Accessibility links

ИМ-нен қашып шыққан тәжік болашағын уайымдайды


Өзінің Сирияға алданып барғанын дәлелдегісі келетін Ресейдегі тәжік мигранты Абдусами. Мәскеу, 15 желтоқсан 2015 жыл.
Өзінің Сирияға алданып барғанын дәлелдегісі келетін Ресейдегі тәжік мигранты Абдусами. Мәскеу, 15 желтоқсан 2015 жыл.

Абдусами Сириядағы «Ислам мемлекеті» содырлар ұйымына шақырғандарға алданып қалғанын айтады. Шындықты білген бетте Мәскеуге қашқан жігіт қазір Ресейде үреймен өмір сүріп жатыр.

Абдусамидің енді қорқатын дүниесі көп. Ол Тәжікстанға депортацияланудан қорқады, Таяу Шығысқа апарғандар өш ала ма деп те алаңдайды. Құқық қорғаушылар оны билік органдарына барып, басынан кешкен бар шындықты айтып, өздігінен заң орындарына берілуге үгіттейді. Сондай әрекеті арқылы өзі сияқты оқиғаға тап болған талай адамға үлгі көрсетесің деп түсіндіреді.

ТЫҒЫРЫҚҚА ТІРЕЛГЕН ТӘЖІК МИГРАНТЫ

Ол «Түркияда құрылыс жұмысы бар» дегендерге сеніп, сапарға шыққанын айтады. Бірақ Абдусами бірде түнделетіп бір алқаптан өтеді – ар жақтағы қарулы адамдар оған «Сирияға келгенін» мәлімдейді. Абдусамидің әңгімесіне қарағанда, ол әуелі Тәжікстаннан Ресейге өткен, одан Түркияға, одан ары Сириядан бір-ақ шыққан. Онан соң ол ИМ экстремистік ұйымына (Қазақстанда тыйым салынған – ред.) жаңа жауынгерлер апаратын делдалдардан қашып шығып, Мәскеуге оралған. Шым-шытырық сапардың ұзын-ырғасы осындай.

Оның ендігі уайымы – болашақ өмірі. Абдусами «мені енді тұтқындап, Тәжікстанға қайтарады» немесе «Сирияға апарғандар тауып алып жазалайды» деп қорқады. Тәжікстанда оған террористік топқа қосылған адам ретінде іздеу жарияланған.

«Ол ешқандай теріс әрекет жасаған жоқ» дейді Абдусамидың қасында отырған әйелі. Журналистердің шағын тобы ерлі-зайыптылармен Мәскеудегі орталықазиялық мейрамханада кездесті. Жарының көзіне қайта-қайта жас үйіріледі. Ол «Неліктен ол жасамаған қылмысы үшін түрмеге қамалуы керек?» дейді.

Ал құқық қорғаушылар тығырықтан шығар жол бар дейді. Мәскеудегі «Мемориал» құқық қорғаушылар тобының белсендісі және «Жәрдем» мигранттарды қолдау ұйымының төрағасы Бахром Хамроев «Абдусами басынан өткен оқиғасын ресейлік прокурорларға баяндап, айыпсыз екенін дәлелдеуге тиіс» дейді. Хамроевтың пікірінше, «Абдусамидің ол әрекеті осындай жағдайға тап болған басқаларға заң тұрғысынан жақсы үлгі болмақ».

«Бұл жігіттің әңгімесін тыңдадым. Ол шынымен алданған – жұмыс істеуге барамын деп содырлар жасағының аймағынан бір-ақ шыққан» дейді Хамроев фамилиясын айтқысы келмеген Абдусами туралы. Хамроевтың пікірінше, «Бұл - өте маңызды оқиға, қоғамға осындай тағдырлар туралы айту керек, адамдар мұндайдан құлағдар болуы тиіс».

Бірақ Абдусамидің заң орындарына берілуі - қатерлі шаруа. Ресей мен Тәжікстан арасында экстрадиция туралы келісім бар және Ресейде тұтқындалған тәжіктердің экстремистік айып тағылмай жатып Тәжікстанға берілген кездері көп. Сирия-Түркия шекарасынан қашқалы Абдусами өзін Сирияға алдап шақырған адамдардан қоқан-лоққыға толы хабарлар алғанын айтады. Ал Тәжікстандағы тергеушілер інісін қамап, ұрып-соққан.

Хамроев тәрізді ресейлік құқық қорғаушылар көптеген Орталық Азия елдері азаматтарының ИМ тобына алданып қосылғанын немесе оларды біреулердің қорқытып апарғанын, тіпті соларға сатып жібергенін айтады. Бірақ олардың көбі туған жерге оралсам, мені міндетті түрде соттайды деп, ИМ сапынан кері қашып шығудан тайсақтайтын көрінеді.

Абдусами мен «Мемориал» құқық қорғаушылар тобының белсендісі және «Жәрдем» мигранттарды қолдау ұйымының төрағасы Бахром Хамроев.
Абдусами мен «Мемориал» құқық қорғаушылар тобының белсендісі және «Жәрдем» мигранттарды қолдау ұйымының төрағасы Бахром Хамроев.

Ал қашқандары Тәжікстан сияқты елдерде айыпсыз екенімді дәлелдей алмаймын деген күдікпен тығылып жүруге мәжбүр. Тәжікстан үкіметі ИМ қатарында соғысып келген азаматтары «елге оралған соң бейбіт халыққа күш көрсетіп, жарылыс жасайды» деп алаңдайды. 2014 жылдың ортасында ИМ экстремистік тобы Сирия мен Ирак жерінің үлкен бөлігін басып алғалы тәжік билігі «жүздеген кедей азаматтарымыз сонда кетті» деген ақпарат таратып келеді.

Осы жылдың басында Тәжікстан ішкі істер министрлігі арнайы жасағының командирі жоғалып кетіп, кейін «ИМ-ге қосылғаны туралы мәлімдеген» видеосын таратты. Ол әлгі видеода «елдегі зайырлы биліктің жұрттың мұсылманша киінуіне, қоғамдық орында ғибадат жасауына шектеу жасағанына наразы болып кеткенін» мәлімдеген еді.

АБДУСАМИДІҢ САПАРЫ

Абдусами «ИМ немесе басқа да қарулы жасаққа қосылу туралы ешқашан ойлаған емеспін» дейді. Тоқыма сұр баскиіммен отырған Бобокаломов Мәскеудегі мейрамханада қоңыр дауыспен басынан өткен жағдайды асықпай баяндады.

Басында ол постсоветтік кедей мемлекет Тәжікстаннан жұмыс таппай, Ресейге құрылыста жүріп нәпақа табу мақсатында келген. Ол Мәскеуде 2008 жылдан бері жұмыс істейді, жақында уақытша тұруға рұқсат алған.

2014 жылдың сәуірінде ол Мәскеу шетіндегі Одинцово ауданындағы үйлерге жөндеу жүргізген тәжіктер тобымен бірге жұмысты аяқтайды. Ол енді жаңа жұмыс іздеуге кіріседі. Осы кезде әріптестерінің бірі Түркиядан «жақсы жұмыс шығып тұрғанын» айтып, бірге аттануды ұсынған. Абдусами әйелімен ақылдасып, ұсынысты қабыл алады.

Бұрынғы әріптестері оның жақын досын да қосып алады, Абдусами оның шын атын айтпай, «Рахым» деп атайық деді. Өзінің айтуынша, екеуі «ағалы-інілі» болып өскен, себебі Рахымның анасы қаза тапқан немесе кетіп қалған. Мұнан соң Абдусамидің шешесі екеуін қатар тәрбиелеген. Балалық шағы бірге өткен соң Абдусами Рахымға сенеді және оны «алдайды» деп ешқашан ойламаған. Бірақ өткенге көз жібере отырып, ол Рахымның 2014 жылдың сәуіріне дейінгі кезеңде қатты өзгергенін еске алды.

«Оның ештеңеге көңілі толмайтын, маңайындағы барлық дүниелерге қанағаттанбай жүретін болды» дейді ол. Стамбулдағы әуежайда оны бір тәжік күтіп алып, пәтерге алып барады, сол жерде екі-үш адаммен бірге олар жұмыстың басталуын күтеді. Екінші тәжік бұларға жауапты болып, азық-түлік әкеліп тұрады. Бұлар жұмыс туралы сөйлесіп отырғанда басқалар үндемейді екен. Абдусами «олар сол кезде-ақ шындықты біліп отырған сияқты» дейді.

Бір кісілер бізге жақындағанда күдігім күшейді. Қару асынған жергілікті тұрғындар екен. Біз 700-800 метр жол жүріп әлгі жазықты кесіп өттік. Олар бізге Түркия шекарасынан өтіп, Сирияға келдіңдер деді.

Үш күннен соң жеті адамға автобусқа билет берген, олар қоғамдық көлікке отырып, 18 сағат жүрген. Автобустан түскен соң бір үйге барады, сол жерде 30 шақты адаммен бірге демалады. Ол жерде әртүрлі елден келген, негізінен Тәжікстан, Өзбекстан және Ресейдің Солтүстік Кавказынан барған кісілер болған.

Түнгі сағат үште бір адам келіп, жолға шығатындарын айтқан. «Ол жаяу жүреміз деді. Таңғы үште бір жазықтан өттік. Сол кезде ол бізге бір адамдармен кездесетінін айтып, «сәл күтіңдер» деп кетіп қалды. Ештеңеден сезіктенбедім. Бірақ бір кісілер бізге жақындағанда күдігім күшейді. Қару асынған жергілікті тұрғындар екен. Біз 700-800 метр жол жүріп әлгі жазықты кесіп өттік. Олар бізге Түркия шекарасынан өтіп, Сирияға келдіңдер деді» дейді Абдусами.

Абдусамидің айтуынша, бұдан кейін оларды бір үйге апарған, онда бірнеше жүз адам отырған. Үш-төрт күн осы жерде күтетіндерін айтқан.

«Әлгі жерде Тәжікстан, Өзбекстан, Кавказ азаматтары, түріктер, америкалықтар, индонезиялықтар, жергілікті арабтар болды» дейді Абдусами. Өзімен бірге Ресейде жұмыс істегендер, соның ішінде ескі досы Рахым да сонда болған. «Сол кезде мені алдағандарын, жұмыс істеуге келмегенімізді түсіндім. Сирияға соғысуға апара жатқандарын білгенде бірден әрекетке көштім» дейді Абдусами.

Абдусами Тәжікстанға Рахымның әкесіне қоңырау шалып, «оны қайтуға көндірсеңіз» деген өтініш айтады. Ол «Егер Рахымсыз оралсам, оны мен Сирияға алдап апарғандай боламын, мен емес оның алдағанына ешкім сенбейді. Жалғыз қайтсам оның туыстары мені айыптайды» деп ойлағанын айтады. «Рахымға телефонды апарып бердім, бірақ ол ата-анасымен сөйлескісі келмеді» дейді Абдусами.

Абдусами барған жерінен қалта телефонымен видео түсіргенін айтты. Бірақ Дағыстаннан келген адам (бұларды қарауға жауапты – ред.) телефонын тартып алып, өзін үйдің жертөлесіне қамап, «тұтқындайды». Осы жертөледе ол 10 күн отырады, содан соң оның орнына ұзын бойлы басқа тұтқынды әкеледі. Оған жертөледен шығуға рұқсат беріліп, тек үйдің ауласынан шықпа деген ескерту айтылады. Бірақ ол түн ішінде оянып, жұмыс сөмкесін тастап, төлқұжатын ғана алып, қашып шығады.

Абдусами қашудың қиын емес екенін, бірақ көп адамдар психологиялық кедергіні жеңе алмайтынын айтады. «Біздің жағдайымыз жаман. Тәжікстанға оралсақ, осында болғанымыз үшін қамап тастайды. Бізге сенбей, 20 жылға түрмеге қамайды. Бай емеспіз - босқа сотталамыз. Осында қалудан басқа амал жоқ» дегендер болды» дейді ол.

Абдусами шекараға оралып, Стамбулға қайту үшін елден ақша сұратып алады. Стамбулда әйелі күтіп алып, екеуі Мәскеуге бірге оралады. Сол уақытта Рахымның әкесі полицияға барып, «Абдусами ұлымды Сирияға апарды» деп арыз берген.

БИЛІККЕ БЕРІЛУ КЕРЕК ПЕ?

Бұл хабар Абдусамидың жағдайын одан әрі ауырлатып отыр. Тәжік тергеушілері Абдусамиге бірнеше рет қоңырау шалып, тергеуге шақырған. Оның айтуына қарағанда, тергеушілер отбасына қысым көрсете бастаған. Ресейдегі інісі сырқатынан айығу үшін еліне келгенде полиция оны ұстап алып, төрт күн бойы «азаптаған» екен.

«Олар бауырымды азаптап, «істі жабуымыз керек, сондықтан айыпты мойныңа аласың депті» деген Абдусами анасы үш мың доллар ақша жинап өткізген соң ғана полицияның інісін босатқанын айтады. Оның айтуынша, билік бауыры Абдусамиді үгіттеп, Тәжікстанға келуге көндіреді деп сенген, бірақ ол бармаған.

Қазан айында ол Ресейде уақытша тұруға рұқсат алды. Бірақ кейін Федералдық миграция қызметі оған «халықаралық іздеу жарияланғанын» айтқан. Азаттық Абдусамидің оқиғасын өз бетімен тексере алмады. Хамроев пен «Мемориал» ұйымындағы әріптестері оған сенеді.

Көп жағдайда бұл адамдар заң орындарына барудан қорқады, тығылып жүре бергенді жөн көреді.
Виталий Пономарев.

Олар «билікке барып, айыпсыз екеніңді дәлелдеп көр» деген кеңес айтып отыр. Хамроев өткен жылы Таяу Шығысқа барып, Абдусами тәрізді жағдайға тап болған 10-нан астам Орталық Азия елдері тұрғынын білетінін айтты. «Мемориал» ұйымының Орталық Азия бағдарламасы директоры Виталий Пономарев «Көп жағдайда бұл адамдар заң орындарына барудан қорқады, тығылып жүре бергенді жөн көреді» дейді.

Жұмыстан басқа себеппен сыртқа шықпайтын Абдусами тәрізді адамдар осындай халге түседі. Белсенділер үміттен күдік көп екенін мойындайды. Пономарев «Ол Ресей билігіне берілсе, бұл бір үлгі болатын еді, бірақ берілгеннен кейінгі тағдыры не болатынын болжау қиын» дейді. Қауіпке қарамастан Абдусамидің әйелі еріне тағылған жаладан құтылуды қалайтынын жеткізді. «Мұның бәрін заңды түрде реттегіміз келеді, солайша алаңсыз өмір сүрсек дейміз» деді ол.

Том Бэлмфордтың мақаласы ағылшын тілінен аударылды.

XS
SM
MD
LG