Accessibility links

ИМ Әмударияға таяды ма?


ИМ-нің қара туының Орталық Азия шекарасының оңтүстігіндегі ауған жеріне тігілгені рас, бірақ әзірге ту астына қанша адамның жиналғаны және олардың басын не біріктіретіні белгісіз.

ИМ-нің қара туының Орталық Азия шекарасының оңтүстігіндегі ауған жеріне тігілгені рас, бірақ әзірге ту астына қанша адамның жиналғаны және олардың басын не біріктіретіні белгісіз.

«Ислам мемлекеті» экстремистік ұйымының қара туы Орталық Азия шекарасына таяу маңға, Ауғанстанның солтүстік аудандарына тігілді деген дерек бар. Ашхабад, Ташкент пен Душанбенің көңілі күпті.

«Азатлық» аталатын Азаттықтың Түркімен қызметі «Ислам мемлекеті» (ИМ) экстремистік ұйымының қара туы Ауғанстанның солтүстік-батыс провинцияларынан байқалғанын хабарлады. Ал Азаттықтың Gandhara сайты тілшілері қара туды Ауғанстанның солтүстік-шығысынан көргендерін жазды.

АУҒАНСТАНДАҒЫ ИМ МҮШЕЛЕРІ КІМ?

Ауғанстанға аттанған БҰҰ өкілі Николас Хейсом наурыздың 16-сы күні осы ұйымның Қауіпсіздік кеңесіне «ИМ мүшелері Ауғанстанға келді, бірақ әлі терең тамыр жаймаған» деп мәлімдеді. Бұған қарағанда, қара тудың Орталық Азия шекарасының оңтүстігіндегі ауған жеріне тігілгені рас, бірақ әзірге ту астына қанша адамның жиналғаны және олардың басын не біріктіретіні белгісіз.

Азаттықтың Түркімен қызметі Ауғанстанның солтүстігіндегі ИМ әрекетіне қатысты дөңгелек үстел өткізіп, «Экстремистік топ Әмударияны кешіп өтуі мүмкін бе?» деген мәселені талқылады.

Дөңгелек үстелге ауған парламенті мүшелері Нахид Фарид пен Шукрия Баракзай және «Ауғанстан сарапшылар желісі» орталығының негізін қалаушы және директоры Томас Руттиг қатысып, «Ауғанстандағы ИМ» туралы талқылады.

«Кишлок Овози» басылымы бұған дейін «Ауғанстанның солтүстік-батысындағы Фарьяб провинциясының командирі Бобидің осы аймақтан және оған көршілес Жоузжан провинциясынан (екі өңір де Түркіменстанмен шекаралас – ред.) ИМ өкілдерін байқағанын» жазған еді.

Полиция ұстаған "Талибан" қозғалысы мүшелері деген күдіктілер. Ауғанстан, 5 ақпан 2015 жыл.

Полиция ұстаған "Талибан" қозғалысы мүшелері деген күдіктілер. Ауғанстан, 5 ақпан 2015 жыл.

Азаттықтың Gandhara сайты сайты Құндыз провинциясы (Ауғанстан) губернаторы Мохаммед Омар Сафидің «ИМ жауынгерлері солтүстік-шығыс провинцияда жүр» деген пікірін келтіреді. Бұл провинция Тәжікстанмен арадағы шекарада орналасқан, Өзбекстаннан да алыс емес.

Түркіменстан бірнеше айдан бері Ауғанстанмен арадағы шекараны күшейтуге тырысып отыр. Тәжікстан да соңғы бірнеше жылда шекара күзетін нығайтуға әрекеттеніп келеді. Осы айда солдаттар, резервтегі адамдар, жергілікті полиция мен медицина қызметкерлері сияқты әскери шараларға қажетті 50 мыңға жуық адамның басын қосып, ауған шекарасына таяу жерде әскери жаттығу да өткізді.

Руттиг мазасыздыққа себеп бар екенін айтады. Бірақ оның пікірінше, негізгі қауіп ИМ-нің өзінен төніп тұрған жоқ. «Әртүрлі аймақтарды бақылап шықтық, ішінен қауіпті үш аймақты анықтадық, бірақ олардың бәрі - бұрын «Талибан» немесе «Хизб-и-Ислами» топтарына бағынған жергілікті топтар» дейді ол.

Бірнеше жүз немесе бірнеше мың содыр «елге кірді» деген дерекке түсініктеме берген Руттиг «мың санының соңындағы бір нөлді алып тастаңыздар» дейді.

ОРТАЛЫҚ АЗИЯҒА ҚАУІП БАР

Фарид те Ауғанстанның солтүстігінде содырлар жүргенін айтады, бірақ ауған депутаты «Олардың көбі - ИМ атын пайдаланғысы келетін топтар. Бұрын ешкім мән бермейтін жасақтар бар еді. Енді олар көзге түсу үшін ИМ-ге адал болуға ант берді» дейді.

Баракзай да осыны растайды. Ол «Бұларға жақсы мүмкіндік туып тұр. Себебі Ауғанстан үкіметі бейбіт өмірдің жаңа кезеңін бастамақ, «Талибан» арасында соны қаламайтын топтар бар» дейді.

БҰҰ елшісі Хейсом да Қауіпсіздік кеңесіне арнаған мәлімдемесінде осындай пікір айтты. Ол «Ислам мемлекеті» ұйымы бұл елдегі бастары қосылмай жүрген бүлікшілер тобын біріктіруі мүмкін» дейді. Мұның соңы Орталық Азия елдеріне тыныштық әкеледі деу қиын.

Сирияда ИМ сапында жүрген өзбек деп жарияланған сурет.

Сирияда ИМ сапында жүрген өзбек деп жарияланған сурет.

Орталық Азияның жүздеген тұрғыны ИМ-ге қосылуға аттанды, бірнеше мыңы Ауғанстан мен Пәкістанға өтті, көбі Өзбекстан Ислам қозғалысы тобына қосылды немесе оның филиалдарына мүше болды.

Бірақ Пәкістан әскері Солтүстік Вазиристанға (Пәкістанның бір өңірі – ред.) шабуылдаған кезде осы Орталық Азиядан барған содырлардың көбі солтүстік Ауғанстанға ауып кетуге мәжбүр болды.

Олар әлі күнге дейін Өзбекстан Ислам қозғалысы сапында, бірақ Пәкістандағы тұрағынан айырылған соң Ауғанстандағы ИМ мүшелерінің ықпалына тез түсуі мүмкін.

Фаридтің айтуынша, бұл топтар әрекеттерін жалғастыру үшін ИМ-мен байланыс орнатуға тырысады. Ол «Содырлар Орталық Азия мен Оңтүстік Азия арасын «жалғауды» көздейді, бұл «маршрутқа» Өзбекстан, Тәжікстан, Пәкістан мен Ауғанстан кіреді. Бұның өте қауіпті» дейді.

Парламент мүшесі Ауған үкіметінің көршілес Орталық Азия елдерімен бірлесе әрекет етіп, «осындай топтарға қарсы тұру үшін ынтымақтаса жұмыс істейтінін» айтты. Жиынға қатысушылар Ауғанстандағы ИМ содырлары кімдер болуы мүмкін екенін талқылап, олардың санын, ауған жерінде әрекет ету мүмкіндіктерін саралады.

Дөңгелек үстелдің аудио нұсқасы (ағылшын тілінде):

(Брюс Баннердің мақаласын ағылшын тілінен аударған – Динара Әлімжан)

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG