Accessibility links

Украинадағы танымал ақпарат көзінің бірі – елдің ішкі істер министрі Арсен Аваковтың Facebook парақшасы. Бірақ оның жазғандарын балалардың оқымағаны жөн.

Украина парламенті ғимараты алдында наразылық акциясын жалғастырып жатқан адамдар мен журналист әйелге шабуыл жасағандарға күйінген ол Facebook парақшасында «Нағыз украин әскері (Луганск пен Донецк облыстарында сепаратистермен соғысып жатқан жауынгерлер – ред.) майданнан оралады да, сендерді жақсылап сабайды, сосын осындай әрекет жасау ендігәрі ойларыңа келмейтін болады» деп жазды.

Бұл пікірдің авторын интернетке күні бойы пікір жазғаннан ләззат алатын, қатардағы адам деп ойламаңыз. Ол - Украинаның ішкі істер министрі, елдің жаңа парламентінің ең көрнекті мүшелерінің бірі Арсен Аваков.

«АВАКОВ ӘЛЕМІ»

Аваков әлеміне қош келдіңіздер. Ақпан айында ол жаңа лауазымға тағайындалды. Содан бері бұл кісі Facebook әлеуметтік желісін Украина дағдарысына қатысты пікірлерін ашық, әрі шектеусіз жазатын алаңға айналдырып алды.

Украина ІІМ-нің ресми сайты бар. Бірақ Бакуде туып, Харьковтің қатал да қатігез саяси аренасында шыныққан этникалық армян Аваковтың стиліне Facebook лайық сияқты. Министрдің дағдарысқа қатысты жиі жариялайтын постары (оның көбі елдің шығысындағы сепаратистердің украина әскерімен соғысын баяндайды - ред.) жаңа қызметіне сай, сыпайылау болса етті. Оның мұнысына көңілі толмағандар "Министр басымен бозбала сияқты Facebook-те аузына келгенін айтатынына" наразы болып жатыр.

Төменде Аваковтың Facebook парақшасынан біраз мысал келтірілген.

Ақпанның 28-і күні Аваков «Қырымның Белбек әуежайын басып алған қарулы адамдар Ресей Федерациясының қарулы күштеріне қатысы бар екендерін жасырмайды» деп жазды. Бұл сөзінің жұртқа әсерін арттыра түсу үшін ол «ҚАРУМЕН БАСЫП КІРУ ЖӘНЕ БАСҚЫНШЫЛЫҚ ЖАСАУ БАРЛЫҚ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ КЕЛІСІМДЕР МЕН НОРМАЛАРДЫ БҰЗДЫ» дегенді де қосып қойды.

Журналист Леонид Рагозин «бұл Facebook бетіндегі бір мемлекеттің екінші бір елге басқыншылығы туралы ең алғашқы мәлімдеме болса керек» деп жазды.

Аваков Ресейдің басқыншылығы туралы қателескен жоқ, бірақ кейде оның Facebook-те жариялаған ақпараттары күмән тудырады. Арасында тексерілмеген сандар жүреді. Бірде ол қаза тапқан ресейшілдер туралы расталмаған ақпарат жариялап жіберді.

РЕСЕЙ БАСШЫСЫН БАЛАҒАТТАУ

Маусым айында, сол кездегі Украина сыртқы істер министрі Андрей Дещица Ресей президенті Владимир Путинді балағаттап, бұған Мәскеу ашуланған.

Бірақ Аваков та Ресей басшысын «былапыт» сөздермен сипаттауға қысылмайды.

Шілде айының басында Аваков жариялаған мына суретте бұрын Дещицаның Путинге қарата айтқан сөзін біреу ғимарат сыртына жазып кеткен екен. Аваков оны «бөгде біреудің пікірі» деп құтылды.

Ол Ресейдің сыртқы істер министрі Сергей Лавровқа да шүйлікті. Facebook парақшасына «маскүнем ішпесе тұра алмайды, Лавров та солай өтірік айтпаса жүре алмайтын болды» деп жазды.

Әрине, Ресей тарабы қарап қалған жоқ. Мәскеу Аваков пен Днепропетровск губернаторы Игорь Коломойскийді «соғыстың тыйым салған тәсілдерін қолданғаны үшін, адам өлімі мен журналистердің кәсіби міндетін орындауға кедергі келтіргені үшін, Шығыс Украинада адамдарды ұрлағаны үшін» халықаралық іздеуге берді. (Аваков Facebook бетінде «Ресейдің өзін тым жоғары бағалағанына алғыс» айтты).

ПОЛИЦИЯҒА ШҮЙЛІГУ

Уақытша ішкі істер министрі болып тұрғанда Аваков «Беркут» арнайы жасағын тарату туралы бұйрық шығарды. Ақпан айында биліктен кеткен Украинаның бұрынғы президенті Виктор Януковичке қарсы күрескендер «Беркутпен» соғысқан еді.

Аваков мұнан соң «ЕНДІ БЕРКУТ ЖОҚ» деп жазды.

«Беркут» тарап, жергілікті құқық қорғаушылардың біразы жоғалып немесе ресейшіл күштерге қосылып кеткен шақта Аваков Facebook-те өз қарауындағы әскерилерге қаһарын төгумен болды.

Одесса әкімшілігінде болған өрттен 40 ресейшіл сепаратист қаза тапты. Аваков сол кезде жағдайды қадағалай алмады деп жергілікті ІІМ әскерін айыптады. Facebook парақшасына ол полицияның әрекетін «масқара, тіпті қылмыспен парапар» деп сипаттады.

(Глен Кейтстің мақаласын ағылшын тілінен аударған – Динара Әлімжан)

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG