Accessibility links

АҚШ "TikTok Қытаймен ақпарат бөліседі" деп күдіктенеді. Қазақстан бұған қосыла ма?


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Вашингтон мен Пекин арасындағы саяси тірес ушыққан тұста АҚШ бас кеңсесі Пекинде орналасқан TikTok әлеуметтік желісіне күдік келтірді. Вашингтон жастарға танымал, бір жарым миллиард қолданушысы бар TikTok желісі жұрттың деректерін "Қытай компартиясымен бөліседі" деп алаңдайды. Үндістан бұл желіге тыйым салды. Сарапшының пайымдауынша, Қазақстанның TikTok желісін жабу мәселесін көтеруі екіталай.

АҚШ пен Австралия "TikTok желісінің иесі саналатын Пекиндегі ByteDance компаниясы қолданушылардың жеке ақпаратын Қытай билігіне береді" деген сезікпен әлеуметтік желіге тыйым салуы мүмкін. Ұлыбритания да күдіктенеді. Бұл елдер жұрттың жеке мәліметінің сақталу қауіпсіздігіне, демократиялық емес Қытай үкіметінің оны түрлі мақсатта пайдалану ықтималдығына алаңдайды.

TikTok деген не?

Түрлі эффектілермен әрленген 15-60 секундтық шағын видеоны бөлісуге арналған TikTok әлеуметтік желісі алғаш 2016 жылы Douyin деген атаумен Қытайда таралған. Кейіннен сыртқы нарыққа шықты. 2018 жылы Muscial.ly компаниясымен қосылған соң әлемде жылдам тарала бастады. Қазір оның 1,5 миллиардқа жуық қолданушысы бар. Интернет қолданушысы желіге тіркелерде жеке басының мәліметін енгізуі керек.

АҚШ, Австралия, Ұлыбритания TikTok мәселесін көтермей тұрғанда, маусымның соңында Үндістан билігі елдің "егемендігі мен тұтастығына зиян келтіреді" деп, Қытайдың 59 мобильді қосымшасын, оның ішінде TikTok желісін қолдануға тыйым салды. Ресми Делидің мұндай шешім қабылдауына Гималай тауындағы Қытай мен Үндістан шекарасында екі елдің әскерилерінің қақтығысы себеп болған.

"Бұл жерде TikTok қолдануға тыйым салынады" деген жазуы бар баннерді іліп жатқан адамдар. Амритсар, Пенджаб штаты, Үндістан. 10 ақпан 2020 жыл.
"Бұл жерде TikTok қолдануға тыйым салынады" деген жазуы бар баннерді іліп жатқан адамдар. Амритсар, Пенджаб штаты, Үндістан. 10 ақпан 2020 жыл.

Мобильді қосымшалардың қолдану ауқымы бойынша статистика жүргізетін SensorTower компаниясының дерегінше, Үндістан TikTok желісін жүктеуші саны жағынан Қытай және АҚШ-пен бірге алдыңғы үштікке енеді.

АҚШ НЕДЕН КҮДІКТЕНЕДІ?

Шілденің басында АҚШ мемлекеттік хатшысы Майк Помпео Fox News телеарнасында тілшінің "Жұртқа TikTok желісін жүктеуге кеңес бересіз бе?" деген сауалына: "Жеке деректеріңіз Қытай коммунистік партиясының қолына түссін десеңіз жүктей беріңіз" деп жауап берді.

Помпео "президенттің алдына түскім келмейді, бірақ біз [TikTok] желісіне тыйым салуды қарастырып жатырмыз" деді. Айтуынша, TikTok қолданушылардың мәліметін Қытай үкіметімен бөлісуі мүмкін.

АҚШ мемлекеттік хатшысы Майк Помпео.
АҚШ мемлекеттік хатшысы Майк Помпео.

16 шілдеде Трамп әкімшілігі TikTok пен Қытайдың WeChat мобильдік қосымшасының ұлттық қауіпсіздікке төндірер қатерін зерттеп жатқанын, бірер аптаның ішінде бұл зерттеудің қорытындысы шығатынын хабарлады.

АҚШ-та шығатын New York Times газеті TikTok айналасындағы жағдайды "Цензура мен саясат жаһандық интернетті бөлшектеп, ұлттық шекараларға көп мән бермейтін қолданушылар мен индустрияларды бір-бірінен ажыратып жатыр" деп бағалады.

TIKTOK НЕ ДЕЙДІ?

TikTok желісінің иелері Reuters агенттігіне жіберген мәлімдемесінде Қытай билігіне қандай да бір ақпарат бермегенін айтты.

"Қолданушыларымызға қауіпсіз қосымша ұсынудан артық басымдық жоқ. Біз Қытай үкіметіне ешқашан қолданушы мәліметін берген емеспіз, ұсыныс болған күннің өзінде мұны істемейміз. TikTok желісінің атқарушы директоры – АҚШ азаматы, ал ақпарат қауіпсіздігі жөніндегі басшысы Америка әскерінде, құқық қорғау органдарында ұзақ жыл жұмыс істеген АҚШ азаматы, бізде ең озық қауіпсіздік инфрақұрылымын ыждағатпен дамытып жатқан америкалық команда бар" деді TikTok бұған байланысты жасаған мәлімдемесінде.

Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

TikTok иелері желінің америкалық қолданушыларының мәліметі Вирджиния мен Сингапурда сақталатынын, оған қол жеткізе алатын қызметкерлерге қатаң бақылау орнатылғанын да айтты.

16 шілдеде Ақ үйдің экономика жөніндегі кеңесшісі Лэрри Кудлоу TikTok желісіне Пекиндегі ByteDance Technology компаниясынан бөлініп шығып, америкалық мекеме ретінде жұмыс істеуге кеңес берді.

Reuters агенттігі 18 шілдеде TikTok штаб-пәтерін Лондонға көшіру үшін Ұлыбритания үкіметімен келіссөз жүргізіп жатқанын хабарлады.

"ҚАЗАҚСТАННЫҢ АҚШ Я ҮНДІСТАН СИЯҚТЫ ҚАДАМҒА БАРУЫ ЕКІТАЛАЙ"

Қолданушылардың мінез-құлқын Big Data көмегімен зерттейтін SimilarWeb ресурсының есебінше, Қазақстанда ең жиі жүктелетін мобильдік қосымшалар ішінде TikTok 5-орында, ал ойын-сауық қосымшалары арасында 2-орында тұр.

АҚШ-тағы Джордж Вашингтон университетінің стратегиялық коммуникация магистратурасын тәмамдаған саясаттанушы Шалқар Нұрсейіттің пайымдауынша, Қазақстанның TikTok желісіне қатысты АҚШ я Үндістан сияқты дау көтеруге мүмкіндігі шектеулі, оған саяси, экономикалық мүдде себеп.

Саясаттанушы Шалқар Нұрсейіт Азаттыққа Skype арқылы сұхбат беріп отыр.
Саясаттанушы Шалқар Нұрсейіт Азаттыққа Skype арқылы сұхбат беріп отыр.

- Қазақстанда жасөспірімдер арасында TikTok-ты қолдану артып келеді, бұл бүкіл әлемге тән тренд. Бірақ техникалық тұрғыдан Қазақстанның АҚШ, Үндістан, Австралия сияқты бұл қосымша туралы дау көтеріп, оған тыйым салу мүмкіндігі шектеулі деп ойлаймын. Себебі саяси жағдайды да есепке алған жөн. Бұл компанияның штаб-пәтері Пекинде орналасқан. Қазақстанның Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше екенін, Қытайдың Орталық Азиядағы экономикалық және саяси рөлін ескерсек, Қазақстанның АҚШ не Үндістан сияқты қадамдарға баруы екіталай, - дейді ол.

Саясаттанушы Қазақстан қоғамында алда-жалда TikTok желісіндегі мәліметтердің қауіпсіздігі жайлы әңгіме туындай қалса, Қазақстандағы саяси жүйе оны басып тастайды деп санайды.

- Қытайдың азаматтарға бақылау орнатуға қатысты ұстанымы Қазақстан режимінің ұстанымына жақын. Яғни, біздің режим шпионаж бен цензура орнату мақсатында бұл компаниямен келісімге келуі де ықтимал. Айталық, TikTok Қазақстан азаматтарының мәліметтерін мемлекеттік органдарға береміз десе, өкімет бұдан ешқандай проблема байқамай, керісінше, экстремизм мен терроризммен күрес деген желеумен ол мәліметті қуана-қуана алып отыруы мүмкін. Қазақстанда TikTok-тағы мәліметтердің қауіпсіздігіне қатысты әңгіме туындай қалған күннің өзінде біздегі саяси жүйенің Қытайдікімен ұқсастығын, біздегі жемқорлық деңгейін ескерсек, лоббистер ондай сыни пікірді оңай басып тастайды, - дейді Нұрсейіт.

Қазақстандық SMM маманы, жарнама агенттігінің негізін қалаушы Салтанат Шоланованың айтуынша, жалпы кез келген әлеуметтік желідегі ақпараттың қауіпсіздігіне ешкім кепілдік бере алмайды. Қолданушы жеке ақпаратын бөліскен соң ол бәрібір бір жерде сақталады, сондықтан TikTok желісінің бұл жағынан басқа әлеуметтік желіден айырмашылығы шамалы.

"TikTok Facebook, Instagram сияқты ақша төлеген қолданушының постын алға шығармайды, ол Google, YouTube сияқты алгоритмдермен жұмыс істейді, сондықтан танымал емес, ақшасы жоқ адам да Tik Tok-та жақсы аудитория жинай алады. Сол себепті оның болашағы алда. Қазақстандағы ірі дүкен желілері, коммерциялық мекемелер, ақпарат құралдары, сарапшылар, заңгерлер, саясаткерлер Tik Tok желісінен аккаунт ашып жатыр. Менің ойымша, Қазақстанда TikTok желісінің жабылу қаупі жоқ" дейді Шоланова.

ОҢТҮСТІК КОРЕЯ TIKTOK ЖЕЛІСІНЕ АЙЫППҰЛ САЛДЫ

15 шілдеде Оңтүстік Кореяның коммуникация жөніндегі комиссиясы "қолданушы мәліметін дұрыс басқармағаны үшін" TikTok қосымшасының операторына 155 мың доллар көлемінде айыппұл салды. Елдің коммуникация саласын бақылайтын бұл мекеменің басшысы Хан Сан Юк TikTok желісін "проблемасы көп компания" деп сипаттады.

Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Комиссияның мәліметінше, TikTok 14 жасқа толмаған балаларды тіркегенде ата-анасының рұқсатын алмаған әрі жеке мәліметті шетелге жіберетінін қолданушыларына ескертпеген. TikTok 14 жасқа толмаған балалардың қосымшаны пайдалануына рұқсат етпейміз деп уәде берген, бірақ адамның жасын онлайн тексерудің лайықты жолын қолданбаған. TikTok Оңтүстік Кореяда 2017 жылдың мамырдан бері осындай 6 мыңға жуық баланың мәліметін жинаған.

TikTok 2020 жылдың алғашқы жартысында әлемде ең жиі көшірілген қосымшалардың ішінде үшінші орын алды. Егер АҚШ, Австралия, Ұлыбритания бұл желіге тыйым салса, TikTok біраз аудиториясынан айырылмақ.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG