Accessibility links

АҚШ-тағы сайлау жүйесі қандай, нәтижені кім шығарады?


Дауыс беріп жатқан азаматтар. АҚШ, Пенсильвания, 26 сәуір 2016 жыл. (Көрнекі сурет)

Дауыс беріп жатқан азаматтар. АҚШ, Пенсильвания, 26 сәуір 2016 жыл. (Көрнекі сурет)

АҚШ азаматтары президент сайлауына дауыс бергенде келесі президенттің кім болатынын тікелей анықтамайды. Бұл елдің президенті бүкілхалықтық дауыс беру нәтижесін ескере отырып шешім шығаратын бірнеше сатылы жүйе арқылы сайланады.

Қарашаның 8-і күні АҚШ-тың ондаған мың азаматы президент сайлауына түсіп жатқан кандидаттарға дауыс береді. Алайда сайлаудың ресми әрі түпкілікті қорытындысын сайлау алқасындағы 538 таңдаушы дауыс беріп шығарады.

Сайлау алқасын 1787 жылы АҚШ конституциясының авторлары құрған. Бұл қадамға олар «АҚШ президенті жалпыхалықтық дауыс беру арқылы сайлануы керек» және «президентті Конгресс (АҚШ парламенті – ред.) таңдауы тиіс» деген дау шыққанда ортадан бір мәміле табу үшін барған.

Сайлау алқасының тағы бір міндеті – халқы аз шағын штаттардың таңдауын халық тығыз қоныстанған ірі штаттардың даусы басып кетпеуін қамтамасыз ету. Сондықтан, сайлау алқасындағы әр штаттың өкілдерінің саны олардың Конгрестегі өкілдері санымен бірдей.

АҚШ сайлаушыларының акциясы. Филадельфия, 25 шілде 2016 жыл. (Көрнекі сурет)

АҚШ сайлаушыларының акциясы. Филадельфия, 25 шілде 2016 жыл. (Көрнекі сурет)



Мысалы, халық ең тығыз қоныстанған Калифорния штатының сайлау алқасындағы өкілдерінің саны тұрғындарының үлес салмағына орай – 55; соған сәйкес бұл штаттың Сенатта – 2, Өкілдер палатасында 53 депутаты бар.

Халық аз қоныстанған шағын штаттардың сайлау алқасында үш-үштен өкілі бар, яғни олардың Конгресте екі сенаторы, өкілдер палатасында бір депутаты болады.

АҚШ астанасы Вашингтон штат болып саналмайды, маңайын қосып, Колумбия округі атайды. Қаланың Сенатта да, Өкілдер палатасында да адамы жоқ. Алайда АҚШ конституциясына енгізілген 23-түзету бойынша Колумбия округінің сайлау алқасында үш өкілі, яғни үш даусы бар.

ЖЕҢІМПАЗҒА БИЛІК БҰЙЫРАДЫ

Сайлау алқасындағы таңдаушылар дауыстарын өз штаттарында көпшілік дауыс алған кандидатқа беруге міндетті. Бұл ереже Мэн және Небраска штаттарына ғана жүрмейді.

Президент болу үшін кандидатқа сайлау алқасындағы дауыстардың көпшілігін алса жеткілікті. Яғни, сайлау алқасында 270 немесе одан көп дауыс алған үміткер президент болады.

Республикалық партия атынан сайлауға түсіп жатқан Дональд Трамп. Огайо, 21 шілде 2016 жыл.

Республикалық партия атынан сайлауға түсіп жатқан Дональд Трамп. Огайо, 21 шілде 2016 жыл.

Егер сайлау алқасында екі кандидат тең түсіп жатса, екеуінің біреуін Өкілдер палатасы президент етіп тағайындайды. Мұндай жағдай АҚШ тарихында бір-ақ рет болған.

АЛАЯҚ ТАҢДАУШЫ

Әдетте сайлау алқасындағы таңдаушылар - саяси партиялар өкілдері. АҚШ-та екі-ақ партия, яғни таңдаушының саяси партиясынан да кандидат сайлауға түсіп жатады деген сөз. Сондықтан, сайлау алқасындағы таңдаушы штат халқының дауыс беру нәтижесіне қарамастан өзінің даусын партияласына беріп жіберуі мүмкін деген күдік туады. Сөйте тұра, оларды штат халқының дауыс беру нәтижесіне бағынуға міндеттейтін федералдық заң жоқ. Штат халқының алдында адал болуға міндет арқалаған, бірақ оны орындамаған таңдаушыны «алаяқ» деп атайды.

«Алаяқ таңдаушыны» жазалау туралы заң АҚШ-тың 29 штаты мен Колумбия округінде ғана бар. 21 штатта ондай заң жоқ.

Мичиган және Миннесота штаттарында алаяқ таңдаушылардың берген даусы іске жарамсыз болып саналады.

АЛҚАДА ЖЕҢГЕНДЕР ПРЕЗИДЕНТ БОЛА БЕРМЕЙДІ

Сайлау алқасына деген наразылық та жоқ емес. Өйткені, АҚШ сайлаушыларының көпшілік даусын алған кандидат сайлау алқасында жеңіліп қалуы мүмкін.

Демократиялық партия атынан сайлауға түсіп жатқан Хиллари Клинтон. АҚШ, 5 шілде 2016 жыл.

Демократиялық партия атынан сайлауға түсіп жатқан Хиллари Клинтон. АҚШ, 5 шілде 2016 жыл.

Ондай жағдай 2000 жылы болған. Ол жолы республикашылдар партиясының кандидаты Джордж Буш сайлау алқасының көпшілік даусын алды, бірақ қарсыласы Альберт Горға қарапайым сайлаушылар 500 мыңдай артық дауыс берген еді.

1876 жылы республикашылдар партиясының кандидаты Ратерфорд Хейс президент болып сайланды. Ал оның қарсыласы демократ Сэмюэл Тилден жалпыхалықтық сайлауда азаматтардың жартысынан көбінің даусын алған болатын. Бірақ ол сайлау алқасындағы дауыс беру нәтижесі бойынша жеңіліп қалды. Мұндай жағдай тарихта бір-ақ рет болған.

1824 жылы жікке бөлінген демократиялық-республикалық партия атынан түскен төрт кандидаттың ешқайсысы сайлау алқасында басым дауыс ала алмады. Сондықтан президентті Өкілдер палатасындағы дауыс беру нәтижесі арқылы таңдады: ол жолы АҚШ президенті қызметіне Джон Куинси Адамс келген еді.

1800 жылы тарихта жалғыз мәрте сайлау алқасында екі адам- Томас Джефферсон мен оның вице-президент қызметіне ұсынған кандидаты Аарон Бёрр тең түсті. Мұнан соң президент таңдау құзыреті Өкілдер палатасы беріліп, ондағы дауыс беру нәтижесі бойынша Джефферсон президент болған.

Рон Синовитцтің мақаласы ағылшын тілінен аударылды.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG