Accessibility links

Содырлар бүлігі Өзбекстан іргесіне жетті


Өзбекстан мен Ауғанстанды бөліп ағатын Әмудария өзенінде жүрген кеме. Термез (Көрнекі сурет).

Өзбекстан мен Ауғанстанды бөліп ағатын Әмудария өзенінде жүрген кеме. Термез (Көрнекі сурет).

Өзбекстан тұрғындарының оңтүстіктегі Ауғанстан жақтан зымыран гүрлісін естімегендеріне бірер жылдың жүзі болған еді.

Ауғанстанның Ariana TV телеарнасы «Талибанның» мамырдың 2-сі түнде Балх аймағына қарасты Калдор ауданына шабуыл жасағанын хабарлады. Телеарнаға сұхбат берген генерал Мир Хайма Хайдари шабуылды тойтарғандарын, үкімет әскерінен адам шығыны болмағанын айтты.

Генералдың бұл сөзі Өзбекстан президенті Ислам Каримовтың уайымын баса алмайтын тәрізді. Ол Калдор ауданының қайда орналасқанын жақсы біледі. Бұл аудан Өзбекстанның оңтүстік шетіндегі Термез қаласының іргесінде жатыр.

1997 жылы қыркүйекте соғыс болып жатқан Ауғанстаннан атылған бомба Термезге түскен. 1998 жылы тамыз айында «Талибан» содырлары Калдор ауданындағы Хайратон қалашығын басып алғанда Ташкент абдырап қалған. Хайратон – Өзбекстан мен Ауғанстанды бөліп жатқан Әмудария өзенінің арғы жағасындағы қалашық. Ол «Талибан» қоластына өткен соң президент Каримов жағдайды бақылау үшін Термезге барған еді.

Әңгімелесіп отырған ақсақалдар. Өзбекстан, Термез қаласы, 13 қазан 2001 жыл. (Көрнекі сурет)

Әңгімелесіп отырған ақсақалдар. Өзбекстан, Термез қаласы, 13 қазан 2001 жыл. (Көрнекі сурет)

Сөйтіп Өзбекстан мен оның басшысы Ислам Каримов «Талибан» содырларымен үш жыл іргелес көрші болды. 2001 жылғы қыркүйектегі Нью-Йорк пен Вашингтонға жасалған террорлық шабуылдардан соң АҚШ Ауғанстанда террормен күрес операциясын бастап, Талибанды талқандауға кіріскенде бұған бәрінен қатты қуанған Ислам Каримов болды.

Бірақ соңғы жылдары «Талибан» ұйымы содырлары қайта бас көтеріп, Ауғанстанның солтүстігін иемденіп алды. Соңғы айларда қақтығыс аймағы іргедегі Тәжікстан мен Түркіменстан шекараларына дейін созылды.

Биылға дейін Ауғанстанның Балх аймағындағы жағдай бірқалыпты болғандықтан, Өзбекстан көп уайымдамай келген. Наурыз айынан бері үкімет жасақтары Балх өңірінен «Талибан» содырларын тықсыруға тырысып жатыр. Алайда мамырдың 2-сі күні Калдор ауданында тәліптердің әлі беріспей соғысып жатқаны белгілі болды.

Наурызда Балх аймағының губернаторы Атта Мұхаммед Нұр үкімет жасақтарының бұл өңірде тек «Талибанмен» ғана емес, «Ислам мемлекеті» (ИМ – Қазақстанда тыйым салынған) террорлық ұйымы содырларымен де соғысып жатқанын айтты. Бұлар «Өзбекстан ислам қозғалысы» террорлық ұйымының басшысы Усман Ғазидің Ауғанстанның солтүстік-батысына жіберген қарулы топтары болуы да мүмкін. ИМ-мен бірігетінін жариялаған Ғази 2015 жылғы қарашада өлтірілген болатын.

Өзбекстанды толғандыратын және бір мәселе бар. Балх аймағы билігіне оның губернаторы Нұр мен Ауғанстан вице-президенті Абдул Рашид Дустум бұрыннан таласып келеді. Соңғы 30 жылда аймақ орталығы - Мазар-и-Шариф көбіне Дустумның бекінісі рөлін атқарған.

2015 жылдың жазынан бері Балхтың батысындағы аудандарда «Талибанмен» күрес операциясын Дустум арнайы келіп басқарды. Бұл кезде Нұр мен Дустум әскери тұрғыдан одақтас болды. Алайда биыл наурызда екі бәсекелес қолбасшыны қолдайтын жұрттың қатар шеруге шығуы Кабулдағы басшылықты тіксінтіп тастады. Нұр мен Дустум өзара соғысып кететін болса, онда Ауғанстанның Өзбекстанмен арадағы шекарасын қорғайтын ешкім қалмай қалуы мүмкін.

Абдул Рашид Дустум халықпен кездесіп тұр. Ауғанстан, 24 ақпан 2016 жыл. (Көрнекі сурет)

Абдул Рашид Дустум халықпен кездесіп тұр. Ауғанстан, 24 ақпан 2016 жыл. (Көрнекі сурет)

Мұндай жағдай 1997 жылы болған да еді. Дустумның командирлерінің бірі Абдул Мәлік бүлік шығарып, Дустумды аймақтан қуып жіберген. Одан соң «Талибанмен» ауыз жаласқан Мәлік оларды Мазари-и-Шарифке шақырып, артынша пікірін қайта өзгертіп, содырлар жасақтарын қырып тастаған.

Дустум әупіріммен билікті алып, Абдул Мәлікті кетіргенімен, әскери қуаты азайғандықтан, оның қарулы күштері 1998 жылы тамызда Мазар-и-Шарифтен қайта айырылып қалған болатын.

Каримовтың жағдайын күрделендіріп тұрған және бір жайт – 1990-жылдары Өзбекстан Рашид Дустумға көмектесіп, Мазар-и-Шариф қаласын электр қуатымен тегін қамтамасыз еткен. Бәлкім бұдан басқа да көмек көрсетілген болар. Ташкент Дустумды Өзбекстанның оңтүстік қақпасын қорғайтын адам ретінде қарастырады. Ал Нұрды ешкім Ташкентпен байланысы бар деп айыптай алмайды.

Өзбекстан соңғы 20 жылда Ауғанстанмен шекарасын барынша күшейтті. Биылғы сәуірде шекарада атыс болып, үш Ауғанстан азаматы қаза тапқан соң, Өзбекстан онда тағы қосымша әскер жіберген. Қазір ешқандай қарулы топтың Әмудария арқылы өзбек жеріне өтуіне мүмкіндігі жоқ.

Алайда мамырдың 2-сі күні ауған шекарасында болған зымыран шабуылы Өзбекстан басшылығының халық қауіпсіздігі мен ел ішіндегі терроршыларды қолдайтындарға қатысты уайымын күшейтті. Өзбекстан азаматтары үшін бұл да өте таныс жағдай. 1990-жылдары «Талибан» өзбек шекарасынан өтпек болғанда үкімет терроршыларға көмектесуі мүмкін деген күдіктілерді жаппай тұтқындаған.

Брюс Панниердің мақаласы ағылшын тілінен аударылды.

XS
SM
MD
LG