Accessibility links

«Фридом Хауз»: Қазақстан бұрынғысынша авторитарлық режимдегі елдер қатарында қалып отыр


«Фридом Хауз Еуропа» ұйымы басшысы Владимир Школьников «Азат Еуропа»/«Азаттық» Радиоларының Прагадағы кеңсесінде баяндаманы таныстыру кезінде. 30 маусым 2009 жыл.
«Фридом Хауз Еуропа» ұйымы басшысы Владимир Школьников «Азат Еуропа»/«Азаттық» Радиоларының Прагадағы кеңсесінде баяндаманы таныстыру кезінде. 30 маусым 2009 жыл.

«Фридом Хауз» халықаралық ұйымы, 30 маусымда «Өтпелі кезеңде өмір сүріп жатқан елдер» атты баяндамасын жариялады. Авторитарлы елдердің қатарында қалған Қазақстан, сарапшылардың пікірінше, өзгеруге құлықты болмай отыр.

АҚШ-та орналасқан «Фридом Хауз» халықаралық құқыққорғау ұйымы 30 маусым күні «Азат Еуропа»/«Азаттық» Радиоларының Прагадағы кеңсесінде өткізген бейне-жиналысында «Өтпелі кезеңде өмір сүріп жатқан елдер» атты жаңа баяндамасын жариялады.

2004 жылдан бастап Орталық Еуропа мен Еуразияның 29 елінде бақылау жасаған баяндама ауторлары бұл елдердегі жағдайды жеті көрсеткіш бойынша бағалаған.

Сөз бостандығын қорғап наразылық акциясын өткізушілер биліктен баспасөз құралдарына қысым жасауды тоқтатуды талап еткен жазулар ұстап шықты. Алматы, 24 маусым, 2009 жыл.
Баяндаманың осы елдердің әрқайсысындағы ұлттық демократиялық басқару, дауыс беру процесі, азаматтық қоғам, баспасөз бостандығы, жергілікті демократиялық басқару, әділет жүйесінің тәуелсіздігі мәселелері және сыбайлас жемқорлық проблемаларына арналған бөлімдерінде тек жоғарыда аталған салалардың жағдайы ғана айтылып қоймай, сонымен бірге 1-ден 7 баллға дейінгі шамада баға берілген.

«Өтпелі кезеңде өмір сүріп жатқан елдер» баяндамасында Әзірбайжан, Ресей және Беларуспен қатар Орталық Азиядағы барлық бес мемлекеттің де авторитарлық режимді мемлекеттердің тізіміне енгенін айта кету керек.

«Фридом Хауз» ұйымы баяндамасының Қазақстанға арналған бөлімінде бұл ел 2010 жылы Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына (ЕҚЫҰ) төрағалық етуге даярланып жатқандықтан ол либералдануға қарай, ең алдымен сот саласында, алдын ала қадамдар жасағанымен, авторитарлы елдердің қатарында қалып қойды делінген.

Елде саяси плюрализм мен жарыстың жоқ болуы, мұндағы заңнамалық құрылым, Қазақстан ЕҚЫҰ төрағасы мәртебесін қабылдауға даярлық барысында саяси либералданудың оң стимулын ұсынып және демократиялық процестерді дамытатынына күмән туғызады.

Азаттық радиосының тілшісімен болған сұхбатта «Фридом Хауз Еуропа» халықаралық құқыққорғау ұйымының басшысы Владимир Школьников Қазақстандағы соңғы болып жатқан оқиғаларды бақылай отырып, ұйым елдегі болып жатқан оқиғаларға, атап айтқанда, көптеген веб-сайттарға тосқауыл қою және интернет-кеңістікке бақылау жасауға әрекеттену мәселесіне ерекше алаңдаушылық білдіретінін және бұған байланысты ел билігінің саясатын қолдамайтынын атап өтті.

«Фридом Хауз» жақында ғана ЕҚЫҰ-ның БАҚ мәселелері жөніндегі өкілінің позициясын қолдайтын мәлімдеме жасады. Онда біз осы процестерге қатысты біздің ұйымның пікірін білдірдік», – деді Владимир Школьников.

Ол «мұндай процестердің сөз жоқ алаңдаушылық тудыратындығын» атап өтті.
Бұның өзі Қазақстанның халықаралық салада жауапты болуға ұмтылмайтындығын байқатып отыр.


«Бұдан екі жыл бұрын сыртқы істер министрлерінің Мадридтегі кездесуінде Қазақстан сыртқы істер министрі Марат Тәжиннің берген уәделері орындалмаған күйі қалып отыр. Бұның өзі, өкінішке қарай, Қазақстанның халықаралық салада жауапты болуға ұмтылмайтындығын байқатып отыр», – деді «Фридом Хауз Еуропа» халықаралық құқықорғау ұйымының басшысы Владимир Школьников.

Беделді зерттеулердің бірі болып саналатын «Өтпелі кезеңде өмір сүріп жатқан елдер» айдарындағы баяндамаларды әлемдегі қандай да бір елдегі тұрақтылық жағдайын бағалау үшін шет елдердің үкіметтері, сонымен бірге ірі бизнес компаниялардың басшылары пайдаланады.
XS
SM
MD
LG