Accessibility links

«Текебаев ісін Атамбаевтан кейінгі билік қарауы керек»


Бішкектегі Алатау алаңында өткен Омурбек Текебаевты қолдау митингісі. 27 ақпан 2017 жыл.
Бішкектегі Алатау алаңында өткен Омурбек Текебаевты қолдау митингісі. 27 ақпан 2017 жыл.

Азаттық сұхбаттасқан қырғызстандық саясаттанушы Еділ Байсалов оппозициялық саясаткер Омурбек Текебаев қамауға алынған соң елде туған дүрбелеңге баға береді.

Дүйсенбі күні де Бішкекте оппозициялық саясаткер Омурбек Текебаевты қамауға алуға қарсы митинг өтті. Ақпанның 26-сында Бішкектегі «Манас» әуежайында Қырғызстан парламенті депутаты, оппозициялық «Ата Мекен» фракциясының лидері Омурбек Текебаев ұсталған. Жексенбіде қырғызстандық бірнеше қалада наразылық жиындары өткен. Елдің бұрынғы президенті Роза Отунбаева саяси күштерді Қырғызстандағы жағдайға байланысты «консультацияларды бастауға» шақырған.

Азаттықтың Қырғыз қызметінің хабарлауынша, Омурбек Текебаевқа қарсы қылмыстық іс ақпанның 25-інде Қырғызстан қылмыстық кодекстің «алаяқтық» және «жемқорлық» баптары бойынша қозғалған. Ал саясаткердің өзі Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы парламенттік ассамблеясы жиынына қатысқан соң Венадан оралған беті 48 сағатқа қамалған.

Азаттық тілшісі қырғызстандық саясаттанушы Еділ Байсаловпен елдегі қазіргі саяси ахуал туралы сұхбаттасты.

Азаттық: - Омурбек Текебаевтың ұсталуына қарсылық шерулері Қырғызстанның қай өңірлерінде болып жатыр?

Еділ Байсалов: - Бішкектегі шеруде мыңға жуық адам бар. «Ата Мекен» партиясының мүшелері басқа өңірлерде де ұйымдастырып жатыр деген хабарлар естіледі. Текебаевтың жерлестері Жалал-Абад облысының Базарқорған ауданында Бішкек-Ош жолын жабуға тырысқан. Бірақ оған құқық қорғау органдары жол бермеген сияқты.

Еділ Байсалов, саясаттанушы
Еділ Байсалов, саясаттанушы

Азаттық: - Шеруге жиналғандар қандай талап қойды?

Еділ Байсалов: - «Омурбек Текебаев дереу қамаудан шығарылсын» деген талап жоқ. Оппозициялық партия жетекшісі болғандықтан Текебаевтың президент Алмазбек Атамбаев тұсында қамауға алынуы күдік туғызды. Атамбаев мұндай істен қалыс қалып, өз оппонентін қамауға алмағаны дұрыс еді. Текебаевтың айыбы расталса, сөз жоқ жауапқа тартылуы керек. 2010 жылы сәуірдегі төңкерістен кейін ресейлік бизнесменнен ақша алған болса, ол жай ғана экономикалық қылмыс емес, моральдық та қылмыс. Бірақ оның соты «Атамбаевтың [Текебаевтың үстінен қозғалтқан] соты» болмауы тиіс. Атамбаевтың президенттік өкілеті биыл күзде аяқталады. Омурбек Текебаевтың ісін Атамбаевтан кейінгі билік қарауы керек. Сондықтан ол Атамбаевтың тұсында сотталса, саяси тапсырыс болып көрінуі мүмкін. Оған ел де, халықаралық қауымдастық та сенбейді.

Меніңше, наразылықтың тұтануына Омурбек Текебаевты ұшақтан түскен бетте ұстап, терроршы секілді алып кеткені түрткі болды. Ол айып тағылатынын түсіне тұра шетелде қалып қоймай, өзі келді. Текебаев танымал адам. Сонықтан үй қамаққа алса да болатын еді. Шеруге жиналғандар тек «Ата Мекеннің» мүшелері емес. Бірақ көпшілігі осы ұстанымда тұрғаны байқалады.

Видео: Оштағы Текебаевты қолдаушылар

Ош: Текебаевты қолдау митингісі
please wait

No media source currently available

0:00 0:04:04 0:00

Азаттық: - Билік өкілдері шеруге келіп, мән-жайды түсіндірді ме? Митинг қашанға дейін жалғасады?

Еділ Байсалов: - Биліктен шеруге ешкім келген жоқ. Президент Атамбаев 2010 жылы сәуірде болған төңкеріс құрметіне құрылған қоғамдық ұйым өкілдерімен сөйлесіп, олардан қолдау сұрағандай болды. Тергеу мен сотқа қысым жасатпаймыз дегенді айтты. Билік өзі де шеруге қарсы шеру ұйымдастырады деген хабарлар болған, бірақ ондай әрекет жасамады. «Ата Мекен» партиясы шеру үзіліссіз болады деп жариялады. Текебаев қамауға алына ма, үйіне шығарыла ма деген мәселені бүгін (ақпанның 27-сінде – ред.) сот шешеді. Мәселе содан кейін белгілі болады.Шеруді ақпарат құралдары жаппай көрсетіп жатыр. Сондықтан қырғызстандықтардың барлығының шеруден хабары бар.

Азаттық: - Билік митингіге шыққандарға күш қолданды ма?

Еділ Байсалов: - Шеруге қандай да бір тосқауыл қойылып жатқан жоқ. Үлкен митинг мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің, одан кейін үкімет үйінің алдында болды. Бірақ билік шеруді қуып таратуға әрекеттенбеді.

Видео: Текебаевты қолдау митингісінде Роза Отунбаеваның айтқан сөзі

Отунбаева: Қырғызстан саяси күштері кеңесулері керек
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:33 0:00

Азаттық: - Наразылық акциясына жалғасса, Қырғызстанда тағы да саяси тұрақсыздық тууы мүмкін бе?

Еділ Байсалов: - Ондай қорқыныш бар. Осы сәтті Атамбаевтың төңірегіндегілер немесе оған қарсылар пайдаланып, қандай да бір саяси тұрақсыздық тудырып, конституциялық дағдарысқа жеткізе ме деген қауіп бар. Жалпы, қырғызстандықтар Алмазбек Атамбаев бола ма, Текебаев бола ма, бәрі саяси биліктен кетіп, жаңа саяси күштер келгенін қалайды. Сондықтан қазіргі негіз мақсат – таза сайлау өткізіп, билікті өткізіп беру. Осындай шерулер мен жол тосулар болып, әділ сайлау өтпей қала ма деп ойлаймыз.

Азаттық: - «Ата Мекен» партиясын өзге саяси партиялар қолдап отыр ма?

Еділ Байсалов: - Қырғызстан парламентінде бес фракция бар. Текебаевтың мәселесіне байланысты парламенттің кезектен тыс отырысын шақыру туралы бастама көтерілгенімен, оны көпшілік фракция қолдамады. Бірақ митингіге бұрынғы министрлер мен депуттаттар келіп жатыр. Оның арасында бұрынғы президент Роза Отунбаева да бар. Ол «Қырғызстанда демократияға қауіп бар екенін» айтты. Бірақ ел бұрынғыдай жаппай митингіге шықты деуге әзірше ерте.

Азаттық: - Сұхбатыңызға рақмет!

XS
SM
MD
LG