Accessibility links

Қазақстанға Илон Масктің интернеті қашан келеді? Басты сұрақтарға жауап


Спутниктен тарайтын интернет толқынын ұстайтын Starlink терминалының қасында жатқан күшіктер. Украина, Донецк облысы Лиман қаласының маңы, 7 қазан 2022 жыл.
Спутниктен тарайтын интернет толқынын ұстайтын Starlink терминалының қасында жатқан күшіктер. Украина, Донецк облысы Лиман қаласының маңы, 7 қазан 2022 жыл.

Америкалық кәсіпкер Илон Масктің SpaceX компаниясы спутник арқылы ұсынатын интернет қызметін әлемнің көп елі пайдаланып отыр. Starlink Қазақстанға қашан жетеді? Бұл интернет қызметін тұтынушы қалай пайдаланады, қаншаға түседі? Спутниктен интернет тарататын бәсекелестер бар ма? Азаттық осы жайлы ақпараттарды жинап, оқырман назарына ұсынады.

STARLINK ДЕГЕН НЕ?

Starlink – ірі қалалардан шалғайдағы елдімекендерді, теңізде жүзіп жүрген кемелерді интернет байланысымен қамтамасыз етіп, автократиялық режимдерде цензурасыз ақпарат тарату үшін SpaceX компаниясы ойлап тапқан ғаламдық жүйе.

Осы мақсатта жер орбитасына 2300 спутник ұшырылған. Бұл желіге қосылу үшін станциялар, үй және жұмыс терминалдары қажет.

СПУТНИКТЕН ТАРАЙТЫН ИНТЕРНЕТ ҚАЗАҚСТАНҒА ҚАШАН КЕЛЕДІ?

Қазақстан аумағында спутник арқылы тарайтын интернет байланысы 2023 жылдың төртінші тоқсанында іске қосылуы мүмкін. Елдің цифрлық даму министрлігі Азаттық сауалына осылай жауап берді. Бағдат Мусин басқаратын министрлік дерегінше, "Геостационарлы емес спутник жүйелерінің Қазақстан нарығына келуі "Орталық Азиядағы шетелдік операторлардың қызығушылығы мен ондағы жүйенің техникалық дайындығына байланысты. Бұған мемлекет араласа алмайды".

Британдық OneWeb және Оңтүстік Кореяның SES компанияларының спутниктен тарайтын интернет байланысы Қазақстанға Starlink-тен ерте келетін сияқты. Цифрлық даму министрлігінің мәліметінше, жоғарыда аталған қос компания 2023 жылдың ортасына қарай Қазақстанда шлюз станциясы құрылысын аяқтауды жоспарлап отыр. Ал SpaceX компаниясының PoP салу мүмкіндігін қарастыруының өзіне осынша уақыт кетеді.

Спутниктен тарайтын интернетті халыққа жеткізу үшін британдық және оңтүстік кореялық компанияларға қазақстандық байланыс операторы керек. Ал Starlink тұтынушымен (абонентпен) тікелей жұмыс істейді.

ИНТЕРНЕТКЕ БІРІНШІ КІМДЕР ҚОСЫЛАДЫ?

Министрлік геостационарлы емес спутник операторларының көмегімен халық саны 250-ге жетпейтін шалғай ауылдарға кең жолақты интернет жеткізуді көздеп отыр. Қазақстандағы мұндай ауылдар саны мыңнан асып жығылады.

СПУТНИКТЕН ТАРАЙТЫН ИНТЕРНЕТ ҚЫЗМЕТІ ҮШІН САЛЫҚ КОДЕКСІН ӨЗГЕРТУ КЕРЕК ПЕ?

Цифрлық даму министрлігі Салық кодексі өзгергенін хабарлады. Заңға өзгертулер 2023 жылдың 1 қаңтарында күшіне енеді. Қазіргі заң бойынша, геостационарлы емес спутник арқылы интернет байланысын ұсынатын операторларға шлюз бен радиоэлектронды құралдар санына қарай, жылына 13-122 млрд теңге аралығында салық салу қарастырылған. Жаңа заңға сәйкес, салық көлемі 73-203 млн теңгеге дейін қысқармақ.

Салық кодексінің 595-бабы 9-1 тармағына осындай өзгеріс енгізілген.

SpaсeX сияқты компаниялар шалғайдағы ауылдарға интернет жеткізу міндетін өз мойнына алса, үкімет оларға алғашқы бес жылда салықты 90 пайызға дейінгі жеңілдікпен төлеуге мүмкіндік береді.

СПУТНИКТЕН ТАРАЙТЫН ИНТЕРНЕТ ҚАНША ТҰРАДЫ?

Қазақстанда абонент терминалының бағасы қанша болатыны әзірге белгісіз. Мысалы, АҚШ пен Канадада Starlink интернетін қостыру 499 долларға, ал ай сайынғы төлем 99 долларға түскен. Интернет құны абоненттің таңдаған пакетіне қарай өзгеріп отырады.

ИНТЕРНЕТ ЖЫЛДАМДЫҒЫ ҚАНДАЙ?

Интернетке қосылу жылдамдығы Қазақстан аумағына бөлінген жер серіктерінің саны мен абонент терминалына байланысты. Starlink қосылған елдерде интернет жылдамдығы – таңдалған пакетке қарай 50-500 Мбит/сек аралығында.

Speedtest Global Index 2022 жылдың қыркүйегіндегі дерегі бойынша, Қазақстандағы тұрақты интернет жылдамдығы – 71 Мбит/сек, ал мобильді интернет жылдамдығы – 33 Мбит/сек.

СПУТНИКТЕН ТАРАЙТЫН ИНТЕРНЕТТІ БҰҒАТТАУҒА БОЛА МА?

Starlink сигналдары қарапайым радиосигнал сияқты бұғаттауға келмейді. Мамандар "мемлекет қаласа, Starlink-ті де өшіре алады" дейді. Бірақ спутник байланысын бұғаттау қымбатқа түседі.

Қазақстанда спутник арқылы көрсетілетін интернет қызметіне лицензия беріледі. Бұл үшін "Байланыс туралы" заңға өзгеріс енгізіліп жатыр. Жылдамдығы жоғары интернет операторларына осы заң қолбайлау болуы мүмкін. Илон Маск SpaceX компаниясы өзі жұмыс істейтін елдердің заңын құрметтейтінін айтқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG