Accessibility links

Лондон соты: Литвиненконың өліміне Путиннің қатысы бар


Ресей президенті Владимир Путин мен ФСБ-нің бұрынғы офицері Александр Литвиненко.

Ресей президенті Владимир Путин мен ФСБ-нің бұрынғы офицері Александр Литвиненко.

Сот есебінде "ФСБ-нің бұрынғы офицері, 2006 жылы Лондонда қайтыс болған Александр Литвиненконы улау Ресей президентінің мақұлдауымен жасалған болуы мүмкін" екені айтылған.

Лондон сотының бүгін жариялаған есебінде "ұзаққа созылған жаулықтан Литвиненконы өлтіруді Путиннің өзі мақұлдағаны болуы мүмкін"деп жазылған.

Литвиненко полоний-210 элементін байқаусызда не өлгісі келіп қабылдауы мүмкін емес. Керісінше оны әдейі улаған дейді сот.

Сот оны улаған Ресей мемлекеттік думасының қазіргі депутаты Андрей Луговой мен кәсіпкер Дмитрий Ковтун екеніне сенімді. Олар полоний-210 элементін Литвиненконы улау үшін 2006 жылы 1 қарашада кафеде отырғанда шайнекке салған. Луговой мен Ковтун Литвиненконы одан бұрын да, 2006 жылы 16 қазанда осындай амалмен уламақ болған дейді тергеушілер.

"Федералдық қауіпсіздік қызметінің (ФСБ - ред.) Литвиненконы өлтіру операциясын [Николай] Патрушев (ФСБ-нің сол кездегі басшысы), президент Путин мақұлдаған болуы ықтимал" дейді Лондон соты.

Сот есебінде Литвиненконың Путинмен және оның әкімшілігіндегі лауазымды шенеуніктермен "жеке бас араздығы" жайлы да айтылған.

Литвиненконың жесірі Марина Литвиненко британ тергеушілерінің есебіне көңілі толатынын айтты. "Күйеуімнің өлім аузында жатып Путинді айыптағанын ағылшын соты дәлелдеді" деді ол.

Ұлыбритания ішкі істер министрі Тереза Мэй кейінірек британ парламентінің қауымдар палатасында жасайтын мәлімдемесінде Лондон сотының есебіне қатысты британ үкіметінің жауабын айтады.

Ресей сыртқы істер министрлігі Лондон сотының есебін "саяси астары бар" деп бағалады.

Кремль ФСБ-ның бұрынғы офицерінің қазасына қатысы жоғын үнемі айтып келеді. Мәскеу күдікке ілінген Андрей Луговой мен Дмитрий Ковтунді Ұлыбританияға экстрадициялаудан бас тартқан. Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков 20 қаңтарда бұл іске қатысты қоғамдық тергеу есебінде Путиннің "мүддесіне қатысты мәселе жоқ" деп мәлімдеген.

Андрей Луговой мен Дмитрий Ковтун да бұл іске қатысы барын жоққа шығарады. Reuters-тің хабарлауынша, Луговой Лондон соты есебінде өзіне тағылған айыпты "абсурд" деп атады.

Совет қауіпсіздік қызметінің, одан кейін ФСБ-нің офицері болған Александр Литвиненко 2000 жылы «ФСБ маған олигарх Борис Березовскийді өлтіруді тапсырды» деп көпшілік алдында мәлімдеп, Ұлыбританияға барып бас сауғалаған. Кейін ол 1999 жылғы жарылысқа ФСБ-ны айыптаған кітаптың қосалқы авторы болды.

Кремль сыншысына айналған Александр Литвиненко 43 жасында, 2006 жылы қарашаның 23-інде Лондон ауруханасында көз жұмды. Дәрігерлер оның радиоактивті зат – полонийден уланғанын анықтаған. Литвиненко қайтыс болар алдында "мені өлтіруге Путин тапсырыс берді" деп мәлімдеген.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG