Accessibility links

Ереванда қарулы топ дәрігерлерді кепілге алды


Эребуни ауданындағы полиция ғимаратын басып алған «Сасна Црер» тобын жақтаушылардың шеруі. Ереван, 25 шілде 2016 жыл.

Эребуни ауданындағы полиция ғимаратын басып алған «Сасна Црер» тобын жақтаушылардың шеруі. Ереван, 25 шілде 2016 жыл.

Ереванда полиция ғимаратын басып алғандар үш дәрігерді кепілдікке алды. Билікке саяси талап қойып отырған топтың екі мүшесі жараланып, ауруханаға түскен. Топты жақтайтындар биліктен олармен келіссөз өткізуді талап етіп, шеру өткізді.

Ереванда патрульдік полиция полкінің аймағын басып алған «Сасна црер» («Сасун ержүректері») қарулы тобы мүшелерімен сөйлеспек болған Армения денсаулық сақтау министрі Армен Мурадянды шілденің 27-і күні полиция ғимаратқа өткізбей қойды. Министр соның алдында қарулы топ кепілге алған төрт дәрігерді босату туралы келіссөздер жүргізбекші болған. Мурадянның баспасөз хатшысы Анаит Айтаян министрдің «жағдайды сол жерде анықтап, мәселені шешуге» талпынғанын, бірақ полиция оны өткізбей қойғанын айтады.

Армения денсаулық сақтау министрлігінің өкілі кейін Facebook-тегі парақашасында кепілдегі дәрігерлердің бірі босатылғаны туралы хабарлады. «Басқа үш медициналық қызметкер – екі дәрігер мен бір медбилке әлі кепілде қалып отыр», - деп жазды ол.

Эребуни ауданында полиция ғимаратын басып алғандардың бірі терезеден қарап тұр. Ереван, 27 шілде 2016 жыл.

Эребуни ауданында полиция ғимаратын басып алғандардың бірі терезеден қарап тұр. Ереван, 27 шілде 2016 жыл.

Полиция Армен Мурадянды қарулы топ басып алған ғимаратқа оның қауіпсіздігіне байланысты кіргізбей қойғандарын айтады. Қарулы топ 11 күн бойы бекініп отырған Эребуни ауданындағы полиция ғимаратына дәрігерлер 26 шілдеде кешкісін кірген. Олар соның алдында полициямен атыста жараланған, алайда ауруханаға барудан бас тартқан екі ер адамға жәрдем көрсету үшін барған.

27 шілдеде полицияның баспасөз хатшысы Ашот Агаронян қарулы топ жетекшісі Павел Манукян мен оның ұлы Арам Манукянның түнгі атыс барысында жараланғаны туралы ақпаратты растаған. Биліктің хабарлауынша, полиция қарулы топ басып алған аумаққа өтпек болған кезде екі тарап арасында атыс болып, жараланған Манукян мен оның ұлы ауруханаға жеткізілген. Ол екеуіне ғимаратты заңсыз басып алған және заңсыз қару сақтаған деген айыптар тағылған.

Қарулы топ жетекішісі Павел Манукян журналистер алдында сөйлеп тұр. Ереван, 23 шілде 2016 жыл.

Қарулы топ жетекішісі Павел Манукян журналистер алдында сөйлеп тұр. Ереван, 23 шілде 2016 жыл.

Адвокат Инесса Петроссидің сөзінше, сот Арам Манукянды екі айға қамауға алуды сұраған Армения ұлттық қауіпсіздік қызметі тергеу басқармасының өтінішін қанағаттандырған. Сонымен бірге тергеу орындары Павел Манукянды да қамауға алуды соттан сұрап отыр. Павел Манкуян сәрсенбі күні жасалған операциядан кейін Эребунидегі аурухананың реанимация бөлімінде жатыр деп хабарланды.

Қарулы топтың ғимарат ішіндегі қалған мүшелері 27 шілдеде өздері кепілде ұстап отырған дәрігерлерді жараланған серіктеріне операция жасай алатын мамандарға айырбастауға әзір екендерін мәлімдеген.

«Сасна црер» радикалдық тобының мүшелері заңсыз қару сақтаған деген айыппен 20 маусымда қамауға алынған «Құрылтайшы парламент» қозғалысының жетекшісі Жирайр Сефилянды түрмеден босатуды және Армения президенті Серж Саргсянның отставкаға кетуін талап етіп отыр. Топ мүшелерінің көпшілігі 1990 жылдардың басында Әзербайжанмен арадағы Таулы Қарабаққа қатысты қарулы жанжалға қатысқандар. Армян қоғамында көпшілік жұрт Таулы Қарабақтағы шайқасқа қатысқандарды қаһарман санайды.

Ереванда 27 шілдеде «Сасна црер» радикалдық тобына жақтасқан жүздеген адам көшеге шықты. Шерушілер б​иліктен полиция ғимаратын басып алған қарулы топқа шабуыл жасамауын, олармен келіссөз жүргізуін талап еткен. Эребуни ауданындағы Хоренацид алаңына жиналған «Құрылтайшы парламент» қозғалысының және өзге де оппозициялық партиялар мен топтардың мүшелері қарулы топқа тамақ, су, дәрі жеткізуді, электр мен байланысты қайта орнатуды сұраған.

Эребуни ауданындағы полиция ғимаратын басып алған «Сасна црер» қарулы тобын қолдаушылар шеруі. Ереван, 27 шілде 2016 жыл.

Эребуни ауданындағы полиция ғимаратын басып алған «Сасна црер» қарулы тобын қолдаушылар шеруі. Ереван, 27 шілде 2016 жыл.

Наразылар Таулы-Қарабақ мәселесінде Әзербайжанмен арадағы таласты жерден «800 гектар аумақты қарсы тарапқа беріп қойды» деп армян билігін айыптайды.

Соңғы айларда Таулы-Қарабақ мәселесін реттеу жұмыстары белсенді жүре бастаған. Бұл және күн тәртібіндегі халықаралық проблемалардың бірі деңгейінде қарастырылып отыр.

Дегенмен, армян қоғамында Таулы-Қарабақ үшін күресте ұтылып қаламыз ба деп қауіптену басым.

«Сасна црер» тобының автомат, тапаншалармен қаруланған мүшелері 17 шілде күні Армения астанасы Ереванның Эребуни ауданындағы патрульдік-полиция полкі ғимараты аймағын басып алған. Қақтығыста бір полиция полковнигі қаза тауып, бірнеше адам жараланған. Полиция ғимаратын басып алған кезде бірнеше адамды кепілге алған қарулы топ кейін оларды түгел босатқан.

XS
SM
MD
LG