Сенбі, 26 мамыр 2012, Алматы 06:09

ӘЛЕУМЕТ

Қазақ тілі мәртебесін нығайтумен айналысатын мекеме құжаты - орысша

Қарағанды облыстық тілдерді дамыту басқармасында құжаттардың басым бөлігі тек орыс тілінде жүргізіліп келген, қазақ тілінің қолдану аясын кеңейту жұмыстарына бюджеттен бөлінген қаражат мақсатсыз жұмсалған дейді тексеріс жүргізген прокурорлар.

Бақытқали Мұсабеков, Қарағанды облыстық тілдерді дамыту басқармасының төрағасы. 8 қыркүйек 2009 жыл.
x
Бақытқали Мұсабеков, Қарағанды облыстық тілдерді дамыту басқармасының төрағасы. 8 қыркүйек 2009 жыл.
Мәтін көлемі - +
ТІЛДЕРДІ ДАМЫТУ МЕКЕМЕСІ ҚАЗАҚ ТІЛІНІҢ АХУАЛЫНА САЛҒЫРТ ҚАРАҒАН

Қарағанды облыстық тілдерді дамыту басқармасының жұмысына тексеріс жүргізген прокурорлар басқарма тарапынан бағынышты қызметкерлердің жұмысына ведомстволық бақылаудың жоқтығы да анықталғанын айтады. Тексеріс нәтижесі көрсеткендей қазақ тілін оқып үйренуде үлгі алатын басқарманың өз ішінде құжаттар мемлекеттік тілде жүрмейді.

– Басқармаға мемлекет тарапынан 120 мемлекеттік қызметкердің қазақ тілін үйренуі үшін бөлінген 4 миллион теңгеге жуық қаражат мақсатсыз жұмсалған. Атап айтсақ, қазақ тілін үйрету сабақтары 120-ның орнына 60 адамға ғана өткізілген. Сонымен қоса, басқарма
Руслан Нұрғалиев, Қарағанды облыстық прокуратурасының өкілі. 8 қыркүйек 2009 жыл.
тарапынан мемлекеттік мекемелердегі қазақ тілінің қолдануына 2008 жылдың ішінде 3-ақ рет тексеріс жұмыстары жүргізілген, – дейді облыс прокуратурасының өкілі Руслан Нұрғалиев.

Сонымен қатар басқармада жұмыс істейтін тәртіптік жауапкершілікке тартылған қызметкерлер жауапкершіліктің шешілмегеніне қарамастан, қомақты сомада сыйақылар алып тұрған.

Мәселен Ержанова атты азаматша тәртіптік сөгіс ала тұра екі рет 120 мың теңгеден сыйақы алған көрінеді. Сонымен қатар басқарма тарапынан жүретін мемлекеттік сатып алуларда да бірқатар заңбұзушылық орын алған дейді прокурорлар. Ол – мемлекеттік тапсырыс беру ісінде тендер өткізу кезінде заңды белден басу әрекеттері әшкереленген.

Әлеуетті өнім беруші – облыстық тілдерді дамыту басқармасы жариялаған жыраулар және шешендік өнері байқауын өткізу мен ұйымдастыруға мемлекеттік тапсырысты «Жақанова» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жеңіп алады. Кейіннен белгілі болғаны, «Жақанова» ЖШС-нің төрайымы сол басқармада бөлім бастығы болып жұмыс атқаратын Жақанова атты азаматша болып шыққан. Яғни жоғарыда көрсетілген байқау жұмыс беруші және өзінің қызметкері арасында өткен.

Тексерісте әшкереленген дүниелердің ең сорақысы, прокурорлардың айтуынша, ондағы құжаттардың қазақ тілінде жүрмеуі болған. Ондағы техникалық және есептің құжаттардың барлығы орыс тілінде жүргізіліп келген болып шықты.

БАСҚАРМА БАСТЫҒЫ «БАЙҚАМАЙ ҚАЛЫППЫЗ» ДЕЙДІ

Облыстық тілдерді дамыту басқармасының төрағасы Бақытқали Мұсабеков прокуратураның тағып отырған кейбір айыптарымен келіспейтінін айтады.

– 2008 жылы 45 мекемені тексердік. Оған коса тілдер комитетінің бөлімшелері 37 тексеріс өткізді. Қосқанда 100-ге жуық болады. Биылғы жарты жылдың ішінде 50 мекемені тексердік. Ал прокуратура осы тексерістерге шығарылған 3 бұйрықты ғана көріп, тексеріс 3-ақ рет болды деп жүр. 120 мемлекеттік қызметкердің орнына біз бөлінген қаражатқа 170-ке жуық маманға қазақ тілі сабақтарын өткіздік.

Ал құжаттарға келсек, мұнда жағдай ауыр. Мәселен, «Тіл туралы» заңның 5-ші бабында мемлекеттік тіл – қазақ тілі деп тұрса, сол заңның 5-ші бабы екі тіл тең дәрежеде қолданылуы керек делінген. Тағы да сол заңның 9-шы бабын сұрап кез-келген нормативтік құқықтық акт тек қазақ тілінде жүру керек десем, «ағай, сіз заңның 8-ші бабын қараңыз, онда іс қағаздары екі тілде жазылсын делінген» деп қарап тұрады. Енді мен осы заңның шалалығына бола құнды инженер, экономист сияқты мамандардан айырыла алмаймын ғой, – дейді Қарағанды облыстық тілдерді дамыту басқармасының төрағасы Бақытқали Мұсабеков.

Оның айтуынша, ҚР-сының тіл туралы заңына әлі де толықтырулар мен өзгерістер енгізілуі қажет.

«Қол-аяққа тұсау болған қазіргі заң бойынша жұмыс істеудің бүгінгі күні тілді дамытуға келтіріп отырған зияны аз болмай тұр. Қолдан келгенше қазақ тілін дамытуға бағытталған прозаиктер, ақындар және өзге ұлт өкілдері арасында түрлі байқаулар ұйымдастырылып жүр. Бірақ мұның барлығы мемлекеттік тіл тек қана қазақ тілі болғанда ғана өз жемісін береді», – дейді ол.

Ал құзырлы органның тексерісі барысында анықталған мемлекеттік тапсырыс беру ісіндегі кемшіліктерді басқарма төрағасы мойындауға мәжбүр болды.

– Жоғарыда айтылған Жақанова атты азаматшаның біздің басқармада жұмыс істейтіні рас. Бірақ ол осы жыраулардың өмірін зерттеп жүрген ғалым адам. Жұмысты білетін адамға табыстағанның несі айып деп ойладым. Сөйтсем бұл заңға қайшы екен. Жауапкершілікке тартылған қызметкерге сыйақы тағайындау, қазір декреттік демалыста отырған бір қызметкердің шалалығынан орын алды. Ол құжаттарды әкелген, мен қол қоя салғанмын. Ал мемлекеттік сатып алуға қатысқан екі мекеменің қожайыны бір боп шыққанын, шынын айтсақ, байқамай қалыппыз, – деп ақталды Қарағанды облыстық тілдерді дамыту басқармасының төрағасы Бақытқали Мұсабеков.

Тексерістерден кейін басқарма бастығы мен ондағы 4 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылған. Прокуратура өз кезегінде анықталған заңбұзушылықтарға байланысты істердің ары қарай тексерілуі үшін, материалдарды қаржы полициясына өткізген.



CАЙТЫМЫЗҒА ТІРКЕЛІҢІЗ!

Құрметті оқырман!

Комментіңізді неғұрлым жылдам шығарып, Азаттық журналистеріне тікелей сын-ескертпе немесе ұсыныс айтып, өзге оқырмандармен ашық пікір алмасқыңыз келсе, сайтымызға тіркеліңіз.

Тіркелу үшін мына жерді басыңыз

Тіркелген соң сайттың оң жақ шекесіндегі «Кіріңіз» деген терезе арқылы еніп, пікір жаза аласыз.

Құрметпен,
Азаттығыңыз
Бұл форум жабық. Бірақ, Азаттықтың Facebook-тағы парақшасында жалғастыра аласыз: www.facebook.com/azattyq
Пікірлерді іріктеу
Пікір
     
Кімнен: Оқырман Қайдан: Қарағандыдан
08.09.2009 21:29
+0 / -0
"құжаттардың басым бөлігі тек орыс тілінде жүргізіліп келген" депсіз. Басқа газеттер болса "кейбір құжаттар атап айтқанда статистикалық, қаржылық құжаттар орыс тілінде толтырылған" деп жазды. "Басым бөлігі" мен "кейбір" дегеннің арасында бірталай айырмашылық бар емес пе?

Кімнен: Тәкең Қайдан: Елден
08.09.2009 21:31
+0 / -0
Қарағандыны қойшы.. Алматыдағы мемлекеттік мекемелерде іс қағаздарды жүгізу тәртібі сақталмақ түгіл, кез келген ресми бөлмесіне басыңды сұқсаң, сөзі дүрс-дүрс қызмет этикасынан жұрдай шұбар тілділерге тап боласың..Балық басынан шіріп жатқан заман ғой...

Кімнен: Арыстан Қайдан: Қарағанды
09.09.2009 10:34
+0 / -0
Білмеймін деген бір сөз, білемін деген көп сөз БӘКЕ.

Кімнен: Галима Қайдан: Астана
09.09.2009 11:01
+0 / -0
Қазақ тілінің атын жамылып жүрген алаяқтар қаншама, ана тілінен пайда іздеген адам, қазақ тілін дамытпайды, керісінше ұятқа қалдырады.

Кімнен: Жаслан Қайдан: Қостанай
09.09.2009 17:26
+0 / -0
Тіліміз қашан өркендейді деп "жаумен" жағаласып жүргенде, бөрілердің етектен алғанын қарашы!!! Тілге бөлінген ақшаны жымқырып тұрып,өз былықтарын байқамай қалуларын қарашы өздерінің........

Кімнен: Алашұлы Қайдан: Арқа жерінен
09.09.2009 18:20
+0 / -0
Бақытқали Мұсабеков сырттай патриот болып көрінгенімен, шын мәнісінде Қарағандыда қазақ тілінің, қазақ тілділердің бейшара күйге түсуіне үлес қосып отырған адам. Өзінің әрекетсіздігімен үлес қосып отыр. Айтатыны сылдыр сөз. Шын мәнісінде осы басқарма құрылғалы дым да істеген жоқ. Қарағанды билігіне де осындай адам керек боп отыр ғой. Әйтпесе баяғыда бір жақты қылатын еді. Жұмыстан шығарып, орнына басқа адам қою керек.

Кімнен: Шет
12.09.2009 12:00
+0 / -0
Отырған бір періште. Бірақ, орны керек болған шығар біреуге.

Кімнен: Тәңірберген Қайдан: Алматы
12.09.2009 18:03
+0 / -0
Қазақ тілін дамытуға деп бөлінген қаражаттың көбісі желге ұшып жатады, ең дұрысы осы мақсаттағы қаржынының белгілі бөлігін қара домалақтарды көбейткен аналарға берсе болар еді.

Кімнен: Азамат
13.09.2009 01:53
+0 / -0
Мұндай сорақылықтың көкесі Қазақстанның барлық түкпірінде болып жатыр. Байқамай қалыптын? Мәссаған осындай да болады екен ғой. Біріншіден өз жұмысын білмейді, екіншіден өз ана тіліне жаны ашымайтын бейшара дер едім. Әкім қайда қарап жүр екен. Әлде ол да осындай адамды жауапкершілігі жоғары қызметке тағаындағанда байқамай қалыпты ма?

Кімнен: Адам Қайдан: Қазақия
14.09.2009 07:45
+0 / -0
Бұл не деген масқаралық, бейшаралық, дәрменсіздік, сатқындық, ұятсыздық. Аузына бүкіл ел қарап отырған, ақ басты, ақ сақалды ел ағаларымыз тіліне опасыздық жасап отырса (жалғыз тіліне ғана ма екен?), олардың тәрбиелеген балаларынан, немерелерінен не үміт не қайыр. "Ұстазынан шәкірті озады" демекші, бұлардың тәрбиелеген ұрпақтары үкімет басына келгенде мемлекетіміз не болады. Бәрін сатып, елімізді таратып жіберетін шығар. Сол үшін не істеу керек? Ол үшін, заңымызды "ең демократиялық ел" Американың заңына теңестіріп, осындайларды мемлекеттілігіміз мызғымас үшін оларды электр орындығына отырғызып, елу, жүз жылға дейін соттап жіберіп отыруымыз керек. Жемқорлардың сөзін сөйлеп, жақтасып, "екі түие соғысса ортада шыбын өледі" дегендей, олардың ортасына түсіп, арашалаудың қажеті жоқ. Бұлардың жаны қазақтың тәуелсіздігі жолында жүздеген жылдар бойы күресіп, өздерін құрбандықа шалған мыңдаған арыстарымыздың жанынан артық емес. "Қой, бұлар 33-ші жылдары аштықтан жартысы қырылды, 37-ші жылдары репрессиядан басшыларын қырып тастады ғой, енді, тәуелсіздік алғанда, қой үстінде боз торғай жұмыртқалаған заманда естерін жинап, өз-өздеріне келсін" деп, заңымызды Кеңес Үкіметінің заңына қарағанда жұмсартып, жылымық жасап еді, ал бұлар керісінше, бірінің аузындағы асын бірі тартып жеп, соншама обығып, "ашыққаннан құныққан жаман" дегендей, жанығып, бетпақтықпен, рекет болып, ұрлықпен, мемлекеттің дүниесін жекешелендіріп, еңбексіз байып алу жолына түсті. Байып алған соң, тиісерге қара таппай, іштері пысып, бастары істемесе де, оқымай-ақ қос-қос диплом сатып алып, пара беріп билікке ұмтылды. Бастары соншалықты қатты жұмыс істеп, ғылыми жаңалықтар ашып байып жатса, бюджеттің ақшасының бір тиынына тиіспей, жан-жағын жәйпамай, тыныш жүрсін. Математикадан бір емес бірнеше жаңалық ашып, бүкіл дүние жүзінің аузын өзіне қаратқан Жұмаділдаев Асқар ағамыз да ешкімге қиянат жасамай, жарылып кетпей-ақ, билікке ұмтылмай-ақ, қарапайым болып, өз жолымен, шаруасын тап-таза қылып, атқарып жүр ғой. Мемлекетіміздің діңін жегідей жеп, миллярдтарға құзғындай таласып жатқан құрттарды шетелге қашырмай, хирургиялық әдіспен екі, үш жүз мыңын сылып, тазартуымыз керек. Халқымыздың ешқандай түртілмей, тың жатқан миын іске қосып, жұмыс істеуіне жағдай жасауымыз керек. Міне, сол кезде, осыншама интелектуалдық және материалдық байлықпен елу елдің емес, жиырма-жиырма бес жылда барлық жағынан алдынғы қатардағы он елдің ішіне кіруіміз айдан анық.

Кімнен: Ләззат Қайдан: Қарағанды
14.09.2009 15:38
+0 / -0
Қарағандыдағы тіл басқармасы көзі соқыр, құлағы керең. Көшедегі жарнамаға қарап ақ олардың қандай сауатсызнамыссыз адам екенін көруге болады. Күнде қасынан өтіп жүріп, әй мен осы тіл мекемесінің адамымын ғой телефон шалайын, қателерін ескертейін деп әрекет қылмайды, ал қаншама ақша желге ұшып жатыр. Басқа бір жанашыр адамды қою керек. Қарағанда қазақ тілі жойылудың алдында тұр.