Accessibility links

Оскар жүлдесін тапсыру кезінде дүрбелең болды


Жүргізушіге жеңімпаздың La La Land фильмі емес, Moonlight картинасы екенін көрсетіп жатқан сәт. 26 ақпан 2017 жыл.
Жүргізушіге жеңімпаздың La La Land фильмі емес, Moonlight картинасы екенін көрсетіп жатқан сәт. 26 ақпан 2017 жыл.

Америка киноакадемиясының «Үздік фильм» номинациясы бойынша бас жүлдесі бозбаланың үлкен өмірге араласқан шағын түсірген Moonlight (Ай нұры) фильміне берілді. Бірақ бас жүлденің иегері ретінде басқа фильм аталып, залда біраз дүрбелең болды.

Ақпанның 26-сы өткен Оскар жүлдесімен марапаттау салтанатында сахнадан жүргізуші бас жүлдені алған фильмнің атауы қате хабарлап, зал ішінде кішірігім дүрбелең болды. Жүлдені алуға сахнаға шыққан La La Land (Ла Ла Ленд) мюзиклін түсірген топ Оскар жүлдесін ұйымдастырушыларға алғыс білдіріп жатқанда бас жүлде алған фильмнің атауы қайта жарияланды. Сөйтіп, жылдың үздік фильмі Moonlight (Ай нұры) картинасы екені біраздан кейін барып белгілі болды.

Ал La La Land мюзиклі «үздік режиссура», «үздік актриса» сияқты 6 аталым бойынша марапатталды.

"Үздік режиссер" номинациясы бойынша жүлде алып тұрған La La Land режиссері Дэмиен Чазелле. АҚШ, 26 ақпан 2017 жыл.
"Үздік режиссер" номинациясы бойынша жүлде алып тұрған La La Land режиссері Дэмиен Чазелле. АҚШ, 26 ақпан 2017 жыл.

Бұл сәтке дейін АҚШ президенті Дональд Трамптың миграциялық саясатына қатысты айтылған кейбір сын-ескертпелерді есептемегенде жүлде тапсыру рәсімі тыныш өтіп жатқан еді.

Трамптың миграциялық саясатына қатысты наразылық мәлімдемесін ирандық кинорежиссер Асгар Фархади жасады. Ол Трамп саясатына қарсылық ретінде марапаттау рәсіміне қатысудан бас тартты.

Фархадидің The Salesman (Сатушы) фильмі Оскар жүлдесінің шет тілде түсірілген үздік картина номинациясы бойынша марапатталды. Жүлдені ирандық инженер әрі ғарыштық турист Ануше Ансари қабылдап алды.

Ансари Асгар Фархадидің "Өте өкінішті, бүгін мен сіздермен бірге бола алмадым. Марапаттау рәсіміне отандастарымды сыйлағандықтан қатыса алмадым және азаматтарына АҚШ-қа кіруге тыйым салынған тағы алты елдің атынан да осылай наразылық білдірдім» деген сәлемхатын оқып берді. Фархади миграция туралы Трамп шығарған заңды «адамшылықтан ада» деп бағалайды.

Әлемді «өзіміз» және «бөтендер» деп бөлу жік тудырады, өшпенділікті қоздырады, соғысты ақтайды.

Ансари Фархадидің «Әлемді «өзіміз» және «бөтендер» деп бөлу жік тудырады, өшпенділікті қоздырады, соғысты ақтайды» деген сөздерін оқыды.

Фархади мен негізгі рөлдердің бірін сомдаған актриса Таране Алидусти өткен айда марапаттау рәсіміне келмейтіндерін хабарлаған еді. АҚШ-тың жаңадан сайланған президенті Дональд Трамптың жарлығы бойынша жеті бірдей мұсылман мемлекетінен (Иран, Ирак, Ливия, Сомали, Судан, Сирия және Йемен - ред.) келетін қонақтар мен босқындарға АҚШ-қа кіруге ақпанның 3-інен бастап тыйым салынған. Бұл жарлықтың күшін апелляциялық сот ақпанның 9-ы жойған болатын.

Оқи отырыңыз: АҚШ-қа кіруге салынған тыйымның кесірі кімге тиеді?

Трамп мұндай жарлықтың жаңасын шығаратынын мәлімдеген.

Фархади түсірген The Salesman (Сатушы) фильмі жас жұбайлардың қарым-қатынасына арналған. Пәтерде жалғыз қалған жас әйелге шабуыл жасалғаннан кейін оның күйеуімен қарым-қатынасы өзгереді.

La La Land фильміне түскен актерлер Райан Гослинг пен Эмма Стоун.
La La Land фильміне түскен актерлер Райан Гослинг пен Эмма Стоун.

Оскардың 6 аталымы бойынша марапатталған La La Land мюзиклін бас жүлде иегері ретінде актер Уоррен Битти шатасып мәлімдеп жіберді. Бірақ ол бірер минут ішінде жаңылғанын түсініп, шын жеңімпазды қайта жариялауға мәжбүр болды.

Moonlight фильмі анасы есірткіге тәуелді болып қалған, өмір қиыншылықтарын көріп өскен майамилік бозбаланың үлкен өмірге қадам басқан сәтін баяндайды.

Moonlight фильмімен қатар Оскардың «үздік қысқаметражды фильмі» жүлдесін Сирия соғысы туралы деректі фильм алды.

Әр түрлі номинация бойынша Оскар жүлдесі тізімі:

Үздік актер: Кейси Аффлек – Manchester by the Sea (Теңізден шыққан Манчестер).
Үздік актриса: Эмма Стоун - La La Land.
Екінші пландағы үздік актер: Махершалалхашбаз Али – Moonlight.
Екінші пландағы үздік актриса: Виола Дэвис – Fences (Қоршаулар).
Үздік режиссер: Дэмиен Чазелле - La La Land.
Үздік өзгертілген сценарий: Барри Дженкинс, Таррелла МакКрейнидің повесі – Moonlight.​
Үздік түпнұсқа сценарий: Кеннет Лонерган - Manchester by the Sea.
Кинодағы үздік ән: City of Stars (Жұлдыздар қаласы) - La La Land, музыкасы - Джастин Гурвиц, сөзі - Бен Пасек пен Джастин Поул.
Үздік деректі фильм: Made in America (Америкада жасалған), Эзра Едельман және Кэролайн Уатерлоу.
XS
SM
MD
LG