзен, 18 ақпан 2012 жыл.

Автобус аялдамасындағы Ұзақбай Жалғасбаевтың жоғалып кеткені туралы хабарландыру. Жаңаөзен, 18 ақпан 2012 жыл.

Жалғасбай Ұзақбаевты Жаңаөзен оқиғасы кезінде жоғалып кеткен, ағайын-туғаны жасырмай іздеп жүрген жалғыз адам деуге болады. Азаттық тілшісі Жаңаөзеннен жоғалған туыстарын іздеген басқа ешкімді көрмеді. Ондай адамдарды Қазақстанның бас прокуратурасы да таппаған.


Азаттық тілшісі Жаңаөзенге барған екінші сапарында, ақпанның орта шенінде, «қанды оқиғаларда құрбан болғандардың есепке алынбай қалғандары қисапсыз көп» деген қауесеттерді тексермек болды.

Жұрт аузында, тіпті кейбір газеттер мен веб-сайттарда «хабар-ошарсыз кеткендердің саны әлдеқайда көп, олар Жаңаөзен зиратында құпия жерленген», "Жаңаөзен" газетінің 21 қаңтар 2012 жылғы санында прокурордың Жаңаөзен оқиғасында қаза тапқандар туралы хабарландыруы мен марқұмдардың суреттері жарияланды. Маңғыстау облысы Қызылсай ауылы. 14 ақпан 2012 жыл.

"Жаңаөзен" газетінің 21 қаңтар 2012 жылғы санында прокурордың Жаңаөзен оқиғасында қаза тапқандар туралы хабарландыруы мен марқұмдардың суреттері жарияланды. Маңғыстау облысы Қызылсай ауылы. 14 ақпан 2012 жыл.

«мәйіттер Каспий теңізі мен канализация қалдығы жиналған жерге батып кеткен», «жертөлелерден өлген адамдардың сүйектері табылыпты» деген сөздер айтылып жатты.

Жаңаөзендегі бір апталық журналистік зерттеуден жалғыз ғана нәтиже шықты: әзірше бұл сөздің бәрі – қауесет. Оқиғаның егжей-тегжейін анықтау биліктің, азаматтық қоғамның, бәлкім, тарихшылардың да міндеті болар. Жергілікті халықты сөзге тартқанда, бәрінің зәресі ұшып, 16 желтоқсан мен одан кейінгі күндер жайлы айтпады. Айтқан күннің өзінде олардың берер мәліметтері – дәлелі жоқ тұспал мен долбар.

Біз Жаңаөзен қаласының тұрғыны, 50 жастағы Жалғасбай Ұзақбаев туралы айтпақпыз. Ол 2011 жылы 17 желтоқсанда жоғалып кеткен.

Айтпақшы, бас прокуратура да 22 ақпандағы мәлімдемесінде Ұзақбаевты Жаңаөзен оқиғасы кезінде жоғалған жалғыз адам деп атады. Сөйте тұра бас прокуратура Жалғасбай Ұзақбаевтың «жаппай тәртіпсіздік құрбаны болғаны жайлы сенімді айғақтар жоқ» деген уәж айтады.

ХАБАРЛАНДЫРУ

Жалғасбай Ұзақбаев 2011 жылы 17 желтоқсан күні кешке жоғалды. Ол кезде шерушілерге қарсы қару қолданғаннан кейінгі «бұзақыларды басу» шарасы басталып, тазалау және өрт сөндіру жұмыстары жүріп жатқан еді.

Азаттық тілшісі 18 ақпанда Жаңаөзен қаласының хабар-ошарсыз кеткен тұрғындары жайлы әр жерге жапсырылған хабарландыруларға қатысты қауесетті тексеру үшін қаланың көптеген автобус аялдамаларын аралап шықты. Бірақ көп Ұзақбай Жалғасбаевқа іздеу салған хабарландыру. Жаңаөзен, 18 ақпан 2012 жыл.

Ұзақбай Жалғасбаевқа іздеу салған хабарландыру. Жаңаөзен, 18 ақпан 2012 жыл.

адам емес, жалғыз кісінің жоғалғаны жайлы хабарландыруларды ғана көзі шалды. «Жалғасбай Ұзақбаев 2011 жылы 17 желтоқсанда кешкісін үйден шығып кетіп, содан қайтып оралмаған» деп жазылған екен ол хабарландыруларда. Оның фотосуретімен қоса үстіне киген киімі сипатталған. Хабарландыруда Жалғасбай Ұзақбаевты іздеген адамдардың мекен-жайы мен туған-туыстарының телефон нөмірі де жазылыпты.

Аялдамаларда басқа да хабарландырулар бар. Ал Жаңаөзен оқиғасы кезінде жасалған қылмыстар бойынша күдіктілерді іздестіру жайлы үнпарақтар жоқ. Ол парақтар желтоқсанның аяқ шенінде Жаңаөзендегі бағаналарға жапсырулы тұрған болатын.

Аялдамаларда басқа хабарландырулар да ілініп тұрды. Олардың бірінде орамал тартқан орта жастағы бір әйелдің суреті бар. Фотосуреті әлдеқайда сапалы түсірілген ол әйел «көптеген кеселдерден емдеп жазады» екен.

Азаттық тілшісі Жалғасбай Ұзақбаевтың жоғалып кеткені жайлы хабарландыруды 17 ақпан күні аялдамалардың бірінен көрген. Бірден сонда жазылған телефон нөмірлердің біріне қоңырау шалды. Тұтқаны ер адам көтеріп, жоғалған кісінің отбасымен бірге тұрмайтынын айтып, «кешке қайта хабарласқаныңыз жөн, оның әйелі күндіз жұмыста» деді.

Дәл сол күні кешке жоғалып кеткен Жалғасбай Ұзақбаевтың әйелі Ажар Ұзақбаевамен телефон арқылы сөйлесудің сәті түсті. Ол «үйге сенбі күні күндіз келгеніңіз дұрыс» деді.

«БАЛГЕРГЕ ДЕ БАРДЫҚ»

Жоғалып кеткен Жалғасбай Ұзақбаевтың әйелі Ажар Ұзақбаева алғашында бейнекамераға сөйлеуден бас тартты, бірақ соңыра келісті. Оның айтуынша, өзі 16
желтоқсанда жұмыста – Жаңаөзеннен 130 шақырым жерде, Ақтау қаласында отырған. Бірақ Жаңаөзендегі сол күнгі қантөгісті естіп, 17 желтоқсан күні кешке 25 жастағы ұлы Қанатты уайымдап, үйіне қайтып келіпті.

– Мен күзетші болып жұмыс істеймін. Үйге шамамен алты жарымда оралып, жұмысқа ұлымды ертіп әкеттім. Ол менің орныма барып, күзетіп отырған. Күйеуімді көрген де жоқпын. «Аулада, үйдің артында жүр» деді. Ол арада кішігірім қора-қопсы бар, сол жерде ылғи бірдеңе істеп отыратын. Келесі күні таңертең үйге қонбағандықтан іздей бастадық оны, – дейді Ажар Ұзақбаева.

Жоғалып кеткен отағасының әулеттің жалғыз асыраушысы екенін, табылады деген үмітін үзбейтінін айтқан Ажар Ұзақбаеваның әңгімесін мына жерден тыңдай аласыз:

Сервердегі ақау

Oops, as you can see, this is not what we wanted to show you!

This URL has been sent to our support web team to look into it immediately. Our apologies.

Please use Search above to see if you can find it elsewhere



Оның айтуынша, күйеуі – «Бұрғылау» компаниясының қызметкері, 1961 жылы дүниеге келген Жалғасбай Ұзақбаев – «басқа жаққа қонып қалатын кісі емес».

– Ол үй аралап қаңғып жүруді ұнататын адам емес. Үйге қайтпай қалған бірде-бір кезі болған жоқ. Ішетін жүз грамын, әрине, ішіп те қояды. Бірақ одан арғыға бармайды. Не жұмыста, не үйдің артындағы аулада дәйім бірдеңе жасап отырады, - дейді Ажар Ұзақбаева.

Ол бала-шағасымен бірге 18 желтоқсаннан бері хабарсыз кеткен отағасын іздеп жүр. Ажар Ұзақбаева ішкі істер басқармасы мен Жаңаөзен қаласының прокуратурасына бірнеше мәрте арыз берген, қала басшыларына барып, тіпті балгер әйелдерге де бас аштырған.

Полиция көңіл жұбатарлық жауап бермепті. Жалғасбай Ұзақбаевтың дүкенге кешкісін, коменданттың сағат кезінде келіп, есікті ашқанша тықылдатып, шылым сатып алғанын әлдебіреу көрген-міс.

Ажар Ұзақбаеваның айтуынша, соның алдында ғана басшылардың жергілікті телеарнадан сөз сөйлеп, бұрындары із-түссіз кетті деп есептелген төрт адамның Ұзақбаевтар әулетінің салынып бітпеген үйі. 18 ақпан 2012 жыл.

Ұзақбаевтар әулетінің салынып бітпеген үйі. 18 ақпан 2012 жыл.

мәйіті табылғанын айтқан. Қалалық ардагерлер кеңесіне мүше ақсақалдар еш көмек көрсете алмапты. Балгерлерден де еш пайда болмады – олардың болжамдары әртүрлі шыққан.

Жалғасбай Ұзақбаевтың отбасы 23 желтоқсаннан бері оның сүйегін іздей бастады. Ажар Ұзақбаеваның айтуынша, сол кезде «беймәлім мәйіттер табылып жатыр екен, оларды Теңге зиратында жатқан бөтен не белгісіз адамдардың қабірлеріне көміп, канализацияға батырып немесе ескі туннелдерге жасырыпты» деген дақпырт тараған екен.

– Дәл сол шақта алай-дүлей боран соғып, аяз түсті. Іздеу қиын болды. Біз канализация қалдығын төккен жерге де да бардық, оның бетін мұз басыпты. Жағалаудан кеуіп үлгермеген көлік іздерін байқамадық. «Суға батырып тастау үшін мәйіттерді машинаға салып әкелген болар» дегеніміз ғой. Ұлым қолына фонарик ұстап, бүкіл ескі канализация туннелін кешіп шықты – бірақ ол жерден де ештеңе таппады. Теңге зиратына да барып келді – бәрі де бекер болды, – дейді Ажар Ұзақбаева.

Оның айтуынша, күйеуі негізгі асыраушы болатын – айына шамамен 100 мың теңге алып тұрған. Ажардың өзі 20 мың теңге алады. Үш балалары бар. Тұңғыш ұлдары үйлі-баранды. Екінші ұлы Қанат әлі үйленбеген. Қыздары Жаңаөзендегі колледжде оқиды.

Қазір асыраушысынан айырылған үй тапшылық көріп отыр, оның үстіне үйлері де салынып бітпеген. Мемлекет бұл отбасыға әзірше ешқандай материалдық көмек көрсетпеген, ал Ажар Ұзақбаева ондай көмек заңмен қарастырылған болса да, заңды жете білмейді.

Ажар Ұзақбаева «полиция күйеуімді табар» деген үміттенеді. Азаттық радиосы арқылы ұлын әкесі істеген компанияға уақытша болса да жұмысқа алуды сұрап, билікке өтініш айтты.

ЗИРАТҚА ЖЕТУ МҰҢ БОЛДЫ

Азаттық тілшісі Жалғасбай Ұзақбаевтың үйінен күндізгі сағат үштерде шықты. Сол күні Ақтауға баруы керек еді. Сондықтан жаңаөзендік марқұмдар жерленген Теңге зиратына соға кетудің сәті түспеді.

"Тенге әулие" зираттары. Жаңаөзен қаласының маңы. 15 ақпан 2012 жыл.

"Тенге әулие" зираттары. Жаңаөзен қаласының маңы. 15 ақпан 2012 жыл.

Азаттық тілшісі бұған дейін Теңге зиратына үш рет бара алмаған. 16 желтоқсанда Жаңаөзендегі алаңда қаза тапқан жас жігіттің отбасымен жолыққан кезде Теңге кентіне жеңіл көлікпен келіп, боранның кесірінен ауылдан ұзап шыға алмаған.

Келесі күні джип көлігімен зиратқа таяп барғанмен, көлік қалың қардан өте алмады. Күн ашық еді, бірақ боран соға бастады. Зиратты алыста тұрып суретке түсіруге тура келді, айқын көрінбегендіктен сурет нашар болып шықты.

