Accessibility links

Тәжікстанның Таулы Бадахшанында не болып жатыр?


Хорогтағы қақтығыс. Таулы Бадахшан, 21 мамыр 2014 жыл.

Хорогтағы қақтығыс. Таулы Бадахшан, 21 мамыр 2014 жыл.

Тәжікстанның Таулы Бадахшан облысында үкіметке қарсы шерулер тоқтатамай тұр. Билік «наразылық төрт адам қаза тапқан атыстан кейін басталды, оқиғаны зерттеп жатырмыз» дейді. Ал шерушілер талабы көп.

Душанбе «шерудің алдында болған атысқа жергілікті есірткі делдалдары айыпты» дейді. Бірақ шерушілер мәселе билік айтқаннан әлдеқайда күрделі деп отыр.

Таулы Бадахшанда 2012 жылы да қантөгісті оқиғалар болған еді.

БАДАХШАННЫҢ ЕРЕКШЕЛІГІ НЕДЕ?

Тәжікстандағы «Әлемнің шатыры» аталып кеткен Таулы Бадахшан аймағы – елдің шығысында орналасқан автономиялық облыс.

Таулы Бадахшанның аумағы - Тәжікстан территориясының 45 пайызы. Бірақ мұнда халықтың үш пайызы ғана тұрады.

Автономиялық облыста 250 мыңдай адам тұрады. Көпшілігі ислам дінінің шииттік мазхабының исмаилизм тармағын ұстанады. Ал Тәжікстанның қалған аймағындағы халық - сүнниттер.

Таулы Бадахшан – көптеген тілдер мен диалектілер отаны. Олардың барлығы Памир тілдер тобына жатады.

Бұған қарамастан облыстың ресми тілі тәжік тілі болып саналады. Алайда халық күнделікті тірлікте шугнан, рушан, бартанг және язгулям сияқты Памир тілдерін қолданады.

АТЫС НЕДЕН ШЫҚТЫ?

Хорог – Таулы Бадахшан облысының әкімшілік орталығы. Мұнда мамырдың 21-і күні болған атыстан төрт адам қаза тапты. Осы қайғылы қақтығыстан соң үкіметке қарсы шерулер басталған.

Тәжік билігі «наразылық – есірткі делдалдарына қарсы полицияның операциясынан кейін басталды» дейді. Атыста бір полиция қызметкері, есірткі делдалы деген екі адам және сол маңнан өтіп бара жатқан тағы бір кісі қаза тапқан.

Бірнеше адам жарақат алып, ауруханаға түскен. Арасында қарапайым тұрғындар да бар.

Атыстың соңы жергілікті халықтың шеруіне ұласты. Олар полицияны «атысты тұрғын үйлер кварталының қақ ортасында ұйымдастырды» деп айыптады. Ашулы шерушілер бірнеше ғимаратты өртеген. Олардың арасында облыстық полиция бөлімшесі де бар.

ШЕРУШІЛЕР ТАЛАБЫ НЕ?

Шерушілер мамырдың 21-і күні болған қантөгісті мұқият әрі әділ зерттеуді талап етеді. Бұған қоса, олар облыстық құқыққорғау органдарының басшылары қызметінен босатылсын дейді. Ал ғимарат өртегендердің жазаланбауын қалайды.

Билік «ғимарат өртегендерді» босату талабын орындамай отыр.

Шерушілер лидері Әлім Шерзамонов «Таулы Бадахшан халқының бұл оқиғаға байланысты нақты талаптарынан бөлек, бұрынғы өкпе-реніштері де бар. Қазіргі дағдарыстың негізгі себебі – сол» дейді.

2012 жылы Таулы Бадахшанда үкімет күштері мен шерушілер қақтығысып, ондаған адам қаза тапқан еді.
Хорогтағы өртенген ғимараттың бірі. 21 мамыр 2014 жыл.

Хорогтағы өртенген ғимараттың бірі. 21 мамыр 2014 жыл.



ЕКІ ОҚИҒА АРАСЫНДА БАЙЛАНЫС БАР МА?

2012 жылдың маусым айында болған қақтығыста ондаған адам қаза тауып, жарақат алған. Қаза тапқандар арасында жергілікті тұрғындар көп болған.

Қақтығыс жоғары лауазымды қауіпсіздік қызметкерін пышақтап кеткеннен соң басталған еді. Шерзамоновтың сөзінше, билік 2012 жылғы қақтығыстарға қатысы бар дегендердің көзін құрту үшін қайта-қайта сылтау ойлап табады.

Шерушілер «Билік сол оқиғаларға байланысты 200 адамның тізімін жасаған. Олар – Таулы Бадахшан тұрғындары, көбінесе жас жігіттер» дейді.

«Біз биліктің оларды толық кешіргенін талап етеміз» дейді наразылар.

ДУШАНБЕ МЕН БАДАХШАН БІР-БІРІНЕ НЕГЕ СЕНБЕЙДІ?

Шерушілер Таулы Бадахшандағы дағдарысты «бұрыннан келе жатқан әрі тамыры тереңге кеткен кикілжің» деп сипаттайды.

Шерушілер «сепаратистік пиғылымыз жоқ» дегенімен, «дербестікті кеңейту» талаптары бар екенін растап отыр.

Шерзамонов «Жергілікті халық Душанбенің Таулы Бадахшанда жүргізетін саясатына күмәнмен қарайды» дейді. Ол «облыстың жоғары лауазымды қызметтеріне көбінесе өзге аймақтың адамдары тағайындалатынын» айтты.

Наразылар Таулы Бадахшанның облыс және аудан әкімдерінің барлығы жергілікті тұрғындар арасынан сайланғанын қалайды.

Сонымен қатар, шерушілер құқыққорғау мекемелері мен сот органдарының басшылары да Таулы Бадахшан тұрғындарынан тағайындалуын талап етеді.

Тағы бір өзекті мәселе – тіл. Ұлттық телеарналар мен радиостанциялар памир тілдерінде бағдарлама жасамайды. Бұл – Таулы Бадахшан халқын бұрыннан наразы етіп келеді.

Билік те аймаққа күмәнмен қарайды. Душанбедегі сарапшы Саймуддин Дустовтың айтуынша, «Таулы Бадахшан халқының Тәжікстан президенті Эмомали Рахмоннан гөрі исмаилиттердің рухани лидері Аға ханға бүйрегі көбірек бұрады.

«Аға хан қоры» Таулы Бадахшан мен басқа да тәжік аймақтарына миллиондаған доллар инвестиция салып, қайырымдылық жобаларын іске асырған. Бірақ исмаилиттердің рухани лидері саясатқа араласпай келеді.

Дустов мырза «Аға хан мен тәжік үкіметі бір-біріне құрмет көрсеткенімен, олардың арасында ешқашан сенім болмаған» дейді.

(Фарангиз Наджибулланың мақаласын ағылшын тілінен аударған – Әзина Мақұлжан)

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG