Accessibility links

Түркиядағы жазалау науқаны шектен шықты


Кейбір болжамдарға қарағанда, Түркияда төңкеріс әрекетінен бері 77 мың мемлекеттік қызметкер жұмыстан уақытша шеттетілген, бес мың қызметкер қызметінен қуылған, 19 мың адам ұсталған, 11 мың адам тұтқындалған.

Кейбір болжамдарға қарағанда, Түркияда төңкеріс әрекетінен бері 77 мың мемлекеттік қызметкер жұмыстан уақытша шеттетілген, бес мың қызметкер қызметінен қуылған, 19 мың адам ұсталған, 11 мың адам тұтқындалған.

Тамыздың 17-сі күні Түркия премьері бас бостандығынан айыру жазасын өтеп жатқан 38 мың адамды түрмеден босату туралы жарлық шығарды. Құжат бойынша кісі өлтірген, әйел зорлағаннан өзге жеңіл қылмыс жасағандар бостандыққа шығады. Қаржылық қылмыс жасағандар да босатылмақ.

Түркиядағы түрмелер кісіге толып кеткендіктен әрі сот процестері баяу жүретіндіктен, үкімет жаңа сотталғандарға орын босату үшін жыл сайын түрлі амнистия жариялап отырады. Шілденің 15-і күні билікті төңкеру әрекетін ұйымдастырды деп айыпталған АҚШ-та тұратын діндар Фетхулла Гүленнің жақтастарын жаппай қамау операциясы басталғалы Режеп Тайып Ердоған үкіметі бұрынғыдан да шапшаң қимылдап, мүмкіндігінше көп адамды түрмеден шығаруға тырысып жатыр.

Гүленнің мыңдаған жақтасы елдің түкпір-түкпіріндегі үлкен залдарда сотты күтіп жатыр. Оларға кәдімгі түрмелерден орын қажет.

Қазір түрік баспасөзінде «Төңкерісшілерге орын босату үшін ұрылар мен қылмыскерлерді босатып жатқан жоқпыз ба?» деген сұрақ жиі қойылады. Бұл сөздің жаны бар.

Бүгін әдеттегідей Түркиядағы басты жаңалықтарды шолып шықтым. Бір ай бұрын болған төңкеріс әрекетіне қатысы бар деген күдікпен соңғы тәулікте тұтқындалып, қызметтен кетіп жатқандар жайлы ақпарларды саралап көрдім. Күрдтердің бүлігіне қатысы бар деген террорлық актілер туралы жаңалықтарды қоса шолдым.

- Ozgur Gundem газетінің полиция ұстаған 24 тілшісі прокуратураға жіберілді;

- Оңтүстік-шығыстағы Битлис қаласы маңындағы ауылда болған терактіден төрт қауіпсіздік қызметкері мерт болды;

- Полиция ұстаған мұғалім Демирташтан хабар жоқ;

- «Арнайы өкім» бойынша 187 бизнесмен ұсталды;

- Түркияның шығысындағы Ван қаласында полиция бекетінде бомба жарылып, үш кісі қаза тауып, 73 адам жараланды;

- Стамбұл мэрі Кадир Топбаштың күйеубаласына қарсы «антигүлен» операциясы жүргізілді;

- Ұлттық радио және телевидение комитеті шығыс Түркиядағы Елязыг қаласында полиция бекетіндегі бомба жарылысы туралы ақпарат беруге тыйым салды;

- Гүленге қатысты іс бойынша ұсталған полковник өзін ақтауға тырысып жатыр;

- Шығыс Түркиядағы Елязыг губернаторы үш полиция қызметкерінің қаза тауып, 146 адамның жараланғанын хабарлады, олардың ішінде 14-інің халі мүшкіл;

- 2 мың 360 адамды - полициядағы, 112 адамды қарулы күштердегі қызметінен босату туралы «арнайы өкім» шықты;

- 86 судья мен прокурорды тұтқындау жоспарланған.

Қазіргі төтенше жағдай кезінде президент не премьер-министр шығарған «арнайы өкімнің» заңдық күші бар.

Бұл тізім әлі жалғасатын сияқты. Күрд бүлікшілеріне қатысы бар террорлық актілер бір сәтке ұмытыла тұратын сияқты.

Шілденің 15-інен бері үздіксіз жалғасып жатқан жаппай жұмыстан шығару және ұстау шараларының есебін білеміз бе? Жоқ. Оны тек қауіпсіздік күштері айта алады. Журналистер тек статистиканы бере алады.

Кейбір болжамдарға қарағанда, төңкеріс әрекетінен бері 77 мың мемлекеттік қызметкер жұмыстан уақытша шеттетілген, бес мың қызметкер қызметінен қуылған, 19 мың адам ұсталған, 11 мың адам тұтқындалған.

Осы дереккөз болжамына қарағанда, жұмысынан уақытша шеттетілгендер саны 100 мыңға жетуі мүмкін.

Президент Гүленді қолдаушылардың «вирусы» барлық жерге таралғанын айтып, «тіпті досың болса да» ондайларды дереу прокуратура мен қауіпсіздік күштеріне ұстап беруге шақырды.

Тамыздың 17-сі шыққан «арнайы өкіммен» полицияның - 2 мың 360 және Түркия әскерінің 122 қызметкері жұмыстан шығарылды.

Болмай қалған төңкерісті 77 мың адамның қолына қару алып немесе басқа да жолдармен белсенді түрде қолдауы мүмкін емес.

Бір кездері Гүлен туралы оң пікір білдіргендердің өздері қара тізімге алынып, жұмыстан кетіп не ұсталып жатыр. Кейбір деректерге қарағанда, тіпті Гүленді қолдағандардың достары да «айыпты» болған.

Оның үстіне кейбіреулер басқалардың қызметі мен бизнесін иемдену үшін қауіпсіздік күштеріне «гүленшілер» туралы деп жалған ақпар беріп, ұстатып жатқан көрінеді.

Бұл ондаған мың істі әділ сотта қарап, ақ-қарасын анықтау бірер жылға созылуы мүмкін. Онда да әділ сот болса.

Ал айыптылар жұмыстан босап, қаржылық қиындыққа тап болып жатыр. Жақын туыстарымен қоса есептегенде, олардың саны жарты миллионнан да асып түсуі мүмкін.

Аббас Жавадидің блогы ағылшын тілінен аударылды.

XS
SM
MD
LG