Тілші зиратқа үшінші рет 18 желтоқсанда бармақ болды. Ол күні күн жылып, Жаңаөзеннің орталық көшелерінде қардың ерігені соншалық, асфальт көрініп жатты. Жеңіл көлікке мініп, зиратқа беттеген тілші Теңге кентінен ұзап шыға алмады: жолдағы қар сол күйі екен. Жол тазалап жүрген бульдозерші Жаңаөзеннен Ақтауға баратын жолдың да жабылып қалғанын айтты.

Азаттық тілшісі осының бәрін, оған қоса Жалғасбай Ұзақбаевтың жоғалу хикаясын Жаңаөзеннің орталығына бірге қайтқан таксиске айтып еді, сол-ақ екен жүргізуші сөйлеп қоя берді.

Ол бұрын полицей болғанын, тек жеті жыл бұрын, өзі айтпақшы, «принципке бола» жұмыстан шығып кеткенін айтты. Таксист Жаңаөзен оқиғасының «есепке ілінбеген құрбандары» туралы бірталай нәрсе айтты – бірақ мұның бәрі сол баяғы қауесет, дақпырт, қаңқу сөз еді.

РЕСМИ ЕСЕП

Жаңаөзен оқиғасының құрбандары туралы тек ресми мәліметтер ғана бар. Қоғамдық және тәуелсіз комиссиялар Жаңаөзенде дерек жинау жұмысын енді ғана бастап жатыр. Өлген және жараланған адамдар жайлы қомақты есепті негізінен «Социалистік қарсылық» оппозициялық ұйымы алғашқы күннен бастап хабарлап жатты. Бұл ұйым «қайтыс болған адамдардың тізімін жариялаймыз» деп уәде еткен еді – бірақ қазір тек қанша кісі мерт болғанын ғана айтады, нақты дерек пен кісі аттарын атамайды.

Қазақстан бас прокуратурасының ресми өкілі Нұрдәулет Сүйіндіков. Астана, 10 желтоқсан 2009 жыл.

Қазақстан бас прокуратурасының ресми өкілі Нұрдәулет Сүйіндіков. Астана, 10 желтоқсан 2009 жыл.

Маңғыстау облысы ішкі істер департаментінің баспасөз хатшысы Гүлзайда Төлеуғалиеваның айтуынша, Жаңаөзен оқиғасы кезінде жалғыз адам – Жаңаөзеннің тұрғыны Жалғасбай Ұзақбаев қана жоғалып кеткен.

Дәл осыны Астанада 22 ақпанда өткен брифингте Қазақстан бас прокуратурасының ресми өкілі Нұрдәулет Сүйіндіков та айтты.

Нұрдәулет Сүйіндіковтің айтуынша, «Жаңаөзенде тәртіпсіздік кесірінен 12 адам оқтан қаза тапқан, екі адамның өлімі дене жарақатынан болған, біреуі «Сулпак» сауда үйін тонау барысында күйіп қалып жан тапсырған, Бытыра оқтан қайтыс болған тағы бір адамның қазасы жаппай тәртіпсіздіктермен байланысты емес».

– Биылғы 14 ақпанда ресейлік «Новая газетаның» электронды хабарында «Юрта – знак беды» деген мақалада қаза болған 73 адам жайлы хабарланады, «Голос республики» газетінің бесінші санындағы «Жанаозен стал Хатынью по-казахстански» атты жарияланымда 300 құрбан жайлы мәліметті алға тартады, – деген Нұрдәулет Сүйіндіков өлген адамдар туралы өз айтқанынан басқа барлық хабарламалар мен болжамдарды «жалған» деп жариялады.

Қазақстан билігі Жаңаөзен оқиғасы құрбандары туралы өзге мәліметтерді «жалған, тіпті қасақана дезинформация» деп атаудан әлі танбай отыр.

ҚҰЛЫП САЛЫНҒАН МӘЙІТХАНА

Жаңаөзен қаласында ақпанның 13-18-і аралығында болған Азаттық тілшісі қала прокуратурасы, біріккен тергеу тобы, ішкі істер басқармасы (ІББ), ұлттық қауіпсіздік комитеті (ҰҚК) басқармасымен де тілдеспек болды.

Алайда прокуратурада және тергеу тобы Маңғыстау облыстық ІІБ мен ҰҚК-ге сілтеді.
Жаңаөзен қаласының мәйітханасы. 17 ақпан 2012 жыл.

Жаңаөзен қаласының мәйітханасы. 17 ақпан 2012 жыл.


Маңғыстау облыстық ІІБ бастығы полковник Амангелді Досаханов тілшіні қабылдады, бірақ сұрақтарына жауап беруден бас тартты: «Сұрақты облыстық ІІД баспасөз-қызметіне жолдаңыз» деді.

Жаңаөзен қаласы бойынша ҰҚК басқармасының өкілі полковник Нұрлан Балдайыров та соны айтты: «Осы мәселелердің барлығы бойынша республикалық ҰҚК-нің баспасөз-қызметіне жүгінген дұрыс» деді.

Қалалық мәйітханадағы беймәлім мәйіттер, жаралы адамдар мен әйелдердің зорланғаны туралы қауесеттерді естіген тілші осыған байланысты сауалдарды Жаңаөзен қаласының орталық ауруханасының бас дәрігері Мұрат Сариевке қойды.

Мұрат Сариевтің айтуынша, Жаңаөзен оқиғасы кезінде ауруханаға 99 жаралы түскен, оның ішінде оқ тиіп жараланғаны – 87 адам. Оның деректеріне сәйкес, 37 не 38 жаралыны Ақтау қаласындағы ауруханаға жіберген. Қалалық аурухананың бас дәрігерінің сөзіне қарағанда, қазір ауруханада бірде-бір жаралы қалмаған.

Мұрат Сариев «әйелдерді зорлады» деген сөздерді теріске шығарды. Оның айтуынша, өзі басқарып отырған аурухананың гинекологиялық бөліміне ешкім мұндай шағым айтып келмеген.

Ресейлік «Новая газета» «ер бала мен қыз баланың мәйіттері үш апта бойы қалалық мәйітханада жатты» деп жазған еді. Бұған байланысты сұраққа Мұрат
Сариев ештеңе айта алмады: себебі қалада мәйітхана біреу болса да, ондағы мәйіттерге екі мекеме (қалалық аурухана мен сот медициналық сараптама орталығы) жауапты екен.

Жаңаөзен қаласының орталық ауруханасының бас дәрігері Мұрат Сариевтің әңгімесін мына жерден тыңдаңыз:



Қазақстанның бас прокуратурасының өкілі Нұрдәулет Сүйіндіков ақпанның 22-сіндегі ресми мәлімдемесінде осы дерек жайлы да айтты.

– Жаңаөзен қаласында балалардың хабар-ошарсыз кету жайттары тіркелмеген, осы тектес шағымдар, арыздар мен хабарландырулар болмаған. Қалалық балалар үйіндегі тәрбиеленушілерге келер болсақ, 2011 жылы 16 желтоқсанда есепте болған барлық 106 тәрбиеленуші қазіргі уақытта балалар үйінде, – дейді Нұрдәулет Сүйіндіков.

«Жаңаөзендегі тонауға балалар үйлерінің тәрбиеленушілері қатысқан болуы мүмкін» деген сөз де расталмады.

Жаңаөзеннің орталық ауруханасының бас дәрігері Мұрат Сариевтің сөзіне қарағанда, өз өлімімен өлген мәйіттерді зерттеумен шұғылданатын патологоанатомиялық бөлімде екі баланың сүйектері жайлы ақпарат жоқ.

– Бірақ бұл мәйіттер қылмыстық зерттеу желісі бойынша тергеуде болса, олар жайлы мәйітхана ғимаратында болуға тиіс сот медициналық сараптама өкілдерінен сұраған дұрыс, – дейді бас дәрігер Мұрат Сариев.

Мүмкін, бұл жай кездейсоқтық шығар: бірақ жұмыс күні Жаңаөзендегі ресми мекемелерді аралап жүрген Азаттық тілшісі мәйітханаға кіре алмады. Ғимараттың төрт жақтағы төрт есігінде төрт құлып тұр екен.
  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде 2008 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG