Accessibility links

Украина белсенділері парламент алдына ішкиімдер ілді


Киевте өткен ішкиім ілу акциясы. 18 қазан 2016 жыл.
Киевте өткен ішкиім ілу акциясы. 18 қазан 2016 жыл.

Украинада белсенділер дүние-мүлкі мен табысын ашық жарияламаған лауазымды тұлғаларды ұялтуға тырысып жатыр.

Қазанның 18-і күні Киевтегі парламент ғимаратының алдына жиналған белсенділер табыс декларацияларын жарияламаған шенеуніктерге «трусы» деп ат қойды. Украин тілінде бұл сөздің «іш киім» әрі «қорқақ» деген екі мағынасы бар.

Заң бойынша бұдан былай электрондық табыс декларациясын толтыру міндетті екенін еске салған белсенділер Жоғарғы Раданың (Украина парламенті - ред.) алдына жіп керіп, оған ішкиімдер әкеліп, іліп тастады және «Қорқақтар, электрондық декларацияларыңды тапсырыңдар!» деп ұрандатты.

Жақында реформашылдар мен Батыс елдерінің талабымен мемлекеттік қызметкерлердің табысы мен дүние-мүлкін электрондық декларация арқылы жариялау жүйесі енгізілген. Бұл жүйені енгізудегі мақсат – шенеуніктердің табыстары мен мүліктерін азайтып көрсетуіне не мүлде жасырып қалуына жол бермеу. Бұл заң елдегі жемқорлықпен күрестің шешуші құжаттарының бірі саналған.

ВИДЕО: Киевтегі ішкиім ілу акциясы (ағылшын тілінде)

Red Underwear For Poroshenko At Kyiv Demo
please wait

No media source currently available

0:00 0:00:50 0:00

Белсенділердің айтуынша, мемлекеттік қызметкерлер заң талаптарын орындап, өздері қызмет ететін халықтың алдында адал екендерін көрсетуі керек, олай болмаса, олардың «кір ішкиімдері» елге әшкере болады. «Жемқорлыққа қарсы әрекет» орталығының директоры, осы шараны ұйымдастырушы Виталий Шабунин:

- Электрондық декларациясын толтырмаған әрбір адам қылмыстық жауапқа тартылады, - дейді.

Жұрт көптен күткен электрондық декларация жүйесі бірнеше рет кейінге қалдырылып келіп, ақыр соңында биылғы тамыздың 15-інде іске қосылған. Бірақ артынша оны қолдану әдістерінен олқылықтар табылғандықтан, жүйені толық жұмыс істетуге мүмкіндік болмай, ол уақытша тоқтатылған.

Кейбіреулер «табысы мемлекеттік қызметтегі жалақысынан әлдеқайда асып түсетін шенеуніктердің ақшаларын басқа жерге жасыруына үкімет мүмкіндік жасап отыр» деп күдіктене бастаған.

Халықаралық валюта қоры (ХВҚ) соғыс кесірінен экономикасы құлдырап, рецессияға түскен Украинаның валюта резервін толтыруға бөлген 1 миллиард доллар траншты электрондық декларация жүйесінің істемей қалуына байланысты кешіктіріп аударды.

Декларация жүйесі іске қыркүйектің 1-і күні қайта қосылды, ХВҚ ақша бөлу туралы соңғы шешімін қыркүйектің 15-і күні шығарды.

Алайда «Жемқорлыққа қарсы әрекет» орталығы өкілдері қазанның 13-і күнгі мәлімет бойынша, «елдегі 50 мыңға тарта мемлекеттік қызметкердің тек 6500-ге жуығы, яғни тек 13 пайызы электрондық декларацияларын толтырды» дейді.

Шенеуніктер қазанның 31-іне дейін электрондық декларация толтырып бітуі тиіс.

Табыстарын жарияламаған шенеуніктердің арасында президент Петр Порошенко, премьер-министр Владимир Гройсман және Жоғарғы Рада төрағасы Андрей Парубий бар.

Белсенді Шабунин ең жоғары лауазым иелері ретінде бұл тұлғалар басқаларға үлгі болып, декларацияларын мерзімінен ерте тапсыруы керек деп санайды. Әзірге бұлардың ешқайсысының осы жайтқа қатысты уәжін білу мүмкін болмады.

Транспаранттар мен ішкиімдер көтерген белсенділер парламент ғимаратынан соң министрлер кабинеті мен президент әкімшілігінің жанына келіп, наразылық білдірді. Олар «Тек жемқор адам ғана электрондық декларация толтырудан қорқады» деп ұрандатты.

Кристофер Миллердің мақаласы ағылшын тілінен аударылды.

XS
SM
MD
LG