Accessibility links

Метағалам, экологиялық таза технологиялар, ғарыштағы әскери бәсеке. 2022 жылдың бес тенденциясы


Экологиялық таза технологиялар саласындағы жетістіктер, жартылай өткізгіштер тапшылығы және метағалам. Оқырман назарына 2022 жылы әлемде өзекті болатын бес технологиялық тенденцияны ұсынамыз.

2021 жылы әлем коронавирус пандемиясының салдарымен күресуге тырысты. Ал 2022 жылы пандемия әсерінен пайда болған "жаңа нормаларға" бейімделуге тура келеді.

Екі жыл бұрын басталған пандемия күллі әлем халқының тұрмыс салтына елеулі өзгерістер енгізді: көп компания қашықтан жұмыс істеуге көшіп, халықаралық сапарлардың сипаты өзгерді, адамзат цифрлық технологияларға тәуелді бола түсті.

Covid-19 вирусы пайда болғаннан кейін бірнеше апта ішінде әлем болашағы түбегейлі өзгерді. McKinsey халықаралық консалтинг компаниясы өкілдерінің мәлімдеуінше, әлем елдері пандемияның алғашқы үш айында тұтынушы мен бизнеске арналған цифрлық технологияларды қолданысқа енгізу жөнінен бес жылға ілгерілеген.

2022 жылы да пандемия әсерінен туған жедел өзгерістер жалғасып, технологиялар қарқынды дами бермек.

Кәсіпкер әрі футуролог Питер Диамандис технологиялар медицина мен материалтану ғылымдарының, энергетика, логистика және басқа да салалардың дамуына ықпал ететіндіктен, алдағы онжылдықта адамзатты өткен 100 жылдағы өзгерістерден де үлкен прогресс күтіп тұр деп топшылайды.

Диамандис 2020 жылы The Guardian басылымына берген сұхбатында "Алдағы 10 жылда барлық саланы қайта ой елегінен өткіземіз. [Өзгерістер] ... жедел жүріп жатыр, өйткені технологияға қолжетімдік артып келеді. Осының арқасында әлдеқайда көп мәселені шешуге мүмкіндік алдық" деген.

Бұл өзгерістердің салдары ауқымды болып, корпорациялар, мемлекеттер мен бүкіл әлемге әсер етуі мүмкін.

Сондықтан 2022 жылы әлем бұрынғыдан да виртуал қалыпқа еніп, сән әлемінен қаржы саласына дейінгі барлық салада өзгерістер басталады.

Одан бөлек, алдағы уақытта экологиялық таза технологиялар мен биоинженерия саласы қарқынды дамып, климаттың өзгеруінің шешімін тауып, түрлі аурудың емін іздеуге көмектеседі.

Әдетте жекеменшік құрылымдардың назарында болатын ғарыш саласы кейінгі кезде мемлекеттер арасында әскери бәсеке туғызып, әсіресе АҚШ пен Қытай арасындағы тіресті күшейтіп отыр. Пекин мен Мәскеу арасындағы саяси шиеленіс көп құрылғының өндірісінде қолданылатын жартылай өткізгіштер тапшылығын тудырды. Бұл өз кезегінде ғаламдық тасымал ісінде өзгеріс әкелуі мүмкін.

Төменде алдағы жылы әлем назарында болатын бес технологиялық трендке тоқталдық.

МЕТАҒАЛАМ

2021 жылғы қазан айында Марк Цукерберг Facebook әлеуметтік желісіне иелік ететін компания атауы Meta болып өзгергенін, алдағы уақытта метағалам құруға күш салатынын хабарлады. Метағалам идеясы ондаған жыл бұрын пайда болғанымен, Цукербергтің мәлімдемесінен кейін бұл концепцияға қызығушылық қайта оянды.

Facebook басшысы Марк Цукерберг "Метағаламдағы" аватарымен сөйлесіп тұр. Facebook-ті Meta деп өзгерту туралы видео мәлімдемесінен алынды.
Facebook басшысы Марк Цукерберг "Метағаламдағы" аватарымен сөйлесіп тұр. Facebook-ті Meta деп өзгерту туралы видео мәлімдемесінен алынды.

Метағалам – интернет имитациясы. Ол қарапайым компьютер мен симуляцияға ұшыраған немесе жақсартылған шынайылық құрылғыларының (виртуал шынайылық және толықтырылған шынайылық) көмегімен онлайн режимде үшөлшемді виртуал ортаға қосылуға мүмкіндік береді.

Метағалам мен виртуал өмір салтының элементтері қазір де бар.

NFT немесе өзара алмастырылмайтын токендер жаңа метағаламның валюта бірлігіне айналды. Бұл тенденция алдағы жылдары да жалғасын табады.

Бір жылға жетпейтін уақыт ішінде NFT-ға 400 миллион доллардан астам ақша құйылған. Қаржы көлемі күн өткен сайын артып келеді. Forbes дерегінше, бір айлық инвестиция көлемі – 40 миллион доллар. Жекелеген токендер ай сайын рекордты табыс әкеліп жатыр.

Адамдардың физикалық және виртуал болмысы арасындағы шекара жойылып барады. Ал ірі компаниялар бұл процестен пайда табуға тырысып жатыр.

Қазан айында Nike компаниясы виртуал кроссовклар және киім саудасына дайындық аясында сауда белгілерін тіркеуге өтініш берді. Компания "цифрлық трансформациясын" жеделдету үшін стартап сатып алған.

Басқа белгілі брендтер де метағаламға көшіп жатыр: жақында 4115 долларға цифрлық сөмке, ал 341 000 долларға виртуал диадема сатылған.

Басқа сауда алаңдарында цифрлық жылжымайтын мүлік бағасы кейінгі бірнеше аптада рекордты көрсеткішке жеткен, ал сәулет өнерінің цифрлық бюросы виртуал жобалар дайындаудан 300 000 долларға дейін табыс тауып отыр.

"[Метағалам] қазір де бар. Бұл – маңызды концепция, адамдар оны көп технологиялық компанияның ұзақмерзімді өсімі аясында қарастыруы керек. Әзірге бұл концепция жаппай қолданысқа енбесе де, ол күннің ауылы алыс емес" дейді америкалық Alliance Berstein брокер компаниясының аға сарапшысы Марк Шмулик.

ЭКОЛОГИЯЛЫҚ ТАЗА ТЕХНОЛОГИЯЛАР

Жыл басында БҰҰ-ның климаттың өзгеруі бойынша үкіметаралық сарапшылар тобы жариялаған баяндамада "Сарқылатын пайдалы қазбаларға тәуелді болу жаһандық жылыну деңгейін кейінгі 2000 жылда болмаған көрсеткішке жеткізеді, мұның салдары әлемдегі құрғақшылық, орман өрті мен су тасқыны сияқты апаттардан айқын көрініп отыр" деп жазылған.

Аталған баяндамаға сәйкес, парник газдардың бөлінуі тоқтамаса, жағдай мүлде ушығуы мүмкін. Бұл мәселенің салдары алдағы бірнеше жылда энергетика саласында қабылданатын шешімдерге байланысты болмақ.

2022 жылы экологиялық таза технологиялардың маңызы артады. Бұл тенденцияға жаңғыратын энергия көздері, экологиялық көлік түрлері, энергетикалық тиімділігі жоғары ғимараттар мен суды тұрақты пайдалану себеп болып отыр.

McKinsey компаниясының жыл аяғында жариялаған баяндамасына сәйкес, 2050 жылы әлемдік энергияның 75 пайызы экологиялық таза көздерден алынбақ. Кейінгі жылдары экологиялық таза технологияларға кететін шығын азая бастағандықтан жақын болашақта мұндай энергия көздерін пайдалану аясы кеңеюі мүмкін.

Әйткенмен сарапшылардың көбі экологиялық таза технологияларға көшудің күтпеген кері әсері болуы мүмкін деп ескертеді.

