Келесі бағдарлама





Мультимедиа


 

Қазақстан

Интернетті бақылайтын заң күшіне енсе, провайдерлердің қызмет ақысы өсуі мүмкін

Интернетті бақылайтын заң жобасына наразылық ретінде «Еркін интернет үшін» қозғалысының өкілдері шынжырлаулы компьютердің мониторын парламентке жолдады. 29 сәуір 2009 ж.

02.07.2009
Өміржан ӘБДІХАЛЫҚҰЛЫ

Интернетті бақылау туралы заң күшіне енген жағдайда, интернетті пайдалану бағасы 10 пайызға қымбаттап кетуі ықтимал. «Сорос-Қазақстан» қорының демеушілігімен арнайы сауалнама жүргізген «MediaNet» журналистика орталығы осындай қорытынды жасады.

ПРОВАЙДЕРЛЕР ҚЫЗМЕТ БАҒАСЫН ӨСІРУГЕ МӘЖБҮР БОЛАТЫНДАРЫН АЙТАДЫ

Әу бастан Қазақстанда интернетті бақылау туралы заңға қарсы болған ұйымдардың бірі Алматыдағы «MediaNet» журналистика орталығының жетекшісі Әділ Жәлиловтің айтуынша, олар провайдерлер мен сайт иелерінің заңға қатысты ұстанымдарын білмек оймен тәуелсіз сарапшы және интернет кеңістікке мүлдем қатысы жоқ адамдарды жалдап, арнайы сауалнама жүргізген.

Сауалнамаға қатысқан провайдерлердің 95 пайызы және сайт иелерінің 68 пайызы заң жобасы талқыға түскен кезде билік тарапынан олардың пікіріне ешкім қызығушылық танытпаған.

Наразылық акциясына шыққан журналистердің қолындағы карикатурада даулы заң жобасын әзірлеген Ақпараттандыру және байланыс жөніндегі агенттіктің төрағасы Қуанышбек Есекеев бейнеленген. Алматы, 24 маусым 2009 ж.
Ал, интернетті қолдану бағасының өсуі жайлы «MediaNet» журналистика орталығының жетекшісі Әділ Жәлилов Азаттық радиосына берген сұхбатында былай деді:

«Егер заң күшіне енсе, онда ол провайдерлерге үлкен жауапкершілік жүктейді. Соның ішінде, заңға сәйкес, әр провайдер өзінің клиенттері мен қолданушылары туралы мәліметті кемінде екі ай сақтауға міндетті. Ал, сайт иелері болса, сайтта жарықа көрген әрбір сөз үшін жауап беретін болады. Мұның бәрі көп шығынды талап етеді. Міне, осыдан келіп, провайдерлер бағаның 10 пайызға өсетінін айтып отыр. Алайда, баға мұнымен тоқтамай тағы да өсе түсуі әбден мүмкін».

Сауалнманаға 44 сайт иелері мен 20 интернет провайдерлер қатысқан. Интернетті бақылау туралы заң бойынша, интернет құралдардың барлығы БАҚ-мен теңестірілген. Бұған 20 интернет провайдердің 16-сы қарсы екендіктерін айтса, 44 сайт иелерінің 34-і қарсылық білдірген.

ЗАҢ КҮШІНЕ ЕНСЕ, ЖЕКЕ БЛОГТАРДЫҢ САНЫ КЕМУІ ЫҚТИМАЛ


Кәмшат Тасболатова интернетті жиі пайдаланушылардың бірі. Ол интернетті бақылайтын заңға қарсы. Кәмшаттың ойынша, бұл заң онсыз да баяу дамып келе жатқан Қазақстанның интернет кеңістігін тіпті де кенжелетіп тастайды.

Әрі kz доменін пайдаланушылардың басым көпшілігі көршілес Ресейдің ru доменіне тәуелді болып шыға келмек. Кәмшат Тасболатова блогшы ретінде өз пікірін былайша жеткізді:

«Блог заң күшіне енген жағдайда БАҚ-ымен теңестіріледі. Сөйтіп, мен қолданыстағы БАҚ туралы заң бойынша, блогымның салығын төлеп, тіркеуін жасатуым қажет. Бұл маған тиімсіз. Сондықтан жалғыз блог үшін салық төлеп, тіркетіп жүргенше, оны жауып тастаймын».

«РАХАТ ӘЛИЕВТІҢ САЙТТАРЫ – ИНТЕРНЕТ ТУРАЛЫ ЗАҢДЫ ҚАТАЙТУДЫҢ БІР СЕБЕБІ»


24 маусым күні Қазақстан парламенті ақпараттық-коммуникациялық желілерге қатысты заңдарға өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасын қабылдап, қол қоюға президентке жолдаған болатын.

Саясаттанушы Айдос Сарым бұл заң жобасының дүниеге келуінің өзіндік себебі бар деп санайды.

«Бұл заң жобасының шығуы екі-үш сайтқа ғана байланысты. Рахат Әлиевтің немесе жемқорлыққа қарсы үлкен ақпарат таратып жатқан бірнеше сайттарға қарсы жұмыс жасаудың бір тетігі. Қалған интернет құралдарында мемлекеттің шаруасы да жоқ, олармен айналысатын құлқы да жоқ», – дейді Айдос Сарым.

«ЕРКІН ИНТЕРНЕТ ҮШІН» ҚОЗҒАЛЫСЫНЫҢ БЕЛСЕНДІЛЕРІ ПОЛИЦИЯМЕН СОТТАСЫП ЖАТЫР


Шілденің 2-і күні №2 Алмалы аудандық сотында «Еркін интернет үшін» қозғалысы өкілдерінің Бостандық ауданы ішкі істер басқармасының үстінен жасаған шағымы бойынша сот отырысы болып өтті.

«Еркін интернет үшін» қозғалысының өкілдері интернетке бақылау жасайтын даулы заң жобасына кезекті наразылық шарасын өткізуге жиналды. Алматы, 29 сәуір 2009 ж.
«Еркін интернет үшін» қозғалысы өкілдерінің бірі Жанна Байтелованың сөзіне қарағанда, сот отырысына куәгер ретінде келген полиция қызметкерлерінің сөзі әрі оқиға болған кезде толтырылған құжаттардағы деректерге куәгерлердің сөзі үйлеспеген.

24 сәуір күні Алматыда өтіп жатқан Еуразиялық медиа-форумның екінші күні «Анкара» қонақ үйіне жақын Желтоқсан мен Сәтбаев көшелерінің қиылысында Жанна Байтелова, Жанар Қасымбекова, Әбен Әбдірасылова және Ринат Кибраев төртеуін полиция ұстаған. Полиция бөлімінде 3 сағат ұстағаннан кейін оларды босатып жіберген.

Қозғалыс белсенділері интернеттеті еркіндік тақырыбына флешмоб өткізбек болғанын айтады.

Жоғарыдағы шағымға байланысты сот шешімі шілденің 3-і күні белгілі болмақ.

«Еркін интернет үшін» қозғалысы өкілдерінің бірі Жанна Байтелова сот шешімі Бостандық ауданы ішкі істер басқармасының пайдасына шешілсе, сот шешіміне байланысты қайтара шағым түсіретінін айтып отыр.
Бұл форум жабық
Пікірлерді іріктеу
     
Пікірлер
Кімнен: AL-ASTER Қайдан: Астана қаласы
03.07.2009 14:32
Қазіргі өзіміздің қолданыстағы провайдер қызметі 10 процентке жоғарыласа, онсыз да күнкөрісі жақсы емес қара халық зиянын көреді екен. Былайша дамыған елдерде интернет желісін пайдалану барынша оңтайлы әрі арзан, кез келген қолданушы қолы жетерлік дәрежеде. Ал біздерде ше? Жалғыз айтарлық кең таралған мегалайнымыз бар қазақтелекомымымыз ұсынып отырған, бағасы қымбат (бірақ ел ішінде оңтайлысы осы сияқты), басқалары да бар ұсақ-түйек провайдерлер. Тек ешқайсысы көңілімнен шықпайды, бұған қоса бағаны қосқылары келеді, бос саясат еріксіз интернетке деген сұранысты төмендетеді, яғни өздерін өздері сүйреп келе жатқан қазақ интернетіне тағы бір соққы.

Кімнен: Балтабай Қайдан: Алматы
03.07.2009 14:48
Интернет тұтынушылар үшін жағымды жаңалық:

ТОСҚАУЛДЫ (БЛОКРОВКА) АЙНАЛЫП ӨТЕТІН ҚҰРАЛ

Қазақстанда негізгі провайдерлер жауып тастап отырған кейбір сайттарға кіргісе келгендер Opera 10 beta (бұның алдыңғылары емес, тура осы бета-версия, ағылшын тілінде) браузері арқылы ондай мүмкіндікке ие болады.

Әуелі браузерді мына жерден компьютеріңізге жүктейсіз: http://www.opera.com/browser/next/

Браузерді компьютеріңізге орнатқаннан кейін, жоғары қатардағы «Tools» => «Quick Preferences (F12)» менюіндегі «Enable Opera Turbo» деген жазудың тұсына белгіше («галочка») қойыңыз. БІТТІ!

Енді сіз тосқауыл қойылған сайттарға кіре аласыз.

Кімнен: Делқұлы Қайдан: Қазақтың кең-байтақ жерінің бір түкпірінен
03.07.2009 17:57
Келе-келе интернетті жауып тастайды-ау мүлдем. Енді-енді өркениетке ілесіп келе жатқан қазақ "қараңғылыққа" тағы енеді. Өкінішті!

Кімнен: Қалың жұрт Қайдан: Астана
03.07.2009 23:52
Кәзір де қараңғылықтамыз

Кімнен: Сыр қазағы Қайдан: Қызылорда
04.07.2009 16:02
Билік тіптен шатасайын деді. Енді Интернетке тосқауыл қоямын деп әлем жұртшылығының алдында масқара болу ғана қалып еді. Ақыры бір Аллаға ғана аян.

Кімнен: Түсінбестік Қайдан: интернетіне цензура қойылыйын деп тұрған елден
05.07.2009 13:11
Балтеке! Мынаған кіре алмадық қой. «Tools» => «Quick Preferences (F12)» менюіндегі «Enable Opera Turbo» Мұны қайта дұрыстап түсіндіріп жазып жіберіңізші. Ал мынаған кірдім: http://www.opera.com/browser/next/ары қарай қалай болады.

Кімнен: Балтабай Қайдан: алматы
05.07.2009 17:47
Түсінбестікке:

1) ең әуелі Opera 10 beta программасы шыққан www.opera.com/browser/next/ сайтына кіріңіз

2) оң жақтағы бұл программаны тегін көшіріп алуды ұсынған жазу тұрады, ол ағылшын тілінде "Free Download" жазылған, соны басыңыз

3) келесі ашылған беттегі "Download Opera" деген жазуды және басыңыз

4) енді сізге "Opera_1000_en_b1_setup.exe" деген файлды компьютеріңізге көшіріп алғыңыз келе ме деп сұрап, кішкене терезе ашылады, сондағы "Сохранить файл" деген жазуды басып қалсаңыз ол файлды сіздің компьютеріңізге көшіріп орналастыра бастайды. Көшірмес бұрын сізден қай жерге көшіріп қоюды сұрауы мүмкін, оны өзіңіз көрсетесіз. Мысалы, мен бірден "рабочий столға" көшіріп алдым.

4) Файл сайттан менің компьютеріме толық көшіріліп алынған соң, сол "Opera_1000_en_b1_Setup" деген файлдың үстінен екі рет басып қаласыз. Бұл программа автоматты түрде сіздің компьютеріңізге өзін-өзі орната бастайды. Оның барысында программа барлығын өзі істейді, Сіз тек 2 не 3 рет "Next" деген жазуды басасыз, онан соң шыққан терезеден "Install" деген жазуды басасыз, программа барлығын өзі жасайды.

5) Ең соңында тағы бір кішкене терезеден "The InstallShied Wizard has seccessgully installed Opera 10.00 Click Finish to exit the wizard" деген жазу шығады. Демек, барлығы ойдағыдай сәтті аяқталды деген сөз. Бұл жерде "Finish" деген жазуды басыңыз.

Кімнен: Балтабай Қайдан: алматы
05.07.2009 18:01
ары қарай:

Сонымен, "Opera 10" браузері сіздің компьютеріңізге орнады. Енді рабочий столдан оның ярлыгын көресіз. Оның түсі қызыл, "Opera" деп жазылған. Соны үстінен екі рет басып қалыңыз - браузер ашылуы тиіс.

Енді бізге ең бастысы "Opera Turbo" режимін қосу керек. Оның екі әдісі бар:

1-ші әдісі -- осы браузер ашық тұрған кезде клавиатурадағы ең жоғары қатардағы "F12" түймесін бір рет басып қалыңыз. Сол кезде ашылған терезеден тіз қатар тұрған жазулардың ішіндегі «Enable Opera Turbo» деген жазудың тұсына белгіше («галочка») қойыңыз. БІТТІ!


2-ші әдісі -- ашық тұрған браузердің ең жоғарғы қатарындағы жазулардың соңына таман «Tools» деген жазудың үстінен бір рет (тек бір рет қана!) басыңыз, сонда ашылған «Quick Preferences (F12)» жазуды (ол төменнен санағанда үшінші) тауып басыңыз, бұдан кейін оң жақтан ашылған жазулардың ішінен «Enable Opera Turbo» деген (төменнен бесінші боп тұр) жазудың тұсына белгіше («галочка») қойыңыз. БІТТІ!

Енді сіз тосқауыл қойылған сайттарға кіре аласыз.

Кімнен: smer-lan Қайдан: ASTRAKHAN
08.07.2009 16:19
Бұл негізінен қате пікір деп ойлаймын, себебі Қазақстан заңдарында айтылғандай әр азамат заңмен шектеу қойылмаған ақпарат құралдарын қолдана алады делінген? алайда қазіргі таңда бұл тек заң жүзінде ғана. Егерде осы заң күшіне енетін болса бұл онда Дүниежүзілік адам және сөз бостандығына шектеуге қарсы ережесіне қайшы болып табылады. Сондықтан да бұл заңды қабылдамас бұрын көптеп ойланған абзал шығар!!!
     
Мәтін көлемі - +