Accessibility links

Ирак күрдтері Түркиядан еріктілерді жіберуді сұрады


Кобанидегі соғысқа Түркия жағынан қарап тұрған әйел. Түркия, Мурситпинар, 13 қазан 2014 жыл.

Кобанидегі соғысқа Түркия жағынан қарап тұрған әйел. Түркия, Мурситпинар, 13 қазан 2014 жыл.

Ирактағы Күрдістан автономиялық аймағының сыртқы істер министрі Түркиядан «Сириядағы Кобани қаласын қорғаймын деген күрд еріктілеріне шекарасын ашуды» сұрады.

Түркияда тұратын күрдтер арасында «Ислам мемлекеті» содырларының қоршауында қалған Кобани қаласын қорғауға тілек білдірген еріктілер бар. Бірақ Түркия Сириямен арадағы шекарасын жауып тастағандықтан еріктілер Кобаниге жете алмай жатыр. Ирактың Күрдістан автономиясының сыртқы істер министрі Түркия үкіметінен осы еріктілерді шекарадан Кобани қаласына жіберуді сұрады.

Казір Сирияның негізінен күрдтер тұратын Кобани қаласында «Ислам мемлекеті» ұйымының содырларына қарсы күрд жасақтары соғысып жатыр.

«КҮРДТЕРДІ ҚЫРЫП ТАСТАЙДЫ»

Қазанның 13-і күні Прага қаласында Азаттыққа сұхбат берген Күрдістанның сыртқы істер министрі Фалах Мұстафа «Түркия төрт аптаға жуық қоршауда тұрған Кобани қаласына көмектесу туралы халықаралық қауымдастықтың үндеуіне құлақ ассын» деп мәлімдеді.

«Қоршауда қалған Кобаниге қол ұшын созу – адамгершілігімізге сын. Халықаралық қауымдастық үндеуін Түркия қабыл алуы тиіс. Қоршауда қалып, күн сайын содырлармен шайқасып жатқан адамдарға көмек қолын созған жөн» дейді Мұстафа.

Оның пікірінше, Анкара шекарадағы Мурситпинар тексеру пункті мен Кобани қаласы арасында еріктілер Түркиядан Сирияға өтетін дәліз ашып беруі тиіс. Екі қала арасындағы қашықтық бір километрге де жетпейді.

«Біз аспандағы айды сұрап отырған жоқпыз. Бар болғаны Кобаниді қорғауға ниет білдірген еріктілерді шекарадан жіберсе дейміз. Себебі Кобаниге қару-жарақ, медициналық көмек, азық-түлік қажет» дейді Күрдістанның сыртқы істер министрі.

Қазанның 10-ы күні БҰҰ-ның Сирия мәселесі жөніндегі арнайы уәкілі Стефан де Мистура да Түркиядан еріктілерді шекарадан жіберуді сұраған еді. Алайда Анкара ол өтінішке назар аудармады.

Де Мистура «Ислам мемлекеті» ұйымының содырлары қаланы басып алса, ондағы күрдтерді түгелге жуық қырып тастайды» деп мәлімдеді. Оның мәліметіне қарағанда, «700-ге жуық кісі, көбі қарт адамдар, қаладан шығып үлгермеген. Қалған 10-13 мың шамасындағы халық қала маңында бір жерге жиналып тұр. Іс насырға шапса, олардың бәрі қаза табуы мүмкін».

«ЕРІКТІЛЕРДІ ЖІБЕРУ - ҚЫЛМЫС»

Алайда Түркия сыртқы істер министрі Мевлют Чавушоглы БҰҰ уәкілінің ұсынысын қабылдамай тастады. Қазанның 11-і күні ол «France 24» арнасына «азаматтарды соғысқа жіберу - қылмыс» деген.

Бұған қоса, Чавушоглы «Кобаниге аттанған күрд еріктілерінің қолына түскен қару олар елге қайтқанда Түркияға өтіп, оны күрд сепаратистері пайдалануы мүмкін» екенін айтқан.

Сириядағы халық жасақтары – Күрд жұмысшылар партиясының одақтасы. Ал Күрд жұмысшылар партиясы Анкарадан автономия талап етіп, 30 жылдан астам уақыт Түркия үкіметімен күресіп келеді. Бұл партияны Түркия да, бұл елмен одақтас Батыс мемлекеттері де «террористік топ» деп таныған.

Түркияның күрдтер көп тұратын аймақтарында шекараны ашуды талап еткен наразылық шерулері өтті. Кобаниге аттануға құлшынып отырған еріктілердің көбі Күрд жұмысшылар партиясының (КЖП) ардагерлері сияқты. Қазанның 10-ы күні елдің оңтүстік-шығысындағы Диярбакыр қаласында шеру кезінде жарақаттанған ер адам қайтыс болды. Оның алдындағы шерулерді қоса алғанда, полициямен қақтығыс кезінде қаза тапқан кісі саны 31-ге жетті.

Соғыс болып жатқан Кобаниден қашып келген босқындар лагері. Түркия.

Соғыс болып жатқан Кобаниден қашып келген босқындар лагері. Түркия.

Ирактағы автономиялық аймақ – Күрдістанның сыртқы істер министрі Фалах Мұстафа Азаттыққа: «Түркия Күрд жұмысшылар партиясына қатысты позициясын Сирияның күрдтер тұратын ең ірі қаласы Кобаниді қорғаудан биік қойып отыр, бұл – қателік» дейді.

Оның айтуынша, «Ислам мемлекеті» ұйымының содырлары – Сирия мен Иракқа ғана емес, аймақтағы көршілес елдердің барлығына қауіп төндіреді. Ал Анкараның міндеті – бүлікшілерге қарсы соғыса алатын топтарға көмек көрсету.

«СЕНІМДІ СЕРІК – ТЕК КҮРДТЕР»

Мұстафа: «Біз реалист болуымыз керек. Халықаралық коалицияға сенімді серіктес бола алатынын дәлелдеген жалғыз күш – күрдтер, Ирак пен Сириядағы күрдтер. Бүгін де «Пешмерга» жасақтарының (Ирак Күрдістанындағы күрдтердің ерікті жауынгерлері – ред.) «Ислам мемлекеті» содырларына тойтарыс беріп жатқанын көріп отырмыз. Сириядағы Кобаниде де, өзге жерлерде де күрдтер берілмей, қатты қайрат көрсетіп тұр» дейді.

Анкара – «Ислам мемлекеті» ұйымына қарсы құрылған халықаралық коалиция мүшесі. Түркия жаяу әскерін соғысқа араластырмағанымен, Сириядағы көтерілісші жауынгерлерді жаттықтыруға және содырларға әуеден соққы жасайтын ұшақтарға әскери базаларын беруге әзір екенін мәлімдеді.

Алайда түрік үкіметінің мүшелері Батыстың бұқаралық ақпарат құралдарына берген жеке сұхбаттарында «Анкараның небәрі 4 мың көтерілісші жаттықтыра алатынын» айтқан. Олардың өзін түрік барлау қызметтері қатаң түрде іріктеп алмақ.

Ерікті халық жасақтары «Ислам мемлекетіне» қарсы соғыста ұйымдасқан әрі нәтижелі қарсылық көрсете алатындарын дәлелдеді. Бірақ Түркия шекарадағы іріктеу барысында әуелі осы еріктілерді кіргізбей қайтаратын тәрізді.

Соңғы бірнеше күн ішінде «Ислам мемлекеті» содырлары Кобанидің үштен бір бөлігін басып алды. Сирия күрдтеріне АҚШ әуе шабуылдарымен көмектесіп жатыр. Шегініп, қалаға содырларды кіргізіп алған күрдтер қазанның 13-і күні АҚШ әуе шабуылдарының жәрдемімен шайқасқа қайта шықты. Әзірге екі жақтың қайсысы басым түсетінін болжау қиын. Ұрыс қаланың шығысы мен оңтүстік-шығыс аудандарында жүріп жатыр.

Мұстафа: «Түркия шекарасын ашып, күрд еріктілерін қоршаудағы Кобаниге жіберуі керек. Себебі Ирак күрдтері Сирияның солтүстігіндегі бұл қалаға жете алмайды» дейді.

Кобани Ирактың автономиялық ауданы - Күрдістаннан жүздеген шақырым қашық жерде жатыр. Оның үстіне екі ортада, Ирак пен Сирия аумағында «Ислам мемлекеті» экстремистік ұйымы басып алған қауіпті территория бар.

Тағы бір себеп – «Пешмерга» деген атпен белгілі Ирактағы күрд жасақтары «Ислам мемлекеті» содырларымен өз аймақтарында соғысып жатыр.

«Кобаниге көмектесу үшін қолдан келгеннің бәрін жасауға дайынбыз, алайда «Ислам мемлекеті» содырларымен ұзындығы 1035 километр майдан шебінде соғысып жатқанымызды да ұмытпауымыз керек. Біздің содырлармен соғысымыз маусым айында, олар Ирактың үштен бір бөлігін басып алған кезде басталды. Ал тамыз айынан бері күнде шайқас жүріп жатыр» дейді Мұстафа.

Фалах Мұстафа сұхбатының толық нұсқасы (ағылшын тілінде):

(Чарльз Рекнагельдің мақаласын ағылшын тілінен аударған – Әзина Мақұлжан)

XS
SM
MD
LG