Сенбі, 26 мамыр 2012, Алматы 05:46

МӘДЕНИЕТ

Ақмарал мен Серікзат ақындардың айтысы

Азаттық радиосы тыңдарманға «…Тіл кеспек жоқ!» деген атпен өткен наурыз айтыстағы Серікзат Дүйсенғазин мен Ақмара Леубаеваның сөз сайысын ұсынады. Бұл жұптың айтысында қоғамдағы озбырлық пен кемшілік айтылды.

Айтыскер ақындар (солдан оңға қарай): Серікзат Дүйсенғазин, Сара Тоқтамысова, Күмісай Сәрсенбаева, Бақыт Жағыпарұлы, Айнұр Тұрсынбаева. Алматы, 21 наурыз 2010 жыл.
x
Айтыскер ақындар (солдан оңға қарай): Серікзат Дүйсенғазин, Сара Тоқтамысова, Күмісай Сәрсенбаева, Бақыт Жағыпарұлы, Айнұр Тұрсынбаева. Алматы, 21 наурыз 2010 жыл.
Мәтін көлемі - +

Ақмарал Леубаева мен Серікзат Дүйсенғазиннің айтысын мына жерден тыңдаңыз.

Серікзат Дүйсенғазин өзімен айтысқа шыққан Ақмарал Леубаеваны «жеңешем» деп қалжыңмен қағыта отырып, қоғамдағы шетін мәселелерді, лауазымды тұлғалардың жағымсыз қылықтарын жырына қосты:

Айтыскер ақын Серікзат Дүйсенғазин. Алматы, 21 наурыз 2010 жыл.
«Бір сөзің жағдайымды жи өршітті,
Биліктің қылығына күйем тіпті.
Мысалы, бір күйеуден құтылып ек,
Шулатып тағы да бір күйеу шықты.

Шымкенттің байларының ақшасына,
Мәсімовтің әкесі «жиен» шықты.
Байлығын ұшағына тиеп қашар,
Тағы да Храпуновтай біреу шықты.

Солардың сұмдықтарын көре-көре,
Менің де сол көзіме сүйел шықты».

Республикалық айтыстан екі рет бас бәйге алған Серікзат Дүйсенғазин 1974 жылы Шығыс Қазақстан облысы, Аягөз ауданына қарасты Тарбағатай ауылында дүниеге келген.

Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары оқушылар арасындағы айтысқа қатысқан Серікзат Дүйсенғазин тұңғыш рет 1992 жылы республикалық жыр додасына түскен. Оның Жезқазған қаласында Бабыр бидің 300 жылдығына арналған тойдағы ақын Бекарыс Шойбеков айтысы ел аузында.

Ақмарал Леубаева бұл жолы Серікзат Дүйсенғазинмен жыр сайысында 2009 жылдың күз айларында қазақ қоғамында дау тудырған Керей мен Жәнібек хандардың және қазақ батырларының төңірегінде болған мәселені, сондай-ақ бүгінгі қазақ мәселесін өлеңге қосты:
Айтыскер ақын Ақмарал Леубаева сөз сайысында. Алматы, 21 наурыз 2010 жыл.
«Керей менен Жәнібек Фурмановтай болмаса,
Қазақ қайтіп түзелсін түтіні түзу болмаса,
Ұрпақ қайтіп түзелсін -
Белі шықпай бесіктен,
Батыстың биі арбаса.

Жанайқайы халықтың жоғарыға бармаса,
Ақсақалдар ақыл айтып, басына сәлде салмаса.
Ауылға бөлінген ақшаны ауадан аулап әкімдер,
Аузына салып алдаса.

Бізден қайыр болмай тұр,
Биік астау қасында отырған мынау Серікзат
Бәрін айтып бармаса».

Өткен ғасырдың сексенші жылдарының аяғынан бері айтысқа шығып жүрген Ақмарал Леубаева Оңтүстік Қазақстан облысы, Бәйдібек ауданы, Ақбастау аулында дүниеге келген. Ең алғаш рет 1988 жылы 18 жасында комсомолдың 60 жылдығына арналған облыстық айтысқа қатысып, бас жүлде алған.

Содан бері талай рет жыр додасына түсіп, салмақты әрі өткір ойларымен жұртқа танылған Ақмарал Леубеваның ұтымды айтысының бірі Әбілқайыр Сыдықовпен болған еді.



CАЙТЫМЫЗҒА ТІРКЕЛІҢІЗ!

Құрметті оқырман!

Комментіңізді неғұрлым жылдам шығарып, Азаттық журналистеріне тікелей сын-ескертпе немесе ұсыныс айтып, өзге оқырмандармен ашық пікір алмасқыңыз келсе, сайтымызға тіркеліңіз.

Тіркелу үшін мына жерді басыңыз

Тіркелген соң сайттың оң жақ шекесіндегі «Кіріңіз» деген терезе арқылы еніп, пікір жаза аласыз.

Құрметпен,
Азаттығыңыз
Бұл форум жабық. Бірақ, Азаттықтың Facebook-тағы парақшасында жалғастыра аласыз: www.facebook.com/azattyq
Пікірлерді іріктеу
Пікір
     
Кімнен: Зәуре
02.04.2010 16:27
+0 / -0
Ақындар жарайсыздар. Соңына қарай қыза түсті екеуі де, уақыт шектеулі болмағанда қызығырақ болар еді. Серікзатқа Ринат сияқты "есерсоқтау" қарсылас керек. Ақмаралдың стилі нәзік, және замандасы емес, Серікзатқа расында да ауыр болды ау деймін.

Кімнен: Omirzhan Adaq-kerey Қайдан: Uly Dala
02.04.2010 16:52
+0 / -0
Екі айтыскерде қазақ мәселесін көтергенімен тілдің уыттылығымен іштегі қыжылды, шер мен мұңды кілкіп алғандай ғып жеріне жеткізіпі, сүйектен өткізіп айта алмады. Әрине, алуан-алуан жүйірік бар әлін қарай шабады. Кезіндегі Ораздың айтыстағы орны үңірейіп тұрғаны әр айтыс сайын байқалады. Тірілерінің ішінде осы жолы Айбектен асырып айтқан ешкімі болмады. Жас ақындар Жандарбек, Ринат, Саралар айтысты шоуға айналдырып бара жатқандай әсер қалдырады. Әдемі сөз, екпінді дауыс, қалжың. Бірақ қызыл сөзден басқа іліп алары азайып барады.
Айтыстың демеушілеріне де қарасаң "Бұ қалай боп кетті өзі" деп таңқданысыңды жасыра алмай қаласың. Себебі, Амангелді Ермегияовтың артынан ерген дау-шарды жұрт біледі. Шалбай Құлмахановтың атқа мініп жүрген кезіндегі "кереметтері де" елдің есінде. Өзге демеушілер белгісіздеу жандар екен. Бас демеушілер айтысқа қандай ақшамен демеушілік жасап отыр екен деп ойға қалдым. Бірақ осы жайтқа ой жүгірткен ел болмады, уылдап-шуылдап кім болса соған шатырлатып қолды соға берді. Біздің қазақ жаңсақ ел. Тым-тым ұмытшақ. Өзі мен қатын баласына кесірі тимеген, қатысы жоқ болса "Әй, бірің өліп, бірің қал" деп қызықтап, қарап отыра береді. Ел өзі осындай болғанда оның билігіне не сын айтуға болады ә?! Мәртебелім!
Пікір алмасу

Кімнен: Айкүн
02.04.2010 22:08
+0 / -0
"..Бас демеушілер айтысқа қандай ақшамен демеушілік жасап отыр екен деп ойға қалдым. .." - дейсіз, бауырым, бұл ақшалар адал емес десеңіз неге халық болып, айтысқа араша түсіп,, атадан қалған мұрамызды өз күшімізбен сақтап қалу жолын іздейік, бір күн ас ішпесек те шот ашылса, қаражат аударып, сен боп, мен боп, барша халық болып атсалысайық. Анау құрсын, ол- жегіш, мынау құрсын ол-мафия деп, "ойланып" отыра берсек омалып отырып жоқ болып кетерміз, сөздің нәрін түсінбейтін ағайындар:"Osi aitis degennen shinimen kutilu kerek bizge." - деген ақылдарын айтып, "өркениетке" сүйреп отырғандар тағы бар. Біздің басқа ұлттардан ерекшелігіміз осы айтыс өнері, ол суырып салып айтатын тапқырлық, өткірлік мазмұнымен де дараланады.

Кімнен: Galimjan Orazimbetov Қайдан: OKO
02.04.2010 17:36
+0 / -0
Osi aitis degennen shinimen kutilu kerek bizge. Ne duris olen shikpaidi ne de oi. Aiteuir arasindagi birdi ekilisi bolmasa. Budan gori jazba akindardi damituimiz kerek.

Кімнен: Зәуре
02.04.2010 20:44
+0 / -0
Айтыстың жөні бөлек. Жазба ақындықтың жөні бөлек. Бірін таңдап, бірін шеттеткенде не түсер екен? Айтыс десе қазақ ішкен асын жерге қояды деп ойлаушы едім, айтысты жақсы көрмейтін қазақтар да болады екен ғой. Айтыстың мақсаты тек өкіметке сын айту емес, халықтың көңілін көтеру сияқты еді ғой. "Шоу" деген сөзден қорқатын ештеңе жоқ. Оның мағынасы көңіл көтеру үшін қандай да бір қызық нәрсені көрсету деген сөз. Мысалы америкалықтардың теледидардан көрсетпейтіні жоқ. Барлығы шоу деп аталады. Әр шоудың өзінің көрермені бар. Ал көрерменнің таңдауы бар деген сияқты. Оның қасында айтыс дегеніңіз салт дәстүрімізге, тәлім тәрбиеге тұнып тұрған байлық емес пе. Әр шоуымыз айтыс сияқты терең, мағыналы болса болашақ біздікі демейміз бе қайта? Қандай ақша болса да айтысқа тисін пайдасы, шекара асып кеткенше. Теледидар толған арзан әнші мен ырду-дырду, онымен ешкімнің ісі жоқ. Нағыз қазақтың көңілінен шығарлық жалғыз Айтысқа келгенде барлығы пышақтарын қайрап шыға келетіні қызық.

Кімнен: Аймандай Қайдан: Астана
04.04.2010 00:50
+0 / -0
Мына Өміржан дегеннің өнерден мүлде хабары жок сиякты ғой. Осындай ойы таяз адамдарға жаным ашиды. Абақ Керейлер Алтайдың арғы бетінде қой бағып жүріп жүріп кайдағы жазба поэзияны айтасыңдар. Қазақстанға келіп көзі ашылғанында шаруасы жоқ. Енді елге ақыл айтуға көшіпті. Осылар ғой ел ішіне іріткі салатындар. тірі жургендеріңе мәз болып жүре беріңдер, тірі өліктер.

Кімнен: Асан Қайдан: Еуразия Ұлттық унив. студ
05.04.2010 06:39
+0 / -0
азаттық радиосы сіздерден сұрарым, айтысты жаппақшы болған кім? масимов па, алде Мұхтар Құл-Мұхамет па? Барлық айтыскерлерге көнілім толды. Жүрсін аға мен Амангелді ағаларға Алла разы болсын!

Кімнен: Аман Қайдан: Астана
05.04.2010 12:14
+0 / -0
Құрметті редакция! Айтыс тоқтап қалды ғой. Серікзат пен Ақмаралдың айтысынан кейін қалған жұптардан көз жазып қалдық. Тездетіп Азаттықтың сайтына шығарсаңыздар жақсы болар еді. Тағатсыздана күтіп отырмыз.

Кімнен: Ұлтжанды Қайдан: Тұран даласы
05.04.2010 13:55
+0 / -0
Айтыс сынау деген айтар ауызға оңай болғанымен сахнада мыңдаған адамдардың алдында қоғамның ащы шындығын қасқайып отырып айту оңай дүние емес. Ол жүкті мың жерден жазба поэзия мықты болса да қалың бұқараға дәл сәтінде жеткізе алмайды. Сондықтан айтыс пен поэзияны шатастырмаңдар, ағайын. Екеуі де ұлы өнер. Бірін көтереміз деп біреуін жоғалтудан қандай пайда таппақсыздар. Осы айтысқа деген шабуыл маған қазақ ұлтына деген шабуыл сияқты көрінеді. 37 жылы бірін-бірі көрсеткендер айтыс ақындары емес, осындай шала жазғыштар емес пе еді. Мына кейбір пікірлерге қарап отырып соны ойлауға тура келіп тұр. Айтыстың аты айтыс болған соң ол кілең билікті сынау болмауы керек қой. Арасында әзіл де, зіл де айтылуы керек. Ал демеушілерге келетін болсақ, ол кезінде не бүлдірсе де бүгінгі қазақтың өнеріне ақша бөліп отыр ғой. Одан да ақшасын шетелдің даңғазасына шашқан мың байды айтпай, қазаққа бүйрегі бұрған бір-екі байды көре қалғандарың қызық екен, айналайын ұлтын сүйген ағайындар!

Кімнен: Даниял Қайдан: пАВЛОДАР
06.04.2010 22:40
+0 / -0
Айтысты тыңдап риза болдым. Ақмарал мен Серікзаттың және Айтақын мен Балғынбектің айтысын тыңдадым. Ақынның тілі өткір. Сол өткір тілді өмір мен қоғамның өзі одан әрі қайрап бара жатқандай сезілді маған.

Кімнен: Абзал Қайдан: Алматы
30.04.2010 22:47
+0 / -0
Құрметті Азаттық сайтының редакциясы! Айбек пен Балғынбектің, Серікзат пен Сараның айтысын неге бермейсіздер? Жақсы шыққан айтыстардың бірі еді ғой. Айтыстың тыңдармандары сол айтыстарды тыңдағысы келеді. Сол екі айтыста біраз ащы мәселе айтылған сияқты еді. Көпшіліктің өтінішін жерде қалдырмассыздар деп ойлаймын. Сәлеммен атамұра өнердің жанашырлары атынан айтыстың тұрақты тыңдарманы Абзал.