Accessibility links

Әзілқой партияның тағдырын сайлаушылар шешеді


Косоводағы жергілікті сайлауға «Күшті партиядан» түсіп жатқан үміткер Визар Арифай.

Косоводағы жергілікті сайлауға «Күшті партиядан» түсіп жатқан үміткер Визар Арифай.

Косово астанасы Приштинада азаматтар 3-қарашада өтетін жергілікті сайлауды саяси шоуға айналдырған жаңа партияға дауыс береді.

«КҮШТІ ПАРТИЯНЫҢ» ТОСЫН ӘРЕКЕТТЕРІ

Қаңғыбас иттерді қыста қоғамдық көлік ретінде пайдалану үшін жаттықтыру керек. Әрбір қоғамдық ғимараттардың кіреберісіне писсуарлар қойылады. Приштинаның орталығында Формула-1 автожарысы өтеді. Косовода 3-қарашада өтетін жергілікті және муниципалдық сайлаудан үміткер «Күшті партияның» таң қаларлық уәделері осылай жалғаса береді.

Бұл партияның атын «Күшті адамның партиясы» деп аударған дұрыс шығар. Партия жетекшісі ел астанасы Приштинада қалалық кеңестен орын алып, мэр болу үшін әзіл-қалжыңға толы және шындыққа жанаспайтын мәлімдемелер жасап жүр. Оның басқалармен салыстырғанда тосын, ерсілеу әдісі Пришнитаның жастарына, зеріккен әрі сыншыл сайлаушыларға ұнаған сияқты, олар партияның келесі сайлауға қатысуына жол ашатын бірнеше дауысты жинап беруі де мүмкін.

«Күшті партияның» сайлау алдындағы уәделері бейнеленген жарнама.

«Күшті партияның» сайлау алдындағы уәделері бейнеленген жарнама.

«Күшті партияның» төрағасы және мэр болудан үміткер Висар Арифай өзін «аңызға айналған президент» деп атайды. Пальто мен шолақ шалбар киіп, галстук тағып жүргенді ұнататын ол Азаттықтың Балкан қызметіне сұхбат беріп, сайлауда жеңіске жетсе кеңсесін ретке келтіруді басты міндеті санайтынын жасырмай айтты.

«Басқа да мэрлер сияқты кеңсемді жаңалаймын. Қазір осында тұрған заттардың бәрін лақтырып, кресло, жиһаздар, компьютер, автокөлікті қайтадан жаңалаймын. Мэр болған бетте орындайтын бірінші міндетім осындай» деді ол.

ЖАСТАР ӘЗІЛДІ ҰНАТАДЫ

Косовода сайлауға қатысты алынған сауалнаманың сенімді деректері жоқ. Дегенмен «Күшті партияны» 5-7 пайыз тұрғындар қолдайды деген болжам бар. Партия тек маусым айында құрылып, тіркелсе де, оның Facebook-тегі парақшасын 61 мыңнан астам адам «ұнатыпты». Оған қоса Арифайдың жеке Facebook парақшасы 28 мың «ұнайды» деген дауыс жинаған. Сатиралық партияның соңғы бейнекөрінісі - «Біз миллионер боламыз» атты музыкалық нөмірін интернет пайдаланушылар YouTube-те бірнеше күн қатарынан 40 мың рет көрген екен.

Партияның платформасы «Lorem Ipsum» деп аталады, терминнің мағынасын өздері «мәтінді мағынасына көңіл аудармай, шрифт пен дизайнды ұсыну үшін қолдану» деп түсіндіреді.

Көшедегі сайлау жарнамасы қасынан өтіп бара жатқан этникалық албандықтар. Косово, 1 қараша 2013 жыл.

Көшедегі сайлау жарнамасы қасынан өтіп бара жатқан этникалық албандықтар. Косово, 1 қараша 2013 жыл.

Ел арасында жиі айтылатын 40 пайыз жұмыссыздық мәселесіне келгенде «Күшті партия»: «Мәселе деп қалған 60 пайызының әлі жұмыс істеп жүргенін айту керек» дейді. Facebook-те жарияланған сұхбатында Арифай «черногориялықтар жалқау деген таптаурын пікірді өзгерту керек, Косово тұрғындары да жалқау, сол үшін оларды марапаттау керек» дейді. Партия өз алдына елде 100 пайыз жұмыссыздық орнауы керек деген мақсат қойып отыр.

Елдегі этникалық албандықтар мен этникалық сербтер арасындағы шиеленісті қарым-қатынас туралы сұрағанда 26 жасар Арифай «бірлесіп өмір сүрудің ең жақсы жолы - бөліну» деп жауап берді.

«Себебі, адамдар бір топқа ғана жататын болса, әріптестік жасайтын тарап жоқ» дейді ол. Партия косоволықтар мен сербтерді этникалық тұрғыда ғана бөлмей, олар тұратын ауданға байланысты, сүйікті спорттық командалары мен жақсы көретін тағамына қарай да «бөлу» керек дейді.

«УӘДЕҢ ЕЛГЕ ҰНАСА БОЛҒАНЫ, БАСҚАСЫ МАҢЫЗДЫ ЕМЕС»

Үнемі шешен сөйлейтін, тапқыр Арифай ел алдындағы уәдесі туралы былай дейді: «Үнемі уәде беремін деп уәде беремін. Уәде деген әдемі сөз және халықтың көңіліне жағады, сондықтан оны естіген азаматтар елдің мәселесін шешетін біреу бар екен ғой деп жеңілдеп қалады. Бірақ бұл уәдені орындаймын дегенді білдірмейді. Дегенмен олар адамдардың көңілін аулайды. Олардың орындалған – орындалмағаны маңызды емес».

«Күшті партия» мәселе ойлап тапқанда алдына жан салмайтын сияқты. Косовоның сайлау туралы заңы бойынша, партиядағы үміткерлердің кем дегенде 30 пайызы әйел адам болуы керек. Дәстүрлі партиялар бұл талапқа сай адамдарды табудың қиындығын айтып, аһ ұрып келеді. «Күшті партия» керісінше, тек 30 пайызы ғана ер адамдар болсын дейді.

Косоводағы сайлауға жауапты тұлғалар 3-қарашадағы жалпыұлттық сайлауда 103 партия атынан 7932 үміткердің бағын сынайтынын мәлімдеді. Алдын ала сайлау нәтижесі 4-қарашада, ал ресми тізім 6-қарашада дайын болады деп жоспарланған. Кез келген қажетті сайлау 1-желтоқсанда өтеді.

«Күшті партия» мен Арифайдың болашағы Приштина тұрғындарының әзілді түсіне білу деңгейіне байланысты. Бірақ өзіне сенімді Арифай болашағын болжап қойған.

«Бұл сайлауда мен мэр болудан үміткермін. Бірақ алдағы уақытта премьер-министр, одан кейін президент болмақпын, бұл - ұзақ мерзімге жоспарланған мақсатым» дейді ол.

Зияд Гашидың мақаласын аударған – Динара Әлімжан
XS
SM
MD
LG