Бұл жерде әлемдегі кобальттың үштен екі бөлігін өндіретін Конгоның орны бөлек. Климаттың өзгеруіне қарсы күрес барысында автокөлік шығаратын ірі компаниялар жанармаймен жүретін көліктен аккумулятор қуатын пайдаланатын көлікке көшіп жатыр. Ал аккумулятор өндірісіне кобальт минералы қажет.

Кобальт шахтасында жұмыс істеп отырған кенші. Конго, 2015 жыл.
Кобальт шахтасында жұмыс істеп отырған кенші. Конго, 2015 жыл.

Қазбалы отын түрінен бас тарту жаһандық жылынуға қарсы күресте көмектесуі мүмкін. Бірақ New York Times басылымы жүргізген зерттеу экологиялық таза технологиялар саласындағы шешімдердің этикалық мәселесі барын, көп нәрсе "пайдаланып қалу, сараңдық пен күмәнді схемалардан" тұратын үйреншікті циклмен жұмыс істейтін өнеркәсіп орындарына тәуелді екенін көрсетті. Мұндай процестер әсіресе Конго сияқты дамушы мемлекеттерде жиі кездеседі.

БИОТЕХНОЛОГИЯЛЫҚ РЕВОЛЮЦИЯ МА?

Биотехнология саласындағы маңызды жетістіктер Covid-19 коронавирусына қарсы тиімді вакцина жасап, вирустың жаңа штамдарындағы нуклеотидтер реттілігін жедел анықтауға мүмкіндік береді.

Deloitte консалтинг компаниясы дерегінше, кейінгі 10 жылда адам геномындағы нуклеотидтер реттілігін анықтау құны 45 есе төмендеген. Генетикалық материалдарға жедел сараптама жүргізу жаңа вакцина ойлап табу, жеке тұлғаға арналған медицина және гендік терапия сияқты әртүрлі салаларда жаңа мүмкіндіктерге жол ашады.

Deloitte болжамынша, 2022 жылы биология ғылымындағы жетістіктер "экономикаға және өмірімізге елеулі әсер етіп, денсаулық сақтау мен ауыл шаруашылығынан бастап халық тұтынатын тауарлар, энергетика және материалдар сияқты әртүрлі салаға әсер етеді.

ЖАРТЫЛАЙ ӨТКІЗГІШТЕР ТАПШЫЛЫҒЫ

2017 жылы АҚШ пен Қытай арасындағы сауда және технологиялық текетірес қоғамдық сипат алғаннан кейін, 5G желісі саласындағы көшбасшы әрі аса маңызды халықаралық технологиялық компания саналатын қытайлық Huawei фирмасына қарсы АҚШ-та жүргізілген науқан әлем назарын аударды.

Бірақ АҚШ санкциялары мен жартылай өткізгіштерге қажет маңызды бөлшектер алуды шектеу шарасы Қытай мен ғаламдық тауар жеткізуді қиын жағдайда қалдырды.

Қытай фирмаларына жаңа үлгідегі жартылай өткізгіштер жеткізуді тоқтатып, АҚШ-та микросхемалар шығаратын жетекші зауыт салу туралы шешім бұл саланы геосаяси бәсеке құралына айналдырып, тауар жеткізу ісіне кері әсер етті.

Автокөлік, электронды велосипед, кір жуғыш мәшине және тіс шөткісі сияқты көптеген гаджет пен құрылғыны жасауға жартылай өткізгіштер керек. Шикізатсыз қалудан қорыққан қытай компаниялары сұранысқа ие микросхемалар қорын жинақтай бастады. Осыдан нарықта микросхемалар тапшылығы сезілді.

"Микросхема негізінде жұмыс істейтін бір құрылғыны жасауға бірнеше микросхема керек. Жаңа смартфондарда қуат сөзін басқаруға жауапты микросхема көп, қазір дәл осы жетіспей жатыр" дейді Gartner зерттеу компаниясы сарапшысы Алан Пристли.

Осының салдарынан баға өсіп, бірқатар тауар саудаға түспей қалуы мүмкін. Жағдайдың ұзақмерзімді салдарына келсек, көп елде тәуелсіз тауар жеткізуші пайда болады.

Әлемдегі микросхемалардың көп бөлігі Қытайда өндіріледі. АҚШ өндіріс көлемі бойынша екінші орында тұр. Бірақ қос мемлекет те микросхема өндірісіне қажетті бөлшектерді бір-бірінен және басқа елдерден сатып алады.

Қытай өзіне тауар жеткізетін желі құруға миллиардтап ақша құйып отыр. АҚШ та осы саланы дамытуға күш салып жатыр.

Еурокомиссия өкілдері де технология саласындағы тәуелсіздігін арттыру үшін Еуропада микросхема өндірісін дамытуды қолға алатынын мәлімдеді.

"Бұл кең көлемді өзгеріс, оның салдары 2022 жылдан кейін де көпке дейін сезілетін болады" дейді Пристли.

ҒАРЫШТАҒЫ ӘСКЕРИ БӘСЕКЕ

Ресей ескі байланыс спутнигін ескертусіз жойып, америкалық астронавтардың өміріне қауіп төндіргеннен кейін бірнеше аптадан соң, 2021 жылғы 13 желтоқсанда АҚШ ғарыштағы әскери ойындар аясында өз спутниктерінің жерден жүздеген километр биікте Қытай мен Ресей тарапынан болуы мүмкін қауіптерге қаншалық төтеп бере алатынын тексеріп көрді.

АҚШ барлық іс-қимылын компьютерде модельдеу арқылы жүзеге асырған. Оған америкалық зымырандарды бақылау спутниктерін жою, спутниктер жұмысын тежеу және радиоэлектронды күрестің ғарышта қолдануға болатын басқа да әдіс-тәсілін пайдалану сияқты сценарийлер кірген.

АҚШ ғарыш күштерінің ғарыш операциялары жөніндегі басшысының орынбасары, генерал Дэвид Томпсон 2021 жылғы қарашада The Washington Post басылымына ғарыштағы кикілжің күшейіп келе жатқанын айтқан. "Алдағы онжылдықтың аяғына қарай Қытай АҚШ-ты басып озып, ғарыш державасына айналуы мүмкін" деген генерал.

Ғарышта соғыс жүргізу әдісі фантастикалық фильмдерде көрсетілетін сюжеттерге ұқсамайды. Бірақ бұл бәрібір "соғыс актісі" саналады.

Әртүрлі хабарларға қарағанда, Қытай әскері ғарышта әскери қимыл жасау үшін жер бетіндегі жүйелерін, мысалы, америкалық барлау спутниктеріне зақым келтіретін лазерлерін дайындап жатқан сыңайлы. Сондай-ақ қытайлар басқа жер серігін қолға түсіретін спутник немесе қашықтан басқаратын манипулятор дайындап жатыр деген ақпарат бар.

SpaceX компаниясының Falcon 9 ракетасы. Ракета орбитаға астероидті жоюға арналған аппаратты алып бара жатыр. 23 қараша 2021 жыл.
SpaceX компаниясының Falcon 9 ракетасы. Ракета орбитаға астероидті жоюға арналған аппаратты алып бара жатыр. 23 қараша 2021 жыл.

БҰҰ қаруланудан бас тарту мәселесін зерттеу институтының ғарыш қауіпсіздігі жөніндегі ғылыми қызметкері Дэниел Поррас қазір ғарыштағы кикілжіңдерді шешуге көмектесетін келісімшарттар, ережелер мен нормалар жеткіліксіз екенін айтады.

"Әскери іс-қимыл жүргізуге қатысты ережелер жоқ. Адамдардың басқа ғарыш жүйелеріне араласуына жол бермейтін механизмдер қарастырылмаған" дейді Поррас.

Ғарышта қарулану жағынан бәсеке артып келе жатқанымен, әзірге кикілжің бола қалған жағдайда оны реттеудің дипломатиялық жолдары табылмай отыр.

"Технология дамып, ғарыштағы қарулану процесін бақылау бойынша міндеттемелердің болмауына байланысты ғарыштағы әскери бәсеке күшейіп келеді" деп қорытады Поррас.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG