Accessibility links

Human Rights Watch ұйымы Ресейдегі мүмкіндігі шектеулі балалардың тағдыры туралы есебін жариялады. Онда балалар үйіндегі дамуында ақауы бар сәбилердің 30 пайызы зорлық-зомбылық көретіні жазылған.

Human Rights Watch (HRW) халықаралық құқық қорғау ұйымы Ресейде көптеген азаматтардың ата-ана құқығынан мәжбүрлі түрде айырылғанын, сөйтіп балалардың әке-шешесінен күшпен түрде ажыратылғанын айтады. Ресейлік дәрігерлер кейбір адамдарға қатысты «балаға қарай алмайды» деген шешім шығарған.

ДӘРІГЕРЛЕР БАЛАНЫ АЛЫП ҚАЛҒАН

Анастасия Даунис 1999 жылы босанған. Дашаға дәрігерлер қорқынышты диагноз қойып, анасына «қызының Дауна синдромымен туғанын» естіртеді. Дәрігерлер Анастасияға «Мұндай бала ешқашан дамымайды» деген.

Қазір 30-дан асқан Даунис сол кезді еске алып, «Олар «балаң қолыңда өледі, ем қонбайтын сырқат, үнемі күтім керек» деп сәбиімді сынып қалған, дүкенге қайта апарып өткізетін ойыншықпен салыстырды» дейді. Даунис дәрігерлердің сөзінен қатты шошынған. Ол «Солайша, Даша ауруханада қалды» деп күрсінді.

38 жастағы Людмила Кириллова Мәскеудің шетіндегі Мытища қаласында тұрады. Ол 2006 жылы қызы «Никаны өмірге әкелгенде қуанышы қойнына сыймағанын» айтады. Бірақ дәрігерлер оған «Хромосома ауытқуы бар. Қызың «мама» деген сөзді 30-дан асқанда айта алса айтты, әйтпесе оған да жетпеуі мүмкін» деген.

HRW (Нью-Йорк) ұйымы есебінде осы тақілеттес оқиғаларды басынан кешкен көптеген аналардың пікірін келтірген.

HRW дерегі бойынша, Ресейдегі мүмкіндігі шектеулі балалардың 30 пайызға жуығы мемлекеттік балалар үйінде тұрады. Бұл балаларға онда немкетті қарайды, кейде күш те көрсетеді. Ұйымның дерегінше, дәрігерлер мен мемлекеттік мекеме қызметкерлері балалардың өз отбасымен байланыс жасауын мақұлдамайды, олар «бұндай қарым-қатынас оларды бұзады» деп санайды.

Баяндама авторы Андреа Маззарино Еуропа мен Орталық Азия елдері бойынша зерттеу жүргізеді. Оның айтуынша, Ресейде туған мүгедек балалардың ата-анасын дәрігерлер «мұндай баланы қарай алмайсың, оған ем қонбайды, күтіміне қаржың да жетпейді» деп үгіттейді.

«БАЛАЛАРДЫҢ ҚҰҚЫҒЫ ТАПТАЛМАСЫН»

Маззарино «Ресейде бала мүгедек болып туса, дәрігерлер оның ата-анасына «балалар үйіне өткіз» деп қысым жасайды. Балалар үйіне түскен сәбиге қамқорлық жетпейді, елеусіз қалады» дейді.

HRW жасаған 93 беттік есеп «Мемлекет жетім еткен балалар: Ресей балалар үйіндегі мүмкіндігі шектеулі балаларды оқшаулау, елеусіз қалдыру және оларға күш көрсету» деп аталады. Автор «осындай ахуалдың кесірінен балалар дамымай қалған» дейді.

HRW «Ресейде балалар құқығын қорғау ісінде ілгерілеушілік те байқалады, бұл ел 2012-17 жылдарға арнап «Балалар құқығын қорғау» стратегиясын да жасап қойған. Бірақ әлі атқарар шаруа көп» дейді. Баяндамада «Ресей мемлекеттік мекемелердегі балалар санын азайтуға тырысып, мүмкіндігі шектеулі сәбилерді балалар үйіне алып қалуды тоқтатқаны, күш көрсету оқиғаларына қарсы шаралар қолданғаны абзал» деп жазылған.

Автор балалар үйінің қызметкерлерін мүгедек балалардың құқығын бұзбауға шақырады. HRW «қызметкерлердің көбі балаларға көмектескісі-ақ келеді, бірақ қажетті дайындықтан өтпеген» дейді.

HRW зерттеушілері 200-ге жуық баламен және олардың ата-аналарымен, адвокаттар мен балалар үйі қызметкерлерімен сөйлесіп, мүмкіндігі шектеулі балалар тұратын 10 мемлекеттік мекемені аралап шыққан. Олар 10 балалар үйінің сегізінде барлық жастағы балалардың күніне 24 сағат, аптасына 7 күн бойы бір бөлмеде аралас жата беретінін анықтады.

Балалар үйінің қызметкерлері жүйке жүйесі семіп қалған, Дауна синдромы мен шизофренияға ұшыраған түрлі сырқаттағы балалардың сыртқа шықпауын «індеті жұқпалы, өздері өте әлсіз, ештеңе түсінбейді, сондықтан далаға шыққандарынан еш пайда жоқ» деп түсіндірген.

Мүгедек балалар туралы Азаттық сюжеті (ағылшын тілінде):

«БАЛАЛАР ҮЙДЕ ТӘРБИЕЛЕНСІН»

«Мүмкіндігі шектеулі балалардың мұндай мекемелердегі өмірін көрген адамның көңілі босауы мүмкін» дейді Маззарино.

HRW ұйымына сұхбат берген кейбір балалар «қызметкерлердің ұрып-соғатынын, тыныштандыратын екпе салатындарын, тіл алмаған жағдайда психиатриялық ауруханаға апаратындарын» айтқан.

Псковтағы балалар үйінде өскен 24 жастағы Марат «Олар балалардың әрекеттерін тіркеп отырады да, ондай «құжаттар» жиналып қалған кезде баланы психиатриялық емханаға жібереді» дейді.

19 жастағы Настя да «кешеуілдеп дамыған». Ол Псков облысындағы балалар үйінде 1998-2011 жылдары тұрған. Настя «Сау кездерінде бәрі жақсы, ал ішімдікке тойып алған соң мені ұрып-соғып, шашымнан сүйрейтін» дейді. Оның айтуынша, «Басқа қыздар оны ұрып-соғып жатқанда, қызметкерлер қарап тұрған. Тыныштандыру үшін дәрі берген».

HRW «жүре алатын немесе жүруге мүмкіндігі бар балалардың төсекке таңылғаны немесе мүгедектерге арналған арбаға мәжбүрлеп жатқызылғаны туралы кем дегенде үш оқиға тіркелді» деп жазады.

HRW өкілі Мәскеудегі арнайы емдеу мекемесінде өзі жүре алатын 4 жасар қызды мүгедектер арбасына отырғызып, басы мен денесін шүберекпен орап қойғанын айтады. Қызметкер қыздың «зағип екенін, басын жиһаздың шетіне соғып алатынын» айтқан.

Маззарино «Ресей балалар үйіндегі балалардың көбінің не анасы, не әкесі тірі. Олар тұлдыр жетім емес. Өз үйлерінде тұрса да болады. Оларды бұл мекемелерден неғұрлым тезірек алып кетсе, соғұрлым даму мүмкіндіктері де көбейетін еді» дейді. Маззарино мейірім мен қамқорлық көрген мүгедек балалардың жылдамырақ дамитынын айтады.

Анастасия Даунис «Дашаның балалар үйінде-ақ дами бастағанын байқадық. Ол өз үйінде өскенде, тіпті жақсы дамитын еді» дейді. Даша қазір 14 жасқа келді. Даунис пен Людмила Кириллова балаларын мемлекеттік мекемеден алып кеткен. Даша бір жасқа толған соң, Ника (Кириллова – ред.) жастан асқан кезінде үйлеріне келген.

Даунис «Даша біреуге қарайласқанды, әжелер мен балаларды жақсы көреді. Жиіркенбей, шын жүрегімен көмектеседі. Үнемі адамды қуантатын әрекеттер жасайды» дейді.

Қазір сегізге толған Никаның анасы Кириллова қызының оқу мен санауды үйреніп жүргенін айтады. «Санауға қиналамыз, бірақ тырысып жатырмыз. Болашағы жарқын болады деген үмітім бар» дейді әйел.

(Грант Поделконың мақаласын ағылшын тілінен аударған – Динара Әлімжан)

XS
SM
MD
LG