Accessibility links

Әлихан Бөкейханұлы қажылыққа қалай қарады?


Алаштың көсемі һәм Алашорда үкіметінің төрағасы Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейхан, Мәскеу, 1935 жыл. Жеке мұрағаттағы сурет.
Алаштың көсемі һәм Алашорда үкіметінің төрағасы Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейхан, Мәскеу, 1935 жыл. Жеке мұрағаттағы сурет.

Совет заманында есімін атауға тыйым салынған Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейханға қатысты мақалаларды қазіргі қазақ баспасөзінен тың дүниелер оқыған сайын ұлт мүддесі үшін басын бәйгеге тіккен Алаш көсемінің қайраткерлік тұлғасы жаңа қырынан танылады.

«Әлихан – қазақ тарихында демократиялы баламалы түрде сайланған Алаш Орда – Ұлт кеңесінің тұңғыш төрағасы», «Әлихан Бөкейхан – Алаштың серкесі», «Әлихан Бөкейхан – зиялының зиялысы». Мен ұлт баспасөзінен осындай анықтамаларды жиі оқимын.

«Әлихан өте намысшыл азамат болған, – деп жазады бір автор. – Бәлкім, бұл атадан берілген туа бітті қасиет шығар. Бір жолы ол Санкт-Петербордағы Императорлық Орман шаруашылығы институтында оқып жүріп студенттік практикаға барыпты. Империя астанасындағы білікті оқу орнында түрлі ұлттың жастары бәсекелесе оқитын шақ. Олардың ішінде орыстан бөлек украин да, беларусь те, грузин де, армян да, әзірбайжан да, авар да, татар да, фин де, поляк та бар. Ылғи соқталдай-соқталдай азаматтар.

Жастың аты – жас, бір жолы практиканттар орман жиегінде жатқан дөңбекшелеу тасқа жақындап «мынаны кім көтере алады?» деп бәстесіп қалыпты. Аптал, алпамса жігіттің біразы тасты әрі-бері қозғап, «әлін білмеген - әлек» дегендей кейін шегіне беріпті. Кезек соңына таман Әлиханға келіпті дейді. Сонда жас Әлекең «Е, Алла!» деп әлгі томар тасты көтеріп кеп жіберіпті. Көтергенде де, біраз ұстап тұрғанға ұқсайды. Бұған жолдастары әрі таңданысып, әрі қуанып шапалақ соғыпты.

Былай шыққанда, я тілдес, я діндес бір құрбысы: «Сен оны қалай көтердің?» деп сұрағанда, Әлихан: «Тасты көтерген – қазақтың намысы. Әйтпесе, оны көтергенда бір аяғымның сіңірі шырт ете қалды» депті. Сонда Әлекең бойының биіктігі шамамен 1 метр 68 см. шамасы екен. Ал жүрегі мен намысының биіктігі мен салмағы ше?..

Осы батырлығының белгісіндей, Әлихан кейін бір аяғын ептеп қана сылтып басады екен».

Тағы бір ғалым дерекке сүйене отырып бүй дейді: «Тегі неміс В.Радловқа Әлихан Бөкейхан: «Сіз қазақтың құқықсыз екенін биік орталарда айта жүріңіз» деп қолқа салғанда, анау: «Құдай әрбір ұлтқа түрлі тағдырды бұйырады. Сіздер бұған көндігулеріңіз керек» депті. Мұны естіген Әлекең Радловты көрсе, не кілт бұрылады екен, не ол кіргенде шығып кетеді екен. Бұл не? Бұл – принцип. Бұл – «ғалым бүйтіп айтпайды, сенің қасыңда отыру – ұлтымды қадірлемегендік» деген протест».

Бұл деректен де Әлихан Бөкейханның даралығы көрінеді. Даралық болғанда, қарақан бастың даралығы емес, ұлтын шексіз сүйген даралық!

Халқымыз «Ел іші – алтын бесік» деп жай айтпаса керек. Қырық жыл қырғын болса да, Алаш көсемін – Әлиханын ұмытпаған қазаққа бас июге тиіспіз. Әлекең туралы бір тағылымды әңгімені жақында түбі қарақаралық Райхан Шәріпқызынан естідік.

Бұл кісінің атасы Төлеубай кезінде Меккеге барып, қажы атанған екен. Осы сапарда Қара теңіз жағасында Әлихан Бөкейханмен ұшырасыпты. Бұған байланысты Райхан бүй дейді:

«Сірә, Төлеубай атамыз Әлиханға үлкен сапарға барар жолда жолыққан. Әлихан да ол жақта саясат мәселесімен жүрген болуға тиіс. Қажылық сапар шеккен адам әр жерде садақа беріп, екі дүниенің обал-сауабын ойлайды ғой. Пітір-садақа беріп жатқанын көрді ме, жоқ солай жасағанын өзі айтты ма, әйтеуір Әлихан біздің атамызға: «Жат жұрттың бейшараларынан бұрын, әуелі қазақтың қалың жарлы-жақыбайын тойындырмадыңыз ба?!» депті.

Мұндай намысты сөз айтуына қарағанда, атам Әлекеңмен не құрдастық қатынаста, не көшбасшыны сыйлап құрметтейтін адамшылық қатынаста болған. Сондай-ақ атамыз өз баласына (әкеме) бұл сөзді Әлихан Бөкейханды қимастық сезіммен еске ала отырып, кеңес тұсында-ақ айтыпты.

Төлеубай атамның қажы сапарынан біздің жадымызда екі естелік қалды: бірі – Алаш басшысымен жат жұртта кездескені, екіншісі – Меккеге кеткенде туған кенже қызына әжеміздің ырымдап «Мәкен» деп ат қоюы (әдетте қазақ Меккені – «Мәккә» дейді ғой). 20-30-жылдардың кәмпескесі мен қуғын-сүргіні сол атамызға топырақты Қарқаралыдан бұйыртпады. Бейіті – Бестөбе жақта. Алла өліге – иман, тіріге береке берсін!..»

Мынау өзі Әлекеңе байланысты тың дерек екен. Енді бұрын оқыған-естігеніңізде еске түсіріңіз. Шалкиіз жыраудың «Би Темірді қажы сапарынан тоқтатуға айтқаны» деген толғауы болушы еді ғой. Сонда ол «айналаңа әділ қарап, парасат-байыппен жүрсең, туған жерің де Жаратқанның құт-берекесіне айналады» дейтін.

Ал, Әлиханның айтқаны мынандай! Осы аруағы ардақты арыстар қанағатсыздық пен тойымсыздықтың, аштық пен бейшаралықтың соңы өмірдегі, санадағы қилы-қилы төңкеріске ұласатынын сезген де шығар-ау.

Өткенде қайсыбір намазханның: «Меккеге кім көрінген баратын болды. Барып келгендердің ішінде жамандықты жалғастырып жүргендер де аз емес. Бұ қалай?» деген сұрағына қатысты дін маманы былай деді: «Әркім не істеп жүргеніне жауап беретін сәт келеді. Сондықтан біреудің сапарына біз жауап бермейміз, өзі жауап береді».

Ел тойынуын қажы сапарымен байланыстырған Алаш көсемінің сөзі, Мағжан ақын айтқандай, даланың желі, белі арқылы бізге жетіп отыр. Шүкір!
XS
SM
MD
LG