Accessibility links

Куәгер ҰҚК полковнигі қысым жасағанын айтты


Жаңаөзен оқиғасы бойынша сот отырысына қатысуға келген жұрт. Ақтау, 27 наурыз 2012 жыл.
Жаңаөзен оқиғасы бойынша сот отырысына қатысуға келген жұрт. Ақтау, 27 наурыз 2012 жыл.

Жаңаөзен мен Шетпедегі оқиғалар бойынша сот аяқталып келеді. Ертеңнен бастап, екі сотта қатар жарыссөз басталады. Соңғы соттардың бірінде куәгер ұлттық қауіпсіздік комитеті (ҰҚК) полковнигінің өзіне қысым көрсеткенін айтты.

«Жаңаөзен-2011» комитетінің өкілі Ерлан Қалиевтің айтуынша, бүгін түске дейін Жаңаөзен оқиғасы бойынша сотта үш куәгер сұралған. Олардың екеуі – полицей, үшіншісі – қарапайым жұмысшы Закария Сейдахметов.

«АМАЛСЫЗ ҚОЛ ҚОЮҒА МӘЖБҮР БОЛДЫМ»

Ерлан Қалиевтің айтуынша, алдын-ала тергеу кезінде бірнеше айыпталушыға қарсы жауап берген куәгер Закария Сейдахметов бүгін сол тергеу кезінде алынған жауабынан бас тартқан:

- Прокурорлар Сейдахметовтен: «Сіз неліктен жауабыңыздан бас тартып отырсыз? Оқып берейік, мысалы, сіз 13-і күні былайша жауап бергеніңіз рас па?» деген кезде ол: «Бұларды маған күштеп айтқызды. «Нақты кім?» деп сұрасаңыздар айтайын - ҰҚК полковнигі Қыдыралиев» деді. Прокурорлар: «Сіз қысым жасады деп айтып отырсыз. Сонда нақты Қыдыралиев ұрды ма? деп сұраған кезде Сейдахметов: «Жоқ, ол кісі мені ұрған жоқ, күнде мені сұраққа шақырады. Қоқан-лоқы жасайды. Кабинетіне шақырып алып, өзі шығып кетеді де, бірнеше маска кигендер кіріп, мені ұрып-соқты. Содан кейін Қыдыралиев кіреді де: «Қолыңды қоясың ба?» деп сұрады. Мен амалсыздан қол қоюға мәжбүр болдым» деді.
Аралбай Нағашыбаев, Жаңаөзен оқиғасы бойынша өтіп жатқан сот процесінің судьясы. Ақтау, 27 наурыз 2012 жыл
Аралбай Нағашыбаев, Жаңаөзен оқиғасы бойынша өтіп жатқан сот процесінің судьясы. Ақтау, 27 наурыз 2012 жыл

Ерлан Қалиевтің сөзіне қарағанда, куәгер Сейдахметов әлі күнге дейін олардың өзіне қоқан-лоқы көрсетіп, маза бермей жатқанын айтқан.

Ерлан Қалиевтің сөзінше, түске дейін ғана болған сотта судья Аралбай Нағашыбаев айыптау тарапынан келетін бірнеше куәгердің сотқа әлі күнге дейін келмегенін айтып, прокурорларға ескерту жасаған.

- Судья «ертең сағат 10-ға дейін келмесе, онда оларды мүлде тыңдамаймыз» деп, прокурлорға ертеңге дейін уақыт берді, - деді Ерлан Қалиев.

Ол судьяның ертең жарыссөз басталатынын айтып, екі жаққа да жақсы дайындалып келу керектігін ескерткенін хабарлады.

«АЗАПТАУ БОЙЫНША ҚАЙТА ШАҒЫМ ТҮСІРДІ»

Ерлан Қалиевтің айтуынша, бүгінгі сот отырысында үш адвокат судьяға өтініш түсірген.

Бұған дейін айыпталушылардың «бізді алдын-ала тергеу кезінде ұрып-соқты, азаптады» деген мәлімдемелеріне орай қылмыстық іс қозғалмайтыны белгілі болған еді. Бүгін адвокат Гүлнар Жуаспаева осы өтінішке байланысты қайта шағым түсіргенін, оның көшірмесін іске тіркеу жайлы судьяға өтініш бергенін хабарлаған.

- Бүгін ол шағымды облыстық прокуратураға жөнелткенін айтты. Ол бұл шағымның көшірмесін іске қосу туралы өтініш берді. Сотқа қатысып отырғандардың ешқайсысы бұған қарсы болған жоқ. Судья бұл өтінішті қабылдады, - деді Ерлан Қалиев.
Жаңаөзен соты өтіп жатқан ғимарат маңындағы жұрт. Ақтау, 6 сәуір 2012 жыл.
Жаңаөзен соты өтіп жатқан ғимарат маңындағы жұрт. Ақтау, 6 сәуір 2012 жыл.

2011 жылғы Жаңаөзен оқиғасы бойынша сот процесі биыл наурыздың 27-сі күні басталған еді. Осы уақыт аралығында сотта 100-ден астам жәбірленуші, 40-қа жуық куәгер, 37 айыпталушы тыңдалған.

Бұған дейін оқиға кезінде зардап шеккен жәбірленуші кәсіпкерлердің басым бөлігі «айыпталушыларды кінәлай алмаймыз» деп, арыз-шағымдарын қайтып алған. Көбінесе мемлекеттік және ірі компания өкілдері арыздарын сол күйінше қалдырды.

Айыпталушылар «алдын-ала тергеу кезінде полицейлердің ұрып-соққанын, азаптағанын» айтса, айыптау тарапынан келген кейбір куәгерлер де жауап алу кезінде өздеріне қысым жасалғанын мәлімдеген.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG